‘Асқан шыдамдылыққа бөленіңдер’
“Жанашыр... сабырлы [“асқан шыдамды”, ЖД] болып, осы қасиеттерге бөленіңдер” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:12).
1. Асқан шыдамдылықтың керемет үлгісі туралы әңгімелеп беріңдерші.
ФРАНЦИЯНЫҢ оңтүстік-батысында тұратын Режи 1952 жылы Ехоба Куәгері ретінде суға шомылдыру рәсімінен өткен болатын. Ехобаға қызмет атқаруына кедергі жасау үшін әйелі мүмкіндігінше тырысып бағады. Мысалы, мәсіхшілердің кездесулеріне бара алмауы үшін оның автокөлігінің дөңгелектерін тесіп тастауға әрекет жасайтын еді. Бір жолы тіпті үйме-үй жүріп уағыз айтқан күйеуінің қыр соңынан қалмай, үй иелеріне Патшалық туралы ізгі хабарды айтып жатқан кезінде оны келеке етеді. Бірақ үздіксіз қарсылыққа қарамастан, Режи асқан шыдамдылық танытты. Осылайша Режи барлық мәсіхшілер үшін керемет үлгі болып табылады, өйткені Ехоба өзіне ғибадат ететіндердің өзгелермен қарым-қатынасында асқан шыдамды болуларын талап етеді.
2. Асқан шыдамдылықты білдіретін еврей мен грек тілдеріндегі сөздердің қандай мағынасы бар?
2 Асқан шыдамды деп аударылған ежелгі грек сөзі сөзбе-сөз “ұзақ рух” дегенді білдіреді. Қазақ тіліндегі Киелі кітапта бұл сөз алты мәрте “төзімділік”, төрт мәрте “сабырлылық”, үш мәрте “шыдамдылық” және бір мәрте “ұстамдылық” деп аударылған. Еврей тілінде де, грек тілінде де асқан шыдамды деп аударылған бұл сөздің мағынасына шыдамды, ұстамды және ашуға баяу деген ұғымдар кіреді.
3. Мәсіхшілердің асқан шыдамдылыққа деген көзқарасының бірінші ғасырдағы гректердің көзқарасынан қандай өзгешелігі болған?
3 Бірінші ғасырда гректер асқан шыдамдылықты бағалы қасиет деп есептемеген. Стоик-пәлсапашылар бұл сөзді ешқашан қолданбаған. Киелі кітап зерттеушісі Уильям Барклидің айтуынша, асқан шыдамдылық “гректердің адамгершілік туралы түсінігіне мүлдем қарама-қайшы келеді”, өйткені олар өзге де нәрселермен қатар, “біреудің қорлауына немесе ұрып-соғуына шыдамауды” да дәріптейді. Баркли былай дейді: “Гректер қайткенде де кегін алмай қоймайтын адамды үлгі тұтатын болған. Ал мәсіхшілер болса, тіпті мүмкіндігі болған күнде де, кек қайтармайтын адамды үлгі тұтады”. Гректер асқан шыдамдылықты әлсіздіктің белгісі санаған болуы мүмкін, алайда бұл мәселеде де “Құдайдың ақылсыз нәрсесі адамдардан гөрі даналы, Құдайдың әлсіз нәрсесі адамдардан гөрі күшті” (1 Қорынттықтарға 1:25).
Мәсіх көрсеткен асқан шыдамдылықтың үлгісі
4, 5. Иса асқан шыдамдылықтың қандай керемет үлгісін көрсетті?
4 Ехобадан кейінгі асқан шыдамдылықтың керемет үлгісін көрсеткен Иса Мәсіх болды. Қатты қысым көрген уақытта да Иса таңғаларлық ұстамдылық танытты. Ол туралы пайғамбарлықта былай делінген болатын: “Ол зорлық-зомбылық көріп қиналды, алайда аузын ашпады. Оны тоқты сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын қой секілді тіс жармады” (Ишая 53:7).
5 Жер бетінде қызмет еткен кезінде Иса қандай керемет шыдамдылық танытқан десеңші! Ол өзінің дұшпандарының сөзден ұстау үшін қойған сұрақтары мен қарсыластарының қорлығына шыдаған (Матай 22:15—46; 1 Петір 2:23). Тіпті шәкірттері қайта-қайта кімнің жолы үлкен деп дауласқан кезде де Иса шыдамдылық танытқан (Марқа 9:33—37; 10:35—45; Лұқа 22:24—27). Ал өзін сатып кететін түні оның “сергек болыңдар” деген өтінішіне қарамастан Петір мен Жохан ұйықтап қалғанда, ол қандай керемет ұстамдылық танытты! (Матай 26:36—41).
6. Пауыл қалай Исаның асқан шыдамдылығының пайдасын көрді және біз бұдан не нәрсеге үйрене аламыз?
6 Өліп, қайта тірілгеннен кейін де Иса асқан шыдамдылық танытты. Мұны бұрындары мәсіхшілерді қудалаған елші Пауыл ерекше түсінген. Ол былай деп жазған еді: “Иса Мәсіх осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді”. Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет. Күнәкарлардың ішіндегі нағыз күнәкары мен едім. Ал Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін [“асқан шыдамдылығын”, ЖД] толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатындардың бәріне үлгі етті” (1 Тімотеге 1:15, 16). Бұған дейін қалай өмір сүрген болсақ та, егер Исаға сенім артатын болсақ, ол бізге асқан шыдамдылық танытады. Әрине, ол үшін біздің ‘Құдайға бет бұрып, соған лайықты іс істеуімізді’ күтеді (Елшілердің істері 26:20; Римдіктерге 2:4). Кіші Азиядағы жеті қауымға арналған хаттарынан Мәсіхтің асқан шыдамды болғанымен, олардың жақсы жағына өзгерулерін күткенін көруге болады (Аян 2, 3 тараулары).
Рухтың жемісі
7. Асқан шыдамдылық пен киелі рухтың қандай байланысы бар?
7 Ғалаттықтарға арналған хатының бесінші тарауында Пауыл күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтар мен рухтың жемісін қарама-қарсы қояды (Ғалаттықтарға 5:19—23). Асқан шыдамдылық — Ехобаға тән қасиеттердің бірі болғандықтан, бұл қасиет Ехобадан бастау алады және Оның киелі рухының жемісі болып табылады (Мысырдан шығу 34:6, 7). Пауыл рухтың жемісін суреттегенде асқан шыдамдылықты “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық... қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” деген қасиеттердің арасында төртінші кезекке қойған (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сол себепті, Құдайдың қызметшілері киелі рухтың әсерінің арқасында Құдайға ұқсап төзімді немесе асқан шыдамды бола алады.
8. Құрамына асқан шыдамдылық та кіретін киелі рухтың жемісін ненің арқасында дамыта аламыз?
8 Алайда, Ехоба адамды киелі рухқа күштеп бағындырмайды. Біз даярлықпен киелі рухтың әсер етуіне мүмкіндік беруіміз керек (2 Қорынттықтарға 3:17; Ефестіктерге 4:30). Барлық іс-әрекетімізде оның жемістерін таныту арқылы киелі рухтың өмірімізге әсер етуіне жол береміз. Күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтар мен рухтың жемісін атап өткен соң, Пауыл былай деді: “Біз Киелі Рухтың... жетекшілігімен өмір сүре берейік. Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. “Адам не ексе, соны орады” дейді. Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады. Ал Құдай Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады” (Ғалаттықтарға 5:25; 6:7, 8). Егер бойымызда асқан шыдамдылық дамытқымыз келсе, киелі рухтың мәсіхшілерде дамытатын жемісінің құрамына кіретін өзге де қасиеттерді дамытуымыз керек.
“Сүйіспеншілік асқан шыдамды”
9. Пауыл қорынттықтарға не себепті “сүйіспеншілік асқан шыдамды” деп айтқан болса керек?
9 Пауыл сүйіспеншілікпен асқан шыдамдылықтың арасындағы тығыз байланысты көрсеткен болатын. Ол былай деген еді: “Сүйіспеншілік асқан шыдамды” (1 Қорынттықтарға 13:4, ЖД). Киелі кітапты зерттеуші Альберт Барнздың айтуынша, Пауылдың бұған ерекше көңіл аударуының себебі Қорынттықтағы мәсіхшілер қауымында талас-тартыс, дау-жанжал болған (1 Қорынттықтарға 1:11, 12). Барнз былай дейді: “Бұл жерде қолданылған [асқан шыдамдылықты білдіретін] сөз асығыстыққа, яғни қызбалық пен ашу-ызаға бой алдыруға қарама-қарсы. Бұл қысым көріп, арандатушылыққа жолыққанда ҰЗАҚҚА ТӨЗЕ алатын ой қалпын білдіреді”. Сүйіспеншілік пен асқан шыдамдылық қазіргі уақытта да мәсіхшілер қауымындағылардың тату болуларына мол септігін тигізуде.
10. а) Сүйіспеншілік асқан шыдамды болуымызға қалай көмектеседі және осыған байланысты елші Пауыл бізге қандай кеңес береді? ә) Құдайдың асқан шыдамдылығы мен мейірімділігі туралы бір Киелі кітап зерттеушісі қандай пікір айтты? (Сілтемені қараңдар.)
10 “Сүйіспеншілік шыдамды [“асқан шыдамды”, ЖД] да мейірімді. Сүйіспеншілік... не өзімшіл, не ашушаң емес”. Сондықтан сүйіспеншілік көп жағынан асқан шыдамды болуымызға көмектеседіa (1 Қорынттықтарға 13:4, 5). Сүйіспеншілік біздің бір-бірімізбен шыдамдылықпен тіл табысуымызға және кемелсіз болғандықтан барлығымыздың да кемшіліктеріміз бар екенін ұмытпауымызға және қамқор әрі кешірімшіл болуымызға көмектеседі. Елші Пауыл бізді: “барлық жағдайларда кішіпейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер. Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!” — деп жігерлендіреді (Ефестіктерге 4:1—3).
11. Не себептен әсіресе мәсіхшілер бас қосқан ортада асқан шыдамды болу өте маңызды?
11 Асқан шыдамды болғандары қауымдарда, Бетел үйлерінде, миссионерлер үйлерінде, құрылыс бригадаларында немесе мәсіхшілерге арналған мектептерде, жалпы мәсіхшілер бас қосқан қай ортада болмасын олардың тату әрі қуанышты болуына септігін тигізеді. Мінез-құлқымыз, талғамымыз, тәрбиеміз, әдептілікке, тіпті тазалыққа деген көзқарасымыз әр түрлі болғандықтан, кейде арамызда қиын жағдайлар туындап отырады. Мұндай жағдайлар отбасында да болып тұрады. Сол себепті ашуға баяу болу өте маңызды (Нақыл сөздер 14:29; 15:18; 19:11). Барлығымыз да асқан шыдамды болуымыз керек, яғни жақсы жағына өзгереді деген үмітпен мұндай жағдайларды төзе білуіміз керек (Римдіктерге 15:1—6).
Асқан шыдамдылық табанды болуымызға көмектеседі
12. Неліктен қиын жағдайларда асқан шыдамды болу өте маңызды?
12 Асқан шыдамдылық шексіз немесе тез арада шешіле қоймайтындай көрінетін қиын жағдайларға төзуімізге көмектеседі. Мақаланың басында аталып өткен Режидің мысалы осының растығын дәлелдейді. Жылдар бойы әйелі оған Ехобаға қызмет етуге кедергі жасаған болатын. Алайда бір күні ол жылап келіп күйеуіне: “Мен бұл шындық екенін білемін. Көмектесші маған. Киелі кітапты зерттегім келеді”,— дейді. Ақырында ол Ехоба Куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өтеді. Режи былай дейді: “Бұл жылдар бойы күресіп, шыдамды да табанды болғаныма Ехобаның батасын бергенінің дәлелі”. Осылайша, Режи асқан шыдамдылығының жемісін көрді.
13. Пауылдың төзімді болуына не көмектесті және оның көрсеткен үлгісі біздің төзімді болуымызға қалай көмектеседі?
13 Б. з. бірінші ғасырында елші Пауыл асқан шыдамдылықтың керемет үлгісін көрсетті (2 Қорынттықтарға 6:3—10; 1 Тімотеге 1:16). Өмірінің соңында Пауыл өзінің жас досы Тімотеге ақыл-кеңес бере отырып, барлық мәсіхшілер сынақтарға кездесетінін ескерткен болатын. Пауыл өзінің үлгісін еске сала отырып, мәсіхшілердің төзімді болуы үшін қажет негізгі қасиеттерді атап өтті. Ол былай деп жазған болатын: “Сен маған еріп, менің ілімім, жүріс-тұрысым мен өмірдегі мақсатымды үлгі тұтып, сенімім, төзімділігім [“асқан шыдамдылығым”, ЖД] және сүйіспеншілігімді, әрі қуғындалып, азап шеккен кездерімде көрсеткен табандылығымды өз көзіңмен көрдің. Антақия, Қония мен Лүстрада маған не болғанның бәрін, сол қалаларда қандай қудалауды басымнан кешкенімді білесің. Ал Иеміз мені солардың бәрінен де құтқарды. Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады” (2 Тімотеге 3:10—12; Елшілердің істері 13:49—51; 14:19—22). Табанды болуымыз үшін барлығымызға да сенім, сүйіспеншілік және асқан шыдамдылық қажет.
Асқан шыдамдылыққа бөленгендер
14. Пауыл асқан шыдамдылық сияқты Құдайға ұнамды қасиеттерді не нәрсеге теңеді және Қолостық мәсіхшілерге ол қандай кеңес берді?
14 Елші Пауыл асқан шыдамдылық пен өзге де Құдайға ұнамды қасиеттерді, мәсіхшілер “ескі күнәкар болмыстарының іс-әрекетін” тастап, оның орнына киінулері керек киімдермен салыстырған (Қолостықтарға 3:5—10). Ол былай деп жазды: “Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кішіпейіл, ілтипатты, сабырлы [“асқан шыдамды”, ЖД] болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді” (Қолостықтарға 3:12—14).
15. Мәсіхшілер асқан шыдамдылық пен өзге де Құдайға ұнамды қасиеттерге ‘бөленетін’ болса, нәтижесі қандай болады?
15 Қауым мүшелері жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, ілтипаттылық, асқан шыдамдылық сияқты қасиеттерге ‘бөленетін’ болса, қиыншылықтарды жеңіп, ынтымақтарын бұзбай Ехобаға қызмет ете беретін болады. Әсіресе мәсіхші бақылаушылар асқан шыдамды болуы керек. Кейде қайсыбір мәсіхшіге сөгіс беру керек болады, бірақ оны әр түрлі жолдармен беруге болады. Пауыл Тімотеге хат жазған кезінде осыған байланысты ең жақсы көзқарасты суреттеген болатын: “Қателерін әшкерелеп, тыйым салып, жақсылыққа жігерлендіре тұрып, зор сабырлылықпен [“асқан шыдамдылықпен”, ЖД] тәлім бер!” (2 Тімотеге 4:2). Иә, Ехобаның қойларына әрқашан асқан шыдамдылық таныту керек, олардың адамгершілік қасиеттерін сыйлау керек және де жұмсақ әрі жылулы болу керек (Матай 7:12; 11:28; Елшілердің істері 20:28, 29; Римдіктерге 12:10).
“Барлығына асқан шыдамды болыңдар”
16. Біздің ‘барлығына асқан шыдамды болғанымыздың’ нәтижесі қандай болуы мүмкін?
16 Ехоба барлық адамзатқа асқан шыдамды болғандықтан, ‘барлығына асқан шыдамды болу’ біздің адамгершілік міндетіміз (1 Салониқалықтарға 5:14, ЖД). Бұл Ехоба Куәгері емес туыстарымызға, көршілерімізге, әріптестерімізге және сыныптастарымызға шыдамдылықпен қарауды білдіреді. Жұмыс орнындағы немесе мектептегі әріптестерінің, кейде көптеген жылдар бойы, мысқыл сөздеріне және ашық қарсыластықтарына шыдауымен Куәгерлер жиі өздері туралы қалыптасқан теріс ұғымдарды жоққа шығарған (Қолостықтарға 4:5, 6). Елші Петір былай деп жазған болатын: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады” (1 Петір 2:12).
17. Біз Ехобаның сүйіспеншілігі мен асқан шыдамдылығына қалай еліктей аламыз және неге олай етуіміз керек?
17 Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында миллиондаған адамдар құтқарылады (2 Петір 3:9, 15). Егер Ехобаның сүйіспеншілігі мен асқан шыдамдылығына еліктейтін болсақ, шыдамдылықпен әрі қарай да Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздап, өзгелерді Мәсіхтің Патшалығының билігіне мойынсұнуға үйрете береміз (Матай 28:18-20; Марқа 13:10). Егер уағыздауды доғарар болсақ, Ехобаның асқан шыдамдылығына шек қойып, Оның мақсатын түсінбегенмен бірдей болар еді. Оның мақсаты: адамдардың тәубеге келгені (Римдіктерге 2:4).
18. Пауыл дұғасында қолостықтар үшін не өтінді?
18 Кіші Азияның Қолос қаласындағы мәсіхшілерге арнаған хатында Пауыл былай деп жазған болатын: “Сол себептен де біз мұны естіген кезден бастап, сендер үшін үзбей сиынып келеміз. Сендердің Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Тәңірден өтінудеміз. Осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тілеп келеміз. Сендер Оның ұлы құдіретінен мол қуат алып, әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алып, қуанышқа кенеліп [“қуанышпен асқан шыдамды болуымыз үшін”, ЖД]... мінажат етудеміз” (Қолостықтарға 1:9—12).
19, 20. а) Ехобаның әлі де асқан шыдамдылық танытып отырғанын біз үшін сынақ деп қарастырудан қалай аулақ болуымызға болады? ә) Асқан шыдамды болғанымыздың қандай пайдасын көретін боламыз?
19 ‘Барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайтын’ Құдайдың ‘еркін толықтай білетін’ болсақ, Ехобаның әлі де асқан шыдамдылық, немесе шыдамдылық, танытып отырғаны біз үшін сынақ болмайды (1 Тімотеге 2:4). Біз Әсіресе “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды” уағыздау арқылы ‘әр түрлі игі істер істей’ береміз (Матай 24:14). Біз адалдықпен игі істер істей берер болсақ, ‘ақырына дейін төзіп, қуанышпен асқан шыдамдылық танытуымыз үшін’ Ехоба ‘ұлы құдіретімен қуат береді’. Осылай ету арқылы “Құдай халқына лайық” өмір сүретін боламыз, әрі “Оны риза қылатындай өмір сүріп” жатқанымызды білгендіктен, жүрегімізде тыныштық орнайды.
20 Ехобаның асқан шыдамдылық танытып отырғаны даналық екеніне толық сенімді болғаймыз. Соның арқасында өзіміздің де және біз уағыз айтып, білім беріп жүрген адамдардың да құтқарылуы мүмкін (1 Тімотеге 4:16). Рухтың игі жемісін — сүйіспеншілік, мейірімділік, адамгершілік, кішіпейілділік, ұстамдылық сияқты қасиеттерді бойымызда дамытатын болсақ, қуана асқан шыдамдылық таныта аламыз. Отбасы мүшелерімен және қауымдағы бауырластарымызбен тату-тәтті өмір сүру жеңіл болады. Сондай-ақ асқан шыдамды болғанымыз әріптестерімізге немесе сыныптастарымызға төзімді бола білуімізге көмектеседі. Сонымен қатар біздің асқан шыдамдылық танытуымыздың белгілі бір мақсаты болады. Ол: күнәкарлардың құтқарылуы мен асқан шыдамды Ехоба Құдайды дәріптеу.
[Сілтеме]
a Пауылдың “сүйіспеншілік шыдамды [“асқан шыдамды”, ЖД] да мейірімді” деген сөздеріне қатысты Киелі кітап зерттеушісі Гордон Д. Фи былай дейді: “Пауылдың діни ілімінде олар [асқан шыдамдылық пен мейірімділік] Құдайдың адамзатқа байланысты көзқарасының екі жағын көрсетеді (Римдіктерге 2:4 салыстыр.). Бір жағынан сүйіспеншілік танытып, бүлікшіл адамдарға қаһарын төкпей отырғаны Құдайдың төзімділігін паш етеді; ал екінші жағынан, сан мың рет кешірім көрсетуінен Оның мейірімділігі көрініп отыр. Осылайша, Пауыл сүйіспеншілікті Құдайға тән екі қасиеттен бастап суреттейді: Мәсіх арқылы танытып жатқан шыдамдылығы және үкім шығаруға лайық адамдарға деген мейірімділігі”.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Қай жағынан Иса Мәсіх асқан шыдамдылықтың керемет үлгісін көрсетті?
• Асқан шыдамдылықты бойымызда дамытуға не көмектеседі?
• Асқан шыдамдылық отбасы мүшелеріне, бір ортадағы мәсіхшілерге және ақсақалдарға қалай көмектеседі?
• Асқан шыдамдылық танытқанымыздың өзімізге де, өзгелерге де қандай пайдасы болады?
[15-беттегі сурет]
Тіпті қатты қысым көрген кезінде де Иса шәкірттеріне шыдамды болған
[16-беттегі сурет]
Мәсіхші бақылаушылар бауырластарына асқан шыдамдылықпен қарау арқылы жақсы үлгі көрсетуге шақырылады
[17-беттегі сурет]
Ехобаның сүйіспеншілігі мен асқан шыдамдылығына еліктейтін болсақ, ізгі хабарды уағыздауды әрі қарай да жалғастыра береміз
[18-беттегі сурет]
Пауыл мәсіхшілердің “қуанышпен асқан шыдамды болулары үшін” дұға еткен