Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.9. 18—22 бет.
  • Шаршаса да, әлсіремегендер

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Шаршаса да, әлсіремегендер
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Мәсіхшілік — ауыртпалық емес
  • Ауыртпалық атаулының барлығынан арылайық
  • Парасаттылық пен шаманы ескеру
  • Ехоба Құдай бізге күш-қуат сыйлайды
  • Жақсылық жасаудан талмайық!
  • Азғыруларға және ұнжырғаның түсуіне төтеп беруге күш аламыз
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Еңсені басқан мұңмен күресіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Ехоба қалжырағанға қуат береді
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Ол шаршағанға күш сыйлайды”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.9. 18—22 бет.

Шаршаса да, әлсіремегендер

‘Мәңгілік Құдай — сенің Жаратқан Иең жаратты жердің түкпір-түкпірін. Ол қалжырағанға қуат сыйлайды, қажып, шаршағанға күш дарытады’ (ИШАЯ 40:28, 29).

1, 2. а) Шынайы Құдайға ғибадат еткісі келетіндерге қандай жан тебірентерлік сөздер арналған? ә) Рухани күйімізге не нәрсе едәуір қауіп төндіруі мүмкін?

ИСАНЫҢ шәкірттері болғандықтан, біз оның: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды мен рақатқа бөлеймін!.. Себебі ыңғайлы — билігім Менің, әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім”,— деп шақырған жан тебірентерлік сөздерін жақсы білеміз (Матай 11:28—30). Сонымен қатар Ехоба мәсіхшілерге ‘рухтарын жаңғыртатын мезгілді’ ұсынады (Елшілердің істері 3:20). Киелі кітаптың шындығын білгеннің, жарқын болашаққа үміттену мен Ехобаның принциптерін өмірде қолданудың қалай рақатқа бөлейтініне өздерің талай көз жеткізген шығарсыңдар.

2 Дегенмен Ехобаның кейбір қызметшілерінің іштей қажып, шаршайтын кездері болады. Кей жағдайларда адамның ұнжырғасы түскенімен, аз уақыттан соң өз-өзіне келеді, бірақ кейде бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Уақыт өте келе кейбіреулерге мәсіхші ретінде атқаратын жауапкершіліктері Иса уәде еткендей рақатқа бөлеудің орнына ауыр жүк тәрізді көріне бастауы ықтимал. Мұндай жағымсыз сезімдер ақырында мәсіхшілердің Ехобамен қарым-қатынасына едәуір қауіп төндіруі мүмкін.

3. Неге Иса Жохан 14:1-де жазылған кеңесті берген?

3 Тұтқындалудан және жазаланудан сәл ғана бұрын Иса шәкірттеріне: “Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!” — деген болатын (Жохан 14:1). Иса бұл сөздерді айтқан себебі — елшілерін жақында қайғылы жағдайларға кезігулері керек еді. Артынша оларды үлкен қуғын-сүргін күтіп тұрған еді. Иса шәкірттерінің ұнжырғалары түсіп, бұл оларға “кедергі тас” болып қалуы мүмкін екенін білген (Жохан 16:1). Сезімдерін жүгендемесе, олар қайғыға батқаннан рухани әлсіреп, Ехобаға сенім артуларын доғарулары мүмкін еді. Бүгінгі мәсіхшілер жайында да осылай деуге болады. Ұзақ уақыт бойы ұнжырғаның түсуі бізді көптеген қасіретке душар етіп, жүректеріміз шеменденіп кетуі мүмкін (Еремия 8:18). Бұл жан дүниемізге әсер етіп, іштей қажуымыз ықтимал. Осындай қысымның әсерінен жан дүниеміз бен рухани күйіміз әлсірей бастап, тіпті Ехобаға ғибадат етуге деген ықыласымыздан айырылуымыз мүмкін.

4. Бейнелі жүрегімізді әлсіреуден сақтауға не көмектеседі?

4 Киелі кітаптың: “Сақталуы керек нәрселердің бәрінен бұрын жүрегіңді сақта, өйткені одан өмір бұлақтары шығады”,— деген кеңесі өте орынды айтылған (Нақыл сөздер 4:23). Киелі кітапта бейнелі жүрегімізді ұнжырғаның түсуі мен рухани әлсіреуден сақтауға көмектесетін пайдалы кеңестер жазылған. Бірақ алдымен неден шаршап жүргенімізді анықтап алуымыз керек.

Мәсіхшілік — ауыртпалық емес

5. Мәсіхші болуға қатысты Исаның қандай сөздері бір-біріне қарама-қайшы болып көрінеді?

5 Мәсіхші болуға барынша күш салуымыз керек екені рас (Лұқа 13:24). Тіпті Исаның өзі: “Кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды”,— деп айтқан (Лұқа 14:27). Бір қарағанда бұл сөздер Исаның жүктейтін міндеттері жеңіл әрі рақатқа бөлейтіні жайлы айтқан сөздеріне қарама-қайшы келетін сияқты, бірақ бұл олай емес.

6, 7. Неге ғибадат етуіміз қалжырататын нәрсе емес деп айтуға болады?

6 Көп күш салып, ауыр еңбек ету шаршатқанымен, игі мақсатпен жасалатын болса, ол қанағат әкеледі және рақат сезімге бөлей алады (Екклесиаст 3:13, 22). Ал Киелі кітаптың керемет шындығын жақындарымызға жеткізгеннен артық қандай игі іс болуы мүмкін? Сонымен қатар Құдайдың жоғарғы нормаларына сай өмір сүруге тырысқанымыз үшін көрген кез келген қиыншылықтарымыз бұдан келетін пайдамен салыстырғанда түкке тұрғысыз болып қалады (Нақыл сөздер 2:10—20). Тіпті қудалау көрсек те, Құдай Патшалығы үшін қасірет шегуді мәртебе санаймыз (1 Петір 4:14).

7 Әсіресе жалған діннің рухани түнегінде жүрген адамдардың ауыртпалығымен салыстырғанда, Исаның жүктейтін міндеттері, шынында да, жанды рақатқа бөлейді. Құдай бізді әкелік мейіріммен сүйеді және ақылға сыймайтын талаптар қоймайды. Ехобаның өсиеттерін “орындау қиын емес” (1 Жохан 5:3). Киелі кітапта айтылған шынайы мәсіхшілік ауыртпалық емес. Ғибадат етуіміз әлсіреуіміз бен ұнжырғамыздың түсуінің себебі емес екені анық.

Ауыртпалық атаулының барлығынан арылайық

8. Жиі бізді рухани шаршататын не?

8 Бізді рухани шаршататын көбінесе осы бұзылған дүниенің ауыртпалықтары болуы мүмкін. ‘Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғандықтан’, бізді әлсіретіп, байсалдылығымыздан айыра алатын қарсыласқан күштер қоршап тұр (1 Жохан 5:19). Керек емес нәрселерге талпыну өмірімізді қиындатып, рухани істерге қатысты күн тәртібін бұзып жіберуі мүмкін. Бұл қосымша ауыртпалықтар бізге бас көтертпей, тіпті рухымызды сөндіріп тастауы мүмкін. Киелі кітап бізге орынды түрде “бөгет болатынның барлығынан”, немесе ауыртпалық атаулының барлығынан, арылуға кеңес береді (Еврейлерге 12:1—3).

9. Қалай байлыққа ұмтылу бас көтертпей тастауы мүмкін?

9 Мысалы, осы дүниедегі мансап, мал-мүлік, көңіл көтеру, саяхаттау және басқа да істерге талпыну ой-қалпымызға әсер етуі мүмкін (1 Жохан 2:15—17). Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер дүние қуып, өз өмірлерін қатты қиындатып жіберген. Елші Пауыл бұл туралы: “Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті”,— деп түсіндіреді (1 Тімотеге 6:9, 10).

10. Исаның тұқым себуші жайлы астарлы әңгімесінен байлыққа қатысты не білеміз?

10 Кейде Құдайға қызмет етуден шаршап, ұнжырғамыз түсіп жатса, мұның себебі бар күшіміз байлық жинауға кетіп жатқандықтан емес пе екен? Исаның тұқым себуші жайлы астарлы әңгімесінен көрініп тұрғандай, бұлай болуы әбден мүмкін. Иса ‘бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алдану мен өзге құмарлықтарды’ ‘бойға сіңіп’, жүрегімізге түскен Құдай Сөзінің тұқымдарын ‘тұншықтырып’ тастайтын тікендермен салыстырған (Марқа 4:18, 19). Сондықтан Киелі кітап бізге мынадай кеңес береді: “Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: — Мен сенен бас тартпаймын, Ешқашан жалғыз қалдырмаймын,— деген ғой” (Еврейлерге 13:5).

11. Ауыртпалық болатын заттардан қалай арылуымызға болады?

11 Кейде өміріміз көбірек нәрселерге ие болуға талпынғаннан емес, өзімізде бар нәрселер жайлы қам жегеніміздің әсерінен қиындап кетеді. Кейбіреулер денсаулықтың нашарлауынан, жақын адамдарының қайтыс болуы немесе басқа да уайым әкелетін қиыншылықтардың әсерінен ұнжырғалары түсіп, шаршағандарын сезеді. Осындай кезде анда-санда өзгерістер жасап тұру керек екенін түсінеміз. Бір ерлі-зайыптылар кейбір өздері әуестенетін және аса маңызды емес істерден бас тартуды шешеді. Олар заттарын түгел ақтарып, осындай істерге арналғандарының бәрін жинап алып, шығарып тастайды. Қажытып, жігерімізді жасытпау үшін оқтын-оқтын өзіміз ұнатып айналысатын істерді және заттарымызды тексеріп, керексіз жүктердің бәрінен арылып тұрғанымыз бәрімізге де пайдалы.

Парасаттылық пен шаманы ескеру

12. Өз қателіктерімізге байланысты нені түсінгеніміз дұрыс?

12 Жеке өзіміз жіберетін қателіктеріміз де, тіпті кішігірім істердің өзінде, өмірімізді бірте-бірте ауырлатып жіберуі мүмкін. Дәуіт: “Заңсыздықтарым басымнан асып кетті, ауыр жүк тәрізді өзімді басып тастады”,— деп өте орынды айтқан (Забур 37:5). Біраз өзгерістер жасағанымыз жиі ауыр жүктерден арылуға септігін тигізеді.

13. Қалай парасаттылық қызметімізге байсалдылықпен қарауға көмектеседі?

13 Киелі кітап бізді “ақылдылық пен естілік” дамытуға шақырады (Нақыл сөздер 3:21, 22). Сонымен қатар онда: “Көктен келген даналық... парасатты”,— деп жазылған (Жақып 3:17, ЖД). Кейбіреулер басқалардан қалыспай қызмет етемін деп өздерін қинап жібереді. Бірақ Киелі кітапта бізге: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады. Өйткені әр адам өз міндетін атқаруға тиіс”,— деген кеңес берілген (Ғалаттықтарға 6:4, 5). Бауырластардың көрсеткен жақсы үлгілері бізді Ехобаға шын жүректен қызмет етуге талпындыратыны рас, бірақ ақылдылық пен парасаттылық өз жағдайымызды ескере отырып мақсаттар қоюға көмектеседі.

14, 15. Тәндік және сезімге қатысты қажеттіліктерімізді қанағаттандыра отырып, қалай даналық көрсете аламыз?

14 Тіпті аса маңызды емес болып көрінген салада да парасаттылық танытқанымыз шаршаудың алдын алуға көмектесе алады. Мысалы, денсаулығымызды күтуге көмектесетін күн тәртібін ұстанамыз ба? Ехоба Куәгерлерінің филиалдарының бірінде қызмет ететін ерлі-зайыптылардың мысалын қарастырайық. Олар шаршаудың алдын алуға даналықтың көмегі тиетініне көз жеткізген. Әйелі былай дейді: “Жұмысымыз қанша көп болса да, күнде шамамен бір уақытта жатуға тырысамыз. Сонымен қатар үнемі жаттығу жасап тұрамыз. Бұл, шынында да, көп көмектеседі. Біз өз шамамызға қарауды үйрендік және соған сәйкес әрекет етеміз. Өзімізді шаршамайтындай көрінетін адамдармен салыстырмауға тырысамыз”. Біз жақсылап тамақтанып, дұрыстап тынығамыз ба? Денсаулығымызды парасаттылықпен күткеніміз, әдетте, мүмкіндігінше эмоциялық және рухани шаршаудың алдын ала алады.

15 Кейбіріміздің қажеттіліктеріміз ерекше. Мысалы, әр түрлі қиыншылықтарға қарамастан толық уақытты қызмет атқарып жүрген бір бауырластың мысалын қарастырайық. Оның денсаулығына көп зиян келген, оның арасында қатерлі ісік те бар. Осындай қиын жағдайға төтеп беруге оған не көмектеседі екен? Ол былай дейді: “Жалғыз қалып, тым-тырыс жерде біраз уақыт демалу мен үшін өте маңызды. Неғұрлым мазам қашып, қалжыраған сайын, соғұрлым жалғыз өзім отырып оқып, тынығатын тыныш жерді қажет етемін”. Ақылдылық пен парасаттылық рухани әлсіреп қалмауымыз үшін жеке қажеттіліктерімізді мойындап, оларды қанағаттандырып отыруға көмектеседі.

Ехоба Құдай бізге күш-қуат сыйлайды

16, 17. а) Неге рухани жағынан күтінгеніміз өте маңызды? ә) Күнделікті күн тәртібімізге тағы не кіру керек?

16 Әрине, рухани денсаулығымызды күткеніміз өте маңызды. Ехобамен қарым-қатынасымыз тығыз болса, тәніміз шаршағанымен, оған ғибадат етуден ешқашан шаршамаймыз. Ехоба “қалжырағанға қуат сыйлайды, қажып, шаршағанға күш дарытады” (Ишая 40:28, 29). Осы сөздердің растығына көз жеткізген елші Пауыл: “Еш мойымаймыз; тәніміз тозып әлсірегенмен, жанымыз күн сайын жаңара түсуде”,— деп жазған (2 Қорынттықтарға 4:16).

17 “Күн сайын” деген тіркеске мән беріңдерші. Мұнда Ехобаның біз үшін жасап жатқан шараларын күнделікті қолдану керектігі айтылып тұр. 43 жыл бойы адал қызмет еткен бір миссионердің қатты шаршап, ұнжырғасы түскен кездері болған. Бірақ ол әлсіремеген. Ол: “Кез келген істі бастамас бұрын Ехобаға дұға айтып, оның Сөзін оқи алу үшін ерте тұруды әдетке айналдырдым. Осының арқасында табандылық көрсетіп келе жатырмын”,— дейді. Егер жүйелі түрде, “күн сайын”, Ехобаға дұға айтып, оның керемет қасиеттері мен уәделері жайлы ой жүгіртетін болсақ, оның бізге күш-қуат сыйлайтынына сенімді бола аламыз.

18. Жасы келген немесе денсаулығы нашарлаған адал адамдар үшін Киелі кітапта қандай жұбаныш беретін сөздер жазылған?

18 Мұның әсіресе жасы келген немесе денсаулығы нашарлағандықтан ұнжырғасы түсетіндер үшін көмегі зор. Олар өз істерін басқалармен емес, өздерінің бұрынғы істерімен салыстырып еңселері түсуі мүмкін. Ехобаның жасы келген адамдарды қадірлейтінін білген сондай жұбаныш береді! Киелі кітапта: “Шындық үшін ағарған шаш — абырой-атақтың тәжі”,— деп айтылған (Нақыл сөздер 16:31). Ехоба біздің шамамызды біледі және әлсіздіктерімізге қарамастан, оған шын жүректен ғибадат етіп жүргенімізді аса бағалайды. Оның үстіне, осы уақытқа дейінгі атқарған игі істеріміз Құдайдың жадында терең сақталады. Киелі кітап: “Оның атына бола, сендердің қасиеттілерге ертеде де, қазір де қызмет етіп істеген сүйіспеншілікке толы еңбектерің мен істеріңді ұмытатындай, Құдай әділетсіз емес”,— деп кепілдік береді (Еврейлерге 6:10). Арамызда көптеген жылдар бойы Ехобаға адалдықтарын сақтап келе жатқан адамдардың жүргеніне қандай қуаныштымыз!

Жақсылық жасаудан талмайық!

19. Үнемі басқаларға жақсылық істеумен айналысатын болсақ, қандай пайда аламыз?

19 Жүйелі әрі белсенді түрде дене шынықтырумен айналысудың шаршауды басатынымен көп адам келіседі. Сол сияқты рухани іспен жүйелі түрде айналысу эмоциялық және рухани жағынан шаршағанымызды басуға көмектеседі. Киелі кітапта: “Жақсылық жасаудан талмайық! Себебі бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтын боламыз. Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!” — деп айтылған (Ғалаттықтарға 6:9, 10). “Жақсылық жасаудан талмайық” және “жақсылық істей берейік” деген сөйлемшелерді байқадыңдар ма? Бұл өз тарапымыздан әрекет етуді білдіреді. Басқаларға жақсылық жасау Ехобаға әлсіреместен қызмет ете беруге көмектеседі.

20. Ұнжырғаның түсуімен күресу үшін қандай адамдардан аулақ жүргеніміз дұрыс?

20 Ал Құдайдың заңдарына немқұрайды қарайтындармен араласып, солармен бірге әрекет ету ауыртпалық болып кетуі мүмкін. Киелі кітап бізді: “Тас зілдей, құм да ауыр; ал ақымақтың ашуы бұл екеуінен де асып түседі”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 27:3). Ұнжырғаның түсуі мен шаршап-шалдығумен күресу үшін кертартпа ойға берілгіш, кемшіліктерді іздеуге және басқаларды сынап-мінеуге бейім адамдармен достасудан аулақ болғанымыз абзал.

21. Қауым кездесулерінде қалайша басқаларды жігерлендіре аламыз?

21 Қауым кездесулері — Ехобаның бізді рухани күшпен қамтамасыз етуге арналған шарасы. Онда әңгіме-дүкен құру арқылы және бір-бірімізді үйрету арқылы өзара жігерленетін керемет мүмкіндік бар (Еврейлерге 10:25). Кездесулерде түсініктемелер бергенде немесе бағдарлама бөліктеріне қатысқанда, барлығы да басқаларды жігерлендіруге тырысулары керек. Әсіресе қауымда оқыту міндеті жүктелген бауырластар басқаларды жігерлендіріп отыруға жауапты (Ишая 32:1, 2). Тіпті ескертіп немесе сөгіс беру керек болған күнде де олардың берген кеңестері сергітерліктей болу керек (Ғалаттықтарға 6:1, 2). Басқаларға деген сүйіспеншілігіміз әлсіреместен Ехобаға қызмет ете беруге сөзсіз көмектеседі (Забур 132:1; Жохан 13:35).

22. Кемелсіздігімізге қарамастан не себептен нық сенімді бола аламыз?

22 Бұл соңғы күндері Ехобаға қызмет ету үшін біраз тер төгу керек. Мәсіхшілер де шаршау, жан қайғысы мен еңсені басатын жағдайлардың не екенін біледі. Біздің кемелсіз тәніміз қыштан жасалған бұйым тәрізді әлсіз. Бірақ Киелі кітапта: “Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр”,— деп айтылған (2 Қорынттықтарға 4:7). Иә, біз шаршаймыз, бірақ ешқашан әлсіремей, жақсылық жасаудан талмайық. Одан да: ‘Жаратқан Ие менің Қолдаушым! Мен ештеңеден қорықпаймын, адамдар маған не істей алады? — деп нық сеніммен айтайық’ (Еврейлерге 13:6).

Қысқаша қайталау

• Біз қандай ауыртпалықтардан арылуымызға болады?

• Қалай бауырластарымызға “жақсылық істей” аламыз?

• Шаршағанда немесе ұнжырғамыз түскенде, қалай Ехоба бізге күш-қуат сыйлайды?

[19-беттегі сурет]

Иса елшілері ұзақ уақыт ұнжырғалары түсетін болса, уайымға салынып кетулері мүмкін екенін білген

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу