Құдайға деген сенімнің берік негізі
ЖАСТАРДЫҢ шіркеуден кетуінің 31 себебі келтірілген корей тіліндегі бір кітапта олардың көбісі өз сұрақтарына қанағаттандырарлық жауап ала алмайтындықтан шіркеуден кететіндіктері айтылған. Мысалы, олар “Неге Құдайға сенетін адамдар қайғы-қасіретке ұшырайды?”, “Неге шіркеудің көп ілімі түсініксіз әрі өзіне-өзі қайшы келіп жатса да, бәрін қабыл алуымыз керек?” деген сұрақтар қояды.
Діни қызметкерлердің берген жауаптарынан көңілдері қалған көп адам мұндай сұрақтарға Киелі кітаптан жауап табу мүмкін емес деген тұжырымға келіп жатады. Ал діни қызметкерлердің өз ойларына негізделіп берген жауаптары жиі түсінуге қиын, тіпті Құдай мен Киелі кітаптан алыстататын болып келеді.
Мынау Оңтүстік Африкада өскен лютеран дінінде болған Абелдің басынан өткен оқиға. Ол былай есіне алды: “Шіркеу тәлімгерлері өлгендердің бәрін Құдай ‘алады’ деп үйретеді. Бірақ мен сүюші Құдайдың ата-анасын балаларынан неге айырып ‘алатынын’ түсінбеймін. Африкадағы мен өскен ауылда тауықты балапандары өскенше соймайды. Ал сиырдың буаз екенін байқаса, бұзаулап, суалғанша соймай қоя тұрады. Сүйіспеншілікке толы Құдайдың неге адамдарға осылай қарамайтынын түсінбеймін”.
Канадалық Арамның да осындай күмәндары болған. “13 жасымда әкемнен айырылдым,— деп әңгімеледі ол.— Әкемді жерлерде атқарған қызметінде беделді діни қызметкер әкемнің өлімін Құдайдың өзі қалағанын, сондықтан енді ол көкте Құдайға жақынырақ бола алады деп түсіндірді.— Құдай жақсы адамдарды алады,— деді ол,— өйткені ол әділдерді жақсы көреді. Мен қалайша Құдай сонша өзімшіл бола алатынын түсіне алмадым”.
Кейінірек, Абел де, Арам да Ехоба Куәгерлерімен байланысып, Киелі кітапты зерттеп, ақырында сұрақтарына жауап тапты. Олар Құдайға деген сүйіспеншілік пен берік сенім дамытты. Сосын өмірлерін Ехобаға бағыштап, оның адал қызметшілері болды.
Тура білім — Құдайға деген сенімнің кілті
Осы мысалдардан қандай сабақ алуға болады? Бұл мысалдардан Құдайға сенуде Киелі кітапқа негізделген тура білімнің маңызы зор екені көрінеді. Елші Пауыл ертедегі Філіпі қаласындағы мәсіхшілерге былай деген: ‘Мен Оған сиынып, сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани [“тура”, ЖД] білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін деп тілеп отырмын’ (Філіпіліктерге 1:9, 10). Мұнда Пауыл Құдайға және бауырластарға деген сүйіспеншілік пен Құдай туралы тура білім, сондай-ақ оның еркі неде екендігіне қатысты көрегендіктің тығыз байланысы барын көрсеткен.
Біреуге арқа сүйеп, сенім арту үшін оны мүмкіндігінше жақсы әрі толық білуің керек екені қисынды нәрсе. Сол сияқты Құдайға сенуің үшін де тура білім қажет. Пауыл: “Сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз илану”,— деген (Еврейлерге 11:1). Киелі кітапқа негізделген тура білім алмай Құдайға сену — оп-оңай қирап қалатын құмнан тұрғызылған үймен тең.
Киелі кітапты зерттеу Абел мен Арамды да тұйыққа тірелткен “Неге адамдар өледі?” деген сұрақтың жауабын табуға көмектеседі. Бұл — көп адамдар қоятын ұзын сонар сұрақтардың бірі ғана. Киелі кітапта “бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады” деп түсіндірілген (Римдіктерге 5:12). Адамдар қартаяды, әрі өледі, бірақ олар Құдай алғандықтан емес, Адамның күнәсінің кесірінен өледі (Жаратылыс 2:16, 17; 3:6, 17—19). Оның үстіне, Киелі кітапта Ехоба Құдайдың нағыз үміт бергені айтылған. Құдай өзінің Ұлы Иса Мәсіх арқылы күнәкар адамзатқа қайта тірілуге үміт берген (Жохан 5:28, 29; Елшілердің істері 24:15).
Қайта тірілуге қатысты шындықты түсінуімізге көмек болу үшін Киелі кітапта Исаның бірнеше адамды өмірге қайтарғаны туралы мысалдар жазылған (Лұқа 7:11—17; 8:40—56; Жохан 11:17—45). Жазбалардан осы мәліметті оқығанда, қайта тірілтілген адамдардың достары мен туыстарының қуанышы мен шаттығына көңіл бөлші. Сондай-ақ бұл оларды Құдайды мадақтап, әрі Исаға сенуге талпындырғанына да назар аударшы.
Құдай мен оның еркі туралы тура білім де адамдарға бүгінде тап солай әсер етеді. Көп адам маңызды сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап таба алмай милары ашып, еңселері басылып, тіпті ренжіп те жүрген. Бірақ Киелі кітапты зерттеудің арқасында сұрақтарына жауап тауып, өмірлерін түбегейлі өзгерткен.
Құдайға қызмет етудің басты себебі — сүйіспеншілік
Құдайға деген сенім үшін тура білім алу маңызды, бірақ оған бойсұнып, қызмет етуге ықыласты болу үшін одан да көбірек нәрсе керек. Исадан Құдайдың ең басты өсиеті қайсы екенін сұрағанда, ол: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!” — деген (Марқа 12:30). Егер адам Құдайды Иса айтқандай сүйетін болса, оған бар ықыласымен бойсұнып, қызмет ететін болады. Сен солай етіп жүрсің бе?
Ондаған жыл Кореяда миссионерлік қызмет атқарған Рейчел неге Құдайға сенетінін былай түсіндірді: “Мен Ехобаның жаратылыстарына деген жомарттығы, халқына кешірімшіл болуы және бізден нені қалайтынын білдіру арқылы игілігімізді ойлайтыны жөнінде ой жүгіртемін. Осындай нәрселер Құдайға деген сүйіспеншілігімді арттыра түседі. Ал сүйіспеншілігім оған қызмет етуге талпындырады”.
Германияда тұратын Марта деген жесір әйел Ехобаға 48 жыл бойы қызмет еткен. Ол былай деді: “Мен неге Ехобаға қызмет етіп жүрмін? Өйткені оны сүйемін. Күн сайын кешке Ехобамен дұға арқылы сөйлесіп, оның барлық игіліктері, әсіресе төлем құрбандығы үшін қаншалықты риза екенімді айтамын”.
Иә, Ехобаға деген сүйіспеншілік оған шын жүректен қызмет етуге талпындырады. Бірақ мұндай сүйіспеншілікті қалай дамытуға болады? Құдайға сүйіспеншілік дамытуға қозғау салатын ең зор күш — оның бізге танытқан сүйіспеншілігіне деген терең ризашылық. Киелі кітаптағы жүрекке жылы тиетін келесі ескертуге көңіл қойшы: “Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік. Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: Сол арқылы шынайы өмір сүруіміз үшін Құдай Өзінің жалғыз Ұлын дүниеге жіберді. Бұл сүйіспеншіліктің мәнісі мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, Ол бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәмыздың құнын өтеу үшін рухани Ұлын жіберді” (1 Жохан 4:8—10).
Оның сүйіспеншілігінің қаншалықты зор екенін байқадың ба? Көз алдыңа елестетіп көрші: сен ағыны қатты суға батып барасың, бір кісі өз басын қатерге тігіп, сені құтқарып алды. Сен әлгі кісіні ұмытып кетесің бе, әлде оған барынша риза боласың ба? Ол үшін қолыңнан келгеннің бәрін істеуге даяр болады емессің бе? Ал Құдайдың өзінің Ұлы Иса Мәсіхті төлем құрбандығы ретінде беру арқылы танытқан сүйіспеншілігі бұдан әлдеқайда зор (Жохан 3:16; Римдіктерге 8:38, 39). Құдайдың сүйіспеншілігі жүрегіңе жеткенде, сен де оны сүюге және бар көңіліңмен қызмет етуге талпынатын боласың.
Қазіргі және болашақтағы баталар
Құдайға деген сүйіспеншілік оның еркін орындауға талпындыратын басты себеп болғанмен, оның өз қызметшілеріне беретін сыйлары жөнінде білу де жүрекке жылы тиеді. Елші Пауыл былай жазды: “Сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс” (Еврейлерге 11:6).
Құдайды сүйіп, оған мойынсұнатындар нағыз батаға ие болады. Көп адам Киелі кітаптың принциптерін ұстанудың арқасында денсаулықтарының анағұрлым жақсы екеніне қуанышты (Нақыл сөздер 23:20, 21; 2 Қорынттықтарға 7:1). Ал Киелі кітаптағы адалдық пен еңбекқорлыққа қатысты принциптерді ұстанатындарға жұмыс берушілері сенім артады, осының арқасында тұрақты жұмыстары болады (Қолостықтарға 3:23). Ехобаның қызметшілері, тіпті қиын жағдайларда да оған арқа сүйеу арқылы көңілдерінде тыныштық сақтайды (Нақыл сөздер 28:25; Філіпіліктерге 4:6, 7). Ал ең бастысы, олар келешекте жер бетінде орнағалы тұрған Жұмақтағы өмірдің баталарына назар тігеді (Забур 36:11, 29).
Осындай баталардың рақатын көріп жүргендер Ехобаға қатысты не сезінеді екен? Канадалық мәсіхші Жаклин Құдайға деген ризашылығын: “Ол бізге үнемі сондай керемет сыйлар береді, мәңгілік өмірге берік үміт артуымыз үшін де шаралар қолданды”,— деген сөздермен білдірді. Жоғарыда әңгімеленген Абел сезімін былай жеткізді: “Жердегі жұмақта мәңгі өмір сүру мен үшін бұрын-соңды естіп көрмеген хабар болды, сондықтан сол уақытты күтудемін. Тіпті Жұмақ орнамайтын болса да, Құдайға қызмет ету арқылы оған деген сүйіспеншілігімді көрсетуден рақат табамын”.
Сен де нағыз сенім дамыта аласың
“Әскер иесі Ехоба әділ төрелік етуде. Ол адамның бүйрегі мен жүрегін тексереді”,— делінген Киелі кітапта (Еремия 11:20, ЖД). Иә, Ехоба жан дүниеміздің түкпір-түкпірін тексереді. Әрбір адам Құдайға сенуге не талпындырып жүргенін тексергені абзал. Құдайға деген сеніміміз бен ол туралы ойымыздың бұрыс болғаны жаңсақ әрекеттерге әкеліп соғады. Ал Киелі кітапқа негізделген тура білім Жаратушымыз Ехоба Құдаймен дұрыс қарым-қатынасқа жеткізеді (1 Тімотеге 2:3, 4).
Ехоба Куәгерлері үй жағдайында Киелі кітапты ақысыз зерттеу жүргізулерімен, адамдарға Құдай туралы тура білім алуға көмектесуде (Матай 28:20). Осындай көмекті қабыл алған көп адам Құдайға деген сүйіспеншілік және нағыз сенім дамытуда. Киелі кітапты зерттеу арқылы олар қазіргі қауіпті күндерде “алаңсыз жүруге” көмектесетін “дұрыс ой мен естілікке” ие болды (Нақыл сөздер 3:21—23). Ал ең маңыздысы, енді олардың болашаққа деген ‘берік әрі сенімді’ үміттері бар (Еврейлерге 6:19). Сен де нағыз сенімге қол жеткізіп, осындай баталардың рақатын көре аласың.
[4-беттегі қоршау]
Жауапты талап ететін күрделі сұрақтар
“Медициналық оқу орнының студенті ретінде ауруханада тәжірибе алғанда, жақсы адамдардың ауру мен қайғы-қасіреттен зардап шегіп жатқанын көрдім. Құдай бар болса, неге бұған жол береді? Сонда дін адамның жан тыныштығына дауа болар құрал ғана ма?” Бұрынғы пресвитериан дінінің өкілі; Корея.
“Мені жиі ішкіш болған әкем тозақта ма, көкте ме деген сұрақ қызықтыратын. Өлім мен тозақ бар деген ой менің жанымды түршіктіретін. Сүйіспеншілікке толы Құдайдың қалайша адамды тозақта мәңгі азап шегуге жіберетінін түсінбейтінмін”. Бұрынғы католик дінінің өкілі; Бразилия.
“Жер мен адамзаттың болашағы қандай болмақ? Қалайша адамдар мәңгілік өмір сүре алады? Қалай адамзат нағыз бейбітшілікке қол жеткізе алады?” Бұрынғы католик дінінің өкілі; Германия.
“Қайта туылу туралы ілім маған түсініксіз болатын. Жануарлар ғибадат етпейді, олай болса егер біреу күнәсі үшін жануар болып қайта туылса, қалай ол қателігін түзетіп, жақсара алмақ?” Бұрынғы индус дінінің өкілі; Оңтүстік Африка.
“Мен конфуций дінін ұстанатын отбасында туып өстім. Мен ата-бабалардың аруағына табыну жораларына қатысатынмын. Құрбандық дастарқанын жайып, тағзым еткенде, аруақтар осыны жеуге шынымен де келіп, біздің құлшылық етіп жатқанымызды көрер ме екен деп ойлайтынмын”. Бұрынғы конфуций дінінің өкілі; Корея.
Осы кісілердің бәрі Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуді бастағаннан кейін, сұрақтарына жауап тапқан.