Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.12. 7—11 бет.
  • ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрет’

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрет’
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Пауыл — Патшалық туралы құлшына жариялаушы
  • Біздің қызметіміз Құдай Сөзіне негізделуге тиіс
  • Жүріс-тұрысымыз мақтауға лайық болуға тиіс
  • Құдай Сөзінің әсер ететін күші
  • Құдай Сөзін дұрыс үйрете бер
  • Рухани семсерді шебер қолданыңдар
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тәлім беруге арналған құралдарымыз
    Біздің қасиетті қызметіміз. 2015
  • Шындықты үйретейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Ізгі хабарды бар ынталарыңмен жариялаңдар
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.12. 7—11 бет.

‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрет’

“Сен ұятқа қалмайтын қызметкер — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл” (2 ТІМОТЕГЕ 2:15, сілтемені қараңдар).

1, 2. а) Неге жұмысшыларға құралдар қажет? ә) Мәсіхшілер қандай жұмыс атқаруда және олар, ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлайтындарын қалай көрсетеді?

ӨЗІНЕ тапсырылған жұмысты атқару үшін жұмысшыларға құралдар қажет. Алайда құралдың тек бар болғаны аз. Жұмысшыға құралдың қажеттісі керек, әрі ол оны дұрыс қолдана білуге тиіс. Мысалы, тіпті лашық тұрғызар болсаң да, екі ағашты біріктіру үшін шеге мен балғаңның болғаны жеткіліксіз. Шегені майыстырып алмай ағашқа қалай қағуды білуің керек. Балғаны қалай қолдануды білмей, шегені қағу өте қиын, тіпті бекер болуы мүмкін. Ал дұрыс қолданылған құралдар істі қанағаттандырарлықтай етіп атқарып шығуға көмектеседі.

2 Мәсіхші ретінде біздің де атқаратын қызметіміз бар. Бұл іс аса маңызды. Иса Мәсіх ізбасарларын ‘ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлауға’ шақырған (Матай 6:33). Оны қалай істеуге болады? Мұның бір жолы — Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде құлшынысты болу. Тағы бір жолы — қызметте Құдай Сөзіне берік негізделе сөйлеу. Ал үшіншісі — жақсы жүріс-тұрыс (Матай 24:14; 28:19, 20; Елшілердің істері 8:25; 1 Петір 2:12). Мәсіхшілерге арналған осындай тапсырмамызды нәтижелі әрі қуанышпен атқару үшін қажетті құралдар мен оларды дұрыс қолдануға білім қажет. Осыған қатысты елші Пауыл еңбекқор мәсіхші ретінде керемет үлгі қалдырған. Сондай-ақ бауырластарын өзіне еліктеуге шақырған (1 Қорынттықтарға 11:1; 15:10). Олай болса, қызметтесіміз Пауылдың үлгісінен қандай сабақ алуымызға болады?

Пауыл — Патшалық туралы құлшына жариялаушы

3. Неге елші Пауыл Патшалықты құлшыныспен жариялаған деуге болады?

3 Пауыл қандай жұмысшы болған? Әрине, құлшынысқа толы болған. Ол Жерорта теңізінің айналасындағы шалғай аймақтарға ізгі хабарды таратуда барын салған. Патшалық туралы хабарды ынтамен жариялауының себебін түсіндіріп, сол талмайтын елші: “Ал Ізгі хабарды уағыздап жүргенімнің өзі мақтануыма себеп бола алмайды, ол борышты міндетім: Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім”,— деген (1 Қорынттықтарға 9:16). Пауыл өзінің аман қалуын ғана ойлаған ба? Жоқ. Ол тек қара басын ойлайтын адам болмаған. Қайта, өзгелердің де ізгі хабардың пайдасын көргенін қалаған. Ол былай деп жазды: “Сенімі әлсіздерді әкелу үшін соларға ұқсап өмір сүремін. Әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделудемін” (1 Қорынттықтарға 9:22).

4. Мәсіхші жұмысшылар үшін ең басты құрал не?

4 Елші Пауыл тек өзінің тәжірибесіне ғана сене алмайтынын мойындайтын, кішіпейіл жұмысшы болған. Ағаш ұстасының балғаны қажет ететіні сияқты, Құдай Сөзінің шындығын тыңдаушыларының жүректеріне ұялату үшін Пауылға да тиісті құрал қажет еді. Ол бірінші кезекте қандай құралды қолданды екен? Пауыл Құдай Сөзі, яғни Киелі жазбаларды, қолданған. Сол сияқты біз үшін де шәкірт дайындауда көмек болатын басты құрал — Киелі кітап.

5. Нәтижелі жариялаушы болу үшін Жазбалардан үзінді келтіруден басқа не істеу қажет?

5 Пауыл Құдай Сөзін қолдану одан үзінді келтіруден анағұрлым көп нәрседен тұратынын білген. Ол ‘сендіре’ сөйлеген (Елшілердің істері 28:23). Қалай? Пауыл көп адам Патшалық туралы шындықты қабылдау үшін сендіре сөйлеп, Құдайдың жазбаша Сөзін нәтижелі қолданған. Ол сол адамдармен бірге ой жүгірткен. Мысалы, Ефес мәжілісханасында Пауыл үш ай бойы ‘адамдармен сөйлесіп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерліктей дәлел келтіріп берген’. ‘Кейбіреулер қасарысып, сенгісі келмегенмен’, өзгелер хабарға құлақ асты. Пауылдың Ефестегі қызметінің нәтижесінде Ехобаның сөзі “кең тарап, құдіретін көрсетті” (Елшілердің істері 19:8, 9, 20).

6, 7. Пауыл қызметін қалай даңқтаған, ал біз қалай даңқтай аламыз?

6 Патшалықтың құлшынысты жариялаушысы ретінде Пауыл ‘қызметін даңқтаған’ (Римдіктерге 11:13, ЖД). Қалайша? Оны өз беделі қызықтырмаған. Сондай-ақ Құдайдың қызметкерлерінің бірі ретінде ел алдында танымал болудан ұялмаған. Керісінше, өзінің қызметін зор мәртебе деп қарастырған. Ол Құдай Сөзін шебер әрі ұтымды қолданған. Оның жемісті қызметі өзгелерді қызметтерін анағұрлым толығырақ атқаруға талпындыруына көмектесіп, оларға дем беретін. Осы жағынан да оның қызметі даңқталатын.

7 Пауыл сияқты біз де Құдай Сөзін жиі әрі ұтымды қолданатын жұмысшылар ретінде қызметімізді даңқтауымызға болады. Біздің мақсатымыз уағыздау қызметінің барлық түрінде мүмкіндігінше көп адаммен Жазбалардағы қандай да бір оймен бөлісу болу керек. Қалай біз солай еткенде сенімді сөйлей аламыз? Мұның маңызды үш жолын қарастырып көрейік: 1) Құдай Сөзіне көңіл аударып, оның құндылығын арттыру. 2) Киелі кітапта не айтылатынын және оны қалай қолдануға болатынын ілтипатпен түсіндіру. 3) Жазбаларға негізделіп, сендірерліктей етіп ой қозғау.

8. Бүгінде бізде Патшалық туралы уағыздауға арналған қандай құралдар бар және оларды қалай қолданып жүрсіңдер?

8 Бүгінде Патшалықты жариялаушыларда Пауыл қызмет еткенде болмаған құралдар бар. Олар: кітап, журнал, брошюра, анықтамалық парақшалар, трактаттар, бейнетаспа және үнтаспалар. Соңғы ғасырда қызметте куәлік беруге арналған парақшалар, фонограф, дауысзорайтқыш орнатылған көліктер қолданылған, сондай-ақ радиобағдарламалар арқылы да куәлік берілген. Әрине, ең жақсы құрал — Киелі кітап. Біз осы аса қажетті құралды жақсы әрі дұрыс қолдануымыз керек.

Біздің қызметіміз Құдай Сөзіне негізделуге тиіс

9, 10. Пауылдың Тімотеге берген кеңесінен Құдай Сөзін қолдануға қатысты не үйренуге болады?

9 Қалай біз Құдай Сөзін тиімді құрал ретінде қолдана аламыз? Пауыл осыған көңіл аудара отырып, қызметтесі Тімотеге мынадай нұсқау берді: “Сен ұятқа қалмайтын қызметкер — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл” (2 Тімотеге 2:15, сілтемені қара). ‘Сөзді дұрыс үйрету’ деген нені білдіреді?

10 “Дұрыс үйрету” деп аударылған грек сөзінің тура мағынасы “тура кесу” немесе “түзу жол салу” дегенді білдіреді. Мәсіхшілердің Грек жазбаларында тек Пауылдың Тімотеге арналған өсиетінде ғана осы тіркес қолданылған. Бұл тіркесті соқа салып, танапты түзу жыртуға қатысты да қолдануға болады. Жерді қисық жырту тәжірибелі диқаншыны қынжылтқан болар еді. Пауыл “ұятқа қалмайтын қызметкер” болу үшін Құдай Сөзінің шынайы ілімдерінен ауытқуға болмайтынын Тімотенің есіне салған. Ол тәліміне жеке көзқарасының әсер етуіне жол бермеген. Қайта, уағызы мен тәлімін тек Жазбаларға негіздеген (2 Тімотеге 4:2—4). Солай етер болса, адал жүректі адамдар осы дүниелік пәлсапамен емес, Ехобаның көзқарасымен есептескен болар еді (Қолостықтарға 2:4, 8). Бүгінде де тап солай.

Жүріс-тұрысымыз мақтауға лайық болуға тиіс

11, 12. Құдай Сөзін дұрыс үйретуге жүріс-тұрысымыз қалай әсер етеді?

11 Біз Құдай Сөзін дұрыс қолданып шындықты жариялаудан көбірек нәрсе істеуге тиіспіз, яғни жүріс-тұрысымыз да соған сай болу керек. “Біз Құдаймен бірге еңбектенушіміз”, сондықтан екі жүзді қызметші болмауымыз керек (1 Қорынттықтарға 3:9). Құдай Сөзінде: “Сонымен, сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! “Ұрлама” дей тұра ұрлағаның не? “Неке адалдығын бұзба” дей тұра оны өзің бұзғаның қалай? Жалған тәңірлердің мүсіндерін жек көресің, алайда неліктен өзің Құдайға тиісті құрметті көрсетпейсің?” — делінген (Римдіктерге 2:21, 22). Сол себепті Құдайдың қызметшісі ретінде Құдай Сөзін дұрыс үйретудің бір жолы — келесі ескертуге құлақ асу: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе және өз ақылыңа сүйенбе. Барлық жолдарыңда Оны таны, сонда Ол жолыңа бағыт береді” (Нақыл сөздер 3:5, 6).

12 Құдай Сөзін дұрыс үйретсек, қандай нәтиже күтуімізге болады? Құдайдың жазбаша Сөзінің құдіреті ақ жүректі адамдардың өміріне қалай әсер еткенін қарастырып көрелік.

Құдай Сөзінің әсер ететін күші

13. Құдай Сөзін қолданғаны адамға қалай әсер етеді?

13 Киелі жазбалар Құдайдан келген кітап ретінде қабылданар болса, адамға зор әсер етіп, өмірін керемет түрде өзгертуге көмектеседі. Пауыл Құдайдың сөзінің әрекетін көріп, ертедегі Салониқада мәсіхші болғандарға жақсы әсер еткенінің куәсі болған. Сондықтан Пауыл оларға былай жазды: “Сендердің бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшін біз Тәңірімізге үнемі шүкіршілік етеміз. Қазір бұл хабар Оған сенетін сендерге күшті әсер етіп жатыр” (1 Салониқалықтарға 2:13). Сол мәсіхшілер үшін адам баласының мардымсыз ойы Құдайдың зор даналығымен салыстыруға да келмеген. Әрине, Мәсіхтің шынайы ізбасарларының бәрі мұны солай қарастырады (Ишая 55:9). Салониқалықтар ‘көп азапқа ұшыраса да, хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдап’, басқа бауырластарына үлгі көрсеткен (1 Салониқалықтарға 1:5—7).

14, 15. Құдай Сөзіндегі хабардың күші қаншалықты зор және неге?

14 Қайнар көзі Ехоба болғандықтан, Құдай Сөзінің күші зор. Ол “сөзімен көктерді жаратқан” “тірі Құдайдан” келген әрі әрқашан Құдайдың ‘көздеген мақсаттарын жүзеге асырады’ (Еврейлерге 3:12; Забур 32:6; Ишая 55:11). Киелі кітапты зерттейтін бір ғалым былай деп жазды: “Құдай өзін өз Сөзінен бөліп-жармайды. Ол оны өзі үшін жат нәрседей өгейсіп, бас тартпайды... Сол себепті ол [Құдай Сөзі] ешқашан өлі болған емес, әрі өзінде айтылған сөздің қалай қабылданып жатқанына да немқұрайды емес. Сондықтан ол тірі Құдаймен тығыз байланыста”.

15 Құдай Сөзінің хабары қаншалықты күшті? Оның күші орасан зор. Пауыл орынды түрде былай деген: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Еврейлерге 4:12).

16. Қалай Құдай Сөзі адамды түбегейлі өзгерте алады?

16 Құдайдың жазбаша Сөзіндегі хабар “екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір”. Сондай зор өткірлігі адам баласының кез келген құрал-сайманынан асып түседі. Құдай Сөзі адамның ішкі дүниесіне терең еніп, ой-қалпын да, көңіл қалауын да жан дүниесінен бастап өзгертіп, Құдайға ұнамды қызметші етеді. Қандай орасан зор күші бар құрал десеңші!

17. Құдай Сөзінің адамды қалай өзгерте алатынын түсіндіріңдер.

17 Құдай Сөзі адамның өзі жайлы қандай ойда немесе өзгелердің ол туралы не ойлайтынындай емес, оның нағыз болмысын ашады (1 Патшалықтар 16:7). Тіпті жаман адамдар да кейде нағыз болмысын жасырып, мейірімді немесе иманды болып көрінеді. Зұлымдар залым пиғылдарын жасыру үшін екіжүзділік танытады. Өр көкіректер өзгелерге ұнамды болғысы келіп, кішіпейіл болғансиды. Бірақ Құдай Сөзінің адамның нағыз болмысын ашып, кішіпейілдерге ескі болмыстарынан арылып, ‘Құдайдың рухани болмысына сай жаратылған жаңа, нағыз әділетті де Тәңірге ұнамды (пәк таза) адам болып өмір сүруге’ зор талпыныс беруге құдіреті жетеді (Ефестіктерге 4:22—24). Сондай-ақ Құдай Сөзінің ілімдері жасқаншақтарды Ехобаның батыл Куәгері, Патшалықтың құлшынысқа толы жариялаушысы етіп өзгерте алады (Еремия 1:6—9).

18, 19. Осы абзацтарда келтірілген немесе қызметте болған өзге мысалдар арқылы Жазбалардағы шындықтың адамның көзқарасын қалай өзгертетінін көрсетіңдер.

18 Құдай Сөзінің адамды өзгерте алатын күші шартараптағы адамдарға жақсы әсер етеді. Мысалы, Пномпень, Камбоджа, қаласынан келген жариялаушылар айына екі рет Компонгтям аймағына келіп уағыздап жүреді. Жергілікті пастор өзге пасторлардың Ехоба Куәгерлеріне қарсы әңгімелерін естіген соң, келесі жолы Куәгерлер келгенде, олармен кездесу ұйымдастырады. Пастор оларға мейрамдарды тойлауға қатысты сұрақтар жаудырып, Куәгерлердің Жазбаларға негіздеген жауаптарын мұқият тыңдайды. Содан ол: “Енді мен серіктестерімнің сендер туралы айтқандарының жалған екенін білдім. Олар сендерді Киелі кітапты қолданбайды деп айыптап еді, бірақ таңертеңнен бері бәріңнің оны қолданып жатқандарыңды көріп отырмын”,— деп дауыстап жібереді.

19 Сол пастор әйел Куәгерлермен Киелі кітапқа негізделген әңгімелерін жалғастыра береді. Оны пасторлық қызметінен айырылып қалу қаупі де тоқтата алмайды. Ол құрбысына Жазбалар жөнінде әңгімелесіп жүргенін айтып, кейінірек ол Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеуді бастайды. Сол құрбысы алып жатқан білімінен қатты әсер алғаны соншалық, бірде шіркеудегі қызметінде: “Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты оқыңдар!” — дейді. Содан көп ұзамай шіркеу мүшесі болудан бас тартады. Сөйтіп, бұрынғы пастор, оның құрбысы және өзгелер Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді бастайды.

20. Ганалық әйелмен болған жағдайдан Құдай Сөзінің күші қалай көрінеді?

20 Ганалық Паулина деген әйелдің жағдайынан да Құдай Сөзінің күші көрінеді. Бір толық уақытты жариялаушы онымен “Мәңгілік өмірге алып баратын білім”a кітабымен Киелі кітапты зерттеп жүреді. Паулина көп әйелі бар кісінің әйелдерінің бірі болатын, сондықтан өміріне өзгеріс енгізу керектігін байқайды. Бірақ күйеуі мен туған-туыстарының бәрі қатты қарсылық көрсетеді. Ал жоғарғы соттың судьясы әрі шіркеу ақсақалы болған нағашы атасы Матай 19:4—6 тармақтарын бұрыс қолданып, көндіруге тырысады. Оның сөзі сенімді шығады, бірақ Паулина мұның Иса Мәсіхті сынағанда, Шайтанның Жазбаларды қалай бұрмалағанына ұқсайтынын тез-ақ ұғады (Матай 4:5—7). Ол Исаның Құдай адамды біреуін еркек, ал бірнешеуін әйел етіп емес, бірін еркек, бірін әйел етіп жаратқанын және үшеу емес, екеуінің біртұтас болатыны туралы айтқан некеге қатысты анық нұсқауын есіне түсіреді. Ол шешіміне берік болып, ақырында сол елдің дәстүріне сай ажырасып, көп некеліктен азат етіледі. Сөйтіп, көп ұзамай Патшалықтың шомылдыру рәсімінен өткен қуанышты жариялаушысы болады.

Құдай Сөзін дұрыс үйрете бер

21, 22. а) Патшалықтың жариялаушылары ретінде не нәрсеге бел буғымыз келеді? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

21 Әрине, Құдайдың жазбаша Сөзі — өзгелердің өмірлерінде өзгеріс жасауларына, сондай-ақ Ехобаға жақындауларына көмектескенде қолдануымызға қажетті зор құрал (Жақып 4:8). Тәжірибелі жұмысшылардың құралдарды қолданып жақсы нәтижеге жететіні іспетті, біз де Патшалықтың жариялаушылары ретінде Құдай тапсырмасын орындауда оның Сөзі Киелі кітапты шебер қолдану үшін әрі қарай да қолдан келгенді істеуге бел буайық.

22 Шәкірт дайындау ісінде қалай біз Жазбаларды тиімді қолдана аламыз? Мұның бір жолы — сендіре тәлім беру қабілетін дамыту. Біз сендерді келесі мақаланы мұқият зерттеуге шақырамыз, өйткені онда тәлім беруге және өзгелерге Патшалық туралы хабарды қабылдауға көмектесудің жолдарына қатысты кеңестер беріледі.

[Сілтеме]

a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.

Естеріңде ме?

• Патшалықты жариялаушылардың қандай құралдары бар?

• Патшалықтың жұмысшысы ретінде Пауыл қандай үлгі қалдырған?

• Құдай Сөзін дұрыс үйрету неден тұрады?

• Ехобаның жазбаша Сөзі күші зор құрал екенін не көрсетеді?

[8-беттегі суреттер]

Патшалық туралы жариялау ісінде мәсіхшілердің қолданатын кейбір құралдары

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу