‘Әрдайым қырағы болыңдар!’
“Аңғал кез келген сөзге нанар, Есті қадамын байқап басар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 14:15).
1, 2. а) Луттың Содомда басынан кешкендерінен қандай сабақ аламыз? ә) ‘Әрдайым қырағы болу’ деген тіркес нені білдіреді?
ЫБЫРАЙЫМ Лутқа жерді бірінші болып таңдауды ұсынғанда, оның көзі “Едем бағы” сияқты болған суы мол жерге түсті. Бұл отбасымен бірге қоныстануына өте керемет жер болып көрінген болса керек, сондықтан ол ‘өзіне Иордан бойындағы бүкіл аймақты таңдап’, Содомның қасына шатырын тікті. Алайда сыртқы көрініс алдамшы болатын, өйткені жақын маңайда Содомның тұрғындары өмір сүрді, ал олар “Жаратқан Иенің көз алдында ауыр күнәға батқан зұлым адамдар еді” (Жаратылыс 13:7—13). Біраз оқиғаны бастан өткізіп, соңында Лут пен оның отбасы қатты зардап шекті. Нәтижесінде ол қыздарымен бірге үңгірде өмір сүруге мәжбүр болды (Жаратылыс 19:17, 23—26, 30). Бастапқыда сонша жақсы болып көрінген нәрсесі керісінше болып шықты.
2 Луттың басынан кешкендерінен Құдайдың қызметшілері бүгінде маңызды сабақ алады. Шешім қабылдау керек болғанда, алғашқы әсерге алданып қалмай, болуы мүмкін қауіптерді көре білуіміз керек. Олай болса, Құдай Сөзінің: “Барлық нәрседе үнемі қырағы болыңдар!”— деп ескертуі орынды (Петірдің 1-хаты 1:13, ЖД). “Әрдайым қырағы болыңдар” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “салауатты болу” дегенді білдіреді. Киелі кітап зерттеуші Р. Ленскийдің айтуынша, мұндай салауаттылық “қандай да бір нәрсеге дұрыс баға беріп, салмақтап-саралай алатын, сөйтіп, дұрыс шешім қабылдауымызға мүмкіндік беретін байсалды ой-қалыпты білдіреді”. Қазір өмірде салауатты, немесе қырағы, болуымыз керек кейбір жағдайларды қарастырайық.
Іскерлік мәселеге қатысты ұсыныстарды салмақтап-саралау
3. Егер қандай да бір іспен айналысуға ұсыныс жасалса, неге қырағы болуымыз керек?
3 Саған құрмет тұтатын адамың, бәлкім, Ехоба Куәгерлерінің бірі қандай да бір іспен айналысуды ұсынды делік. Ол ісінің болашақта табысты болатынын шабыттана айтып, сені мүмкіндікті жіберіп алмай, тезірек әрекет етуге асықтырады. Бәлкім, сен өзіңнің және отбасыңның жағдайы жақсаратынын елестетіп, тіпті бұл рухани істерге көбірек атсалысуыңа мүмкіндік береді деген ойға келерсің. Алайда Нақыл сөздер 14:15 былай деп ескертеді: “Аңғал кез келген сөзге нанар, Есті қадамын байқап басар”. Жаңа істі бастаған кездегі көңіл қуанышынан адамдар көбінесе қауіп-қатерді, алдын ала біліп болмайтын жайттарды толық ескермеуі мүмкін (Жақып 4:13, 14). Мұндай жағдайда қырағы болу қаншалықты маңызды десеңші!
4. Іскерлік мәселеге қатысты бізге ұсыныс жасалғанда, қалай ‘қадамымызды байқап баса’ аламыз?
4 Ақылды адам шешім қабылдамас бұрын, іскерлік мәселеге қатысты ұсынысты жан-жақты қарастырып шығады (Нақыл сөздер 21:5). Бұл көбінесе жасырын қауіптерді көруге көмектеседі. Мысалы, мынадай жағдайды қарастырып көрейік: әлдекім ісін жүргізуге қажет қаражат іздейді де, сөйтіп, сенен несиеге ақша сұрап, оны үлкен өсіммен қайтаруды уәде етеді. Оның ұсынысы адам қызығарлықтай болар, бірақ артында қауіп-қатер тұрған жоқ па? Ол ақшаңды қай жағдайда қайтармақ, ісі жүріп кетсе ғана ма? Басқаша айтқанда, ісі жүрмей қалса, ақшаңнан айырыласың ба? Өзіңнен былай деп сұрауыңа болады: “Неге ол несиені банктен емес, адамдардан сұрап жүр? Әлде банктер бұл істі тым қауіпті деп есептей ме?” Болуы мүмкін қауіптер жайлы асықпай ойлана отырып, ұсыныстың қаншалықты орынды екенін бағамдай аламыз (Нақыл сөздер 13:16; 22:3).
5. а) Еремия егістік жерді сатып алғанда қандай дана қадам жасады? ә) Неге іскерлік мәселеге қатысты келісімнің бәрін жазбаша түрде жасаған дұрыс?
5 Еремия пайғамбар Ехобаның қызметшісі болған немере ағасынан егістік жер сатып алғанда, куәгерлердің көзінше жазбаша түрде келісім жасады (Еремия 32:9—12). Бүгінде парасатты адам ісіне қатысты барлық келісімшартты, мейлі туысқандарымен не бауырластармен жасасқан болса да, жазбаша түрде жасайдыa. Түсінікті әрі жақсылап ойластырылып жасалған келісімшарт түсініспеушілікке жол бермей, ынтымақ-бірлікті сақтауға көмектеседі. Ал егер мұндай келісім болмаса, Ехобаның қызметшілерінің қарым-қатынасында қиындық тууы мүмкін. Өкініштісі, мұндай қиындықтар жанды ауыртып, ренжісуге, тіпті рухани күйді жоғалтуға әкеп соғады.
6. Неге ашкөздіктен аулақ болуымыз керек?
6 Біз ашкөздіктен аулақ болуымыз керек (Лұқа 12:15). Табысқа белшесінен батуды дәметкен адам іскерлік мәселелерге қатысты туындайтын қауіп-қатерге көз жұмуы мүмкін. Бұл тұзаққа тіпті жауапкершіліктері бар Ехобаның қызметшілері де түсіп қалған. Құдай Сөзі: “Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар!”— деп ескертеді (Еврейлерге 13:5). Іскерлік мәселеге қатысты ұсыныс туралы ойланғанда, мәсіхші өзінен: “Бұл іске кірісудің шынымен қажеті бар ма?”— деп сұрау керек. Бар назарымызды Ехобаға қызмет етуге аударып, қарапайым өмір кешкеніміз ‘әр түрлі жамандықтан’ сақтайды (Тімотеге 1-хат 6:6—10).
Салт басты мәсіхшілердің кезігетін қиындықтары
7. а) Салт басты мәсіхшілердің көбісі қандай қиындықтарға кезігеді? ә) Өмірлік жар таңдау мен Құдайға деген адалдығымызды сақтаудың қандай байланысы бар?
7 Ехобаның қызметшілерінің көбісі неке құруды қалайды-ақ, бірақ әзірге өздерінің теңін тапқан жоқ. Кейбір елдерде айналадағы адамдар оларға “үйлен де үйлен”, не “тұрмыс құр” деп қатты қысым жасайды. Бірақ өмірлік серікті бір сенімдегілердің арасынан табу барлық уақытта оңай емес (Нақыл сөздер 13:12). Алайда мәсіхшілер Киелі кітаптағы ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адаммен неке құру туралы нұсқауға құлақ асуларымен Ехобаға деген адалдықтарын сақтайтынын түсінеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Айналадағылардың қысымы мен әр түрлі азғыруларға төтеп беру үшін, жалғыз басты мәсіхшілер әрдайым қырағы болулары керек.
8. Суламита қандай қысымға кезікті және бүгінде әйел бауырластар да соған ұқсас қандай қиындықтарға кезігуде?
8 Таңдаулы әндер кітабында Суламита атты қарапайым ауыл қызына патшаның көңілі кетіп, ғашық болғаны жайлы айтылады. Ол басқа жігітті жақсы көрсе де, патша байлығымен, атақ-даңқымен қыздың жүрегін жаулап алмақшы болады (Таңдаулы әндер 1:9—11; 3:7—10; 6:8—10, 13). Егер әйел бауырлас болсаң, саған да әлдекім көңіл бөлетін шығар. Бәлкім, жұмыстағы дәрежелі біреу мақтау сөздер айтып, көңіліңе жағатын әрекеттер жасап, жаныңда болудың мүмкіндіктерін іздейтін болар. Әлдекімнің осылай жарамсақтанып көңіл бөлгенінен абай бол. Адамның бұндай көңілі барлық уақытта ғашық болғандықты не азғын ниетті білдірмейді, десе де көп жағдайда солай деуге болады. Суламита сияқты “қабырға” бол (Таңдаулы әндер 8:4, 10). Орынсыз ұсыныстардан үзілді-кесілді бас тарт. Жұмысқа тұрған бетте-ақ қызметтестеріңе Ехоба Куәгері екеніңді білдірт және кез келген мүмкіндікті пайдаланып уағызда. Бұл саған қорғаныш болады.
9. Интернет арқылы бейтаныс адамдармен қарым-қатынас дамыту неге қауіпті? (31-беттегі қоршауды да қараңдар).
9 Қазір жалғыз басты адамдарға өмірлік жар табуға көмектесуге арналған веб-сайттар кең тарауда. Кейбіреулер бұларды басқалай таныса алмауы мүмкін адамдармен танысудың жолы деп қарастырады. Алайда көз жұмып, бейтаныс адаммен қарым-қатынас жасау өте қауіпті. Интернеттегі мәліметтердің ақ-қарасын ажырату қиын (Забур 25:4). Өзін Ехоба Куәгерімін дегендердің бәрі Куәгер емес. Оның үстіне, Интернет арқылы адамдардың арасында жақын қарым-қатынас тез дамып, тіпті ақылынан адасып қалуы мүмкін (Нақыл сөздер 28:26). Интернет арқылы не басқа жолдармен болсын, өзіміз жақсы білмейтін адаммен тығыз қарым-қатынас дамытқан ақылдылыққа жатпас еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:33).
10. Салт басты мәсіхшілерді қалай жігерлендіре аламыз?
10 Ехобаның өз қызметшілеріне деген “жанашырлығы” өте зор (Жақып 5:11). Ол салт басты болуға мәжбүр болып жүрген мәсіхшілердің кейде көңілдері түсіп кететінін біледі, әрі олардың адалдығын жоғары бағалайды. Ал басқалар оларды қалай жігерлендіре алады? Оларды шын берілгендігі мен жанқиярлық рухтары үшін үнемі мақтап отыруымыз қажет (Билер 11:39, 40, ЖД). Сондай-ақ оларды жігерлендіретін бас қосуларға шақыруымызға болады. Жақын арада сен осылай еттің бе? Оның үстіне, олар үшін дұға етіп, Ехобадан рухани күйлерін сақтауына және қызметтен қуаныш табуларына көмектесуін сұрауымызға болады. Оларға шынайы көңіл бөле отырып, Ехоба сияқты біз де оларды бағалайтынымызды көрсетейік! (Забур 36:28)
Емделуге қатысты қиындықтарға кезіккенде
11. Ауыр сырқатқа қатысты қандай қиындықтар туындайды?
11 Өзіміз не жақындарымыздың бірі ауыр сырқаттанып қалғанда қандай қиын десеңші! (Ишая 38:1—3) Емделудің тиімді жолын іздестіргенде, Киелі кітаптағы принциптерді ұстанғанымыз маңызды. Мысалы, мәсіхшілер Киелі кітаптағы қаннан аулақ жүріңдер деген бұйрықты мұқият ұстанады, сондай-ақ спиритизммен байланысы бар диагностикалық не терапиялық емдеу әдістерінен аулақ болады (Елшілердің істері 15:28, 29; Ғалаттықтарға 5:19—21). Алайда медициналық білімі жоқ адамдар үшін емдеу тәсілдерін салмақтап-саралау қиын болатын шығар. Ендеше, барлық нәрседе қырағы болуымызға не көмектеседі?
12. Емдеу тәсілдерін қарастырғанда, мәсіхші қалай байсалды бола алады?
12 Шешім қабылдағанда Киелі кітап пен мәсіхшілердің әдебиеттерін зерттей отырып, “есті [адам] қадамын байқап басар” (Нақыл сөздер 14:15). Дәрігерлер мен ауруханалар аз елдерде емделудің жалғыз жолы шөп дәрілер қолданылатын халық медицинасы ғана болуы мүмкін. Егер осындай емнің түрін қолданбақшы болсақ, пайдалы мәліметтерді 1987 жылғы 15 сәуірдегі “Күзет мұнарасынан” (26—29 беттер, ағ.) табуға болады. Бұл бізге кейбір қауіпті жайттарды көре білуге көмектеседі. Мысалы, мына нәрселерді анықтап алуымыз керек: Осындай дәрі-дәрмекті қолданатын емші спиритизммен айналысатындығымен әйгілі ме? Оның емі адамның ауруына не өліміне себеп болып отырған — ренжіген құдайлар (не аруақтар) немесе дуа жасаған дұшпандар деген сенімге негізделген бе? Дәрі-дәрмекті дайындағанда, құрбандықтар шалынып, дуа оқылып не спиритизмнің басқа да жөн-жоралғылары жасала ма? (Заңды қайталау 18:10—12) Осылайша жағдайдың анық-қанығын біліп алғанымыз Киелі кітаптағы: “Бәрін сынап, жақсысын ғана қабыл алыңдар!”b — деген кеңеске құлақ асуға көмектеседі (Салониқалықтарға 1-хат 5:21). Сондай-ақ бұл бізге байсалды болуға да көмегін тигізеді.
13, 14. а) Денсаулығымызды күткенде қалай парасатты бола аламыз? ә) Басқалармен денсаулық пен емделуге қатысты мәселелер жайлы сөйлескенде, неге парасатты болу қажет?
13 Өміріміздің барлық саласында, соның ішінде денсаулыққа қатысты мәселелерде де, парасатты болуымыз қажет. Денсаулығымызға байсалдылықпен қарай отырып, құнды сый — өмірге деген ризашылығымызды көрсетеміз. Ауырып қалсақ, әрине, бұған мән беруіміз керек. Алайда кемелді денсаулық Құдайдың ‘халықтарды сауықтыратын’ уақыты келгенде ғана болады (Аян 22:1, 2). Сондықтан тән саулығын тым қатты ойлап, одан әлдеқайда маңызды рухани нәрселерді кейінге ысырып қоюдан сақ болайық (Матай 5:3, ЖД; Філіпіліктерге 1:10).
14 Басқалармен денсаулыққа не емделуге қатысты мәселелер туралы әңгімелескенде де, байсалды да парасатты болуымыз керек. Қауым кездесулерінде және конгрестерде әңгімеміздің көбісі осы тақырыпқа ауып кетпеу керек. Өйткені ол жерге біз рухани нәрселер жайлы әңгімелесу үшін жиналамыз. Оның үстіне, емге қатысты шешімдер көбінесе Киелі кітап принциптерімен байланысты, сондай-ақ адамның ар-ұжданы мен Ехобамен қарым-қатынасына әсер етеді. Егер бауырласымызға өз көзқарасымызды қайта-қайта айтып, немесе оны ар-ұжданына қайшы әрекет етуге итермелейтін болсақ, мұнымыз сүйіспеншілікке жатпас еді. Қауымдағы толысқан мәсіхшілермен ақылдасуға болғанымен, әр мәсіхші шешім қабылдауда жауапкершілікті өз мойнына алады және “әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз” (Ғалаттықтарға 6:5; Римдіктерге 14:12, 22, 23).
Жанымыз қысылған жағдайларда
15. Ауыр жағдайлар бізге қалай әсер етуі мүмкін?
15 Жандары қатты қысылғанда, тіпті Ехобаның адал қызметшілерінің өзі даналықпен сөйлемеуі не әрекет етпеуі мүмкін (Екклесиаст 7:7). Сынақ кезінде Әйүп байсалдылығын жоғалтып алады, сондай-ақ оған өзінің ой-қалпын түзету керек болады (Әйүп 35:2, 3; 40:6—8). ‘Мұса жер бетіндегі барлық адамдардың арасындағы ең жуасы болғанымен’, бірде ол ызасы келіп, ойланбай сөйлеген (Руларды санау 12:3; 20:7—12; Забур 105:32, 33). Дәуіт Саул патшаға қол көтермей, керемет ұстамдылық танытқан болатын, бірақ Набал оны қорлап, адамдарын мазақ еткенде, ол қатты ызаланып, ақылға салмай әрекет етпекші болды. Бірақ Әбигелдің араласуының арқасында ғана есін жиып, үлкен қателік жасаудан аулақ болды (Патшалықтар 1-жазба 24:2—7; 25:9—13, 32, 33).
16. Ойланбай әрекет етуден аулақ болуға не көмектеседі?
16 Біз де ақылдан адастыратындай ауыр жағдайларға кезігіп тұрамыз. Бірақ Дәуіт сияқты басқалардың пікіріне құлақ салатын болсақ, бұл ойланбай әрекет етуден және күнәға батудан аулақ болуымызға көмектеседі (Нақыл сөздер 19:2). Құдай Сөзі бізді мынаған шақырады: “Ашуланғанда күнә жасамаңдар, төсекте ойланып-толғаныңдар, жүрек түкпірін тексеріп, тынығыңдар!” (Забур 4:5) Мүмкіндігінше, қандай да бір әрекет жасар не шешім қабылдар алдында көңіліміз тыншығанша күте тұрғанымыз ақылдылық болар еді (Нақыл сөздер 14:17, 29). Ехобаға шын жүректен, қатты өтініп дұға етуімізге болады, ‘сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүрегіміз бен ой-санамызды Мәсіх Исада сақтайды’ (Філіпіліктерге 4:6, 7). Құдайдың тыныштығы қайтадан байсалды болуымызға, сондай-ақ барлық жағдайда әрдайым қырағы болуымызға көмектеседі.
17. Әрдайым қырағы болу үшін неге Ехобаға арқа сүйеуіміз керек?
17 Қауіп-қатерден аулақ болып, ақылмен әрекет етуге барынша тырысқанымызға қарамастан, бәрібір қателік жасап қоямыз (Жақып 3:2). Кейде өзіміз де еш аңдамай аяғымызды шалыс басып қоюымыз мүмкін (Забур 19:12, 13). Оның үстіне, пенде болған соң Ехобаның басшылығынсыз өз қадамымызға бағыт беруге қабілетіміз де, құқымыз да жоқ (Еремия 10:23). Құдайдың: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, жүретін жолыңды көрсетемін; сені көзімнен таса қылмай, әрдайым жетелеп жүремін”,— деп сендірген сөздеріне қаншалықты ризамыз десеңші! (Забур 31:8) Иә, Ехобаның көмегімен әрдайым қырағы бола аламыз.
[Сілтемелер]
a Жазбаша түрде келісім жасау туралы көбірек мәліметті 1997 жылғы 1 тамыздағы “Күзет мұнарасынан” (30, 31-бет, ор.), 1987 жылғы 15 сәуірдегі “Күзет мұнарасы” (16, 17-бет, ор) мен 1983 жылғы 8 ақпандағы “Ояныңдар!” (13—15 бет, ағ.) журналынан табуға болады.
b Бұлай ету кейбір ауруларды емдеудің қандай да бір дау тудыратын тәсілін қарастырғанда пайдалы болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
Қалай мынадай жағдайларда әрдайым қырағы бола аламыз:
• іскерлік мәселеге қатысты ұсыныс жасалғанда
• өмірлік серік таңдағанда
• денсаулығымызды күткенде
• қиын жағдайларда?
[31-беттегі қоршау]
Сенім артуға бола ма?
Салт бастыларға арналған веб-сайттардан мынадай ескертулерді көруге болады:
“Қолымыздан келгеннің бәрін жасағанымызбен, веб-сайтта адамдар өздері жайлы тек шындықты айтатынына кепілдік бере алмаймыз”.
“Онлайн режиміндегі қызметте берілетін мәліметтердің тура, толық әрі пайдалы екендігіне кепілдік бере алмаймыз”.
“Онлайн режиміндегі қызметте келтірілген пікірлер, кеңестер, ұсыныстар мен басқа да мәліметтердің көзі оларды айтқан адамдардың өздері болып табылады... әрі оларға сену міндетті түрде емес”.
[29-беттегі сурет]
“Есті қадамын байқап басар”
[30-беттегі сурет]
“Бәрін сынап, жақсысын ғана қабыл алыңдар!”
[31-беттегі суреттер]
Мәсіхші әйел бауырластар Суламитадан қалай үлгі ала алады?