Қалай мейірімділік таныта аламыз?
“Барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!” (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 6:10)
1, 2. Самариялық туралы астарлы әңгімеден қайырымдылық жасауға қатысты не білеміз?
БІРДЕ Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исадан: “Маңайымдағы адам” кім болғаны?”— деп сұрайды. Иса оған мынадай астарлы әңгіме айтып береді: “Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті. Бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтіп кете береді. Дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кете береді. Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан бір самариялық келеді. Әлгі адамды көргенде оған жаны ашып, қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегіне мінгізіп, қонақ үйге әкеліп, күтеді. Ертеңінде жолға шығарда қонақ үйдің иесіне екі күміс теңге беріп: — Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін,— дейді”. Сосын Иса одан: “Ал енді, қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы “маңайындағы адам” болды деп ойлайсың?”— деп сұрайды. Ол: “Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені”,— дейді (Лұқа 10:25, 29—37а).
2 Самариялықтың жапа шеккен адамға танытқан қамқорлығы нағыз мейірімділіктің не екенін қалайша айқын көрсетеді десеңші! Қарақшылардың қолына түскен адамға жаны ашып, аяп кеткен ол қол ұшын беруден тартынбайды. Бір ескеретін жайт, самариялық кісі оны мүлдем танымайтын. Иә, адамның ұлты, діні не мәдениеті мейірімділік танытуға кедергі болмау керек. Иса қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімесін айтып болған соң, ғұламаға: “Сен де солай істейтін бол!”— деп кеңес береді (Лұқа 10:37ә). Біздің де осы кеңеске құлақ асып, қайырымдылық жасауға талпынуымызға болады. Бұны қалай істей аламыз? Күнделікті өмірімізде қалай қайырымдылық жасауға болады?
‘Бауырласың киер киімге зәру жүрсе’
3, 4. Неге әсіресе қауым мүшелеріне мейірімділік танытуымыз керек?
3 Елші Пауыл: “Мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!”— деген (Ғалаттықтарға 6:10). Олай болса, алдымен, бауырластарымызға қалай молынан қайырымды істер жасай алатынымызды қарастырайық.
4 Шәкірт Жақып шынайы мәсіхшілерді бір-біріне мейірімді болуға шақырып, былай деп жазған: “Мейірім көрсетпеген адам мейірімсіз сотталмақ” (Жақып 2:13). Рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздердің мәнмәтінінде мейірімділік танытудың бірнеше жолы көрсетілген. Мысалы, Жақып 1:27-ден келесі сөздерді оқимыз: “Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік — мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлап, өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау”. Ал Жақып 2:15, 16-да былай делінген: “Айталық, сенуші бауырластарың, не еркек, не әйел заты болсын, киер киім мен ішер тамаққа зәру жүр дейік. Ал араларыңдағы біреуің оларға: — Аман-сау болыңдар! Тоңбай, қарындарың ашпай өмір сүріңдер,— деп, ал өзі солардың тәндік қажеттерін қамтамасыз етпесе, оның тілегінен не пайда?!”
5, 6. Қалай біз қауым мүшелеріне қайырымды істерді молынан жасай аламыз?
5 Өзгелердің қамын жасап, мұқтаждарға көмектесу — шынайы діннің белгісі. Сондықтан Ехобаға ғибадат етушілер басқаларға тек сөз жүзінде жақсылық тілеп қоя салмайды. Қайта, жанашырлық сезімі оларды қиыншылық көріп жүргендерге көмектесуге талпындырады (Жоханның 1-хаты 3:17, 18). Бауырласымыз ауырып жатса, ас дайындап беру, қарт болса, үй шаруасына қолғабыс етіп, ал қажет болса, кездесулерге апарып-әкелу және шынымен мұқтаждық көріп жүргендерге көмек беруден аянбау — молынан жасалатын қайырымды істердің кейбірі (Заңды қайталау 15:7—10).
6 Дегенмен саны көбейіп жатқан қауым мүшелеріне материалдық көмектен гөрі рухани көмек көрсету анағұрлым маңызды. Киелі кітап бізді “жаны күйзелгендерді жұбатуға, әлсіздерді қолдауға” шақырады (Салониқалықтарға 1-хат 5:14, ЖД). “Егде әйелдер” болса ‘басқаларды жақсылыққа үйретуге’ шақырылады (Титке 2:3). Ал мәсіхші бақылаушыларға қатысты “әрқайсысы жел өтінен қорғаныш, жауын-шашыннан жамылғы” болу керектігі айтылған (Ишая 32:2).
7. Сириядағы Антақия қаласындағы бауырластардан мейірімділік танытуға қатысты қандай үлгі алуға болады?
7 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер жетім-жесірлердің және көмек пен жігерге мұқтаж жергілікті бауырластардың қамын ойлаумен қатар, басқа жерлердегі бауырластарға да көмек көрсету шараларын ұйымдастырып тұратын. Мысалы, Агаб пайғамбар ‘бүкіл жерді аштық жайлайтынын’ айтқанда, Сириядағы Антақия қаласындағы мәсіхшілердің “әрқайсысы өзінің шамасы келгенше яһуди аймағындағы бауырластарына жәрдем жіберуге шешім қабылдады”. Олар жинағандарын сол жердегі ақсақалдарға “Барнаба мен Саул арқылы жөнелтті” (Елшілердің істері 11:28—30). Ал біздің күніміз жайлы не деуге болады? “Адал да ақылды құл” дауыл, жер сілкінісі не цунами сияқты табиғи апат болған жерлерде зардап шеккен бауырластарға жәрдемдесу үшін, көмек көрсету комитеттерін құрады (Матай 24:45, ЖД). Ерікті түрде уақытымыз бен күш-жігерімізді және қолымызда барды осы шараны қолдауға жұмсағанымыз мейірімділік танытудың жақсы жолы болып табылады.
“Егер адамдарды сыртына қарап алаласаңдар”
8. Қалай алалаушылық мейірімділік танытуға кедергі жасайды?
8 Мейірімділік танытуға және сүйіспеншілікке қатысты “патша заңын” орындауға кедергі жасайтын жағымсыз қасиеттен аулақ болуды ескертіп, Жақып: “Егер адамдарды сыртына қарап алаласаңдар, күнә жасап, Құдайдың заңын бұзушы болып әшкереленесіңдер”,— деген (Жақып 2:8, сілтеме, 9). Байлар не беделділерге тым көп көңіл бөлетін болсақ, ‘жарлының зарын’ елемейтін сезімсіз болып кетуіміз мүмкін (Нақыл сөздер 21:13). Алалаушылық мейірімділіктен айырады. Ал бәріне бірдей қарасақ, мейірімділік танытамыз.
9. Лайық адамдарға ерекше көңіл бөлу дұрыс па?
9 Алаламау деген біреуге ерекше көңіл бөлуге болмайды дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Елші Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерге қызметтесі Епафродит жайлы: “Мұндайларды жалпы құрметтеңдер”,— деп жазған. Неге? “Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлім халінен қалды. Маған сендер бере алмаған көмекті ол басын өлімге тіге отыра көрсетті”,— деді Пауыл (Філіпіліктерге 2:25, 29, 30). Епафродит адал қызметі үшін ерекше көңіл бөлуге лайық еді. Сонымен қатар Тімотеге 1-хат 5:17-ден былай деп оқимыз: “Қауымды жақсы басқаратын жетекшілер, әсіресе Құдай сөзін уағыздап, үйретуге еңбегі сіңгендер, ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық”. Рухани толысқан бауырластар да көңіл бөлуге тұрарлық. Бұл алалаушылыққа жатпайды.
‘Көктен келген даналық адамды қайырым жасағыш’ етеді
10. Неге тілімізге ие болуымыз керек?
10 Жақып адамның тілі жайлы былай деп жазды: “Тіл — бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы. Біз тілімізбен Жаратқан Ие — Құдай Әкеге алғыс айтып, Оны дәріптейміз, ал Құдай рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп жаратқан адамдарды сол тілімізбен қарғаймыз да! Осылайша алғыс та, қарғыс та бір ауыздан шығады”. Сосын, ол былай деп қосты: “Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толып, қара бастарыңның абыройын ойласаңдар, онда даналықтарыңа мақтанбаңдар, әйтпесе шындықты бұрмалайсыңдар. Мұндай жалған “даналық” көктен келмейді, ол осы күнәкар дүниеге, өз бетімен жүрген ескі болмысымызға және жын-перілерге тән. Қай жерде қызғаныш пен қара бастың абыройын ойлау болса, тәртіпсіздік пен зұлымдық атаулы да сол жерде. Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін ынтымақшыл, төзімді [“парасатты”, ЖД], ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екі жүзділіктен арылтады” (Жақып 3:8—10а, 14—17).
11. Қалай сөзімізбен мейірімділік таныта аламыз?
11 Демек, сөздеріміз бойымызда ‘қайырым жасағыш’ ететін даналық бар ма, жоқ па, соны көрсетеді. Біреуді көре алмағандықтан не онымен дауласып қалғандықтан, өзімізді мақтап, ал оны даттап немесе ол туралы өсек тарататын болсақ ше? Забур 93:4-те: “Барлық заңсыздық жасаушылар ардақталуда [“мақтануын қоймайды”, ЖД]”,— делінген. Жазықсыз адамға күйе жағып, абыройын түсіру қалайша оңай десеңші! (Забур 63:3—5) Ал ‘өтірігін доғармайтын жалған куәгердің’ тигізетін кесірі қандай ауыр болуы мүмкін екенін ойлап көрші! (Нақыл сөздер 14:5; Патшалықтар 3-жазба 21:7—13) Тілді бұрыс қолдануды доғару керектігін айта келе, Жақып: “Бауырластарым, бұлай болмасын!”— деген (Жақып 3:10ә). Нағыз мейірімділік таныту үшін айтатын сөзіміз пәк таза, ынтымақшыл әрі парасатты болу керек. Иса: “Сендерге шын айтамын: адамдар айтқан әрбір жағымсыз сөздері үшін қиямет сотында жауап береді”,— деген (Матай 12:36). Ендеше тілімізді дұрыс қолдану арқылы мейірімділік танытқанымыз өте маңызды!
‘Өздеріңе күнә жасағандарды кешіріңдер’
12, 13. а) Қожайынына қыруар ақша қарыз болған қызметші туралы астарлы әңгімеден мейірімділік жайлы не білеміз? ә) Бауырласымызды “жеті қайтара жетпіс ретке дейін” кешіру деген нені білдіреді?
12 Исаның патшаға 60 000 000 күміс теңге қарыз болған қызметші туралы астарлы әңгімесінен мейірімді болудың тағы бір жолын көруге болады. Қарызын төлейтін ештеңесі болмағандықтан әлгі қызметші өзіне мейірім көрсетуді өтінеді. Оған “жаны ашыған” қожайыны қарызын кешеді. Алайда қызметші далаға шыққанда, өзіне жүз-ақ күміс теңге қарыз бір қызметтес жолдасын кездестіріп, оны мейірімсіздікпен түрмеге жапқызады. Патша мұны естігенде, өзі кешірген қызметшіні шақырып алып: “Әй, оңбаған қызметші! Сен өтінгендіктен мен қарызыңды түгелдей кешірдім ғой [“мейірімділік көрсеттім ғой”, ЖД]! Ендеше сен де дәл солай жолдасыңды кешіруге [“мейірімділік көрсетуге”, ЖД] тиіс емес пе едің?!”— дейді. Сөйтіп, оны жазалаушыларға тапсырады. Иса астарлы әңгімесін мынадай сөздермен аяқтайды: “Міне, егер сендер бауырластарыңның күнәларын шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем әрқайсыларыңа да солай істемек!” (Матай 18:23—35)
13 Бұл әңгімеде кешіруге дайын болудың мейірімділікке жататыны өте әсерлі көрсетілген. Ехоба біздің өте үлкен қарызымызды, яғни күнәларымызды, кешіріп отыр. Олай болса, біз де ‘басқалардың күнәларын кешіруіміз’ керек емес пе? (Матай 6:14, 15) Иса мейірімсіз қызметші туралы астарлы әңгімесін айтпас бұрын, Петір одан: “Ием, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе?”— деп сұрайды. Сонда Иса: “Жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін”,— деп жауап береді (Матай 18:21, 22). Иә, мейірімді адам “жеті қайтара жетпіс ретке дейін”, яғни шексіз, кешіруге дайын.
14. Матай 7:1—4 дейінгі тармақтарға сай, қалай күнделікті өмірде мейірімділік көрсете аламыз?
14 Мейірімділік көрсетудің тағы бір жолы туралы Иса Таудағы уағызында айтқан. Ол былай деді: “Басқаларға үкім айтпаңдар! Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады... Неге бауырыңның көзіндегі тікенді көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: —Кәне, сенің көзіңнен тікенді алып тастайын,— деп қалайша айта аласың?” (Матай 7:1—4) Айыптағыш не тым сыншыл болмастан, басқалардың кемшіліктеріне төзімді болуымызбен де күнделікті өмірімізде мейірімділік көрсете аламыз.
‘Барлық адамдарға жақсылық істей берейік!’
15. Неге мейірімділік танытудың аясы бауырластармен шектелмейді?
15 Жақыптың кітабында қауымдағы бауырластарға мейірімділік көрсетуге баса көңіл аударылғанмен, бұл мейірімділік танытудың аясы осымен шектеледі дегенді білдірмейді. Забур 145:9-да (ЖД) былай делінген: “Ехоба барлығына игілік істейді, әрі оның мейірімділігі барлық істерінде көрінеді”. Киелі кітап бізді ‘Құдайдан үлгі алуға’ және ‘барлық адамдарға жақсылық істей беруге’ шақырады (Ефестіктерге 5:1; Ғалаттықтарға 6:10). Біз ‘осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймейміз’, десе де осы дүниелік адамдардың ахуалы біз үшін бәрібір емес (Жоханның 1-хаты 2:15).
16. Қайырымдылық жасағанда, қандай жайттарды ескеруіміз керек?
16 Біз кездейсоқ жағдайға немесе қиыншылыққа ұшырағандарға шамамыз келгенше қол ұшын беруден тартынбаймыз (Екклесиаст 9:11). Әрине, көмек көрсеткенде, біз көрпемізге қарай көсілеміз (Нақыл сөздер 3:27). Алайда материалдық көмек көрсеткенде, қайырымды деген ісіміз әлдекімнің жалқаулыққа салынуына себеп болғанын қаламаймыз (Нақыл сөздер 20:1, 4; Салониқалықтарға 2-хат 3:10—12). Сонымен, нағыз қайырымды адам жанашырлық пен аяушылық білдірумен қатар, парасаттылық та танытады.
17. Өзгелерге мейірімділік танытудың ең жақсы жолы қандай?
17 Өзгелерге мейірімділік танытудың ең жақсы жолы — оларға Киелі кітаптағы шындықты айту. Неге бұлай деуге болады? Өйткені адамдардың басым көпшілігі рухани түнекте түртінектеп жүр. Қиыншылықтарын шешудің жолынан бейхабар, болашаққа деген нағыз үміттен де мақұрым бұл адамдар “бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” күйде (Матай 9:36). Құдай Сөзіндегі хабар оларға өмірдегі қиыншылықтармен күресуге көмектесіп, ‘қадамдарын жарқырата’ алады. Сондай-ақ ол Құдайдың болашаққа қатысты ниетін ашып, олардың керемет үмітке ие болуына негіз беру арқылы ‘өмір жолдарына шырақтай нұрын шашады’ (Забур 118:105). Осындай керемет шындықты оған аса зәру болып отырғандарға жеткізу — неткен зор мәртебе! “Ауыр азаптың” таяп қалғанын ескерсек, қазір Патшалық туралы хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшыныспен атсалысатын уақыт (Матай 24:3—8, 21, 22, 36—41; 28:19, 20). Бүгінде осы іске қатысудан артық қайырымды іс бар ма!?
“Жан дүниелеріңнен қайыр-садақа беріңдер”
18, 19. Неге біз барынша мейірімді болуға тырысуымыз керек?
18 “Жан дүниелеріңнен қайыр-садақа беріңдер”,— деді Иса (Лұқа 11:41, ЖД). Жасаған игілігіміз нағыз қайырымды іс болу үшін ол жан дүниемізден, яғни сүйіспеншілікпен әрі шын ықыласпен берілу керек (Қорынттықтарға 2-хат 9:7). Дөрекілік пен өзімшілдік жайлап, өзгенің қайғысы мен қасіретіне деген немкеттілік кәдімгі жайтқа айналған осы дүниеде бұндай мейірімділік қалайша жаныңды сергітеді десеңші!
19 Олай болса, барынша мейірімді болуға тырысайық. Қаншалықты мейірімді болсақ, соншалықты Құдайға ұқсай түсеміз. Сонда біз шынымен мағыналы әрі бақытты өмір кешеміз (Матай 5:7).
Не білдіңдер?
• Неге әсіресе бір сенімдегілерге мейірімділік танытқанымыз маңызды?
• Бауырластарға қалай қайырымдылық жасай аламыз?
• Қалай өзгелерге жақсылық істей аламыз?
[12-беттегі сурет]
Самариялық кісі қайырымдылықпен әрекет еткен
[14-беттегі сурет]
Өзгелерге мейірімділік танытудың ең жақсы жолы — оларға Киелі кітаптағы шындықты айту