Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w14 1.2. 5—7 бет.
  • Соғыс пен қайғы-қасіреттің артында кім тұр?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Соғыс пен қайғы-қасіреттің артында кім тұр?
  • 2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ БЕЛГІСІ
  • ШАЙТАННЫҢ ІСТЕРІ ТОЛЫҚТАЙ ТАЛҚАНДАЛАДЫ
  • Атқа қонған төртеу: ол кімдер?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2017
  • «Соңғы дәуірде» өмір сүріп жатқанымыздың дәлелдері
    Құдай шынымен біздің қамымызды ойлайды ма?
  • Триллиондаған шығын. Соғыстың нағыз құны қанша?
    Сан түрлі тақырыптар
2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w14 1.2. 5—7 бет.

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ДҮНИЕНІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН СОҒЫС

Соғыс пен қайғы-қасіреттің артында кім тұр?

1918 жылдың 11 қарашасында Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Сол күні барлық жұмыс орындары уақытша жабылып, адамдар көшеге шығып, шаттана би биледі. Бірақ олардың қуаныштары ұзаққа созылмады. Дүниежүзілік соғыстың ізін суытпай, адамзаттың басына пулеметтің оғынан да жойқын апат төнді.

1918 жылдың маусымында “испан тұмауы” деп аталған індет Францияның майдан даласын жайлап алды. Көп ұзамай бұл індеттің қаншалықты қауіпті екені белгілі болды. Мысалы, бірнеше айдың ішінде Францияда осы аурудан өлген американдық сарбаздардың саны жау қолынан қаза болғандардың санынан асып түсті. Осы тұмауға шалдыққан сарбаздар соғыстан кейін елдеріне қайтқанда, бұл індет жержүзіне тез тарап кетті.

Сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары экономика құлдырап, кедейлік пен ашаршылық кең етек алды. 1918 жылы соғыс қимылдары аяқталған соң, Еуропа тұрғындарының басым бөлігі аштыққа ұшырады. Ал 1923 жылға қарай Германияның ақшасы құнсызданып кетті. Алты жылдан кейін күллі әлем экономикасы құлдырады. Ақыр аяғында, 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Қандай да бір мағынада бұл бірінші бүкіләлемдік қақтығыстың жалғасы болды. Осы апаттардың бірінен соң бірінің орын алуына не себеп болды?

СОҢҒЫ КҮНДЕРДІҢ БЕЛГІСІ

Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар қандай да бір тарихи оқиғалардың, соның ішінде Бірінші дүниежүзілік соғыстың да, не себепті орын алғанын түсінуге көмектеседі. Иса пайғамбар “мемлекет мемлекетке қарсы” шығатынын және бүкіл дүниеге ашаршылық пен індеттер тарайтынын алдын ала айтқан (Матай 24:3, 7; Лұқа 21:10, 11). Ол шәкірттеріне осындай апаттар соңғы күндердің белгісі болатынын айтып кетті. Ал Киелі кітаптың Аян кітабынан жердегі қайғы-қасіреттің көктегі соғыспен қандай байланысы бар екендігін білуге болады (“Жердегі соғыс пен көктегі соғыс” деген қоршауды қараңыз.).

Аян кітабында төрт салт атты жайлы жазылған. Осы салт аттылардың үшеуі Иса пайғамбар айтып кеткен соғыс, ашаршылық пен індетті бейнелейді (“Төрт салт атты шауып келе жатыр” деп аталатын қоршауды қараңыз.). Бірінші дүниежүзілік соғыс осы күнге дейін жалғасып келе жатқан қайғы-қасіретке бастама берді. Киелі кітапта мұның бәріне себепкер болған, былайша айтқанда, мылтықтың шүріппесін басқан Шайтан екені ашық жазылған (Жоханның 1-хаты 5:19). Оның билігіне қашан тоқтау қойылады?

Аян кітабында Шайтанның “уақыты аз қалғаны” нақты айтылған (Аян 12:12). Сол себепті ол қатты ашуланып, жер бетінде адам айтқысыз қасіреттің орын алуына түрткі болуда. Бірақ бүгінгі қиыншылықтар Шайтанның уақыты соңына таяп қалғанын дәлелдейді.

ШАЙТАННЫҢ ІСТЕРІ ТОЛЫҚТАЙ ТАЛҚАНДАЛАДЫ

Бірінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихының бағытын өзгерткен оқиға болғаны шүбәсіз. Ол төңкерістер мен адамзат көсемдеріне деген сенімсіздікке түрткі болып, ең жойқын соғыстардың заманына бастама берді. Сондай-ақ бұл соғыс Шайтанның көктен лақтырылғанын айқын дәлелдейді (Аян 12:9). Дүниенің осы көзге көрінбейтін билеушісі уақытының аз қалғанын білетін залым диктатор сияқты әрекет етті. Оның билік ететін уақыты аяқталғанда, Бірінші дүниежүзілік соғыс әкелген қиын-қыстау заманның да соңы келеді.

Киелі кітаптың пайғамбарлығына сай, біздің көктегі Патшамыз Иса жуырда “Ібілістің істерін талқандайтынына” сенімді бола аламыз (Жоханның 1-хаты 3:8). Миллиондаған адам Құдай Патшалығы келсін деп дұға етеді. Сіз ше? Осы Патшалықтың арқасында адал адамдар жер бетінде Шайтанның емес, Құдайдың еркі орнайтынына куә болады (Матай 6:9, 10). Құдай Патшалығы билік еткенде, жер бетінде ешқандай соғыс болмайды! (Забур 45:10). Осы Патшалық жайлы білім алып, бүкіл әлемде бейбітшілік орнайтын кездің куәсі болыңыз! (Ишая 9:6, 7).

Жердегі соғыс пен көктегі соғыс

Бірінші дүниежүзілік соғыс әлі басталмай тұрып, шамамен 19 ғасыр бұрын Шайтан Исаға “әлемнің барлық патшалықтарын” ұсынған болатын (Матай 4:8, 9). Иса бұл ұсыныстан бас тартқанмен, кейінірек Шайтанды “осы дүниенің билеушісі” деп атап, сол патшалықтардың оның билігінде екенін мойындаған (Жохан 14:30). Құдайдың қызметшісі болған Жохан да “бүкіл дүние Шайтанның билігінде” екенін жазған (Жоханның 1-хаты 5:19).

Шайтан Ібіліс осыншама көп билікке ие болғандықтан, Бірінші дүниежүзілік соғыс пен оның әкелген зардабына сол жауапты деп тұжырымдау қисынды емес пе?! Иә, Аян кітабынан 1914 жылдан бері жер бетінде орын алған апаттарға Шайтанның қатысы бар екені көрінеді. Аян кітабының 12-тарауындағы оқиғаларға жасалған келесідей шолуға назар аударыңыз:

  • 7-тармақ. Көкте Микайл (Иса Мәсіх) мен айдаһардың (Шайтан) арасында соғыс бұрқ ете түсті.

  • 9-тармақ. “Бүкіл жержүзін адастырып жүрген” Ібіліс жер бетіне лақтырылды.

  • 12-тармақ. “Жер мен теңізге қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы”.

Киелі кітап уақытнамасы мен дүниедегі оқиғалар көктегі соғыстың 1914 жылы, көкте Құдай Патшалығы орнағаннан кейін, басталғанын көрсетедіa. Осылайша жер бетіндегі соғыс пен көктегі соғыс сол бір ерекше жылы орын алды.

a Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 8-тарауын қараңыз.

Төрт салт атты шауып келе жатыр

Ақ боз ат пен оның үстінде отырған көктегі патша

Ақ боз атта көктегі патша отыр (Аян 6:2). Әділдік үшін аттанатын Патша — Иса Мәсіх (Забур 44:5). Оның бірінші тапсырмасы — көкті Шайтан мен оның жын-перілерінен тазарту (Аян 12:9).

Оттай қызыл ат пен соғыс алаңындағы сарбаздар

Оттай қызыл атта отырғанға “жер бетінен тыныштықты жою билігі берілген” (Аян 6:4). 1914 жылдан бастап соғыс адамзатқа көп қайғы әкелуде. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 21 жыл өткен соң, әлдеқайда көп адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ ете түсті. Бір мәліметке сай, бұл соғыста шамамен 60 миллион адам опат болды. 1945 жылдан бері болған соғыстар кішігірім аймақтарды қамтығанмен, жойқын болып қала беруде. Кейбір тарихшылардың есептеуінше, XX ғасырда болған соғыстарда 100 миллионнан астам адам өмірлерінен айырылған.

Қара ат және көптеген аш балалар

Қара атқа мінген, қолында таразысы бар салт атты аштықты білдіреді (Аян 6:5, 6). Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтас мемлекеттер Германияға блокада жасап, азық-түлікті елге өткізбегендіктен, 750 000-дай адам аштықтан қаза болды. Ал 1921 жылы екі миллионнан астам Ресей азаматы аштықтан өлді. Көп ұзамай мұндай қайғылы жағдай жер-жерде орын алды. XX ғасырда азық-түлік тапшылығынан бас-аяғы 70 миллионға жуық адам өлім құшты. Бүгінгі таңда да жыл сайын бес жасқа дейінгі үш миллионнан астам бала асқа жарымай мерт болуда.

Сұп-сұр ат және науқастар

Сұп-сұр атта отырған салт атты індеттер жіберу арқылы өлім әкелуде (Аян 6:8). Испан тұмауы XX ғасырдағы ең алғашқы жойқын індет болды. Есептеулердің нәтижесі әртүрлі болғанмен, бір мәліметке сай, тұмаудың бұл түрі 50 миллионға жуық адамның өмірін жалмады. “Адамдар мен микробтар” атты кітапта былай делінген: “Бұл пандемия (испан тұмауы) тарихтағы ең жаман апаттардың бірі болды. Тіпті бубон обасы осындай аз уақыттың ішінде осыншалықты көп адамның өмірін қиған емес”. XX ғасырда жүздеген миллион адам шешек, безгек, туберкулез және басқа да жұқпалы аурулардың кесірінен мерт болды.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу