Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.9. 8—13 бет.
  • Себепсіз жек көрінішті

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Себепсіз жек көрінішті
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жек көрудің арандатушысы
  • ‘Адамдар сендерді қорлағанда’
  • Қорлыққа төзу
  • Сеніміңді қазір нығайт
  • Құдайға ұнамды болатындай өмір сүр
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Әйүп Ехобаның есімін қадір тұтқан
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Құдаймен қалай дос бола аламыз?
    Киелі жазбалардан не білеміз?
  • Әйүп — төзімді әрі мінсіз адам
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.9. 8—13 бет.

Себепсіз жек көрінішті

“Олар мені себепсіз жек көрді” (ЖОХАН 15:25).

1, 2. а) Неге кейбіреулер адамдардың мәсіхшілерді қаралайтынын түсіне алмайды, бірақ неге біз мұндай жағдайға таңғалмауымыз керек? ә) Бұл мақалада “жек көру” деген сөзді қай жағынан алып қарастырамыз? (Сілтемені қараңдар.)

ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ Құдай Сөзіндегі принциптер бойынша жүруге тырысады. Сондықтан көп жерлерде олар елге сыйлы. Бірақ кейде олар жайлы лақап сөздер тарап жатады. Мысалы, Ресейдегі Санкт-Петербор қаласының бір қызметкері: “Ехоба Куәгерлерін бізге жасырын әрекет ететін және балаларды өлтіріп, өздеріне қол жұмсайтын құпия секта ретінде көрсететін”,— деген. Бірақ халықаралық конгресті өткізуге байланысты істерде Ехоба Куәгерлерімен бірге жұмыс істеген әлгі қызметкер: “Ал қазір кәдімгі, күлімсіреген адамдарды көріп тұрмын... Олар бейбіт әрі тату, бірін-бірі өте қатты жақсы көретін адамдар”,— деп айтқан. Ол тағы да: “Неге адамдар олар жайлы осыншама өтірік айтатынын мен түсінбей-ақ қойдым”,— деп қосты (1 Петір 3:16).

2 Құдайдың қызметшілері өздерін жауыз етіп көрсеткенін ұнатпайды, дегенмен олар адамдардың өздерін қаралайтындарына таңғалмайды. Иса ізбасарларын: “Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер... олар қадірлейміз дейтін Киелі жазбадағы: “Олар мені себепсіз жек көрді” деген сөз осылайша іске асады”,— деп ескерткен болатынa (Жохан 15:18—20, 25; Забур 34:19; 68:5). Бұдан бұрынырақ ол шәкірттеріне: “Жұрт “үйдің Иесін” белзебүл (шайтан) деп атаса, оның үй ішіне одан бетер жаман атақ тақпай ма?” — деп айтқан (Матай 10:25). Мәсіхшілер Мәсіхтің ізбасары болғанда қабыл алатын ‘азап шегу бағанасы’ жаман атты болуды да білдіретінін түсінеді (Матай 16:24, ЖД).

3. Шынайы мәсіхшілерді қудалау қаншалықты кең жайылған?

3 Шынайы ғибадат етушілерді қудалау ежелден, ‘кінәсіз Әбілдің’ кезінен, жалғасып келе жатыр (Матай 23:34, 35). Ол бірнеше оқиғамен ғана шектелмейді. Иса ізбасарларын өзінің атына бола ‘барлық жұрт жек көретінін’ айтқан (Матай 10:22). Кейінірек елші Пауыл Құдайдың қызметшілерінің барлығы қуғын-сүргін болады деп күту керек екендерін жазған (2 Тімотеге 3:12). Бізді жек көрудің себебі неде?

Жек көрудің арандатушысы

4. Киелі кітап жек көруді арандатушыны қалай әшкерелейді?

4 Құдай Сөзінде о бастан келе жатқан көзге көрінбейтін арандатушы жайлы айтылады. Сеніммен әрекет еткен алғашқы адам Әбілдің жауыздықпен өлтірілгенін еске түсірейікші. Киелі кітапта оны өлтірген ағасы Қабылдың “шайтанның адамы” екені айтылады (1 Жохан 3:12). Қабыл Шайтанның ой-қалпын танытқан, сондықтан Ібіліс оны зұлым ниетін іске асыру үшін қолданды. Киелі кітап сонымен қатар Шайтанның Әйүп пен Иса Мәсіхке қарсы зұлым әрекет жасалғанда қандай рөл атқарғанын әшкерелейді (Әйүп 1:12; 2:6, 7; Жохан 8:37, 44; 13:27). Аян кітабындағы: “Шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ”,— деген сөздерден соң Исаның ізбасарлары ұшырап жатқан қуғын-сүргінді арандатушының кім екеніне қатысты еш күмән қалмайды (Аян 2:10). Иә, Шайтан — Құдай халқын себепсіз жек көрудің басты себепшісі.

5. Неге Шайтан Құдайдың шынайы қызметшілерін жек көреді?

5 Неге Шайтан шынайы мәсіхшілерді жек көреді? Өзі жайлы тым артық ойлағанын көрсететін қастық әрекетімен Шайтан “Мәңгілік Патша” Ехоба Құдайға қарсы шықты (1 Тімотеге 1:17; 3:6). Ол Құдай өзінің жаратылыстарына шектен тыс шектеулер қояды, ал адамдар болса Ехобаға шын ниетпен емес, өз пайдаларын ғана көздеп қызмет етеді дейді. Оның айтуынша, адамдарды сынауға рұқсат берілсе, бәрін де Құдайдан бұрып алып кете алады-мыс (Жаратылыс 3:1—6; Әйүп 1:6—12; 2:1—7). Ехобаны қанаушы, өтірікші және қолынан еш нәрсе келмейді деп қаралауымен, Шайтан әлемге өз билігін орнатудың амалын іздейді. Осылайша есіл-дерті бар әлемді өзіне табындыру болғандықтан, ол Құдайдың қызметшілеріне қаһарын төгуде (Матай 4:8, 9).

6. а) Ехобаның билігіне қатысты көтерілген даудың әрқайсымызға қандай қатысы бар? ә) Осындай даулы сұрақтың не себеппен көтерілгенін түсінгеніміз адалдығымызды сақтап қалуға қалай көмектеседі? (12-беттегі қоршауды қараңдар.)

6 Бұл даудың сенің өміріңе қандай қатысы бар екенін байқайсың ба? Ехобаның қызметшісі болғандықтан, Құдайдың еркін орындауға көп күш жұмсау керек болса да, оның зор пайдасы бар екенін көрген шығарсың. Алайда Ехобаның заңдары мен принциптеріне бағыну қиындап, тіпті жаның қиналып кетсе не істегенің дұрыс? Құдайға қызмет етудің еш пайдасы жоқ болып көрінсе не істеуге болады? Оған бұдан әрі қарай қызмет етудің қажеті жоқ деп шешесің бе? Әлде Ехобаға деген сүйіспеншілігің мен керемет қасиеттерін терең қастерлегенің оның жолдарымен жүре беруге жігерлендіреді ме? (Заңды қайталау 10:12, 13). Шайтанның біз үшін біраз қиындықтар тудыруына жол беруімен Ехоба әрқайсымызға Шайтан көтерген дауға жауап беруге мүмкіндік беріп отыр (Нақыл сөздер 27:11).

‘Адамдар сендерді қорлағанда’

7. Бізді Ехобадан алып кету үшін Шайтанның қолданатын әдістерінің бірі қандай?

7 Шайтан өзінің таққан айыбын дәлелдеу үшін пайдаланатын қулығының бірін, жалған айып тағып қорлауды, жақынырақ қарастырып көрейік. Иса Шайтанды “өтіріктің бастауы” деп атаған (Жохан 8:44). “Өтірікші” деген мағына беретін Ібіліс деген есім оның Құдайды, оның ізгі сөзін және киелі есімін қаралаған тұлға екенін көрсетеді. Ібіліс Ехобаның билігіне қарсы жанамалап немесе тікелей жалған айып тағуды және таза өтірікті қолданады. Құдайдың адал қызметшілерін қаралау үшін де ол сол әдістерін қолданады. Барынша қорлау арқылы ол Куәгерлердің бастарына түсіп жатқан сынақтарды одан сайын қиындатуы мүмкін.

8. Шайтан Әйүпті қалай қорлаған және оның әсері қандай болған?

8 Есімі “өшпенділіктің нысанасы” деген мағына беретін Әйүптің басына түскен жағдайды қарастырайық. Әйүптің бар мал-мүлкін, бала-шағасын және денсаулығын алғанымен қоймай, Шайтан оны Құдайдың жазасын тартып жатқан күнәкар ретінде көрсетті. Кезінде сыйлы адамдардың бірі болған Әйүп енді тіпті туыстары мен жақын достарының өзіне жек көрінішті болды (Әйүп 19:13—19; 29:1, 2, 7—11). Кейін жалған жұбатушыларды пайдаланып, Шайтан Әйүпті алдымен ауыр күнә жасаған болуың керек дегенге меңзеп, кейін оны қылмыскер ретінде тікелей айыптап, ‘сөздермен күйреткісі’ келді (Әйүп 4:6—9; 19:2; 22:5—10). Мұның бәрі Әйүпке өте ауыр тиген болса керек.

9. Қалай Исаны Шайтан күнәкар етіп көрсеткісі келді?

9 Ехобаның билігін ең бірінші болып жақтайтын Құдай Ұлы да Шайтанның өшпенділігінің басты нысанасына айналған. Иса жерге келгенде, Шайтан оны да Әйүп тәрізді рухани күйіне қатысты күмән тудырып, күнәкар ретінде көрсеткісі келді (Ишая 53:2—4; Жохан 9:24). Адамдар оны ішкіш, ашқарақ және ‘жын соққан’ деп атаған (Матай 11:18, 19; Жохан 7:20; 8:48; 10:20). Оған Құдайды қорлады деп жала жапқан (Матай 9:2, 3; 26:63—66; Жохан 10:33—36). Бұл Исаға ауыр тиген, себебі осы сөздің бәрі Әкесінің есіміне әділетсіз түрде кір келтіретінін ол білген (Лұқа 22:41—44). Ақырында, Исаны жексұрын қылмыскер ретінде ‘азап шегу бөренесіне’ (ЖД) қағып қояды (Матай 27:38—45). Иса ‘күнәкарлардың өшпенділікке толы сөздеріне’ шыдап, кемелді адалдығын сақтады (Еврейлерге 12:2, 3, ЖД).

10. Қалай майланған тамтық бүгінде Шайтанның нысанасына айналған?

10 Бүгінгі Мәсіхтің майланған ізбасарларының тамтығы да Ібілістің өшпенділігінің нысанасына айналған. Шайтан ‘Құдай алдында күні-түні [Мәсіхтің] бауырластарына жала жауып келген’ айыптаушы ретінде суреттеледі (Аян 12:9, 10). Көктен жердің төңірегіне қуылғалы бері, Шайтан Мәсіхтің бауырластарын ел-жұртқа жек көрінішті “сыпырынды” етіп көрсету үшін бар күшін салуда (1 Қорынттықтарға 4:13). Кейбір елдерде оларға бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің басынан өткендей қауіпті “секта” (ЖД) деген жала жабуда (Елшілердің істері 24:5, 14; 28:22). Жоғарыда айтылып кеткендей, олар жайлы қаралайтын жалған мәлімет таратуда. Алайда Мәсіхтің майланған бауырластарын “не кұрметтеп, не қараласа да, не сөгіп, не мадақтаса да”, олар ‘басқа қойлардың’ қолдауымен кішіпейілділікпен ‘Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болуға’ күш салуда (2 Қорынттықтарға 6:8; Жохан 10:16; Аян 12:17).

11, 12. а) Мәсіхшілер кейде не үшін қорлық көруі мүмкін? ә) Қалайша мәсіхшілер өз сенімдері үшін әділетсіздіктің құрбаны болулары мүмкін?

11 Әрине, Құдайдың қызметшілері көріп жүрген қорлықтың бәрі “әділдік үшін” емес (Матай 5:10). Кейде өз кемелсіздігімізден де опық жеуіміз мүмкін. ‘Егер жасаған жамандықтарымызға лайықты соққыға шыдасақ, оның мадақтарлық’ ештеңесі жоқ. Бірақ мәсіхшілер ‘әділетсіз қиналғанда Құдайдың еркі солай екенін білгендіктен азапқа төзе берсе’, Ехоба оған риза болады (1 Петір 2:19, 20). Қандай жағдайда бұлай болуы мүмкін?

12 Кей мәсіхшілерге Киелі кітапқа қайшы келетін жерлеу рәсімдеріне қатыспағандары үшін қорлық көрсетіп жатады (Заңды қайталау 14:1). Жас Куәгерлер Ехобаның құлықтылық нормаларын ұстанғандары үшін намысқа тиетін сөздер естіп жатады (1 Петір 4:4). Кейбір мәсіхші ата-аналарға балаларына қан құйдырмай емдеу әдістерін таңдағандары үшін баласына “немқұрайды” немесе “қатыгез” қарайды деп жала жауып жататын кездер де болады (Елшілердің істері 15:29). Мәсіхшілермен туыстары мен көршілері Ехобаның қызметшісі болғаны үшін ғана қарым-қатынастарын үзіп жатады (Матай 10:34—37). Осы айтылғандардың бәрі де әділетсіздіктің құрбаны болған пайғамбарлар мен Иса қалдырып кеткен үлгі бойынша өмір сүруде (Матай 5:11, 12; Жақып 5:10; 1 Петір 2:21).

Қорлыққа төзу

13. Қатты қорлық көргенде, рухани күйімізді сақтап қалуға не көмектеседі?

13 Сеніміміз үшін қатты қорлық көргенде, біздің де Еремия пайғамбар тәрізді ұнжырғамыз түсіп, әрі қарай қызмет ете алмайтындай сезінуіміз мүмкін (Еремия 20:7—9). Мұндайда рухани күйімізді қалай сақтап қалуымызға болады? Жағдайға Ехобаның көзімен қарауға тырыс. Ол сынақ кезінде адалдығын сақтағандарға әділетсіздіктің құрбандары ретінде емес, жеңімпаз ретінде қарайды (Римдіктерге 8:37). Көз алдыңа Ібілістің кесірінен талай қорлық көргендеріне қарамастан, Ехобаның билігін қолдаған Әбіл, Әйүп, Исаның анасы Мәриям және бұрынғы адал адамдар мен бүгінгі бауырластарымызды елестетуге тырыс (Еврейлерге 11:35—37; 12:1). Олардың қалай адалдық сақтап қалғаны жайлы ой жүгірт. Бұл бұлттай қаптаған әділ адамдар бізді өздерінің қастарына, яғни сенімдерімен дүниені жеңіп шыққандарға арналған мінбеге шығуға шақырады (1 Жохан 5:4).

14. Қалай жан-тәнімізбен айтқан дұға адалдығымызды сақтап қалуға көмектеседі?

14 ‘Жүрегімізде қайғы көбейгенде’ жан-тәнімізбен Ехобаға дұға айтуымызға болады, сонда ол бізді жұбатып, күш береді (Забур 49:15; 93:19). Ол қиыншылыққа төтеп беру үшін даналық береді және қызметшілерінің жек көрінішті болуларының себебі болып отырған өзінің билігіне де қатысы бар үлкен дауды есте ұстауымызға көмектеседі (Жақып 1:5). Сонымен қатар Ехоба бізге өзінің ‘адам ақылынан асқан тыныштығын’ сыйлайды (Філіпіліктерге 4:6, 7). Құдайдан келген осы тыныштықтың арқасында қатты қысымға тап болғанда, күмәнға немесе қорқынышқа берілместен, мызғымаған күйімізде қаламыз. Өзінің рухы арқылы Ехоба өзі жол берген кез келген сынаққа төзуге көмектесе алады (1 Қорынттықтарға 10:13).

15. Қасірет шеккенде ызаланбауға не көмектеседі?

15 Бізді себепсіз жек көргендерге ыза-кек сақтамауға не көмектеседі? Естеріңде болсын, біздің негізгі жауларымыз — Шайтан мен оның жындары (Ефестіктерге 6:12). Кейбіреулер бізді біле тұра, әдейілеп қудалағанымен, көп адам Құдайдың халқына білместікпен немесе біреудің арандатуымен қарсылық көрсетеді (Даниял 6:4—16; 1 Тімотеге 1:12, 13). Ехоба ‘барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларына’ мүмкіндік бергісі келеді (1 Тімотеге 2:4). Шындығында, бұрын қарсылық көрсеткен кейбір адамдар біздің мінсіз жүріс-тұрысымызға қарап, кейін өздері шындықты қабылдаған (1 Петір 2:12). Оның үстіне, біз Жақыптың ұлы Жүсіптен үлгі ала аламыз. Ағаларының кесірінен көп қасірет шеккеніне қарамастан, ол оларға өшпенділік сақтамаған. Неге? Себебі ол Ехоба өз еркін орындау үшін оқиғаның барысына әсер етіп отырғанын түсінген (Жаратылыс 45:4—8). Сол сияқты әділетсіз қасірет шеккен жағдайымызды Ехоба өзінің есімі мадақталу үшін қолдануы мүмкін (1 Петір 4:16).

16, 17. Қарсыластар уағыздау жұмысына кедергі жасағанда, неге тым қатты уайымдамауымыз керек?

16 Қарсыластар ізгі хабардың таралуына кедергі жасап, уақытша жетістіктерге жетіп жатқандай көрінсе, тым қатты уайымдамауымыз керек. Ехоба кең көлемде куәлік беру ісі арқылы халықтарды сілкіп жатыр, ал қалаулылар болса келіп жатыр (Нағай 2:7, ЖД). Ізгі бағушы Иса Мәсіх: “Менің “қойларым” даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. Соларға мәңгілік өмір беремін,... Ешкім оларды Менің қолымнан тартып алмайды”,— деп айтқан (Жохан 10:27—29). Ұлы рухани ораққа сондай-ақ қасиетті періштелер де қатысып жүр (Матай 13:39, 41; Аян 14:6, 7). Сондықтан қарсыластар не істеп, не айтса да, Құдай еркінің орындалуына кедергі бола алмайды (Ишая 54:17; Елшілердің істері 5:38, 39).

17 Жиі қарсыластардың әрекеттерінің нәтижесі керісінше болып жатады. Африканың бір жерінде Ехоба Куәгерлері жайында көптеген сұмдық лақап сөздер таралады. Тіпті олар Ібіліске табынады деп те айтылды. Сондықтан Грейс деген әйел Ехоба Куәгерлері келген сайын дереу үйінің артына жасырынып қалып, олар кеткенше шықпай отыратын. Бір күні шіркеу пасторы біздің әдебиеттердің бірін көрсетіп, отырғандардың барлығына сенімдерін жоғалтып алмау үшін оны оқымауын айтады. Бұл Грейстің қызығушылығын оятады. Келесі жолы Куәгерлер келгенде, ол бұрынғыдай қаша жөнелмей, олармен әңгімелесіп, оқуға әдебиет алып қалады. Бұдан соң ол Киелі кітап зерттеуді бастап, 1996 жылы шомылдыру рәсімінен өтеді. Қазір Грейс Ехоба Куәгерлері жайлы жалған сөздер естіген болуы мүмкін адамдарды іздеуге уақыт бөледі.

Сеніміңді қазір нығайт

18. Неге сенімімізді күшті сынақтар басталмай тұрып нығайтуымыз керек және бұл үшін не істеуге болады?

18 Шайтан кез келген уақытта ешбір себепсіз ашуын төгіп шабуыл жасауы мүмкін болғандықтан, сенімімізді қазір нығайтуымыз қажет. Бұл үшін не істеуге болады? Ехоба Куәгерлерін қудалаған бір елден келген мәліметте былай делінген: “Бір нәрсе анық байқалды: рухани жақсы әдет қалыптастырған және Киелі кітаптағы шындықты терең қадірлейтін жариялаушылар сынақ кезінде еш қиналмастан табандылық сақтайды. Ал “қолайлы уақытта” кездесулерге келмей, уағызға шықпай және кішігірім сынақтардан өте алмай жүргендер “отпен” сыналатын кез келгенде, жиі беріліп қалып жатады” (2 Тімотеге 4:2, ЖД). Егер өзіңнің қандай да кемшіліктеріңнің бар екенін байқасаң, кідірместен осы жағынан жөнделуге күш сал (Забур 118:60).

19. Құдайдың қызметшілерінің әділетсіз түрде жек көрінішті болғанына қарамастан, адалдықтарын сақтап қалғандары ненің дәлелі?

19 Шайтанның жек көріп, соққы бергеніне қарамастан шынайы мәсіхшілердің адалдықтарын сақтап жатқандықтары — Ехобаның билігінің заңды, лайықты және әділ екенінің дәлелі. Олардың адалдықтары Құдайдың жүрегін қуантады. Адамдар оларды қанша қорлағанымен, жердегі мен көктегіден биік тұрған “Құдай олардың Құдайы деп аталудан бас тартпайды [“ұялмайды”, ЖД]”. Қайта, осындай адал адамдар жайлы орынды түрде: “Күнәкар дүние сондай ер жүрек адамдарға лайықсыз”,— деп айтуға болады (Еврейлерге 11:16, 38).

[Сілтеме]

a Киелі жазбадағы “жек көру” сөзі әр түрлі мағынада қолданылады. Кейбір контексте бұл жай ғана “онша жақсы көрмеу” дегенді білдіреді (Заңды қайталау 21:15, 16). “Жек көру” деген сонымен қатар біреуді жақтырмауды да білдіреді. Зұлымдық жасау ниеті болмағанымен, мұндай адам ұнатпайтын нәрседен бойын аулақ ұстап жүреді. Бірақ “жек көру” сөзі бұдан басқа жиі зұлымдық жасау ниетімен қатар үнемі қырғи қабақ танытып жүретін өте қатты жек көруді білдіреді. Бұл мақалада “жек көру” деген сөзді осы жағынан алып қарастырамыз.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Шынайы мәсіхшілерді себепсіз жек көрудің басты себебі неде?

• Әйүп пен Исаны адалдығынан айыру үшін Шайтан қалай қорлады?

• Шайтанның қастық іс-әрекеттеріне қарсы тұру үшін Ехоба бізді қалай нығайтады?

[12-беттегі қоршау/сурет]

Олар даулы сұрақты естерінен шығармаған

Патшалық ісіне 50 жылдан астам уақыт бойы тыйым салынған Украинадағы бір Ехоба Куәгері былай дейді: “Ехоба Куәгерлерінің басынан өткен жағдайды жай ғана адамдар арасында болған қарым-қатынас деп қарастырмау керек... Лауазымды қызметкерлердің көбісі бар болғаны өз жұмыстарын атқарған болатын. Өкімет ауысқанда, қызметкерлер де өзгерді, бірақ біз өзгерген жоқпыз. Себебі Киелі кітап бізге қиыншылықтарымыздың басты себебін жақсы түсіндірді.

Біз өзімізді қатыгездіктің құрбаны ретінде көрсеткен жоқпыз. Едем бағында Құдайдың билік ету құқына қатысты көтерілген даулы сұрақты жақсы түсінгеніміз сынақтарға төтеп беруге көмектесті... Бұл дауда біздің шыққан жағымыз адамдардың ғана емес, Әлемнің Әміршісінің мүддесіне де әсер етеді. Ал бұл — бәрінен де маңызды. Бұл бізді нығайтып, ең қиын жағдайларда адалдығымызды сақтап қалуға көмектесті”.

[Сурет]

Виктор Попович, 1970 жылы қамауға алынған

[9-беттегі сурет]

Исаны қорлауға басты себепші болған кім еді?

[11-беттегі суреттер]

Әйүп, Мәриям және Стэнли Джонс тәрізді бүгінгі уақыттағы Құдайдың қызметшілері Ехобаның билігін қолдады

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу