Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.12. 4—9 бет.
  • “Өз жанын қиятын уақыты әлі болмаған еді”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Өз жанын қиятын уақыты әлі болмаған еді”
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдайдың еркін орындауға белін бекем бууы
  • Ехобаның үйінің қамын жеп, азапқа түсу
  • Ғалилеядағы кең көлемді тәлім беру ісі
  • Иудея мен Переяда батылдықпен куәлік етуі
  • Байқаусыз қалуы мүмкін емес керемет іс
  • ‘Уақыт келді!’
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Иса неге асықпады?
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Переядан Яһудеяға бара жатқан жолда
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • Мейірімділік танытып, Яһудеяға қауіпті сапар шегуі
    Тарихтағы ең ұлы адам
Көбірек мәлімет
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.12. 4—9 бет.

“Өз жанын қиятын уақыты әлі болмаған еді”

“Оған қарсы ешқайсысы қол көтермеді, өйткені Исаның өз жанын қиятын уақыты әлі болмаған еді” (ЖОХАН 7:30).

1. Исаның қалай әрекет еткеніне қандай екі фактор ықпал еткен?

ИСА МӘСІХ өзінің елшілеріне былай деген: “Адам Ұлы Өзіне қызмет еттіруге келмеді, керісінше — Өзі қызмет етуге және көптеген адамдардың бостандық төлемін төлеуге өз жанын беруге келді” (Матай 20:28). Римдік әмірші Понти Пилатқа ол былай деді: “Мен шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім” (Жохан 18:37). Иса өзінің не үшін өлетінін және өлгенге дейін қандай жұмыс атқару керектігін анық білген. Сондай-ақ ол өзіне тапсырылған істі атқару үшін оған қанша уақыт берілгенін де білген. Жер бетінде Мәсіх ретінде қызмет етуі үшін оның үш жарым жыл уақыты ғана болған. Оның қызметі Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткен кезден (б. з. 29 жылы) — яғни бейнелі сөзбен алдын ала айтылған 70-ші аптаның басында — басталып, ол азап шегу бағанасында өлтірілген кезде (б. з. 33 жылы) аяқталды (Даниел 9:24—27; Матай 3:16, 17; 20:17—19). Бұдан, жерде жүрген кезінде, Исаның қалай әрекет еткеніне, негізі, екі фактордың ықпал еткендігі көрінеді: оның келуінің мақсаты және уақытты сезінуі.

2. Ізгі хабарларда Иса Мәсіх қалай суреттелген және Ол өзіне тапсырылған істің маңыздылығын ойында тұтқандығын қалай көрсетті?

2 Ізгі хабарларда Иса Мәсіх Палестина жерін аралай жүріп, Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды таратқан, сондай-ақ көптеген керемет істер істеген жігерлі адам ретінде суреттеледі. Исаның белсенділікпен қызмет етуінің бастапқы кезеңінде ол туралы: “[Оның] өз жанын қиятын уақыты әлі болмаған еді”,— делінген. Исаның өзі былай деген: “Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ”. Ал жердегі қызметінің соңы таяп қалған кезде ол ‘уақыт келді’ деген тіркесті қолданған (Жохан 7:8, 30; 12:23). Исаның ‘уақытты’, немесе қызмет етуіне бөлінген уақытты, ойында тұтқандығы — бұған оның құрбандық ретінде өлетіндігі де кіреді — оның не айтып, не істегеніне әсер еткен болса керек. Осыны түсінгендігіміз бізге, оның жан дүниесін түсініп, істеріне еліктеп, “Оның ізімен” барынша тура жүруімізге көмектеседі (1 Петір 2:21).

Құдайдың еркін орындауға белін бекем бууы

3, 4. а) Қанадағы тойда қандай оқиға болды? ә) Құдайдың Ұлы Мәриямның шарап жетпей қалғанына қатысты айтқан өтінішіне неге қарсылық білдірді және біз бұдан не нәрсеге үйренеміз?

3 Б. з. 29 жылы болатын. Исаның алғашқы шәкірттерін таңдап алғанына бірнеше ғана күн болған. Енді олар барлығы бірге Ғалилея аймағындағы Қана деген ауылға тойға келді. Исаның анасы Мәриям да сонда болатын. Тойда шарап таусылып қалады. Иса бірдеңе қылар деп, Мәриям баласына: “Олардың шарабы қалмады”,— дейді. Бірақ Иса: “Апа, Маған оны не үшін айтасыз? [Менің] уақытым әлі келген жоқ”,— деп жауап береді (Жохан 1:35—51; 2:1—4).

4 Исаның “апа, Маған оны не үшін айтасыз?” деген жауабы әлдекімнің ұсынысына немесе өтінішіне жасалған қарсылықты білдіретін сұраулы сөйлемнің көне түрі. Неге Иса Мәриямға қарсылық білдірді? Бұл кезде ол отыз жаста болатын. Бірнеше апта бұрын ол суға шомылдырылу рәсімінен өтіп, киелі рухпен майланылған болатын, сосын Жақия Шомылдырушы оны: “Мынау — Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы”! Ол адамзаттың күнәсын өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды”,— деп таныстырған (Жохан 1:29—34; Лұқа 3:21—23). Ол енді өзін жер бетіне жіберген ең жоғарғы биліктің Иесі берген басшылықты ғана мойындауы керек (1 Қорынттықтарға 11:3). Исаның жерге келгендегі атқаруға тиісті ісін орындауға ешкім, тіпті отбасының мүшелері де, кедергі болмауы керек. Исаның Мәриямға берген жауабынан Әкесінің еркін орындауға белін бекем буғандығы қалай анық көрініп тұр десеңші! Құдай алдындағы “борышымызды” орындауға біз де белімізді бекем буғаймыз (Екклесиаст 12:13, ЖД).

5. Қанада Иса Мәсіх қандай керемет жасады және бұл өзгелерге қалай әсер етті?

5 Баласының не айтқысы келгенін түсінген Мәриям асығыс басып сыртқа шығады да, қызметшілерге: “Ол не айтса, соны істеңдер”,— дейді. Иса бұл мәселені шешеді. Ол қызметшілерге айтып тас күбілерді суға толтыртады да, ондағы суды керемет шарапқа айналдырады. Осылайша алғашқы рет Исаның керемет істей алатын қасиеті көрінген болатын, әрі бұл — оған Құдайдың рухының қонғандығының дәлелі еді. Осы кереметті көріп оның жаңа шәкірттерінің сенімдері нығая түседі (Жохан 2:5—11).

Ехобаның үйінің қамын жеп, азапқа түсу

6. Иерусалимдегі ғибадатханада болып жатқан нәрсені көргенде Иса неліктен ашуланды және ол не істеді?

6 Көп ұзамай б. з. 30 жылының көктемі келеді де, Иса серіктерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимге бет алады. Сол жерде шәкірттері Көсемдерінің бір әрекетін көреді, бәлкім, олар бұрын-соңды оның мұндай әрекетін көрмесе керек. Иудейдің тойымсыз сатушылары ғибадатханада құрбандық шалуға арналған мал мен құстарды сатып отырады. Олар Құдайға бас июге келген адал иудейлерден өте жоғары баға сұрайды. Иса ашуланып кетеді де, әрекет ете бастайды. Ол кендірден қамшы өріп алады да, сатушыларды қуып жібереді. Айырбастаушылардың ақшаларын шашып, үстелдерін аударып тастайды. Көгершін сатып отырғандарға: “Мыналарыңды бұл арадан әкетіңдер!” — деп бұйырады. Оның жан сала істеп жүрген әрекетін көргенде шәкірттерінің есіне Құдай Ұлы туралы айтылған: “Сенің үйіңнің қамын жеп, азапқа түсемін”,— деген пайғамбарлық түседі (Жохан 2:13—17; Забур 68:10). Біз де мінажатымызды арамдайтын осы дүниенің әсерінен жан сала қорғануымыз керек.

7. а) Нікөдімнің Мәсіхке келуіне себеп болған не нәрсе? ә) Исаның самариялық әйелге куәлік бергенінен біз не нәрсеге үйренеміз?

7 Иерусалимде болғанда Иса таңғаларлық керемет істер істейді де, көптеген адамдар оған сене бастайды. Тіпті жоғарғы кеңестің, немесе Иудейдің жоғарғы сотының, мүшесі Нікөдімге де Иса қатты әсер қалдырады; ол көбірек білу үшін түнделетіп келіп Исадан тәлім алады. Бұдан кейін Иса шәкірттерімен “Иудея аймағында” тағы сегіз айға жуық уақытқа қалып тәлім беріп, шәкірт дайындап жүреді. Алайда Жақия Шомылдырушы түрмеге жабылғаннан кейін олар Иудеядан шығып Ғалилеяға барады. Олар Самария аймағынан өтіп бара жатқанда Иса қолайлы мүмкіндікті пайдаланып самариялық әйелге егжей-тегжейлі куәлік береді. Осының арқасында көптеген самариялықтар сенушілердің қатарына қосылады. Біз де әрбір мүмкіндікті пайдаланып Патшалық туралы хабарды айтуға дайын болайық (Жохан 2:23; 3:1—22; 4:1—42; Марқа 1:14).

Ғалилеядағы кең көлемді тәлім беру ісі

8. Иса Ғалилеяда қандай жұмыс бастады?

8 Өз жанын қиятын “уақыты” келмес бұрын көктегі Әкесіне қызмет етуде Иса көп нәрсе істеуі керек болатын. Ғалилеяда Иса Иудея мен Иерусалимдегіге қарағанда әлдеқайда көлемді жұмыс бастайды. Ол ‘бүкіл Ғалилея өлкесін аралап, [иудейлердің] мәжілісханаларында үйретіп, Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап жүріп, адамдарда болған барлық аурулар мен әлсіздіктерді сауықтырып жүреді’ (Матай 4:23). Оның адамды ойлануға талпындыратын: “Теріс жолдарыңнан қайтып, Құдайдың жолына түсіңдер! Енді Аспан Патшалығы жақындады!” — деген сөздері бүкіл аймаққа мәлім болады (Матай 4:17). Бірнеше ай өткен соң, Шомылдырушы Жақияның екі шәкірті Иса жайлы оның өз аузынан естігісі келіп келген кезде, Иса оларға былай дейді: ‘Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: зағиптар көруде, сал болғандар жүруде, алапестер құлан-таза сауығуда, саңыраулар естуде, өлгендер тірілуде және жарлыларға ізгі хабар жариялануда. Маған ренжімеген, сенбей қалмаған әркім бақытты!’ (Лұқа 7:22, 23).

9. Неліктен Иса Мәсіхке көптеген адамдар ағылып келіп жататын және біз бұдан не нәрсеге үйренеміз?

9 ‘Ол туралы хабар бүкіл төңірекке тарап кетіп’, Ғалилеядан, Он-Қаладан, Иерусалим мен Иудеядан, сондай-ақ Иордан өзенінің басқа да аймақтарынан көптеген адамдар оған ағылып келіп жатады (Лұқа 4:14, 15; Матай 4:24, 25). Олар Исаға керемет түрде науқастарынан айығу үшін ғана емес, оның тамаша тәлімін тыңдау үшін де келеді. Оның хабары жағымды болатын, әрі жігер беретін (Матай 5:1—7:27). Исаның сөздері ұнамды болатын (Лұқа 4:22). Халық ‘Оның үйретуіне таң қалысады’, өйткені ол Киелі жазбалардағы сөздерді билігі бар кісідей үйретеді (Матай 7:28, 29; Лұқа 4:32). Мұндай адам кімді баурап алмайды дерсің?! Ақ жүректі адамдарды ақиқатқа баурау үшін біз де тәлім беру шеберлігімізді дамыта түселік.

10. Неге назареттіктер Исаны өлтіргісі келді және неге олар ойларын жүзеге асыра алмады?

10 Бірақ Исаны тыңдаған адамдардың бәрі бірдей зерек тыңдаушы болған жоқ. Қызметінің бастапқы кезінде-ақ, өзі туып өскен Назарет қаласының мәжілісханасында тәлім бергенде, ондағылар Исаны өлтіргісі келеді. Назареттіктер оның “ұнамды сөздеріне” қайран қалғанымен, олар керемет істер көргісі келеді. Бірақ керемет істер жасаудың орнына, Иса олардың өзімшілдігі мен сенімдерінің жоқтығын әшкерелейді. Мәжілісханадағыларды ашу кернеп, Исаны бас салып ұстап алады да, оны жардан құлатып жіберу үшін тауға әкеле жатады. Бірақ Иса араларынан сытылып шығып, құтылып кетеді. Оның өз жанын қиятын “уақыты” әлі келген жоқ болатын (Лұқа 4:16—30).

11. а) Кейбір дінбасылары Исаны тыңдауға келгенде қандай мақсатты көздейтін? ә) Неге Исаны діни демалыс күнін бұзды деп айыптаған?

11 Иса уағыз айтқанда жиі оны дінбасылары да — яғни дін мұғалімдері, парызшылдар, саддукейлер мен басқалар да — тыңдайды. Олардың көпшілігі оны тыңдап тәлім алу үшін емес, Исаны сынап-мінеп, оның сөздерінен кемшілік табу үшін келетін (Матай 12:38; 16:1; Лұқа 5:17; 6:1, 2). Мысалы, б. з. 31 жылы Иерусалимге Құтқарылу мейрамына барғанда Иса отыз сегіз жыл бойы ауру болған кісіні айықтырады. Иудейдің дінбасылары Исаны діни демалыс күнді бұзды деп айыптайды. Ол былай деп жауап береді: “Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін”. Енді иудейлер, ол Құдайды Менің Әкем деп атап өзін Құдайдың Ұлы етіп көрсетті, сөйтіп Құдайды қорлады деп айыптайды. Олар Исаны өлтіргісі келеді, бірақ ол Иерусалимнен шығып шәкірттерімен бірге Ғалилеяға кетіп қалады. Сол сияқты, біздің де қарсыластармен бос қақтығысқа түсуден аулақ болғанымыз абзал, оның орнына жігер-қайратымызды Патшалық туралы хабарды уағыздап, шәкірт дайындауға жұмсайық (Жохан 5:1—18; 6:1).

12. Иса Ғалилеяда қаншалықты көлемді уағыздау жұмысын жүргізді?

12 Келесі бір жарым жыл ішінде яки осыған жақын уақыт аралығында Иса көбінесе Ғалилеяда қызмет етеді де, Иерусалимге иудейлердің жыл сайынғы үш мерекесіне ғана барады. Ол Ғалилеяға уағыздау сапарымен бас-аяғы үш рет барады: алдымен жаңадан таңдап алған төрт шәкіртімен, сосын он екі елшісімен, бұдан кейінгі анағұрлым ұзақ уақытқа созылған тағы бір сапарында тәлім алған елшілерін уағыздауға жібергенде барады. Ғалилеяда шындық туралы қандай кең көлемде куәлік етілді десеңші! (Матай 4:18—25; Лұқа 8:1—3; 9:1—6).

Иудея мен Переяда батылдықпен куәлік етуі

13, 14. а) Қандай жағдайда иудейлер Исаны ұстап алудың жолын іздейді? ә) Неге сақшылар Исаны тұтқындамады?

13 Б. з. 32 жылының күзі. Исаның “уақыты” әлі келген жоқ. Шыбық күрке мейрамының қарсаңы болатын. Исаның інілері: “Иудеяға бар”,— деп оған ықпал етпекші болады. Олар Иерусалимдегі мерекеге жиналғандардың барлығының алдында Исаның керемет істер жасағанын қалайды. Алайда Иса өзіне қауіп төніп тұрғанын біледі. Сондықтан інілеріне былай дейді: “Мен қазір бұл мейрамға бармаймын, себебі Өзімді танытатын уақытым әлі келген жоқ” (Жохан 7:1—8).

14 Осылайша Ғалилеяда қалып қояды да, біраз уақыттан соң ‘тасаланып Иса да жолға шығады’. “Ол қайда?” — деп, иудейлер оны мерекеде расында да іздеп жүреді. Мейрамның жартысы өткен кезде Иса ғибадатханаға барып, батылдықпен тәлім бере бастайды. Олар оны ұстап алудың жолын іздейді, бәлкім, олар оны түрмеге жапқысы немесе өлтіргісі келген болар. Бірақ иудейлер бұл ойларын жүзеге асыра алмайды, өйткені оның “уақыты әлі болмаған еді”. Осы кезде көбісі Исаға сене бастайды. Тіпті парызшылдардың оны ұстап әкелу үшін жіберген сақшылары да: “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!” — деп құр алақан қайтып келеді (Жохан 7:9—14, 30—46).

15. Не себепті иудейлер Исаны таспен ұрып өлтіргісі келді және Иса қандай уағыздау ісін ұйымдастырды?

15 Мереке кезінде Иса ғибадатханада Әкесі туралы тәлім береді, сонда иудейден шыққан қарсыластар мен Оның арасында тағы да қақтығыс туады. Мерекенің соңғы күні Иса дүниеде адамдар пайда болғанға дейін өзінің бар болғаны туралы айтқанда иудейлер қатты ашуланып, оны таспен ұрып өлтіру үшін жерден тас алады. Бірақ ол жасырынып қалып, аман-есен құтылып кетеді (Жохан 8:12—59). Енді ол Иерусалимге қайтып оралмай, Иудеяда ауқымды куәлік ету ісін ұйымдастырады. Ол жетпіс шәкірт таңдап алып, оларды үйретіп, екі-екіден уағыздау аймағына жібереді. Олар Исаның өзі елшілерімен бірге барғысы келген жерлер мен қалалардың бәрін Исадан бұрын аралап шығады (Лұқа 10:1—24).

16. Киелі үй мейрамында Иса қандай қауіптен қашып құтылды және ол қайтадан қандай іске кірісті?

16 Б. з. 32 жылының қысы. Исаның “уақыты” жақындады. Ол Киелі үй мейрамына қатысу үшін Иерусалимге келеді. Иудейлер әлі де оны өлтірудің жолын іздеуде. Иса ғибадатханадағы бағаналы залда жүргенде олар оны қоршап алады да, тағы да оған Құдайды қорлады деген кінә тағып, тас лақтырып өлтірмекші болады. Бірақ өткен жолы болған жағдайдағыдай, Иса тағы да қашып кетеді. Көп ұзамай ол Иудеядан шығып Иордан өзенінің арғы бетіндегі Перея аймағында қаладан-қалаға, ауылдан-ауылға кіріп уағыздап жүреді. Көпшілігі оған сене бастайды. Алайда сүйікті досы Елазар туралы алған хабары Исаны Иудеяға қайтуға мәжбүр етеді (Лұқа 13:33; Жохан 10:20—42).

17. а) Переяда қызмет етіп жүргенде Иса қандай шұғыл хабар алды? ә) Исаның алдағы ісінің мақсатын және оқиғаның болуы керек уақытын білгендігі қалай көрінеді?

17 Бұл шұғыл хабар Елазардың Иудеядағы Бетанияда тұратын Марта және Мәриям деген бауырларынан келеді. “Мырза, Сіз жақсы көретін кісі ауырып жатыр”,— дейді хабаршы. “Бұл аурудың соңы өлімге соқтырмайды”,— деп жауап береді Иса, — “қайта, Құдайды ұлылыққа бөлеу үшін септігін тигізеді: ол арқылы Құдай Ұлының құдіретті ұлылығы көрінеді”. Көздеген мақсатына жету үшін Иса тоқтаған жерінде әдейі тағы екі күн болады. Сосын ол шәкірттеріне: “Иудея аймағына қайта барайық”,— дейді. Олар аң-таң болып: “Ұстаз, иудей діндарлары күні кеше ғана Сізді тас лақтырып өлтіргісі келмеп пе еді? Шынымен тағы сол жаққа бармақсыз ба?” — деп жауап береді. Бірақ Иса ‘бір күндегі сағаттың’, немесе оның жердегі қызметі үшін Құдайдың белгілеген уақытының, өте аз қалғанын түсінеді. Иса өзінің не істеуі керек екенін және не үшін істеуі керек екенін жақсы біледі (Жохан 11:1—10).

Байқаусыз қалуы мүмкін емес керемет іс

18. Иса Бетанияға келген кезде онда қандай оқиға болып жатыр екен және Иса онда келгеннен кейін не болды?

18 Бетанияда бірінші болып Исаның алдынан Марта шығады. Ол Исаға былай дейді: “Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді”. Содан соң Мәрияммен бірге олардың үйіне көңіл айтуға келгендердің бәрі келеді. Бәрі жылап жүр. Иса: “Оны қай араға жерледіңдер?” — деп сұрайды. “Иеміз, келіп көріңіз,” — дейді олар. Олар қабірдің басына келгенде, қабір болса аузы таспен жабылған үңгір екен, Иса: “Тасты алып тастаңдар!” — дейді. Исаның не істегісі келіп тұрғанын түсінбестен Марта қарсылық білдіріп: “Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды”,— дейді. Бірақ Иса: “Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім?” — деп сұрайды (Жохан 11:17—40).

19. Елазарды қайта тірілтпес бұрын неге Иса дауыстап дұға етті?

19 Елазарды қойған қабірдің аузындағы тас алынғаннан кейін, ендігі оның істейтін ісі Құдайдың күшінің арқасында екенін халыққа білдіру үшін, Иса дауыстап дұға етеді. Осыдан кейін ол қатты дауыстап: “Елазар, шық!” — дейді. Елазар шығады; оның аяқ-қолы кебінге оралып, ал беті орамалмен байланыпты. Иса: “Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін”,— дейді (Жохан 11:41—44).

20. Исаның Елазарды қайта тірілткенін көргендер не істеді?

20 Марта мен Мәриямға көңіл айтуға келген иудейлердің көбісі Исаның осы керемет ісін көріп, оған сене бастайды. Ал кейбіреулері парызшылдарға барып, болған жағдайды айтып береді. Олар мұны қалай қабылдайды екен? Парызшылдар мен бас діни қызметкерлер жоғарғы кеңестің төтенше мәжілісін шақырады. Олар құты қашып былай деседі: “Біз не істейміз? Мына Кісі көп кереметтер жасап жүр. Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен елімізді бізден тартып алады!” Сонда бас діни қызметкер Қаяфа оларға: “Сендер түк білмейсіңдер! Бүкіл халқымыздың құрып кетуінен гөрі, халық үшін бір Адамның өлгені бізге жақсы”,— дейді. Сол күннен бастап олар Исаны өлтіру туралы берік байламға келеді (Жохан 11:45—53).

21. Елазарды қайта тірілткендегі керемет не нәрсенің басталуына жол ашты?

21 Сонымен Бетанияға баратын сапарын кешеуілдеткендіктен Иса байқалынбай қалуы мүмкін емес керемет іс жасайды. Құдайдың берген күшінің арқасында ол өлгеніне төрт күн болған адамды қайта тірілтеді. Тіпті керемет істер Жасаушыны өлім жазасына кескен беделді, жоғарғы кеңестің өзі де мұны мойындауға мәжбүр болады! Осы керемет Исаның қызметіндегі маңызды кезеңнің, яғни “уақыты әлі болмаған” кезеңнің “уақыты келген” кезеңге алмасатын шақтың, басталуына жол ашады.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Құдайдың берген тапсырмасының маңызы зор екенін түсінетіндігін Иса қалай көрсеткен?

• Не себепті Иса анасының шарапқа қатысты берген ұсынысына қарсылық білдірді?

• Исаның қарсыластармен жиі кездескендегі оның іс-әрекетінен біз не нәрсеге үйрене аламыз?

• Иса Елазардың науқас екенін естісе де жолға шығуын неге кешеуілдетті?

[6-беттегі суреттер]

Құдайдың тапсырған ісін орындау үшін Иса бар қажыр-қайратын жұмсаған.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу