Жер тек сынаққа арналған орын ба?
ҚАНДАЙ ғанибет! Ол емтиханнан өтті! Әбден титықтатқан екі аптаға созылған емтиханнан кейін, ақыр соңында студент қуанышты хабар алды. Енді ол көптен бері аңсаған жұмысына кірісе алатын болды.
Көптеген адамдар жердегі өмірге осылай қарайды. Олар оны барлық адам өтуге тиіс сынақ деп ойлайды. Сынақтан “өткендер” о дүниеде қандай да бір түрге еніп, жақсырақ нәрсені иеленеді. Егер көптеген адамдар үшін жай ғана күнелту болып табылатын қазіргі өмір адамзаттың үміт артқан ең жақсы нәрсесі болса, бұл шындығында қайғылы болған болар еді. Өмірінің көп уақытында дені сау, бай болғанына қарамастан, Киелі кітап кейіпкері Аюп былай деп ескерді: “Әйелден туған адамның өмірі қысқа және қайғыға толы” (Аюп 14:1).
Көпшіліктің ойын “Жаңа Католик Энциклопедиясындағы” (New Catholic Encyclopedia) келесі сөздерден көруге болады: “Құдай адамды аспандағы даңққа ие болу үшін жаратқан... Адам бақыты оның аспандағы рақат өмірге жетуінде”. Жақында Құрама Штаттарда Мәсіхтің Шіркеуі адамдарға сауал қойғанда сұралғандардың 87 пайызы өлген соң аспанға кетуінің мүмкін екеніне сенетінін айтты.
Христиан әлеміне жатпайтын көптеген адамдар да өлген соң жерді тастап жақсы орынға барамыз деп үміттенеді. Мысалы, мұсылмандар аспандағы пейішке барамыз деп үміттенеді. Қытай мен Жапониядағы буддизмнен тараған Таза Жер ағымының мүшелері Шексіз Жарық Будданың есімі — Амитабханы толассыз қайталау арқылы Таза Жерде, немесе Батыс Жұмағында, қайта туылып, онда баянды бақытқа кенелеміз деп сенеді.
Бір қызығы, дүние жүзі бойынша ең көп тілдерге аударылған және ең кең тараған кітап — Киелі кітап жерді болашақ өмірге апаратын баспалдақ ретінде суреттемейді. Мысалы, онда былай делінген: “Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді” (Забур 36:29). Сондай-ақ Киелі кітаптан Исаның: “Кіші пейілділер бақытты! Олар жерді мұра етеді”,— деген әйгілі сөздерін оқимыз (Матай 5:5).
Әдетте жердегі өмір уақытша деген көзқарас өлім рахат өмірге жол ашады дегенді білдіреді. Олай болса өлімнің жағымды нәрсе болғаны ғой. Бірақ жалпы алғанда адамдар өлімге солай қарай ма, жоқ әлде осы, қазіргі өмірлерін ұзартуға тырыса ма? Денсаулықтары біршама жақсы әрі өмірлеріне қауіп төнбеген кезде адамдардың өлгілері келмейтінін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр.
Дегенмен, жердегі өмір зорлық-зомбылық пен қайғы-қасіретке толы болғандықтан, көп адамдар аспанды шынайы бейбітшілік пен баянды бақыт табуға болатын жалғыз ғана орын ретінде қарастырады. Аспан шынымен-ақ зорлық-зомбылық жойылған, бәрі бір-бірімен үйлесімді, бейбітшілік пен бақыт жайлаған орын ба екен? Өлген соң адамдарды тек қана аспандағы өмір күтіп тұр ма екен? Киелі кітаптың жауабы сізді таңғалдыруы мүмкін. Оқып көруіңізді өтінеміз.