Рухани қажеттіліктеріңізді қанағаттандырудың жолдары
“СОҢҒЫ он жылда “Төраға Иса” дегеннен “Көсем Дао” сияқты тақырыптарға дейін жазылған рухани күйдің жұмыс орнындағы рөлі жайлы айтылған 300-ден аса кітап дүкендерде сіресіп тұр”,— деп жазады «Ю. С. ньюс энд уорлд рипорт». Бұл жайт көптеген дамыған елдердегі күн санап өсіп келе жатқан өмірдегі рухани басшылыққа деген құштарлықты көрсетеді. Осы жағдайды айта келе, “Training & Development” деп аталатын іскерлер журналы: “Технология өміріміздің барлық саласын билеп алғанда, біз өмірдің мәнін, мақсатын және қанағат сезімін іздей бастаймыз”,— деп жазды.
Бірақ қанағаттандырарлық рухани басшылықты қайдан табуға болады? Өткен уақытта адамдар “өмірдің мәні” мен “мақсатын” түсінуге ресми діндер көмектеседі деп күтетін. Бүгінде болса, көбісі ондай діндерді мойындамайды. “Training & Development” журналы жоғарғы шенді 90 адам қатысқан шолудың барысында “адамдардың дін мен рухани күйді екі бөлек нәрсе деп қабылдайтыны” анықталғанын жазды. Шолуға қатысқандар дінді “төзімсіз және жікке бөлетін” деп қарастырса, рухани күйді “жалпыға бірдей әрі бәрін біріктіретін” деп қарастырған.
Австралия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания және Еуропа елдері сияқты діндар емес елдердегі көптеген жастар да дін мен рухани күйді әрқалай қабылдайды. “Youth Studies Australia” журналында профессор Рут Веббер былай деп айтады: “Жастардың көбісі Құдайға немесе қандай да бір жоғарғы күштің бар екеніне сенеді, бірақ шіркеуді өздеріне рухани көмек көрсете алатындай маңызды немесе пайдалы деп есептемейді”.
Шынайы дін рухани көмек көрсетеді
Дінге деген мұндай көзқарастың қалыптасуы түсінікті нәрсе. Көптеген діни ұйымдар саяси қастандық, құлықсыздыққа қатысты екіжүзділік және сансыз дінаралық соғыстарда жазықсыз адамдардың қанын төгу сияқты істерге белшесінен батқан. Бірақ екіжүзділігі мен өтірігі үшін діннен бас тартқанымен, кейбіреулер басқа бір қателік жасауда, осының бәрін Киелі кітап қолдап отыр деп ойлайтындықтан, олар одан да бас тартуда.
Бірақ негізінде Киелі кітап екіжүзділік пен заңсыздықты айыптайды. Иса өз заманының діни көсемдеріне: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Сыртынан әдемі болып көрініп, бірақ іші өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы әктелген молаларға ұқсайсыңдар: сырттарыңнан әділ болып көрінсеңдер де, іштерің екі жүзділік пен күнәға лық толы!” — деген (Матай 23:27, 28).
Оның үстіне, Киелі кітап мәсіхшілерді әрқашан саяси бейтараптық сақтауға шақырады. Ол сенушілерді бірін-бірі өлтіруге емес, керісінше, бірі үшін бірі өлуге дайын болуға талпындырады (Жохан 15:12, 13; 18:36; 1 Жохан 3:10—12). Киелі кітапқа негізделген шынайы дін ‘төзімсіз және жікке бөлмейді’, керісінше, ‘бәрін біріктіреді’. Елші Петір: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды”,— деп айтқан (Елшілердің істері 10:34, 35).
Киелі кітап — рухани денсаулық үшін сенімді басшылық
Киелі кітап адамзаттың Құдайға ұқсас етіп жаратылғаны жайында айтады (Жаратылыс 1:26, 27). Бұл жерде тәндік ұқсастық жайында емес, адамдардың Құдайға тән қасиеттер таныта алатын қабілеті жайында айтылады, оған рухани нәрселер немесе рухани күй де жатады.
Олай болса, Құдай бізге рухани қажеттіліктерімізді қанағаттандыратын нәрсе әрі рухани күйімізге ненің пайдалы, ненің зиян екенін айыра алу үшін дұрыс басшылық береді деп күту орынды. Құдай біздің денеміз ауруға қарсы тұрып, деніміз сау жүру үшін керемет иммундық жүйемен қамтамасыз еткендей, дұрыс шешім қабылдап, тәндік және рухани жағынан зиян келтіретін әдеттерден аулақ жүру үшін бізге ар-ұждан берген (Римдіктерге 2:14, 15). Иммундық жүйеміз жақсы жұмыс істеу үшін дұрыс тамақтану керек екені бәрімізге белгілі. Тура сол сияқты ар-ұжданымыз жақсы жұмыс істесін десек, рухани тағамымыз нәрлі болу керек.
Рухани денсаулығымыз жақсы болу үшін қалай тамақтану керек екенін көрсете отырып, Иса: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді”,— деді (Матай 4:4). Өзінің сөздерін Ехоба Киелі кітапқа жаздырып қойған, әрі олар ‘тәлім беру, әшкерелеу, түзету үшін тиімді’ (2 Тімотеге 3:16). Сондықтан біз осы рухани тамақпен қоректенуге міндеттіміз. Киелі кітаптан білім алып, оның принциптерін өмірімізде қолдануға қаншалықты күш салатын болсақ, бұның рухани және тәндік пайдасын соншалықты көп көретін боламыз (Ишая 48:17, 18).
Бұл күш салуға тұратын нәрсе ме?
Киелі кітапты зерттеу арқылы рухани денсаулығымызды жақсарту үшін уақыт бөлу керек екенімен келісетін шығарсыз; ал уақыт болса, күннен-күнге тапшы болып бара жатқан сияқты. Ендеше, бұл — күш салуға тұрарлық сый! Кейбір уақыты тығыз қызметкер адамдардың рухани денсаулықтарын сақтауға уақыт бөлу неліктен маңызды екенін қалай түсіндіретінін көрейікші.
Марина есімді бір дәрігер былай деді: “Мен ауруханаға жұмысқа тұрып, басқалардың қасіреті маған терең әсер ете бастағанға дейін өзімнің рухани күйім жайлы шындап ойланған емеспін. Менің мамандығым бойынша жұмыс істейтін адамдарды өмір ағымының жылдамдығы мен адамдарға қамқорлық жасау міндеті қажытып жіберуі мүмкін. Сондықтан қанағат сезімі мен жан тыныштығымды сақтап қалуым үшін рухани қажеттілігімді мойындап, оны қанағаттандыруым керек екенін түсіндім.
Қазір мен Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрмін. Бұл зерттеу іс-әрекеттерім мен пейілімді нәтижелі түрде тексеріп, дұрыс ойлап үйренуге көмектескендіктен, өмірімде байыптылық сақтай аламын. Жұмысым мені үлкен қанағат сезіміне бөлейді. Бірақ жағымсыз сезімдерімді жүгендеп, жұмысымдағы шиеленісті азайта отырып, көңіл-күйімді жақсартуым және адамдарға шыдамдылық білдіріп, жанашыр болуым Киелі кітап зерттегенімнің арқасы. Киелі кітап принциптерін қолданғанымның пайдасын отбасы өмірімде де көрдім. Ең бастысы, мен Ехобаны жақыннан танып, кішігірім жағдайда да оның рухының әсерін молынан сезінемін, бұл менің өмірімді терең мағыналы етеді”.
Николас есімді сәулетші былай деді: “Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты оқып бастамас бұрын, мен рухани нәрселерге қызықпайтынмын. Өмірімдегі бар мақсатым таңдаған мамандығымда жетістіктерге жету болатын. Киелі кітапты зерттеу өмірде бұдан да басқа нәрселердің бар екеніне көзімді жеткізіп, Ехобаның еркін орындау шынайы әрі мәңгілік бақыт әкелетінін үйретті.
Жұмысым мені қанағат сезіміне бөлейді, бірақ маған рухани нәрселерді бірінші орынға қойып, қарапайым өмір қалпын кешудің маңыздылығын үйреткен — Киелі кітап. Осының арқасында әйелім екеуіміз дүниеқоңыздықтың көптеген әлегінен аулақ болдық. Сонымен қатар өмірге деген осындай рухани көзқарасты ұстанатын адамдармен араласа отырып, біз көптеген нағыз достар таптық”.
Винсент есімді бір заң қызметкері былай деді: “Жақсы жұмыс қандай да бір шамада қанағат сезіміне бөлейді. Бірақ бақыт пен қанағат сезімі үшін бұның өзі жеткіліксіз екенін түсіндім. Киелі кітаптың бақыт пен қанағат сезімі жайлы не айтатынын білмес бұрын, мен кенеттен дүниенің жалған екенін түсіндім. Өмірге келу, өсу, үйлену, балаларды аяғына тұрғызу үшін жұмыс істеу, оларды да өмірдің тура осы айналымын өтуге үйрету, ақырында қартайып, өлу. Бұның бәрі сондай мағынасыз боп көрінуші еді.
Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді бастаған соң ғана, өмірдің мәні туралы сұрақтарыма қанағаттандырарлық жауап алдым. Киелі кітапты зерттегенімнің арқасында Ехобаны тұлға ретінде жақыннан танып, оған деген терең сүйіспеншілік дамыта алдым. Бұл дұрыс рухани көзқарасты сақтауыма және өмірімді оның еркі туралы білгеніме сай келтіруге негіз болып табылады. Қазір өзім де, әйелім де барынша мағыналы өмір сүріп жатқандығымызды білгеннен қанағат сезіміне бөленеміз”.
Киелі кітапты зерттей отырып, сіз де өміріңізді мақсатты әрі мағыналы ете аласыз. Ехоба Куәгерлері сізге қол ұшын беруге қуанышты. Марина, Николас және Винсент тәрізді сіз де Ехобаны жақыннан танып, оның жалпы адамзатқа және жеке өзіңізге қатысты еркін білгеннен қанағат сезіміне бөлене аласыз. Рухани қажеттіліктеріңізді қанағаттандырғаныңыздан бүгінгі күні ғана қуанышқа бөленіп қоймайсыз, сонымен қатар алдағы уақытта да сізді кемелді денсаулық пен мәңгілік өмір сүру болашағы — ‘Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындарға’ берілетін болашақ — күтіп тұр (Матай 5:3, ЖД).
Рухани күйімізді жақсартудың бір жолы — дұға ету. Шәкірттерін дұға етуге үйрету үшін Иса уақыт бөліп, үлгілі дұғаны үйретті. Бұл дұғаның бүгінде сіз үшін қандай мәні бар? Оның сізге қандай пайдасы бар? Бұл сұрақтардың жауабын кейінгі мақалалардан таба аласыз.
[6-беттегі суреттер]
Марина
[7-беттегі суреттер]
Николас
[7-беттегі суреттер]
Винсент