Сенімді нығайтып, батылдық беретін оқиға. Украинадағы Ехоба Куәгерлері
БІРІНШІ ғасырдағы мәсіхшілер сияқты қазіргі заманғы Құдайдың халқы да қудалауға ұшырады (Матай 10:22; Жохан 15:20). Күшті қудалау көрген біршама елдің бірі — Украина, онда 52 жыл бойы Патшалықты уағыздау ісіне тиым салынған болатын.
“2002 жылғы Ехоба Куәгерлерінің жылнамасында” осы елдегі Құдай халқының бастан кешкен оқиғасы жазылған. Бұл — ауыр азап кезінде танылған сенім, батылдық пен күшті жігер танытқандардың оқиғасы. Төменде Украинадағы Ехоба Куәгерлерінің филиалына келіп түскен ризашылық білдірген хаттардың бірнешеуі келтіріліп отыр:
“Мен 2002 жылдың “Жылнамасын” түгел оқып шықтым. Украинада болған жайды оқығанда, көз жасымды тыя алмадым. Сендердің құлшыныс танытқан мысалдарың мен күшті сенімдеріңнен қандай үлкен жігер алғанымды білсеңдер екен деймін. Сендердей мүшелері бар рухани отбасына жататынымды құрмет тұтам. Шын жүректен шыққан алғысымды айтам”,— Андре, Франция.
“2002 жылғы “Жылнама” үшін сендерге және Ехобаға айтар ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өмірлерінің тамаша жылдарын түрмеде, концлагерьлерде өткізген бауырластарымыздың бастан кешкендері туралы оқығанда, көзіме жас келді. Олардың батылдығына тәнті болдым. 27 жылдан бері Ехоба Куәгері болсам да, әлі де сол бауырластардан үлгі алам. Олар менің көктегі Әкеміз Ехобаға деген сенімімді нығайтты” — Вера, бұрынғы Югославия.
“Сендердің сонау қарсылық болған жылдары көрсеткен төзімділіктерің мен адалдықтарыңның керемет үлгілеріне риза болғандықтан, осы хатты жазып отырмын. Ехобаға толығымен сенімді болғандарың және оған адал болып қалуға белдеріңді бекем буғандарың сендерге үлкен құрмет әкеледі. Оның үстіне, сынақтарда көрсеткен кішіпейілділіктерің Ехобаның өз халқын еш тастамайтынына деген сенімділігімді күшейте түсті. Өйткені сендердің батылдық, табандылық пен қажырлылық танытқан үлгілеріңнің арқасында өзіміздің болмашы қиындықтарымызды қабылдау әлдеқайда жеңіл” — Тутерихиа, Француз Полинезиясы.
“Жылнаманы” оқып шыққан соң, хат жазбасыма болмады. Жазылған барлық жігерлендірерлік оқиғалар жүрегіме қатты әсер етті. Осындай сүюші де қамқор, керек кезінде күш беретін Әкеміз басшылық беріп отырған, адал да біріккен ұйымның мүшесі болу үлкен мақтаныш екенін сезіндім. Ехобаның небір батыл қызметшілері соншалықты азап шегіп, тіпті өмірлерін жоғалтқанына қайғырдым. Әйтсе де, олардың батылдығы мен құлшыныстарының нәтижесінде көптеген адамдар шындықты танып, сүйікті Әкемізді білгендеріне қуандым” — Колетт, Нидерланды.
“Әйелім екеуміз “Жылнаманың” ішіндегі Украинада болған оқиғалардың жүрегімізге қатты әсер еткенін айтуымыз керек деген шешіммен жазып отырмыз. Бауырластар, сендер ұзаққа созылған әрі қиын ауыртпалық кезінде төзімділіктің керемет үлгісін көрсеттіңдер. Нақыл сөздер 27:11-де айтылған сөздерге сәйкес, Украинадағы соншалықты көп бауырластарымыздың Шайтанның зұлым әрекеттеріне қарамастан, адалдық сақтап қалғандары Ехобаны қалай бақытты етті десеңші!” — Алан, Австралия.
“Украинадағы бауырластарымыз туралы оқығанда, көзіме жас оралды. Олар небір қиыншылықтарға — ұзақ жылдық қамауға, азап пен қанаушылық және отбасынан ажырауға — төзе білді. Қауымдарыңда әлі де қызмет етіп жүрген бауырластардың бәріне оларды жақсы көретінімді және қатты құрметтейтінімді айтқым келеді. Мен олардың батылдықтары мен табандылықтарына сүйсінем. Олардағы күштің қайнар көзі Ехобаның рухы екенін білем. Ехоба қасымызда, әрі бізге көмектескісі келеді” — Сергей, Ресей.
“2002 жылдың “Жылнамасын” оқығанда, жыладым. Қауымымыздағы көп бауырластар сендер жайлы айтып жүрді. Сендер шынында да асыл қазынасыңдар. Осындай үлкен рухани отбасының бөлігі болғаныма бақыттымын” — Уенхи, Оңтүстік Корея.
“Мен сендердің сенімдерің, төзімділіктерің, сондай-ақ Ехоба мен оның Патшалығына деген айнымас сүйіспеншіліктеріңнен терең әсер алдым. Кейде біз қолымызда бар еркіндік пен Ехоба қамтамасыз етіп отырған мол рухани асты бағалай бермейміз. Алайда сендер олай етпедіңдер. Сендердің оқиғаларың Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болсақ, ол қандай сынақта болмасын бізге күш беретінін түсінуге көмектеседі” — Паулу, Бразилия.
“2002 жылдың “Жылнамасынан” сендердің оқиғаларың туралы оқуға мүмкіндігім болды. Олар маған қатты әсер етті, әсіресе Лидия Курдастың оқиғасы тебірентті. Ол менің жаныма жақын бола түсті”— Нидиа, Коста-Рика.
“Бүгін 2002 жылдың “Жылнамасын” оқып бітірдім. Оны оқығаннан Ехобаға деген сенімім нығайды. Жетекшілікті қолға алғандарға қатысты күдік ұрығының себілгені туралы оқиғаны ешқашан есімнен шығармаймын. Бұл мені қолына жетекшілікті алған бауырластарға ешқашан күмән келтірмеуге үйретті. Үлкен рақмет! Бұл рухани тамақ жүрегімізге жағымды әрі бізді сеніміміз сыналатын уақытқа дайындайды” — Летисиа, Құрама Штаттары.
“Керемет “Жылнама” үшін өте ризамыз. Жариялаушылардың көбісі Украинадағы бауырластарымыздың іс-әрекеттері жөнінде алғаш рет оқыды. Бауырластардың сенімдері нығайып қалды. Көпшілігі, әсіресе жастар, қызметке көп уақыт бөле бастады. Кейбіреулері жалпы не қосалқы ізашар ретінде қызмет етуді бастады. Қызметке тиым салынған кездері Ехобаға қызмет еткен бауырластарымыздың оқиғаларынан бәрі де жігерленді” — қауымның қызмет комитеті, Украина.
Украинадағы бауырластарымыздың адалдығы шынында да бүкіл дүние жүзіндегі Ехобаның халқы үшін жігердің көзі болды. Расында да, “Жылнамада” жыл сайын жазылатын тебірентерлік оқиғаларды үнемі оқу — өте маңызды кезде төзімділік танытып, сенімімізді нығайтудың керемет жолы (Еврейлерге 12:1).