Сенуге деген еркіңіз
Сіз өзіңіз сенгіңіз келген нәрсеге сенуге деген еркіңізді бағалайтын боларсыз. Осындай еріктің болғанының арқасында жер бетінің алты миллиард тұрғынының нанымдары мен діні әр алуан. Құдайдың жаратқан нәрселерінің түсі, нобайы, құрамы, дәмі, иісі мен дыбысының әр түрлі болғаны өмірімізді көркейте түсетіндігі іспетті, ойымыз бен нанымдарымыздың әр түрлі болғаны өмірімізді қызықты етіп, көркейте түседі. Мұндай өзгешеліктер расында да өмірімізге ерекше сән береді (Забур 103:24).
БІРАҚ абай болған жөн. Кейбір нанымдар өзгеше ғана емес, қауіпті де болып келеді. Мысалы, XX ғасырдың басында кейбіреулер яһудилер мен масондықтар “христиан өркениетін жойып, өздерінің дүниежүзілік тәртібін құрып, оны билеп-төстеуді” жоспарлағанына сенді. Мұндай алып қашпа сөздің шыққан жерінің бірі “Сион данышпандарының хаттамалары” деп аталатын антисемиттік құжат болатын. Аталмыш құжатқа сәйкес, еврейлер “өзге ұлттардың байлығын бір соққымен қирату” мақсатымен салықтың жоғарылауын, қару-жарақтың шектен тыс көп өндірілуін және ірі монополиялардың көбеюін, сондай-ақ ағарту жүйесін қолданып “еврей еместерді ақымақ малға” айналдыруды жоспарлайтын көрінеді. Көтеріліс бола қалған жағдайда яһудидің данышпандары “кез келген жауының күлін көкке ұшыру” үшін, мемлекеттердің астаналарын біріктіріп тұратын жер асты темір жолдарын салуды жоспарлап жатыр екен деген сөздер де айтылған болатын.
Әрине, мұның барлығы антисемиттік сезім ояту үшін айтылған жалған сөздер болатын. “Бұл қисынсыз алып қашпа сөздер,— деді Британ мұражайының қызметкері Марк Джоунс,— Ресейден келіп жеткен болатын, онда 1903 жылы осы тақырыпқа ең алғаш рет газетте мақала жарияланған еді”. Бұл мәлімет 1920 жылдың 8 мамырында Лондонның “Таймс” газетінің беттерінде пайда болды. Бір жылдан астам уақыттан кейін, “Таймс” газетінде аталмыш құжаттардың жалған екендігіне дәлелдер келтірілді. Ол уақытта алып қашпа сөздер өз ісін тындырып қойған еді. Джоунстың айтуынша, “мұндай жалған сөздердің етек алуын тоқтату өте қиын”. XX ғасырдың тарихынан көрініп тұрғандай, адамдар жалған сөзге сене бастаса болғаны, бойларында ашу мен ызаға толы пікір қалыптаса бастайды да, мұның ақыры жиі қайғылы оқиғаға ұшыратады (Нақыл сөздер 6:16—19).
Наным және шындық
Егер адамдарда бұрыс нанымдар пайда болса, бұл олардың әдейілеп жалған сөзге ергендігін білдірмейді. Кейде адамдар жай ғана қандай да бір нәрсені аяғына дейін толық түсінбейді. Қаншама адамдар дұрыс екендігіне сенімді болып жасаған әрекеттерінің салдарынан мезгілсіз қаза болды емес пе? Сонымен қатар жиі біз қандай да бір нәрсеге жай сенгіміз келгендіктен ғана сенеміз. Бір профессор тіпті ғалымдардың да “жиі өздерінің жеке ой-пікірлеріне “ғашық” болатынын” айтты. Нанымдары олардың ой-парасатын көмескілейді. Сосын олар өздерінің теріс пікірлерін дәлелдеу үшін бүкіл өмірлерін босқа сарп етеді (Еремия 17:9).
Осы іспетті нәрселер үлкен қайшылықтарға толы діни салада да бар (1 Тімотеге 4:1; 2 Тімотеге 4:3, 4). Әлдекім Құдайға қатты сенеді. Өзге біреудің ойынша, ол адамдардың сенімінің еш негізі жоқ. Біреулер адам өлгеннен кейін мәңгі өмір сүретін рухтың бар екеніне сенеді. Екіншілері адам өлген уақытта тіршілік етуін толық тоқтатады деп есептейді. Осы сияқты бір-біріне қайшы нанымдардың бәрі бірдей шындық бола алмайтыны анық. Сондықтан нанымдарымыздың дұрыс екендігіне және өз қалауымызды шындыққа балап жүрмегендігімізге көз жеткізгеніміз абзал емес пе? (Нақыл сөздер 1:5). Бұған қалай көз жеткізуге болады? Келесі мақалада осы сұрақ талқыланады.
[3-беттегі сурет]
“Сион данышпандарының хаттамаларын” әшкерелеген 1921 жылы жарық көрген мақала