Алданып қалма
“Қайдағы біреу... пайдасыз ілімімен [“өтірігімен”, ЖД] сендерді баурап алмасын, байқаңдар!” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 2:8).
1—3. а) Өтірік өмірдің барлық саласынан табылатынын қандай мысалдардан көруге болады? ә) Өтіріктің көп тарағанына неге таңғалмауымыз керек?
“ҚАЙСЫҢЫЗДЫ жалдаушы адамдар алдамаған?” Бірнеше жыл бұрын құқық саласының профессоры осындай сұрақ қойып, зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесі қандай болды? “Бірнеше мың қорғаушының ішінде тек біреуін ғана ешкім алдамаған екен”,— дейді профессор. Неге? “Ол адвокат үлкен бір мекемеге жаңадан ғана жұмысқа кіргендіктен, әлі жалдаушы адамдармен бір де бір рет сөйлеспепті”. Бұл оқиға, өкінішке орай, қазіргі кезде өтірік айту мен алдаудың таңғалдырмайтын жайтқа айналғанын көрсетеді.
2 Алдаудың түрлі жолдары бар және қазір өмірдің өтірік араласпаған саласы жоқ дерлік. Бұқаралық ақпарат құралдары бұған көптеген мысал келтіреді: саясаткерлер іс-әрекеттеріне байланысты өтірік айтады, есепшілер мен заңгерлер корпорацияларының пайдасын асырып көрсетеді, жарнама берушілер тұтынушыларды алдайды, сот істерінде сақтандыру агенттіктеріне өтірік айтылады, осылай айта берсек, шыға береді. Діни ілімдерде де өтірік бар. Дінбасылары адамдарды аруақ, тозақ оты, Үштік сияқты ілімдермен адастыруда (2 Тімотеге 4:3, 4).
3 Өтіріктің осыншама кең тарағанына таңғалуымыз керек пе? Жоқ. Өйткені ‘соңғы дәуір’ жайлы Киелі кітап: “Қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек”,— деп ескерткен болатын (2 Тімотеге 3:1, 13). Мәсіхшілер ретінде біз шындықтан тайдыра алатын жалған көзқарастардан сақтануымыз керек. Мынадай екі сұрақ туындайды: Неліктен бүгінде өтірік бұншама көп? Қалай алданып қалмауға болады?
Өтірік неліктен сонша кең тараған?
4. Дүниеде өтіріктің кең тарауының себебін Киелі кітап қалай түсіндіреді?
4 Киелі кітап осы дүниеде өтіріктің кең тарауының себебін анық көрсетеді. Елші Жохан: “Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”,— деп жазды (1 Жохан 5:19). Шайтан жайында Иса былай деген: “[Ол] ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Ол өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы”. Олай болса, осы дүние өз басшысының рухын, құндылыққа деген көзқарасын және мінезін танытып отырғанына таңғалу керек пе? (Жохан 8:44; 14:30; Ефестіктерге 2:1—3).
5. Шайтан қалай осы зұлым заманның ақырында алдауға күштірек кіріскен және әсіресе кімдерді жалмап қоюға тырысуда?
5 Шайтан әсіресе зұлым дүниенің ақыры жақындаған осы кезде алдауға күшті кіріскен. Ол жер бетіне лақтырылды. Өз уақытының аз қалғанын білгендіктен, “қатты ашулы”. Мүмкіндігінше көп адамның жойылғанын қалап, ол ‘бүкіл әлемді алдауда’ (Аян 12:9, 12). Алдау — Шайтанның анда-санда пайдаланатын жолы емес, үнемі айналысатын кәсібіa. Ол қулық пен арамдық жасауға дейін барып, сенбейтіндердің саналарын соқыр қылып, Құдайдан алыстату үшін қолынан келгеннің бәрін істейді (2 Қорынттықтарға 4:4). Бұл шебер де сұм айлакер әсіресе Құдайға “рухында және шындықпен” ғибадат ететіндерді жалмап қоюға тырысады (Жохан 4:23, сілтемені қара; 1 Петір 5:8). Шайтанның былайша айтқанда: “Құдай жолынан адамдардың қай-қайсысын болса да тайдыра аламын”,— дегенін ешқашан ұмытпауымыз керек (Әйүп 1:9—12). Шайттанның кейбір ‘қастық іс-әрекеттерін’ қарастырып, олардан қалай сақтануымызға болатынын қарастырып көрейік (Ефестіктерге 6:11).
Жолдан таюшыларға алданып қалма
6, 7. а) Жолдан тайғандар не деуі мүмкін? ә) Киелі кітапта олардың мақсаты қалай анық көрсетілген?
6 Құдайдың қызметшілерін адастыру үшін Шайтан ежелден бері жолдан тайғандарды қолданып келеді (Матай 13:36—39). Жолдан тайғандар Ехобаға ғибадат етеміз және Киелі кітапқа сенеміз деуі мүмкін, алайда олар Құдайдың көзге көрінетін ұйымын мойындамайды. Тіпті кейбіреулері дүниежүзілік жалған діндер империясы ‘ұлы Бабылдың’ Құдайды қорлайтын ілімдеріне қайта оралып жатады (Аян 17:5; 2 Петір 2:19—22). Құдай рухының жетелеуімен жазылған Киелі кітап олардың пиғылы мен әдістерін күшті әшкерелейді.
7 Жолдан тайғандардың мақсаты не? Олардың көпшілігі сенімдерінен, кезінде оны ақиқат деп білген шығар, өздері ғана бас тартқанды қанағат тұтпайды. Жиі олар басқалардың да осылай істегенін қалайды. Олардың көбісі өздері шәкірт тауып, соларды үйретпейді, қайта, ‘Мәсіх жолымен жүргендерді теріс жолға азғырып’, өздеріне қосуға тырысады (Елшілердің істері 20:29, 30). Жалған ілімдерге қатысты елші Пауыл: “Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен [“өтірігімен”, ЖД] сендерді баурап алмасын, байқаңдар!” — деп абай болуды ескерткен (Қолостықтарға 2:8). Жолдан тайғандардың көбісі осыған ұмтылып жатқан жоқ па? Қаннен-қаперсіз күйдегі құрбандығын отбасынан ұрлап әкететін ұры секілді, олар да қауымдағы бейқам, сенгіш бауырластарды отардан алып кету үшін торуылдап жүр.
8. Мақсатына жету үшін жолдан тайғандар қандай әдістерді қолданады?
8 Мақсатына жету үшін жолдан тайғандар қандай әдістерді қолданады? Олар жиі шындықты бұрмалайды, шындықтың жартысын жасырады және өтірік айтады. Иса шәкірттерінің ‘жала жауып жамандайтындардан’ жапа шегетінін білген (Матай 5:11). Бұндай залым қарсыластар өтірікті басқаларды алдау үшін айтады. Елші Петір ‘өтірік сөздер’, “жалған ілімдер” таратып, ‘Киелі жазбаларды бұрмалайтын’ жолдан тайғандардан сақтандырды (2 Петір 2:3; 2:13, ЖД; 3:16). Өкінішке орай, жолдан тайғандар кейбіреулердің ‘сенімін жойып’, дегеніне жетті (2 Тімотеге 2:18).
9, 10. а) Жолдан тайғандарға алданып қалмас үшін не істеуіміз керек? ә) Құдай ниетіне қатысты түсінігіміздің түзетіліп отырғанына неліктен абыржымаймыз?
9 Жолдан тайғандарға алданып қалмау үшін не істеу керек? Киелі кітаптың: “Жік шығарып, өздеріңе үйреткен ілімге қарсы араздық туғызушылардан сақ болып, аулақ жүріңдер!” — деген кеңесіне ден қою керек (Римдіктерге 16:17). Олардың кез келген түсіндірмесінен, мейлі ауызша, жазбаша не Интернетте болсын, ‘аулақ жүреміз’. Неге осылай етуіміз керек? Біріншіден, бұл — Құдай сөзінің нұсқауы, ал біз Ехобаның әрқашан жақсылық ойлайтынына сенімдіміз (Ишая 48:17, 18).
10 Екіншіден, бізді Ұлы Бабылдан мүлдем бөлек ететін теңдесі жоқ шындық жолына үйреткен ұйымды жақсы көреміз. Сонымен қатар Құдайдың ниеттері туралы біліміміздің толық емес екенін мойындаймыз; түсінігіміздің тереңдеуі көп жылдан бері түзетулер енгізіліп тұрғанның арқасында болды. Адал мәсіхшілер Ехоба бәрін толық түсіндіретін уақытты күтуге дайын (Нақыл сөздер 4:18). Ал қазір Құдай қолданып отырған ұйымнан кетуден аулақпыз, өйткені оның осы ұйымға батасын төгіп отырғанын анық көріп жүрміз (Елшілердің істері 6:7; 1 Қорынттықтарға 3:6).
Өз-өзіңді алдаудан сақ бол
11. Неге кемелсіз адам өз-өзін алдауға бейім?
11 Кемелсіз адам өз-өзін алдауға бейім, ал бұны Шайтан қолданып қалуға тырысады. Еремия 17:9-тармағында: “Адам жүрегі бәрінен де алдампаз және әбден бүлінген” — делінген. Ал Жақып болса: “Әр адам өз құмарлықтарына елігіп, торға түсіп, азғырылады”,— деп жазған (Жақып 1:14). Егер жүрегіміз еліксе, күнәкар нәрсеге қызықтырып, оны залалсыз етіп көрсету арқылы бізді азғыруы мүмкін. Алайда бұл — өтірік, өйткені күнәға берілген адам өлімге апаратын жолға түседі (Римдіктерге 8:6).
12. Қалай өз-өзімізді алдап, тұзаққа түсіп қалуымыз мүмкін?
12 Өз-өзімізді алдап, тұзаққа түсіп қалу оңай. Алдампаз жүректің елеулі кемшілігімізге қисынды себеп тауып немесе ауыр күнәні ақтап шыға келуі мүмкін (1 Патшалықтар 15:13—15, 20, 21). Бүлінген жүрегіміз күдік тудыратын жүріс-тұрысымызға онша мән бермеуі мүмкін. Мысалыға, көңіл көтеру мәселесін алайық. Оның кейбір түрлері жағымды әрі пайдалы. Алайда фильмдер, телебағдарламалар мен Интернет арқылы осы дүниенің ұсынып отырғандарының көбісі әдепсіз және ұятсыз нәрселер. Сапасы төмен бұндай бағдарламаларды көрудің еш зияны жоқ деген ойға өзімізді сендіру қиын емес. Тіпті кейбіреулер: “Ар-ұжданым мазалап жатпаса, бұнда тұрған не бар?” — деп ойлайды. Осылай ойлайтындар ‘жаңсақ ойлауларымен өз-өздерін алдайды’ (Жақып 1:22, ЖД).
13, 14. а) Ар-ұжданымыздың барлық уақытта дұрыс кеңес бере бермейтінін қандай мысал көрсетеді? ә) Қалай өз-өзімізді алдаудан сақ болуымызға болады?
13 Өз-өзімізді алдаудан қалай абай болуға болады? Ең алдымен, адамның ар-ұжданы барлық уақытта дұрыс бағыт бере бермейтінін ұмытпау керек. Мысалы, елші Пауылды алайық. Мәсіхші болмай тұрып, ол Мәсіхтің шәкірттерін қудалаған болатын (Елшілердің істері 9:1, 2). Ол уақытта оны бұл ісі үшін ар-ұжданы мазаламаған болса керек. Дегенмен оның теріс жолда болғаны анық. “Менде әлі де шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім”,— деп мойындады Пауыл (1 Тімотеге 1:13). Демек, қандай да бір көңіл көтерудің түрі ар-ұжданымызды мазаламағаны — оның дұрыс екенінің кепілі емес. Ең сенімді басшылық — Құдай Сөзіне негізделіп, дұрыс тәрбиеленген таза ар-ұждан.
14 Өз-өзімізді алдаудан аулақ болғымыз келсе, келесі кеңестерді есте ұстаған абзал. Құдайға дұға ете отырып, өзіңді тексер (Забур 25:2; 2 Қорынттықтарға 13:5). Өз-өзіңді шын тексергенің қандай да бір көзқарасыңды не жүріс-тұрысыңды өзгерту керектігін көрсетуі мүмкін. Өзгелерді тыңда (Жақып 1:19). Өз-өзімізді тексеруге әдетте қалыптасып қалған көзқарасымыз кедергі жасайды, сондықтан турасынан қарайтын рухани толысқан мәсіхшілердің ойын тыңдаған жақсы. Егер байсалды, тәжірибелі бауырлас шешімдерің не іс-әрекеттеріңнің дұрыстығына күмәнданса, өзіңнен: “Ар-ұжданым дұрыс тәрбиеленген бе немесе жүрегім алдап тұрған жоқ па?” — деп сұрағаның жөн. Киелі кітап пен соған негізделген әдебиеттерді үзбей оқы (Забур 1:2). Бұл саған ойыңды, көзқарасың мен сезіміңді Киелі кітаптың принциптерімен үйлесімді етуге көмектеседі.
Шайтанның алдағанына сеніп қалма
15, 16. а) Шайтан бізді немен алдағысы келеді? ә) Оның өтірігіне сеніп қалмас үшін не істеуіміз керек?
15 Шайтан бізді түрлі жолдармен алдайды. Ол бақытты болып, өмірден қанағат алуымыз үшін бізге дүние-мүлік керек дегенге сендіргісі келеді, алайда жиі керісінше болып жатады (Екклесиаст 5:10—12). Ол бізді осы зұлым дүние мәңгі тұрады дегеніне сенгенімізді қалайды, бірақ бұлтартпайтын айғақтар біздің “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді (2 Тімотеге 3:1—5). Шайтан азғын өмір салтының еш зияны жоқ дегенге иландыруға тырысады, ал шын мәнінде құмарлыққа берілгендер жиі оның зардабын көруде (Ғалаттықтарға 6:7). Оның осындай насихатына сеніп қалмау үшін не істеуге болады?
16 Киелі кітаптағы мысалдарды зертте. Киелі кітапта Шайтанға алданып қалғандардың мысалдары жазылған. Олар біз үшін ескерту болып табылады. Сол адамдар дүние-мүлікке қызығып, қай уақытта өмір сүріп жатқандықтарын ұмытып кеткен немесе азғындыққа беріліп қалған, сөйтіп күнәларының зардабын шеккен (Матай 19:16—22; 24:36—42; Лұқа 16:14; 1 Қорынттықтарға 10:8—11). Қазіргі кездегі мысалдардан сабақ ал. Өкінішке орай, қазір де кейбір мәсіхшілер қай уақытта өмір сүріп жатқандықтарын ұмытып, Құдайға қызмет етеміз деп өмірдің қызығынан қалдық деген ойға келеді. Бұндай адамдар ақиқаттан кетіп, өздері қалағандай өмір кеше бастайды. Алайда олар “тайғақ жолға” түскен, сондықтан ерте ме, кеш пе, әйтеуір құдайсыз өмірлерінің зардабын шегеді (Забур 72:18, 19). Өзгенің қателігінен сабақ алып, ақылды болғанымыз абзал (Нақыл сөздер 22:3).
17. Неге Шайтан бізді Ехоба жақсы көрмейді және бағаламайды деген өтірікке сендіргісі келеді?
17 Шайтан бізді Ехоба жақсы көрмейді және бағаламайды деген тағы бір өтірігін тиімді қолданып келеді. Ол адам баласын бақылағанына бірнеше мың жыл болған. Сондықтан біздің жабырқаудан әлсірейтінімізді жақсы біледі (Нақыл сөздер 24:10). Сондықтан ол Құдайдың көз алдында түкке тұрғысызбын деген жаңсақ ойға келуге ықпал етеді. Егер біз ‘жығылып’, Ехобаның бізде шаруасы жоқ дегенге сеніп қалсақ, күреспей-ақ қойсам ба екен деген ниет туындауы мүмкін (2 Қорынттықтарға 4:9). Барып тұрған Өтірікшіге керегі де осы! Оның осындай қармағына түсіп қалмау үшін не істеуіміз керек?
18. Киелі кітап Ехобаның бізді сүйетініне қалай сендіреді?
18 Киелі кітаптағы Құдайдың сүйіспеншілігі жайлы сөздерді жеке өзіңе айтылған деп қабылда. Құдай Сөзінде Ехобаның әрқайсысымызға көңіл бөлетіні мен жақсы көретініне сендіретін бейнелеп айтылған әсерлі сөздер бар. Құдай сенің көз жасыңды “ыдысқа” жинайды, бұл деген оған адал болып қалу үшін жан сала тырысып жүргенде төгілген көз жасыңды көреді және есінде сақтайды дегенді білдіреді (Забур 55:9). Құдай “жүрегіңді ауыртпалық басқанын” біледі және осы кезде саған әсіресе жақындайды (Забур 33:19). Ол сен жайлы бәрін, тіпті ‘шаштарыңның санын’ да біледі (Матай 10:29—31). Ал, ең бастысы, Ехоба “Өзінің жалғыз рухани Ұлын” сен үшін құрбандыққа берді (Жохан 3:16; Ғалаттықтарға 2:20). Кейде мұндай Жазба орындары дәл саған қатысты екеніне сену қиын болар. Алайда Ехобаның сөзіне сенуіміз керек. Ол жалпы бәрімізді емес, жеке әрқайсысымызды да сүйетініне сенгенімізді қалайды.
19, 20. а) Ехоба сені сүймейді деген Шайтанның өтірігін неліктен көре біліп, оған сенбеу маңызды? ә) Бір аралаушы бақылаушы ұнжырғасы түскендерге қалай көмектеседі?
19 Өтірікті көре біл және оған сенбе. Егер біреудің саған өтірік айтып жатқанын білсең, өзіңді қорғай аласың. Сондықтан Шайтанның Ехоба сені сүймейді дегенге сендіргісі келетінін білгеннің өзі сен үшін зор қорғаныш. Бір бауырласымыз Шайтанның торынан сақтандырған “Күзет мұнарасындағы” мақала жайлы былай деді: “Шайтанның мені алдау үшін сезіміме әсер етіп, ұнжырғамды түсіргісі келетінін білмеппін де. Бұны білгендігім жағымсыз сезімдеріммен күресуге жігерлендірді”.
20 Оңтүстік Америкада қызмет етіп жүрген бір аралаушы бақылаушының қандай шара қолданатынын қарастырайықшы. Ұнжырғасы түсіп жүрген бауырластарға бақташылық сапармен келгенде, жиі: “Үштік іліміне сенесің бе?” — деп сұрайды екен. Ондай адам әдетте: “Әрине, жоқ”,— деп жауап береді. Кейін тағы да: “Тозақ оты бар дегенге сенесің бе?” — деп сұрайды. “Әрине, жоқ!” — деген жауап алады. Сонда аралаушы ақсақал оған Шайтанның тағы бір онша байқала бермейтін өтірігі бар екенін айтады. Ол “Ехобаға жақында”b кітабынының 249-беттегі 21-абзацтағы Ехобаның әр адамды жеке жақсы көретініне күмән тудыратын өтіріктің бетін ашатын ойға көңіл бұрады. Осылайша, аралаушы бақылаушы ұнжырғасы түскендерге өтірікті көре біліп, оған сенбеуге көмектесетінін айтады.
Өтіріктің құрбаны болып қалудан сақтан
21, 22. Неліктен біз Шайтанның қулық-сұмдығынан бейхабар емеспіз және не нәрсеге бекінуіміз керек?
21 Осы зұлым заманның соңғы күндерінде Шайтанның әрі қарай да өтірік таратып, алдай беретіні белгілі. Бақытымызға орай, Ехоба бізді Шайтанның қулық-сұмдығын көрсетіп көзімізді ашты. Киелі кітап пен оған негізделген ‘адал да ақылды құлдың’ әдебиеттері Шайтанның залым әдістерін әшкерелеп отыр (Матай 24:45, ЖД). Алдын ала ескертілген адам шабуылға дайын болады (2 Қорынттықтарға 2:11).
22 Олай болса, жолдан тайғандардың жалған пікірлеріне сеніп қалмайық. Өз-өзімізді алдап, тұзаққа түсіп қалмауға бекініп, Шайтанның өтірігін көре білейік және оған сенбейік. Осылайша өтіріктен жеркенетін ақиқаттың Құдайымен қарым-қатынасымызға нұқсан келтірмейміз (Забур 30:6; Нақыл сөздер 3:32).
[Сілтемелер]
a Бір анықтама оқулығының айтуынша, Аян 12:9-тармағындағы “алдап келген” деп аударылған сөздер “ұзақ уақыт істелінген, әдет болып қалған әрекетті білдіреді”.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Естеріңде ме?
• Бүгінгі дүние неліктен өтірікке толы?
• Жолдан тайғандарға алданып қалмас үшін не істеуіміз керек?
• Өз-өзімізді алдау бейімділігімізге қалай қарсы тұра аламыз?
• Шайтанның өтірігіне сеніп қалмау үшін не істей аламыз?
[15-беттегі сурет]
Көңіл көтеруге байланысты мәселеде өз-өзіңді алдама