Соғыстың қасіреттері
“СОҒЫСТА жеңімпаздар болмайды, жеңілушілер ғана болады”,— деп ескерді екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан бір солдат. Онымен адамдардың көпшілігі келіседі. Соғыстың шығыны орасан зор; жеңгендер де, жеңілгендер де тым жоғары құн төлейді. Тіпті қарулы қақтығыс аяқталғаннан кейін де миллиондаған адамдар соғыстың салдарынан болған қасіреттерден азап шегеді.
Әңгіме қандай қасіреттер жөнінде болып отыр? Соғыс талай адамдарды өмірден айырып, жетім-жесірлердің санын едәуір көбейтеді. Соғысты басынан кешіргендер жанына жара салатын адам айтқысыз тәндік қасіреттерден азап шегеді. Миллиондаған адамдар кедейлікке ұшырауы немесе босып кетуге мәжбүр болуы мүмкін. Соғысты басынан кешкен адамдардың жүректеріндегі өшпенділік пен қайғы-қасіреттің қаншалықты тереңге тамыр тартатынын біз тіпті елестете алар ма екенбіз?
Жазылмас жара
Лаулаған өрт сөніп, соғыс қаруының үні өшіп, жауынгерлердің үйлеріне қайтқандарына талай уақыт болса да, соғыстың зардабы адамдардың жүректерінде жазылмас жара болып қала береді. Кейінгі ұрпақтың көкейінде бір-біріне деген өшпес өшпенділік қалады. Осылайша бір соғыстың жанға салған жарасы екінші соғыстың басталуына себеп болуы мүмкін.
Мысалы, 1919 жылы, бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын ресми түрде бекіту үшін, Версаль бітім шартына қол қойылған болатын. Онда Германияға белгілі бір міндеттер жүктелген-ді, ал неміс азаматтары мұны қатыгез әрі өшпенділікке толы талаптар деп есептеді. Британ энциклопедиясына сәйкес, аталмыш шарттағы талаптар “немістердің арасында наразылық тудырып, кек алу жолдарының қарастырылуына түрткі болған”. Бірнеше жылдан соң, “Гитлер өзінің әрекетін бейбіт шарттың талаптарына деген наразылықтан бастады”, ал бұл екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеп соқты.
Екінші дүниежүзілік соғыс Польшадан басталып, Балқанға дейінгі жерлерді қамтыды. 1940 жылдардағы Балқандағы нәсілдік қақтығыстар адамдардың жанына жазылмас жара салып, соңы 1990 жылдары болған қарулы қақтығысқа ұласты. “Бірінен-екіншісіне ушыға ұласқан өшпенділік пен ыза-кек біздің уақытымызға дейін созылып жатқан спиральға айналды”,— деп жазды неміс тілінде шығатын “Цайт” газеті.
Адамзаттың бейбіт өмір кешуі үшін, оларды соғыстың қасіреттерінен айықтыру керек. Алайда бұған қалайша қол жеткізуге болады? Өшпенділік пен қайғы-қасіреттен қалай арылуға болады? Соғыстың қасіреттерінен айықтыра алатын кім бар?
[2-беттегі сурет рұқсатымен]
МҰҚАБА: Fatmir Boshnjaku
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
U.S. Coast Guard photo; UN PHOTO 158297/J. Isaac