Нанымдарыңыздың дұрыстығына неге сенімдісіз?
Сөздікке сәйкес, “сену” дегеніміз “білімге негізделмесе де белгілі бір құбылыстың ақиқаттығына илануды” білдіреді. Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясы әр адамның “ойын еркін айту, ар-ождан және дін тұтыну еркіндігін” қорғайды. Аталмыш құжатқа сәйкес, адам, егер өзгерткісі келсе, өзінің “дінін немесе сенімін өзгертуге” ерікті.
АЛАЙДА неге кейбіреулер өзінің дінін немесе нанымдарын өзгерткісі келеді? Әдетте: “Өзімнің нанымдарым мені қанағаттандырады” деген сөздерді жиі естиміз емес пе? Көп адамдардың ойынша, өзгелердің нанымдары, тіпті олар бұрыс болса да, ешкімге залалы тимейді. Мысалы, әлдекім жердің жайпақ екендігіне сенетін болса, мұнысымен өзіне де, өзгелерге де нұқсан келтірмейді. Бәлкім, әлдекім: “Сенгісі келсе сене берсін!” — дейтін болар. Үнемі осындай көзқарасты ұстану парасаттылыққа жата ма? Мәйітті ашып көргеннен кейін қолды жумай-ақ өзге емделушілерді қарай беруге болады деген пікірге қатты сенетін әріптесіне дәрігер осылай дер ме еді?
Тарихтан көрініп отырғандай, жалған діни нанымдар адамзатқа үлкен нұқсан келтірген. Орта ғасырдағы “қасиетті” крест жорықтары кезінде дін басыларының “христиан фанатиктерін жауыздық пен зорлық-зомбылыққа талпындырғандарын” еске түсіріңізші. Немесе “әулиелерінің есімдерін семсерлерінің сабына ойып жазып алатын орта ғасырдағы жауынгерлер ұқсап, мылтықтарының сабына дева Марияның суретін жабыстырып алатын” жақында болған азамат соғыстарына қатысқан қазіргі “христиандар” жайында ойлап көріңізші. Осы діни фанаттардың бәрі өздерінің әрекеттерінің дұрыс екендігіне сенімді болған. Алайда діни көзқарастардың өзгешелігінің салдарынан болған соғыстардың үлкен қиянат екендігі анық.
Дүниеде қақтығыстар мен қарама-қайшылықтар неге мұншама көп? Мұны Киелі кітап Шайтан Ібіліс “әлемді алдап келеді” деп түсіндіреді (Аян 12:9; 2 Қорынттықтарға 4:4; 11:3). Елші Пауыл ‘әр түрлі алдамшы ғажайып істер мен кереметтер көрсететін’ Шайтанның адастыруымен көптеген діндар адамдардың құрып кететінін ескерткен болатын. Пауыл мұндай адамдардың ‘өздерін құтқаратын шындықты жақсы көрмей, жүрегіне жолатпағанын’, сондықтан ‘өтірікке иланатынын’ айтты (2 Салониқалықтарға 2:9—12). Өтірікке иланбау үшін не істеу керек? Айтқандай, өзіңіздің нанымдарыңызға неге сенімдісіз?
Бізді солай тәрбиелеген
Бәлкім, сіз өзіңіздің отбасыңызда ұстанатын нанымдарды қабылдаған боларсыз. Мұнда тұрған жаман ештеңе жоқ болар, өйткені Құдай ата-аналардың балаларына тәлім-тәрбие бергенін қалайды (Заңды қайталау 6:4—9; 11:18—21). Мысалы, Тімоте деген жас жігіттің анасы мен әжесінің өсиеттерін тыңдағаны оның пайдасына асты (2 Тімотеге 1:5; 3:14, 15). Киелі жазбалар ата-аналардың нанымдарын сыйлауға шақырады (Нақыл сөздер 1:8; Ефестіктерге 6:1). Сөйткенмен де, Жаратушы біздің қандай да бір нәрсеге ата-анамыз сенгендіктен ғана біздің де соған сенгенімізді қалай ма? Ата-бабаларымыздың нанымдары мен істеген әрекеттеріне ойланбастан ере беру қауіпті (Забур 77:8; Амос 2:4).
Иса Мәсіхке кезіккен самариялық әйел бала күнінен самариялықтардың дініне сәйкес тәрбиеленген болатын (Жохан 4:20). Иса оның неге сенгісі келсе де өз еркінде екендігін сыйлады, десе де, ол: “Сендер не нәрсеге табынып жүргендеріңді білмейсіңдер”,— деп ескерді. Оның діни сенімдерінің көбісі, сайып келгенде, қате болатын, сондықтан Иса егер Құдайға ұнамды түрде, яғни “рухында және шындықпен”, ғибадат еткісі келсе, оған өзінің діни нанымдарын өзгерту керек екендігін айтты. Сол самариялық әйел де, ол іспетті өзгелер де, әрі қарай ата-бабаларының діндерін ұстануды жалғастыра бермеді, олар Иса Мәсіх арқылы “сенімге мойынсұна бастады” (Жохан 4:21—24, СА; 39—41; Елшілердің істері 6:7, ЖД).
Бізге солай үйреткен
Білімнің белгілі бір салаларындағы көптеген мұғалімдер мен мамандар құрмет тұтуға тұрарлық. Сөйтсе де, тарих беті мүлдем қате білім берген атақты мұғалімдердің есіміне толы. Мысалы, грек пәлсапашысы Аристотельдің ғылыми тақырыпқа жазған екі кітабына қатысты тарихшы Бертран Расселл: “Бұл екі кітаптағы бірде-бір тұжырым қазіргі ғылымның тұрғысынан ешқандай сынды көтере алмайды”,— деп ескерді. Тіпті бүгінгі күнгі мамандар да жиі үлкен қателіктер жібереді. 1895 жылы Британияның ғалымы Лорд Келвин нық сеніммен: “Ауадан ауыр ұшатын аппараттар ұша алмайды”,— деген болатын. Сондықтан парасатты адам қандай да бір нәрсенің рас екендігіне беделді адамдар айтты екен деп ойланбастан сене салмайды (Забур 145:3).
Дін саласында да тап солай абай болу керек. Атақты ұстаздардан терең діни білім алған елші Пауыл ‘ата-бабаларынан мирас қалған салт-дәстүрлердің қызғыштай қорғаушысы’ болған. Алайда ата-бабасының нанымдарын зор құлшыныспен ұстанғандығы оған тек зиян келтірді. Өйткені ол ‘Құдайдың қауымын шектен тыс қудалап, құртуға тырысқан’ (Ғалаттықтарға 1:13, 14; Жохан 16:2, 3). Одан да жаманы, Пауыл ұзақ уақыт бойы “өкше темірге қарсы теуіп”, Иса Мәсіхке сенуіне көмектесу үшін жасалған әрекеттердің еш қайсысына бой бермеген. Сондықтан Пауылды дінін өзгертуге талпындыру үшін Исаның өзінің ерекше түрде іске араласуына тура келген (Елшілердің істері 9:1—6; 26:14, сілтемені қараңыз).
Бұқаралық ақпарат құралдарының әсері
Бәлкім сіздің көзқарасыңызға бұқаралық ақпарат құралдары қатты әсер еткен болар. Адамдардың көпшілігі сөйлеу еркіндігінің арқасында пайдалы мәлімет алуға мүмкіндіктері бар екендігіне қуанады. Алайда ықпалы күштілер ақпарат құралдарын өз пайдасына қолданады. Жиі суреттеліп жатқан оқиғалар бір жақты қарастырылады, ал бұл болса біздің көзқарасымызға әсер етеді.
Оның үстіне, бұқараның назарын аудару үшін, бұқаралық ақпарат құралдары даңғаза әрі жанжалды жаңалықтарды беруге тырысады. Бірнеше жылдар бұрын ашып айтуға немесе жазуға қорқатын нәрселер жөнінде бүгінде ашықтан-ашық айтылуда. Қалыптасқан жүріс-тұрыс ережелері жаймен, бірақ түбегейлі түрде құлдырап, өткеннің ісіне айналып барады. Адамдардың ойы жаймен бұрмаланып барады. Олар ‘жақсыны жаман, жаманды жақсы дей’ бастады (Ишая 5:20; 1 Қорынттықтарға 6:9, 10).
Нанымдарыңызға берік негіз табыңыз
Адамдардың ой-пікірлері мен пәлсапаларын негіз ету құм үстіне ғимарат соққанға тең (Матай 7:26; 1 Қорынттықтарға 1:19, 20). Олай болса, нанымдарымызды не нәрсеге сенімді түрде негіздеуге болады? Құдай бізге дүниені танып, рухани нәрселер жөнінде сұрақтар қою үшін парасат бергендіктен, Ол сұрақтарымызға дұрыс жауаптар табуымызға да мүмкіндік береді деп ойлаған қисынды ғой (1 Жохан 5:20). Иә, бұған күмәнданбасақ та болады! Алайда дінге қатысты сұрақтарда белгілі бір құбылыстың шындық, рас немесе ақиқатқа сай екенін қалай білуге болады? Бізге тек Құдай Сөзі — Киелі кітап қана көмектесе алатындығында күмән жоқ (Жохан 17:17; 2 Тімотеге 3:16, 17).
Алайда әлдекім: “Қоя тұрыңыз, дүниедегі болып жатқан қақтығыстар мен тәртіпсіздіктердің көпшілігіне қолдарына Киелі кітапты ұстап отырғандар кінәлы емес пе?” — деп сұрауы мүмкін. Иә, Киелі кітаптағы нұсқауларды ұстанамыз дейтін дін басылары шиеленіскен әрі бір-біріне қайшы келетін ой-пікірлер ойлап тапқаны рас. Бұлай болуының себебі, негізінде, олардың өз нанымдарын Киелі кітапқа негіздемегендігінде. Елші Петір оларды ‘зиянды ілімдер’ ойлап табатын “жалған пайғамбарлар” және “жалған ұстаздар” деп атады. Петір олардың осындай әрекеттерінің нәтижесінде “ақиқат жолының масқараланатынын” айтқан (2 Петір 2:1, 2). Сонымен қатар Петір былай деп те жазды: “Біздерде пайғамбарлардың жазып қалдырған нық сенімді сөздері бар ғой. Бұларға көңіл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта “сәулесін шашып тұрған шамға” ұқсайды” (2 Петір 1:19; Забур 118:105).
Киелі кітап бізді нанымдарымыздың Жазбаларға сай келетін-келмейтінін тексеруге шақырады (1 Жохан 4:1). Осы журналдың миллиондаған оқырмандары осындай тексерудің өмірлеріне мән беріп, оны тұрақты еткендігін растай алады. Пейілдері кең бериялықтар іспетті, не нәрсеге сену керек екенін шешпес бұрын ‘күн сайын Киелі жазбаларды зерттеңіз’ (Елшілердің істері 17:11). Ехоба Куәгерлері сіздің осылай етуіңізге қуана-қуана көмек көрсетеді. Әлбетте, не нәрсеге сенгіңіз келетінін өзіңіз шешесіз. Алайда нанымдарыңыздың адамдардың ой-пікірлері мен қалауларының емес, Құдайдың берген шынайы Сөзінің әсерімен қалыптасқанына көз жеткізіп алғаныңыз абзал (1 Салониқалықтарға 2:13; 5:21).
[6-беттегі суреттер]
Нанымдарымызды сенімді түрде Киелі кітапқа негіздеуге болады