Оқырман сауалдары
Исаның адал құлды “ақылды” деп атағаны нені білдіреді?
Иса мынадай сұрақ қойған болатын: “Қожайыны өз үй ішіндегілерінің үстінен ас-суларын уақытында беріп отыруға тағайындаған адал да ақылды құл шын мәнінде кім?” (Матай 24:45, ЖД) Рухани ‘ас-суды’ беріп жатқан осы “құл” киелі рухпен майланған мәсіхшілер қауымы болып табылады. Неге Иса оларды ақылды деп атаған?a
“Ақылды” деген сөз нені білдіретінін Исаның өз тәлімінен жақсы түсіне аламыз. Мысалы, “адал да ақылды құл” жайлы сөз еткенде, ол күйеу жігіттің келуін күтіп жүрген он қыз туралы астарлы әңгіме айтып берген болатын. Бұл қыздар ұлы Күйеу жігіт Иса Мәсіхті асыға күтіп жүрген 1914 жылға дейінгі майланған мәсіхшілерді есімізге салады. Күйеу жігіт келгенде, он қыздың бесеуінің шам жағатын майлары жетпей, үйлену тойына қатыса алмай қалады. Ал қалған бесеуі ақылдылық танытады: олар күйеу жігіт келгенде шамдары жанып тұру үшін өздерімен бірге жеткілікті май алып шыққан еді, сондықтан тойға қатыса алды (Матай 25:10—12).
Иса 1914 жылы Патша тағына отырған кезде, майланған мәсіхшілердің көбісі бірден көкке көтеріліп, оған қосыламыз деп күткен еді. Алайда олар жер бетінде әлі көп іс атқару керек-тін, бірақ кейбіреулері бұған әзір болмады. Ақылсыз қыздар сияқты, олар алдын ала өздерін рухани нығайтпады, сондықтан әрі қарай нұр шашуға дайын болмады. Алайда майланғандардың басым көпшілігі ақылмен әрекет етті: олар даналық пен көрегендік танытып, өздерін рухани нығайтты. Сондықтан алдарында әлі көп іс күтіп тұрғанын білгенде, оны қуанышпен орындауға кірісті. Осылай олар өздерінің “адал да ақылды құл” екенін көрсетті.
Иса “ақылды” деген сөзді Матай 7:24-те де қолданған болатын. Ол былай деген: “Осы айтқандарымды тыңдап, орындаған әркім үйін жартасқа салған көреген [“ақылды”, Тт] адамға ұқсас болады”. Ақылды адам дауылды ескеріп, үйін берік етіп салады. Ал ақымақ адам үйін құм үстіне салып, одан айырылып қалады. Тап солай, Исаның ақылды ізбасары болған адам осы дүниенің даналығына сүйенудің жаман салдарын алдын ала көре біледі. Оның көрегендігі мен парасаттылығы сенімін, іс-әрекеттерін және тәлімдерін тек Исаның үйреткендеріне ғана негіздеуге көмектеседі. “Адал да ақылды құл” дәл осылай әрекет етуде.
“Ақылды” деп аударылған сөз Еврей жазбаларының кейбір тармақтарында да кездеседі. Мысалы, перғауын Жүсіпті Мысырдың азық қорына қараушы етіп тағайындады. Бұл Ехобаның өз халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қарастырған шараларының бірі еді. Неге перғауын Жүсіпті таңдады? Ол Жүсіпке: “Өзің сияқты ақылгөй, дана ешкім де жоқ”,— деді (Жаратылыс 41:33—39; 45:5). Киелі кітапта Әбигелдің де “ақылды” әйел болғаны айтылған. Ол Ехобаның майланған қызметшісі Дәуіт пен оның жігіттеріне ас-ауқат әкеліп берген болатын (Патшалықтар 1-жазба 25:3, 11, 18). Құдайдың еркін түсіне біліп, көрегендікпен әрі парасаттылықпен әрекет еткені үшін Жүсіп пен Әбигелді ақылды деуге болады.
Сонымен, Иса адал құлды “ақылды” деп сипаттағанда, сол құлды бейнелейтіндер сенімдерін, іс-әрекеттерін және тәлімдерін Құдай Сөзіндегі шындыққа негіздеп, осылайша көрегендік, қырағылық пен парасаттылық танытатынын көрсеткен.
[Сілтеме]
a “Ақылды” деп аударылған гректің фро́нимос деген сөзі, бір еңбекке сай, көбінесе іс жүзіндегі даналыққа және зерделілікке нұсқайды (Word Studies in the New Testament, by M. R. Vincent).