Жарығы жарқырай түскен жолмен жүреміз
“Әділдің жолы таң шапағы іспетті, Тал түс болғанша жарқырай түседі” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 4:18).
1, 2. Ехобаның өз халқына рухани жарығын төгуінің нәтижесі қандай болуда?
КҮН ҰЯСЫНАН көтерілгенде, қараңғылықтың қалай сейіле түсетінін жарықтың Қайнар көзі Ехоба Құдайдан артық кім сипаттай алады дейсің?! (Забур 35:10) ‘Таң шапағы жердің о шеті мен бұ шетін орап алғанда’,— дейді Құдай, — ‘Жер мөр басылған балшықтай өзгеріп шыға келіп, түрлі-түсті киімдей болады’ (Әйүп 38:12—14). Мөр басылған жұмсақ балшықта айқын таңба қалатыны сияқты, күн сәулесі шашырай түскен сайын, жердегі нәрселер біртіндеп пішінге еніп, айқын көріне бастайды.
2 Ехоба — рухани жарықтың да Қайнар көзі (Забур 42:3). Осы дүние әлі де тас түнекте болса, шын Құдай өз халқына жарық төгуін тоқтатпауда. Мұның нәтижесі қандай болуда? Киелі кітап: “Әділдің жолы таң шапағы іспетті, Тал түс болғанша жарқырай түседі”,— деп жауап береді (Нақыл сөздер 4:18). Ехоба халқының жолына жарығын төге түсуде. Бұл оларға ұйымдастыру істерін жақсартуға, ілімдер мен өнегелілікке қатысты принциптерді жақсырақ түсінуге көмектесуде.
Ұйымдастыру істеріне жарықтың төгілуі
3. Ишая 60:17-де қандай уәде жазылған?
3 Ишая пайғамбар арқылы Ехоба: “Қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін”,— деп алдын ала айтқан (Ишая 60:17). Затты әлдеқайда сапалысымен ауыстыру жақсаруды білдіретіні сияқты, Ехоба Куәгерлерінің ұйымдастыру істері де ‘ақыр заман’, немесе ‘соңғы дәуір’ басталғалы бері үнемі жақсарып отырды (Матай 24:3; Тімотеге 2-хат 3:1).
4. 1919 жылы қандай шара қолданылды және бұл қандай пайда әкелді?
4 Осы соңғы күндердің алғашқы жылдарында Киелі кітапты зерттеушілердің, Ехоба Куәгерлері ол кезде солай аталған, қауымдары ақсақалдар мен қауым қызметшілерін демократиялық жолмен сайлаған. Алайда уағыздауға шынайы ықылас, рух танытпаған ақсақалдар да болды. Олардың кейбірі өздері уағыздамағанымен қоймай, өзгелерді де бұл ниеттерінен айнытты. Сондықтан 1919 жылы әр қауымда қызмет жетекшісінің міндеті деген жаңа міндет енгізілді. Қызмет жетекшісін қауым сайламай, оны Құдай халқының филиалы тағайындады. Қызмет жетекшісінің міндетіне уағыздау ісін ұйымдастыру, аумақтарды бөлу мен қауымды қызметке шығуға талпындыру жататын. Осының арқасында кейінгі жылдарда Патшалықты жариялау ісі жақсы қарқын алды.
5. 1920 жылдары уағыздау ісі қалай жақсара түсті?
5 1922 жылы Киелі кітап зерттеушілердің Сидар-Пойнтта (АҚШ, Огайо штаты) өткен конгресінде “Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, тағы да жариялаңдар!” деген үндеу тасталып, бұл барлық қауымға уағыздауға шабыт берді. 1927 жылы жексенбі күнді үйме-үй уағыздауға ең қолайлы күн деп белгіледі. Неге жексенбі күні? Өйткені сол күні адамдардың көбісі үйлерінде болады. Бүгінгі таңда да Ехоба Куәгерлері дәл сондай рух танытып, адамдарға үйлерінде болады-ау деген уақытта, мысалы демалыс күндері және кешке, баруға тырысады.
6. 1931 жылы қандай қарар қабылданды және бұл уағыздау ісіне қалай әсер етті?
6 Патшалық ісінің алға жылжуына 1931 жылдың 26 шілдесі, жексенбі күні, Колумбуста (АҚШ, Огайо штаты), ал кейіннен бүкіл дүние жүзінде өткен конгресте қабылданған қарар зор күш берді. Онда былай делінген: “Біз Ехоба Құдайдың қызметшілеріміз. Бізге Құдайдың бұйрығы бойынша Иса Мәсіх туралы куәлік беріп, сондай-ақ Ехобаның жалғыз да құдіретті Құдай екенін адамдарға жариялап, Құдайдың атынан іс атқару тапсырылған; сондықтан Құдай Иеміздің өз аузынан шыққан есімін қуана қабылдаймыз, әрі жұрттың бізді Ехоба куәгерлері ретінде білгенін және солай атағанын қалаймыз” (Ишая 43:10, ЖД). Осы жаңа атау Құдай қызметшілерінің басты ісі қандай екенін қаншалықты айқын көрсетті десеңші! Шынында да, Ехобаның өз қызметшілеріне тапсыратын ісі болды. Басым көпшілігі бұл өзгерісті қабыл алып, құлшыныс танытты.
7. 1932 жылы қандай өзгеріс болды және неліктен?
7 Көптеген ақсақалдар кішіпейілділік танытып, өздерін уағыздау ісіне арнады. Алайда кей жерлерде ақсақалдар қауымдағы әрбір адам уағыздауы керек деген ойға елеулі қарсылық білдірді. Көп ұзамай тағы да өзгерістер болды. 1932 жылы қауымдар “Күзет мұнарасы” арқылы бұдан былай ақсақалдар мен дьякондарды сайлауды тоқтату туралы нұсқау алды. Енді олар уағыздау ісіне атсалысатын рухани толысқан бауырластардан тұратын қызмет комитетін сайлау керек еді. Осылайша қауым ісін бақылау қызметке белсене қатысатындарға тапсырылды. Бұл уағыздау ісін ілгерілетті.
Жарықтың әрі қарай да жарқырай түсуі
8. 1938 жылы тағы қандай жақсы өзгеріс болды?
8 Жарық әрі қарай да ‘жарқырай түсті’. 1938 жылы сайлау деген атымен жойылды. Қауымның барлық қызметшілері “адал да ақылды құлдың” бақылауымен теократиялық жолмен тағайындалатын болды (Матай 24:45, ЖД; 46, 47). Бұл өзгерісті Ехоба Куәгерлерінің барлық дерлік қауымы дайындықпен қабыл алды. Уағыздау ісі әрі қарай да жемісін бере берді.
9. 1972 жылы қандай өзгеріс орын алды және неге оны жақсару деуге болады?
9 1972 жылдың 1 қазанынан бастап қауымдағы бақылау ісіне қатысты тағы бір өзгеріс орын алды. Енді Ехоба Куәгерлерінің барлық қауымындағы бақылау ісі тек бақылаушыға емес, ақсақалдар кеңесіне жүктелді. Бұл шара рухани толысқан бауырластарды қауымда басшылықты қолға алатындарға қойылатын талаптарға сай келуге айтарлықтай талпындырды (Тімотеге 1-хат 3:1—7). Нәтижесінде, көптеген бауырластар қауымдағы әр түрлі жауапкершіліктерді атқаруды үйренді. Бұл бақташы бауырластар Киелі кітаптағы шындықты қабыл алған көп адамдарға қандай зор көмек көрсетті десеңші!
10. 1976 жылы бақылау жүйесінде қандай өзгеріс болды?
10 Кейінірек Басқарушы кеңес мүшелерінен құралған алты комитет құрылды. Ал 1976 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұйымның және жер-жердегі қауымдардың істерін бақылау осы комитеттердің қарауына өтті. Енді Патшалық ісінің әр түрлі саласы “көптің ақылымен” басқарылғаны шынында да зор бата болды! (Нақыл сөздер 15:22; 24:6)
11. 1992 жылы қандай жақсару ісі орын алды және неге?
11 1992 жылы исраилдіктер мен басқа адамдар Бабыл тұтқындығынан Иерусалимге қайта оралған кездегідей бір жақсару ісі орын алды. Ол кезде ғибадатханада қызмет ететін леуіліктер жетпейтін. Сондықтан оларға көмектесу үшін, исраилдік емес нетинимдерге көбірек міндет жүктелді. Сол сияқты 1992 жылы “басқа қойлардың” арасындағы кейбіреулері “адал да ақылды құлдың” уағыздау ісіндегі күннен-күнге артып отырған міндеттерін атқаруға көмектесу үшін қосымша жауапкершіліктер алды. Олар Басқарушы кеңес комитеттеріне көмекшілер ретінде тағайындалды (Жохан 10:16).
12. Қалай Ехоба бізге “бейбітшілікті билеуші” етіп тағайындап отыр?
12 Ұйымдастыру істерінің жақсаруының нәтижесі қандай болды? Ехоба: “Сенің еліңе бейбітшілікті билеуші, әділдікті әмірші етіп тағайындаймын”,— деген (Ишая 60:17). Бүгінде Ехоба Куәгерлерінің арасында ‘бейбітшілік’ бар, ал Құдайға қызмет етуге талпындыратын күш “әділдік” олардың ‘әміршісі’, немесе бақылаушысы, болып отыр. Олар Патшалықты жариялау мен шәкірттер дайындау ісін атқару үшін жақсы ұйымдасқан (Матай 24:14; 28:19, 20).
Ехоба ілімдерге жарығын төгуде
13. 1920 жылдары Ехоба ілімдерге жарығын қалай төкті?
13 Ехоба өз халқының ілімдеріне де біртіндеп жарығын төкті. Мұның бір мысалы Аян 12:1—9 тармақтар. Бұл тармақтарда үш тұлға бейнеленген: ұл туған “әйел”, “айдаһар” және “ұл”. Мұның әрқайсысы нені білдіретінін білесіңдер ме? 1925 жылдың 1 наурыздағы “Күзет мұнарасының” (ағ.) “Халықтың туылуы” деген мақаласында олардың нені бейнелейтіні түсіндірілген. Бұл мақалада Патшалықтың туылуы жайлы пайғамбарлықтар жақсырақ түсіндіріліп, айқын ажыратуға болатын екі ұйым, яғни Ехобаның ұйымы мен Шайтанның ұйымы бар екендігі анық көрсетілген. Кейін 1927—1928 жылдары Құдай халқы Мәсіхтің туған күні мен туылған күндерді тойлау Жазбаларға қайшы келетінін біліп, оларды атап өтуді доғарды.
14. 1930 жылдары қандай ілімдер айқындала түсті?
14 1930 жылдары тағы басқа үш ілімге жарық төгілді. Аян 7:9—17 тармақтарындағы ‘өте үлкен тобырдың’ Мәсіхпен бірге патшалар мен діни қызметкерлер ретінде билік ететін 144 000-нан бөлек екенін Киелі кітапты зерттеушілердің білгеніне көп жыл болған (Аян 5:9, 10; 14:1—5). Бірақ үлкен тобырға кімдер жататыны белгісіз болып қала берді. Таң бозарып атқанда, заттардың түсі мен пішіні айқын болатыны сияқты, 1935 жылы “өте үлкен тобыр” дегеніміз “ауыр азаптан” аман қалатын жерде өмір сүруге үміті бар адамдар екені белгілі болды. Кейінірек сол жылы бірқатар елдегі Ехоба Куәгерлерінің мектеп жасындағы балаларына қатысты тағы бір жайт айқын болды. Әлемде патриоттық рух күшейіп жатқанда, Куәгерлер туды дәріптеу жай ғана рәсім емес екенін түсінді. Ал келесі жылы болса Мәсіхтің айқышта емес, бағанада өлгені туралы шындық түсіндірілді (Елшілердің істері 10:39).
15. Қанның қасиеттілігіне қашан және қалай көңіл аударылды?
15 Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаралыларды қан құйып емдеу кең тараған болатын. Сондықтан қанның қасиеттілігі жайлы түсінікке көбірек жарық төгілді. 1945 жылғы 1 шілдедегі “Күзет мұнарасы” (ағ.) “әділдік орнаған жаңа дүниеде өмір сүруге ұмтылатын барлық Ехоба қызметшілерін қанның қасиеттілігін құрметтеуге және осы маңызды мәселеде Құдайдың әділ ережелеріне сай әрекет етуге” талпындырды.
16. “Киелі жазбалар — Жаңа дүние аудармасы” қашан жарық көрді және оның маңызды екі ерекшелігі қандай?
16 1946 жылы соңғы Киелі кітаптық зерттеулер ескерілген, әрі мәсіхші әлемінің нанымдарымен бүлінбеген Киелі кітаптың жаңа аудармасы қажет екені айқын болды. Мұндай аударма жұмысы 1947 жылдың желтоқсан айында басталды. 1950 жылы ағылшын тілінде “Мәсіхшілердің Грек жазбалары — Жаңа дүние аудармасы” жарық көрді. 1953 жылдан бастап ағылшын тілінде біртіндеп Еврей Жазбаларының бес томы басып шығарылды. Соңғы томы 1960 жылы, яғни аударма басталғаннан кейін 12 жылдан сәл асқан соң, жарық көрді. 1961 жылы толық “Киелі жазбалар — Жаңа дүние аудармасы” бір томдық болып басылып шықты. Қазір көп тілде кездесетін бұл аударманың кейбір маңызды ерекшеліктері бар. Онда Құдайдың Ехоба деген есімі қайта орнына қойылған. Оның үстіне, бұл аударма тұпнұсқа мәтіннен сөзбе-сөз аударылғандығымен ерекшеленеді. Ал бұл Құдайдың шындығы туралы түсінігіміздің артып отыруына негіз болды.
17. 1962 жылы не айқын болды?
17 1962 жылы Римдіктерге 13:1-гі кейбір Киелі кітапта “жоғары билік” деп аударылған тіркестің кімдерге қатысты екені және мәсіхшілер оларға қаншалықты бағыну керектігі айқын болды. Римдіктерге арналған хаттың 13-тарауын және Титке 3:1, 2 мен Петірдің 1-хаты 2:13, 17-тармақтарды терең зерттеу “жоғары билік” Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхке емес, мемлекеттік билікке қатысты екенін көрсетті.
18. 1980 жылдары қандай шындықтар түсіндірілді?
18 Кейінгі жылдары әділдердің жолына түскен жарық жарқырай түсті. 1985 жылы ‘мәңгілік өмір сүру үшін әділ деп жариялану’ мен Құдайдың досы ретінде әділ болу деген нені білдіретініне жарық төгілді (Римдіктерге 5:18, ЖД; Жақып 2:23). 1987 жылы мәсіхшілердің мерекелі жылы дегеннің мағынасы егжей-тегжейлі түсіндірілді.
19. Соңғы жылдары Ехоба өз халқына рухани жарығын қалай төкті?
19 1995 жылы адамдарды “серкелер” мен “қойларға” бөлу туралы астарлы әңгіме айқынырақ түсіндірілді. Ал 1998 жылы қазір орындалып жатқан Езекиелдің ғибадатхана жайлы аяны егжей-тегжейлі түсіндірілді. 1999 жылы “киелі үйді бос қалдыратын жексұрын нәрсенің” ‘сол жерде’, яғни киелі орында, қашан және қалай тұратыны анық болды (Матай 24:15, 16, 25:32). Ал 2002 жылы болса Құдайдың ‘Рухына кенеліп, шындықпен сиынудың’ мағынасы айқындала түсті (Жохан 4:24).
20. Құдай халқы басқа қандай салаларда өзгерістер көрді?
20 Ұйымдастыру істерінің жақсаруы мен ілімдерді жақсырақ түсінумен қатар, мәсіхшілердің жүріс-тұрысына қатысты өзгерістер болды. Мысалы, 1973 жылы темекі шегу ‘тәнді арамдайтын нәрселерге’ жатқызылып, заң бұзушылық деп қарастырыла бастады (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Ондаған жылдар өте, 1983 жылдың 15 шілдесіндегі (ағ.) “Күзет мұнарасында” (1.02.84 ор.) атыс қаруын қолдануға қалай қарайтынымыз анық көрсетілді. Бұл — біздің уақытымызда жарықтың жарқырай түсуінің кейбір мысалы ғана.
Жарық жарқырай түскен жолмен жүреміз
21. Жарық жарқырай түскен жолмен жүруімізге қандай ой-қалыпта болғанымыз көмектеседі?
21 Ұзақ уақыттан бері ақсақал болған бір кісі: “Өзгерістерді қабылдап, оған бейімделу барлық уақытта оңайға соға бермейді”,— деп мойындайды. Қызмет еткен 48 жылының ішінде ол көптеген өзгерістердің куәсі болды. Оларды қабыл алуға оған не көмектесті? Ол былай дейді: “Ең бастысы, ой-қалпымыз дұрыс болу керек. Қандай да бір өзгерісті қабыл алмау Ехобаның алға жылжып бара жатқан ұйымынан қалып қою дегенді білдіреді. Өзгерістерді қабылдау қиын болғанда, мен Петірдің Исаға айтқан: “Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде”,— деген сөздері жайлы ойланам. Мен өзімнен: — Қайда бармақпын, мына дүниенің қараңғы түнегіне ме?— деп сұраймын. Бұл маған Құдайдың ұйымынан мықтап ұстануға көмектеседі” (Жохан 6:68).
22. Құдайдың жарығында жүргеніміздің қандай пайдасы бар?
22 Айналамыздағы дүние, шынында да, тас түнекте. Ехоба өз халқына жарығын төккен сайын, оның халқы мен осы дүниенің арасындағы айырмашылық та айқын көріне түседі. Бұл жарықтың бізге қандай пайдасы бар? Қараңғыда жол үстіндегі ой-шұқырды көрсететін шам жарығы сол ой-шұқырды тегістемейтіні сияқты, Құдай Сөзінің жарығы да жолымыздан қауіп-қатерді алып тастамайды. Бірақ ол бізге сол қауіп-қатерден аулақ болып, жарығы жарқырай түскен жолмен әрі қарай да жүре беруімізге міндетті түрде көмектеседі. Олай болса, ‘қараңғылықта “сәулесін шашып тұрған шамға” ұқсайтын’ Ехобаның пайғамбарлық сөзіне бұдан былай да ден қоялық (Петірдің 2-хаты 1:19).
Естеріңде ме?
• Ехоба өз халқының арасында ұйымдастыру істерін қалай жақсартты?
• Қандай ілімдерге жарық төгілді?
• Сендер қандай өзгерістердің куәсі болдыңдар және оларды қабыл алуға не көмектесті?
• Неге жарық жарқырай түскен жолмен әрі қарай да жүргілерің келеді?
[19-беттегі суреттер]
1922 жылы Сидар-Пойнтта өткен конгресс Киелі кітапты зерттеушілерді Құдайдың ісін құлшыныспен атқаруға талпындырды
[21-беттегі сурет]
Нейтан Норр “Мәсіхшілердің Грек жазбалары — Жаңа дүние аудармасының” жарық көргенін хабарлады.
[17-беттегі түпдерек]
© 2003 BiblePlaces.com