Жоғарғы сот “Арарат жеріндегі” шынайы ғибадатты қолдайды
Үш баланың әкесі, ақ шашты армяндық кісі өз елінің жоғарғы сотының алдында тұр. Бұл кісінің және оның бір сенімдегі бауырластарының бостандығына қауіп төніп тұр.Төрешілер Оның Киелі кітаптан үзінді келтіріп, өзінің діни нанымдарын түсіндіріп жатқанын тыңдап отыр. Арменияда болған бұл сот қалайша шынайы ғибадатты жеңіске жеткізгенін түсіну үшін осы оқиғаға дейін не болғанын көрейік.
АРМЕНИЯ Түркияның шығысында, Кавказдың оңтүстік өңірінде орналасқан. Елде 3 миллионнан астам адам өмір сүреді. Елдің астанасы Ереваннан, ел аузындағы әңгімеге сәйкес, Нұхтың кемесі тоқтаған Арарат тауының екібасты шыңының керемет көрінісін тамашалауға болады (Жаратылыс 8:4).a
Ехоба Куәгерлерінің мәсіхшілік ісі Арменияда 1975 жылдан бастап жүргізілуде. Армения 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағының құрамынан шыққаннан соң, елде діни істермен айналысатын Мемлекеттік кеңес құрылды. Бұл кеңес діни ұйымдарды тіркеуден өткізуге тиісті еді. Алайда бұл кеңес мәсіхшіл бейтараптықтарына бола Ехоба Куәгерлерін тіркеуден бірнеше рет бас тартты. Нәтижесінде Арменияда 1991 жылдан бері 100-ден аса жас Ехоба Куәгерлеріне айып тағылып, көпшілігі әскери қызметке қатысты діни көзқарастары үшін түрмеге жабылған.
Кеңес сонымен қатар мемлекеттік прокуратурадан мәсіхшіл қауымның ақсақалы, еңбексүйгіш заңгер, атом электростанциясында істейтін Лева Маргарянның діни істерінің үстінен тергеу жүргізуін өтінген. Мұның барлығы Маргарян бауырласқа 244-бапқа сай айып тағылумен аяқталған. Кеңес одағынан бері келе жатқан бұл заң Хрущевтің кезінде қабылданған. Бұның мақсаты — Ехоба Куәгерлерінің және басқа да діни топтардың діни ісіне кедергі келтіру және бірте-бірте таратып жіберу.
Заң бойынша діннің атын жамылып, заң жүзінде тіркелмеген, жастарды “азаматтық міндетін орындаудан бас тартуға шақыратын” діни топтарды ұйымдастыру немесе осындай топтардың үстінен басшылық ету қылмыс болып табылады. Прокурордың келтірген басты айғағы — Маргарянның Мецамор қаласында өткізген кездесулеріне кәмелетке толмағандардың қатысуы. Сонымен қатар прокурор Маргарян бауырласымызды жастарды әскери қызметтен бас тартуға күштеген деп айыптады.
Сот талқылауы
Төреші Манвел Симонян басшылық еткен сот талқылауы Армавир қаласының аудандық сотында 2001 жылдың 20 шілдесінде басталып, тамыз айында жалғасын тапты. Айыптаушылар жағынан куәгерлер жауап беру кезінде Маргарянға қарсы куәгерлік айғақты Ұлттық қауіпсіздік министірлігінің (бұрынғы КГБ) өкілдерінің айтып тұруымен жазғанын және сол қағазға қол қоюға да солар мәжбүр еткенін мойындады. Тағы да бір жағдайда бір куәлік беруші әйел қауіпсіздік Министрлігінде істейтін қызметкердің “Ехоба Куәгерлері біздің мемлекетімізге және дінімізге қарсы шығады” деп айтуын бұйырғанын мойындады. Ол әйелдің өзі Ехоба Куәгерлерін жеке танымайды екен, тек мемлекеттік телеарнадан оларға айып тағылып жатқанын естіпті.
Жауап беру кезегі Маргарян бауырласқа келгенде, ол кәмелетке келмегендердің Ехоба Куәгерлер кездесулеріне ата-аналарының рұқсатымен келетіндігін айтты. Сонымен қатар әлдекім әскерге бара ма, жоқ па, оны өзі шешетіні де айтылды. Прокурор бірнеше күн тұс-тұстан жақсылап тергеу жүргізді. Маргарян бауырлас Киелі кітаптың көмегімен өзінің діни нанымдары туралы байыппен жауап берді, ал прокурор сол аралықта Жазба орындарын өзінің Киелі кітабынан тексеріп отырды.
2001 жылдың 18 қыркүйегінде төреші сот шешімін жариялап, Лева Маргарянның “іс-әрекетінде қылмыстық құрамның” жоқтығынан оны “кінәсіз” деп таныды. Ассошиэйтед Пресс ақпарат агенттігі бұл туралы мынадай қызықты мәліметтер келтірген: “Дінге күштеп кіргізген, сонымен қатар жастарды әскери қызметтен бас тартуға қинаған деп айып тағылған Ехоба Куәгерлері жетекшілерінің бірі бүгін кінәсіз деп танылды. Екі айға созылған сот талқылауынан кейін, сот 5 жыл бас бостандығынан айырылу қаупі төнген жетекші... [Лева Маргарянға] қарсы жеткілікті дәлел жоқ деп шешім шығарды... Армения Конституциясында дін бостандығына кепілдік бергенімен, жаңа діни топтарға тіркеуден өту өте қиын, басшылардың қолдауына ие болып жатқан көбінесе Армян апостолдық шіркеуі”. 2001 жылдың 18 қыркүйегінде болған пресс-релизде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) былай деді: “Сот дұрыс шешім шығарған, бірақ біз негізінде осы істің болғандығына өкініш білдіреміз”.
Қудалау жалғасуда
Бұған қарамай прокурорлар бірінші сатыдағы соттың шешіміне наразылық білдіріп, бұл іс апелляциялық сотта тағы да төрт ай қаралды. Сот ісінің басында Маргарян бауырлас жауап беруге шыққан кезде, төрешінің біреуі оған сұрақ қойды. Маргарян бауырлас сұраққа жауап бере бастап еді, төраға қарсы пікір айтып, оны тоқтатып тастады. Бұдан кейін ол Маргарянның бірде-бір сұраққа толық жауап беруіне мұрша бермеді. Сосын ол қорғау жағынан сотталушыға берілген сұрақтардың көбісін ешбір негізсіз алып тастап отырды. Сот мәжілісі өтетін залға көп жиналған Ехоба Куәгерлеріне қарсы діни фанаттар сот жүріп жатқан кезде, бауырласымыз Маргарянды бірнеше рет тілдеді. Сот ісі жүргізіліп жатқан кезде, телеарнадан бұрмаланған және жалған мәліметтер айтылып жатты. Мысалы, бауырласымыз Маргарян кінәсін мойнына алды деп те хабарланды.
Сот барысының ортасына таман үш төреші кіретін алқаның төрағасы діни іске қатысты Мемлекеттік кеңестің прокуратурадан Маргарян бауырласқа қарсы шара қолдануын талап еткен хатты халыққа жайып салып, қатысушыларды таңқалдырды. Бұл іске қатысып отырған халықаралық бақылаушылар қатты таңқалысты, өйткені Армения Еуропа кеңесінің мүшесі болуға өтінішті толтырғанда, “барлық діни ұйымдарға, әсіресе соның ішіндегі “дәстүрлі емес” деп қарастырылатын діни ұйымдарға, дін тұту еркіндігін қамтамасыз ету” міндетін мойнына алған еді.
Әрі қарай жағдай қиындай түсті. Қарсыластар Ехоба Куәгерлеріне сотта да, басқа жерлерде де тыныштық бермеді. Ехоба Куәгерлерінің әйелдерін аяқтарынан ұрды. Бір Ехоба Куәгері қол көтерушілерге қарсы әрекет жасамағандықтан, омыртқасынан қатты соққы алып, оны ауруханаға жатқызуға тура келді.
Осы кезде үш төрешіден құралған сот алқасына жаңа төраға тағайындалған еді. Сот залында отырғандардың кейбіреулері қорғаушы адвокатты қорқытпақшы болды. Алайда жаңадан келген төраға тәртіп орнатып қана қойған жоқ, тіпті адвокатқа қарсы қоқан-лоқы шығарып, айғайлаған әйелді сот залынан шығарып жіберуді де бұйырды.
Арменияның жоғарғы сотында
2002 жылдың 7 наурызында апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін қайта бекітті. Бір қызығы, осыдан сәл бұрынырақ дін жөніндегі Мемлекеттік кеңес таратылған болатын. Прокурорлар бұл жолы тағы да наразылық білдіріп, Арменияның жоғарғы сотына, яғни Кассациялық сотына жүгінді. Олар соттан “айыптау үкімін шығару” үшін бұл істің қайта тергелуін сұранды.
2002 жылдың 19 сәуірінде сағат 11-де төреші Мгер Хачатрянның төрағалық етуімен алты төрешіден тұратын сот алқасы мәжіліске жиналды. Алғы сөз алған прокурорлардың бірі алдыңғы сот сатысының екеуі де Маргарянды айыптау үкімін шығармағанына наразы екенін білдірді. Алайда бұл жолы төрешілердің төртеуі оны тоқтатып, тікесінен бірнеше сұрақ қойды. Төрешілердің бірі бұны соттың осы іске қатысты көзқарасына әсер етудің амалы деп бағалап, прокурорды қатты айыптады: Маргарянға қарсы жазылған арызда ізгі хабарды тарату және Ехоба Куәгерлерінің тіркеуден өтпеуі жазаланатын қылмыстық іс-әрекет болып қарастырылғанмен, бұл 244-бапқа қайшы келеді. Төреші сонымен қатар айыптаушылардың іс-әрекеттерін “қылмыстық іс қозғау арқылы жасалған қудалау” деп атады. Тағы бір төреші Ехоба Куәгерлерін “көпшілікке танымал дін” деп мойындаған Еуропадағы сот істері туралы және сол себепті олар азамат құқығы жөніндегі Еуропалық конвенцияның қорғауында екенін айтты. Осы кезде бір шіркеу қызметкері Ехоба Куәгерлері елде дау-жанжал туғызып жатыр деп қатты айғайлай бастады. Сот оған тыныштық сақтауды бұйырды.
Кейінірек сот залында төрешілердің өзі Лева Маргаряннан жауап алды. Маргарян бауырлас Ехоба Куәгерлерінің әр түрлі сұрақтарға қатысты мәсіхшіл көзқарастары туралы керемет куәлік берді (Марқа 13:9). Қысқаша кеңесуден кейін, төрешілер бірауыздан ақтау үкімін шығарды. Маргарян бауырластың иығынан зіл қара тас түскені байқалды. Соттың жазбаша түрдегі шешімінде былай делінді: “Қазіргі заң [Лева Маргарянның] ісін қылмыс ретінде қарастырмайды. Мұндай айыптау Армения Конституциясының 23-ші бабына және Еуропа конвенциясының 9-шы бабына қайшы келеді”.
Сот шешімінің салдары
Егер прокуратура бұл істе жеңіске жеткенде, Армениядағы Ехоба Куәгерлерінің ақсақалдарының барлығын қудалауға заңды мүмкіндік туатын еді. Алайда анық айтылған сот шешімі бұндай қудалауды тоқтатады деген үміт бар. Ехоба Куәгерлерін осы сотта ақтамағанда, бұл әрі қарай да оларды тіркеуге тұрғызбауға себеп болатын еді. Бақытқа орай, сот бұның заңды негізі жоқ екенін айқын көрсетіп берді.
Армениядағы 7 000 Ехоба Куәгерлері тіркеуге тұрғызылады ма, жоқ па оны уақыт көрсетер. Ал әзірше “Арарат жерінде” шынайы ғибадат өркендеуде.
[Сілтеме]
a Армяндықтардың өз елін Арарат тауымен байланыстыратын себептердің бірі — осы. Ежелде Армения осы тауды қамтыған өте үлкен патшалық болған. Сондықтан грек тіліндегі Киелі кітапта, Септуагинтада, “Арарат жері” Ишая 37:38-де “Армения” деп берілген. Қазіргі таңда Арарат тауы Түркияның аумағында, оның шығыс шекарасында орналасқан.