Неге үздіксіз дұға етуіміз керек?
“Үздіксіз Құдайға сиыныңдар, Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар!” (1 САЛОНИҚАЛЫҚТАРҒА 5:17, 18).
1, 2. Даниял дұға айту мүмкіндігін бағалайтынын қалай көрсеткен және бұл оның Құдаймен қарым-қатынасына қалай әсер еткен?
ДАНИЯЛ пайғамбардың күніне үш рет Құдайға дұға ететін дағдысы болған. Ол жоғарғы бөлмесіне келіп, Иерусалим қаласына қарайтын терезесінің алдында тізе бүгіп, дұға ететін (3 Патшалықтар 8:46—49; Даниял 6:10). Мидиялық патша Дариден басқа ешкімге тілек айтып, жалбарынбасын деген патша қаулысы шыққанда да, дағдысынан айну Даниялдың ойына да кіріп шықпаған. Өміріне қатер төнетін-төнбейтініне қарамастан, дұға етуді қатты бағалайтын Даниял Ехобаға сиынып мінажат етуін доғармаған.
2 Ал Ехоба Даниялға қалай қараған? Даниялдың дұғаларының біріне жауап беру үшін келгенде, Жәбірейіл періште оны “өте сүйікті адам” деген (Даниял 9:20—23, The New English Bible). Ал Езекиелдің пайғамбарлығында Ехобаның Даниялды әділ деп есептейтіні айтылған (Езекиел 14:14, 20). Даниял өмір бойы дұға етіп жүргенінің арқасында Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытқаны сөзсіз, әрі мұны тіпті Дари де мойындаған (Даниял 6:16).
3. Бір миссионердің басынан өткен жағдайдан көрінгендей, қалай дұға адалдығымызды сақтауға көмектеседі?
3 Үнемі дұға ету ауыр қиыншылықтарға кезіккенде де көмектеседі. Мысалы, бес жыл бойы Қытай түрмесінде оңаша қамауда отырған Харолд Кинг деген миссионердің басынан өткенді қарастырып көрейік. Басына түскен жағдай жөнінде Кинг бауырлас былай деді: “Мені бауырластарымнан айырғанмен, Құдайдан ешкім де айыра алмады. Сондықтан Киелі кітапта әңгімеленген Даниялды жадымда тұтып, камерамның қасынан кім өтіп жатса да, тізерлеп тұрып күніне үш рет дауыстап дұға ететінмін... Осындай жағдайларда Құдайдың киелі рухы ой-санамды зор пайдасын тигізетін ойларға бағыттап, көңіліме жай беретіндей болып көрінетін. Дұға қалайша нығайтып, жұбаныш беретін еді десеңші!”
4. Осы мақалада дұғаға қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?
4 Киелі кітапта: “Үздіксіз Құдайға сиыныңдар, Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар!” — делінген (1 Салониқалықтарға 5:17, 18). Осы кеңесті ескере отырып, келесі сұрақтарды қарастырып көрейік: Неге дұғаларымыздың сапасы мен жүйелілігіне көңіл қоюымыз керек? Құдайға үнемі дұға етіп жақындаудың қандай себептері бар? Қателік жасап қойып, өзімізді Құдайға дұға етуге лайықсыз сезінер болсақ, не істегеніміз жөн?
Дұға арқылы достық қарым-қатынас дамыту
5. Дұға қандай ерекше достық қарым-қатынаста болуға көмектеседі?
5 Ехобаның өзіңді досы ретінде қарастырғанын қалар ма едің? Ол рубасы Ыбырайыммен солай, досы ретінде, сөйлесетін (Ишая 41:8, сілтемеге қара; Жақып 2:23). Ехоба біздің де өзімен осындай қарым-қатынас дамытқанымызды қалайды. Ол тіпті бізді өзіне жақындауға шақырады (Жақып 4:8). Бұл дұға етуге қатысты керемет мүмкіндігіміз туралы жақсылап ойлануға талпындырады емес пе? Лауазымды қызмет адамымен, достасуды айтпай-ақ қоялық, сөйлесу үшін кездесудің өзі өте қиын. Ал Әлемнің Жаратушысы болса, өзіміз қалаған не қажет еткен кезде, өзіне еркін дұға етіп жақындауға шақырады (Забур 36:5). Үздіксіз дұғаларымыз Ехобамен жақын достық қарым-қатынаста болуымызға көмектеседі.
6. ‘Дұға ете беруге’ қатысты Исадан қандай үлгі алуымыз керек?
6 Алайда дұғаға немқұрайды қарап кету оп-оңай. Әдетте күнделікті қиыншылықтардың бар көңілімізді аударып әкететіні соншалық, Құдаймен сөйлесуге күш салудан қалып та жатамыз. Иса шәкірттерін ‘дұға ете беруге’ шақырған, әрі өзі де солай еткен (Матай 26:41, ЖД). Ол таңертеңнен қара кешке дейін бос болмағанына қарамастан, көктегі Әкесімен сөйлесуге уақыт табатын. Кейде ол “таң атпай тұрып”, дұға ететін (Марқа 1:35). Өзге бір жағдайда, күн аяқталған кезде, жеке дұға ету үшін оңаша жерге барады (Матай 14:23). Иса мінажат етіп сиынуға үнемі уақыт бөлетін, біз де солай етуіміз керек (1 Петір 2:21).
7. Қандай жағдайлар көктегі Әкемізбен күнде сөйлесуге талпындыру керек?
7 Жеке дұға айтудың мүмкіндіктері өте көп, мысалы, біз күнде қиыншылықтарға, аяқ астынан пайда болған азғыруларға кезігіп отырамыз, сондай-ақ шешімдер қабылдап жатамыз (Ефестіктерге 6:18). Барлық жағдайда Құдайдың басшылығын іздер болсақ, сөзсіз онымен достығымыз нығаяды. Егер екі дос қиыншылыққа бірге төтеп берер болса, олардың достығы берік болмай ма? (Нақыл сөздер 17:17). Ехобаға жүгініп, оның көмегін қолданар болсақ, біздің де достығымыз берік болады (2 Шежірелер 14:11).
8. Нехемия, Иса және Ханналардың мысалынан жеке дұғаның ұзақтығына қатысты не білдіңдер?
8 Құдайдың өзімен қаншалықты ұзақ және жиі сөйлесуге болатынына қатысты шектеу қоймайтыны қалайша қуантады десеңші! Нехемия Парсы патшасына өтінішін айтар алдында жылдам іштей дұға етіп алған (Нехемия 2:4, 5). Иса да Ехобадан Елазарды қайта тірілтуге күш сұрағанда, қысқаша дұға айтқан (Жохан 11:41, 42). Ал Ханна болса көңіліндегіні ашып, ‘Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынған’ (1 Патшалықтар 1:12, 15, 16). Өзіміз көріп отырғандай, жеке дұғаларымыз қажеттілік пен жағдайға сай қысқа не ұзақ болуы мүмкін.
9. Неге дұғаларымызда Ехобаны мадақтап, оның біз үшін істегендерінің бәрі үшін ризашылығымызды білдіруіміз керек?
9 Киелі кітапта Ехобаның зор құдіреті мен керемет істерін ризашылықпен мойындауға арналған көп дұғалар бар (Мысырдан шығу 15:1—19; 1 Шежірелер 16:7—36; Забур 144). Елші Жохан алған аянында Ехобаны: “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді”,— деп мадақтап жатқан 24 ақсақалды, яғни көктегі орындарына ие болған майланған мәсіхшілердің толық санын, көрген (Аян 4:10, 11). Жаратушыны үнемі мадақтауға бізде де себеп бар. Баласы ата-анасының өзіне істеген қандай да бір ісі үшін бар көңілімен ризашылығын білдірсе, олар зор қуанышқа бөленеді. Ехобаның мейірімділігін бағалап, ой жүгіртіп, шын жүректен ризашылығымызды білдіру — дұғаларымыздың сапасын жақсартудың керемет жолы.
Не үшін ‘үздіксіз сиыну’ қажет?
10. Сенімімізді нығайтуда дұғаның алатын орны қандай?
10 Үнемі дұға ету — сеніміміз үшін аса қажет. “Үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің” керектігін астарлап түсіндіргеннен кейін, Иса былай сұрады: “Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде жер бетінен Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?” (Лұқа 18:1—8). Ыстық, шын жүректен шыққан дұға сенімді нығайтады. Рубасы Ыбырайым қартайып, ұрпақты болу мүмкіндігінен қалғанда, сол жайында Құдайға айтады. Ехоба жауап орнына алдымен одан аспанға қарап, ондағы жұлдыздарды ‘санай алар ма екендігін’ сұрады. Сосын оған: “Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!” — деп уәде берді. Ал Ыбырайым не істеді? Ол “Тәңір Иеге сенді, сондықтан Тәңір оны Өз алдында әділ деп есептеді” (Жаратылыс 15:5, 6, сілтемені қараңдар). Егер біз дұға етіп, көңіліміздегіні Ехобаға ашып, Киелі кітаптың уәделеріне сеніп, оған мойынсұнар болсақ, ол сенімімізді нығайтады.
11. Басымызға қиыншылық түскенде дұға қалай көмектеседі?
11 Сонымен қатар дұға ету қиыншылықтарға төтеп беруге де көмектеседі. Күнделікті кезігіп жүрген ауыртпалықтарың жандарыңа бата ма? Киелі кітапта бізге былай делінген: “Барлық уайымыңды Тәңірге тапсыр, сонда Ол сені демейді. Әділеттінің сүрінуіне Ол ешқашан жол бермейді” (Забур 54:23). Күрделі шешім қабылдау керек болғанда, Исаның үлгісіне ой жүгіртуге болады. Ол 12 елшісін таңдарда, түні бойы сиынып, жеке дұға еткен (Лұқа 6:12—16). Ал өлерінен бұрын қатты дұға еткені сонша, ‘тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамған’ (Лұқа 22:44). Мұның нәтижесі қандай болды? “Құдай Оның сиынғанына құлақ салып, бойын билеген үрейден арылтты” (Еврейлерге 5:7, сілтемені қараңдар). Ыстық әрі үздіксіз дұғаларымыз қиын шақтар мен ауыр сынақтарға төтеп беруге көмектеседі.
12. Қалай дұға ету мүмкіндігі Ехобаны біздің жеке мүддеміз қызықтыратынын көрсетеді?
12 Дұға етіп Ехобаға жақындау керектігінің тағы бір себебі — оның да бізге жақындауы (Жақып 4:8). Көңіліміздегінің бәрін дұғада Ехобаға ашқан кезде, оны біздің мүддеміз қызықтыратынын және мейірлене қамымызды ойлайтынын сезінбейміз бе? Біз Құдайдың сүйіспеншілігін өз жағдайымызда ерекше сезінеміз. Ехоба қызметшілерінің көктегі Әкесі ретінде өзіне жолдаған дұғаларын тыңдауды ешкімге тапсырмаған. Барлық дұғаларды ол өзі тыңдайды (Забур 65:19, 20; Лұқа 11:2). Сондай-ақ ол бізді ‘барлық уайымымызды өзіне сеніп тапсыруға’ шақырады, ‘себебі ол қамымызды ойлайды’ (1 Петір 5:6, 7).
13, 14. Үздіксіз дұға етуге бізде қандай себептер бар?
13 Дұға бізді уағыздау қызметіне құлшындыра түсіп, немқұрайдылық немесе қудалаудың кесірінен бәріне қолды бір-ақ сілтегің келетін кездерде күш береді (Елшілердің істері 4:23—31). Сондай-ақ дұға ‘Шайтанның қастық іс-әрекеттерінен’ де сақтайды (Ефестіктерге 6:11, 17, 18). Күнделікті қиыншылықтармен күресіп жүргенде, үнемі Құдайдан бізді нығайтуын сұрауымызға болады. Исаның үлгілі дұғасында Ехобаға арналған “шайтанның ықпалынан құтқара гөр” деген өтініш те бар (Матай 6:13, сілтемені қара).
14 Егер күнәға бейімділігімізбен күресуге көмектесуін сұрап дұға ете берер болсақ, Ехобаның қол ұшын бергенін көреміз. Жазбаларда бізге арналған мынадай сөздер бар: “Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді” (1 Қорынттықтарға 10:13). Елші Пауыл өз тәжірибесінде түрлі жағдайларда Ехобаның нығайтып қамқорлық еткенін көрген. Ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәріне де төзе аламын”,— деді (Філіпіліктерге 4:13, ЖД; 2 Қорынттықтарға 11:23—29).
Қателіктерімізге қарамастан ұдайы сиыну
15. Құдайдың талабына сай келмейтін қылық істеп қойсақ, не болуы мүмкін?
15 Дұғаларымыз Құдайға ұнамды болу үшін, Құдай Сөзіндегі кеңестерге немқұрайды болмауымыз керек. “Одан не сұрасақ та, аламыз,— деп жазды Жохан.— Өйткені Тәңірдің өсиеттерін орындап, Ол не қаласа, соны істейміз” (1 Жохан 3:22). Алайда Құдайдың талабына сай келмейтін қылық істеп қойсақ, не болуы мүмкін? Адам мен Хауа Едем бағында күнә жасап қойғаннан кейін жасырынып қалған. Біз де Ехобаның “көзінен тасаланып”, жасырынып қалғымыз келіп, дұға етпей қоюымыз мүмкін (Жаратылыс 3:8). “Менің байқағаным, барлық жағдайда дерлік Ехоба мен оның ұйымынан алыстайтындардың бірінші қателіктері — дұға етуді доғару”,— деп ескерді Клаус деген аралаушы бақылаушы (Еврейлерге 2:1). Хосе Анжелмен тап солай болған. Ол былай деді: “Сегіз жылға жуық уақыт бойы Ехобаға сирек дұға еттім. Оны көктегі Әкем ретінде қабылдағаныммен, дұға етуге өзімді лайықсыз есептейтінмін”.
16, 17. Жүйелі түрде дұға етудің рухани әлсіздікті жеңуге көмектесетінін көрсететін мысал келтіріңдер.
16 Кейбіріміз рухани әлсіреп қалғандықтан немесе күнә жасап қойғандықтан, өзімізді дұға етуге лайықсыз есептеуіміз мүмкін. Бірақ біз тап осындай кезде дұғаның пайдасын барынша көруіміз керек қой. Жүніс өзіне тапсырылған істі орындамай қашып кеткен. Бірақ ол ‘қиын-қыстау кезінде, Құдай Иесіне сиынды, ол жауап берді де. Ол тұңғиықтың терең түкпірінен одан көмек сұрап жалбарынған еді. [Ол] шақырған даусына құлақ салды’ (Жүніс 2:3). Жүніс дұға етті, ал Ехоба жауап берді, сөйтіп ол қайта рухани нығайды.
17 Хосе Анжел де көмек сұрап бар көңілімен дұға етеді. Ол былай әңгімеледі: “Мен Құдайдың алдында көңілімдегінің бәрін ашып, кешірім өтініп жалбарындым. Ол маған жауап берді де. Дұғаның көмегі болмағанда, мен қайта шындыққа келмес едім деп ойлаймын. Қазір мен күнделікті үзбей дұға етемін, әрі дұға ететін уақытты асыға күтемін”. Біз де Құдай алдында қателіктерімізді ашық мойындап, кішіпейілдікпен кешірім сұрауымыз керек. Дәуіт патша жасаған қылықтарын ашық мойындағанда, Ехоба оны кешірген (Забур 31:3—5). Ехоба айыптауды емес, бізге көмектесуді қалайды (1 Жохан 3:19, 20). Сонымен қатар қауымдағы ақсақалдардың дұғалары бізге рухани жағынан көмектеседі, олардың дұғаларының “күші орасан зор” (Жақып 5:13—16).
18. Құдайдың қызметшілері қаншалықты адасқандарына қарамастан, не нәрсеге сенімді бола алады?
18 Қандай әке қателік істеп қойып, кішіпейілділікпен көмек пен кеңес сұрап келген баласын қабылдамай қояды дейсің? Адасқан ұл туралы астарлы әңгімеден көктегі Әкеміздің қаншалықты адасқанымызға қарамастан, өзіне бет бұрар болсақ, қуанатыны көрінеді (Лұқа 15:21, 22, 32). Ехоба адасқандардың бәрін өзіне қайтып оралуға шақырады, “өйткені Оның кешірімі шексіз!” (Ишая 55:6, 7). Дәуіт бірнеше ауыр күнә жасап қойса да, Ехобаға бет бұрып: “Құдайым, мінажатыма құлақ асып, жалбарынған дұғамнан жасырынбашы”,— деген. Сондай-ақ ол: “Кешке де, таңертең де, түсте де жалбарынып сиынамын, сонда Ол үніме құлақ салады”,— деді (Забур 54:2, 18). Неткен жұбаныш беретін сөздер!
19. Неге жауапсыз қалған сияқты болып көрінетін дұғалар Құдайға ұнамсыз деген пікірге келмеген жөн?
19 Ал егер дұғамызға бірден жауап алмасақ ше? Онда өтінішіміздің Ехобаның еркіне сай әрі Исаның атынан айтылғанына көз жеткізуіміз керек (Жохан 16:23; 1 Жохан 5:14). Шәкірт Жақып кейбір мәсіхшілер ‘ізгі ниетпен сұрамағандықтан’, дұғаларына жауап алмағанына нұсқаған (Жақып 4:3). Басқа жағынан алып қарайтын болсақ, жауапсыз қалған сияқты болып көрінетін дұғалардың бәрі Құдайға ұнамсыз деген пікірге келуге асықпаған жөн. Ехоба кейде адал қызметшілері жауап алғанша, біраз уақыт дұға етіп сұрауларына жол беруі мүмкін. Иса: ‘Құдайдан сұрай беріңдер, сонда ол береді’,— деген (Матай 7:7, сілтемені қара). Сондықтан ‘ұдайы сиына’ беруіміз керек (Римдіктерге 12:12).
Жүйелі түрде дұға етіңдер
20, 21. а) Неге қазіргі “соңғы дәуірде” үнемі дұға ету қажет? ә) Рақымы мол Ехобаның тағына дұға арқылы күнде жақындар болсақ, не нәрсеге ие боламыз?
20 “Қиын-қыстау күндер” ретінде суреттелетін қазіргі “соңғы дәуірде” қысым үдеп, қиыншылық көбеюде (2 Тімотеге 3:1). Сондықтан ой-санамыз оп-оңай сынақтарға ауып кетуі мүмкін. Алайда ауыр қиыншылықтарға, сынақтар мен ұнжырғамыздың түсуіне қарамастан, үздіксіз дұға етуіміз өміріміздің рухани бағыттан ауытқымауына көмектеседі. Ехобаға күнделікті дұға айтқанымыз бізге аса қажетті қолдау балады.
21 ‘Дұғаларды тыңдайтын’ Ехоба ешқашан дұғаларымызға құлақ аса алмайтындай қолы тимей жатпайды (Забур 64:3). Біз де онымен сөйлесуге әрқашан уақыт табуымыз керек. Біздің меншігіміздегі ең асылымыз — Құдаймен достық қарым-қатынасымыз. Біз оны әрқашан жоғары бағалауымыз керек. “Ендеше рақымы мол Құдайдың тағына еш қысылмастан жақындап, өтініштерімізді білдірейік. Осылай көмекке мұқтаж кездерімізде Оның мейірімділігі мен рақымына ие боламыз” (Еврейлерге 4:16).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Даниял пайғамбардан дұға етуді бағалауға қатысты қандай үлгі алуға болады?
• Ехобамен достығымызды қалай нығайтуға болады?
• Неге біз үздіксіз дұға етуіміз керек?
• Неге өзімізді түкке тұрғысыз сезінгеніміз Ехобаға дұға етуге кедергі болмау керек?
[14-беттегі сурет]
Нехемия патшамен сөйлесер алдында ішінен қысқаша дұға еткен
[15-беттегі сурет]
Ханна ‘Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынған’
[16-беттегі суреттер]
Иса 12 елшісін таңдарда түні бойы дұға еткен
[18-беттегі суреттер]
Тәулікте дұға етудің мүмкіндіктері көп