‘Уақыт келді!’
‘Бұл дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күні жақындап қалды [“уақыты келді”, ЖД]’ (ЖОХАН 13:1).
1. Б. з. 33 жылғы Құтқарылу мейрамының қарсаңында Иерусалимде қандай әңгіме гуілдеп тұрды және неге?
ИСА б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, өзінің жанын қиятын, қайта тірілетін және ұлылыққа бөленетін ‘уақытына’ жетелейтін жолға түседі. Енді б. з. 33 жылының көктемі. Иудейдің жоғарғы кеңесі Исаны өлім жазасына кескеннен бері бірнеше ғана апта өткен болатын. Олардың ойын білген соң — бәлкім, ол мұны өзіне достық пейіл танытатын жоғарғы кеңестің мүшесі Нікөдім арқылы білген болса керек — Иса Иерусалимнен шығып Иордан өзенінің арғы жағындағы ауылдарға кетіп қалады. Құтқарылу мейрамы жақындағанда ауылдардан көптеген халық Иерусалимге қарай ағылады. Ал қалада Иса туралы әңгімелер гуілдеп тұрады. Жұрт бір-бірінен: “Қалай ойлайсыңдар? Ол мейрамға келер ме екен?” — деп сұрап жүреді. Діни қызметкерлер мен парызшылдар болса, оның қайда жүргенін көрген адам бізге хабар берсін деген жарлық беруімен, толқуды күшейте түседі (Жохан 11:47—57).
2. Мәриямның қандай әрекеті дау тудырды және Исаның берген жауабына қарағанда, ол өзінің “уақытының келгенін” қаншалықты түсінген?
2 Құтқарылу мейрамына алты күн қалғанда — сегізінші нисан күні — Иса Иерусалимнің аймағына оралады. Ол өзінің жақсы көретін достары Марта, Мәриям және Елазарлар тұратын Бетанияға келеді. Бетания Иерусалимнен үш шақырымдай жерде орналасқан. Жұма күнгі кешкі мезгіл; Иса діни демалыс күнін осында өткізеді. Келесі күні кешке Мәриям Исаның аяқтарын құнды иісмаймен сылап, оған қызмет етеді де, мұнысымен шәкірттерінің наразылығын тудырады. Сонда Иса былай дейді: ‘Мәриямға тимеңдер! Ол осыны істеуімен Менің денемді қабірге салатын күнгі майлау салтын орындады. Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен әрдайым қастарыңда бола бермеймін’ (Жохан 12:1—8; Матай 26:6—13). “Иса Өзінің бұл дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын [“уақытының келгенін”, ЖД] білді” (Жохан 13:1). Бес күннен кейін ол ‘көптеген адамдардың бостандық төлемін төлеуге өз жанын береді’ (Марқа 10:45). Осы уақыттан бастап Исаның барлық әрекетінен, барлық тәлімінен оның уақыттың күтпейтіндігін түсінетіндігі байқалып отырады. Осы зұлым заманның ақырын тағатсыздана күтіп отырған біздер үшін бұл қандай керемет үлгі десеңші! Келесі күні-ақ Иса сол уақыттың маңызы қаншалықты зор екендігін түсінетіндігін көрсетеді.
Исаның салтанатпен Иерусалимге кірген күні
3. а) Жексенбі күні, нисанның тоғызына, Иса Иерусалимге қалай кірді және жиналған халықтың көбісі оған қандай лебіз танытты? ә) Халыққа ашуланған парызшылдарға Иса не деп жауап берді?
3 Жексенбі күні, нисанның тоғызында, Иса салтанатты түрде Иерусалимге кіреді. Ол тайқарға мініп қалаға жақындағанда — осылайша Зәкәрия 9:9-да жазылған сөздер орындалады — оның айналасына көп халық жиналып қалады да, олардың көпшілігі жолға шапандарын төсесе, басқалары ағаштардан жас бұтақ кесіп алып төсейді. Олар: “Иеміздің атынан келе жатқан Патша... жарылқанған!” — деп айғайлайды. Халықтың арасындағы кейбір парызшылдар Исаның шәкірттеріне тыйым салғанын қалайды. Бірақ ол: “Егер олар үндемесе, онда жолдағы тастар айғай салар еді”,— деп жауап береді (Лұқа 19:38—40; Матай 21:6—9).
4. Иса Иерусалимге келіп кіргенде неге бүкіл қала гу-гу әңгімеге көшті?
4 Осыдан не бары бірнеше апта бұрын осы топтың арасындағылардың көбісі Исаның Елазарды қайта тірілткенін көрген болатын. Енді олар өзгелерге де сол керемет іс туралы айтады. Сондықтан Иса Иерусалимге келіп кіргенде, бүкіл қала гу-гу әңгімеге көшеді. Халық: “Бұл — кім?” — деп сұрап жатады. Жұрт тұс-тұстан: “Бұл — Иса, Ғалилеядағы Назареттен шыққан пайғамбар”,— деседі. Не болып жатқанын көрген парызшылдар: “Елдің бәрі Соның соңына еріп кетті”,— деп қынжылады (Матай 21:10, 11; Жохан 12:17—19).
5. Иса ғибадатханаға келгенде қандай оқиға болды?
5 Иерусалимге келген сайын істейтін әдеті бойынша Иса — Ұлы Ұстаз — тәлім беру үшін ғибадатханаға барады. Сол жерде оған зағиптар мен мүгедектер келеді де, ол оларды айықтырады. Осыны көріп және ғибадатханада балалардың “Дәуідтің Ұрпағына амандық!” деп айқайлап жүргенін естіп, бас діни қызметкерлер мен діни мұғалімдер ашуланады. Дінбасылары оған: “Олардың не айтып тұрғандарын естідің бе?” — дейді. “Иә! — деп жауап береді Иса.— Әлде сендер “Сәбилер мен емшектегі балалардың аузынан Сен Өзіңе мақтау айтқыздың” деп [Киелі кітапта] жазылғанды еш оқымағансыңдар ма?” Иса тәлім беруін тоқтатпайды, әрі ғибадатханада болып жатқан істерді мұқият бақылап отырады (Матай 21:15, 16; Марқа 11:11).
6. Исаның іс-әрекеті қалай өзгерді және неге?
6 Осыдан алты ай бұрынғыға қарағанда, енді Иса тіпті өзгеше әрекет етеді! Ол кезде Иса Иерусалимдегі Шыбық күрке мейрамына ‘тасаланып жолға шыққан’ болатын (Жохан 7:10). Өміріне қауіп төнген сәттерде аман қалу үшін қашып кететін. Ал енді болса, өзін ұстауға жарлық шығарылған қалаға ашықтан-ашық кіріп отыр! Оның үстіне, әдетте Иса өзінің Мәсіх екендігін жария етпейтін (Ишая 42:2; Марқа 1:40—44). Ол өзінің айналасында шудың болғанын немесе өзі туралы бұрмаланған хабардың ауыздан-ауызға тарағанын қаламайтын. Ал енді болса, жұрт оны ашықтан-ашық Патша әрі Құтқарушы, яғни Мәсіх, ретінде жариялауда, ал өзі болса, дінбасылары одан шәкірттеріне тыйым салуды сұрағанда, оларға батылдықпен қарсылық білдіруде! Неге ол мұншама өзгерді екен? Өйткені, келесі күні, Исаның өзінің айтуына қарағанда, ‘көктен келген Билеушінің ұлылыққа жететін уақыты келеді’ (Жохан 12:23).
Батыл әрекет және өмірді сақтайтын тәлім
7, 8. Исаның б. з. 33 жылы оныншы нисанда істеген әрекеті қай жағынан оның б. з. 30 жылы Құтқарылу мейрамындағы оның ғибадатханада істеген ісін еске салады?
7 Нисанның онында, дүйсенбі күні, Иса ғибадатханаға келеді де, осыдан бір күн бұрын көрген нәрселеріне қатысты әрекет ете бастайды. Ол ‘ғибадатханаға кіріп, ондағы сатушылар мен алушыларды қуып, ақша алмастырушылардың үстелдерін және көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастайды. Жүк көтеріп жүрген әркімнің ғибадатхана [алаңы] арқылы өтуіне тыйым салады’. Ондағы кінәлыларды айыптап былай дейді: “Менің үйім, барлық халықтар үшін дұға ететін үй деп аталсын” деп [Киелі кітапта] жазылған емес пе? Ал сендер оны қарақшылардың ордасына айналдырдыңдар!” (Марқа 11:15—17).
8 Исаның бұл әрекеті оның үш жыл бұрын, б. з. 30 жылы, Құтқарылу мейрамында ғибадатханаға келгендегі әрекетін еске салады. Сөйтсе де бұл жолы ол анағұрлым қаттырақ айып тағады. Бұл жолы ол ғибадатханадағы сатушыларды ‘қарақшылар’ деп атайды (Лұқа 19:45, 46; Жохан 2:13—16). Мұнысы рас еді, себебі олар құрбандық шалу үшін мал алғысы келгендерден өте жоғары баға сұрайтын. Бас діни қызметкерлер, дін мұғалімдері мен ру басылары Исаның не істегенін естіп, тағы да оны өлтіргілері келеді. Бірақ олар мұның есебін таба алмайды, өйткені Исаның тәліміне қайран қалған жұрт үнемі оны қоршап жүреді (Марқа 11:18; Лұқа 19:47, 48).
9. Иса не жөнінде тәлім берді және ғибадатханадағы тыңдаушыларды ол не нәрсеге шақырды?
9 Иса ғибадатханада тәлім беруін жалғастырып, былай дейді: “Көктен келген Билеушінің ұлылыққа жететін уақыты келді”. Иә, өзінің адами өмірінің не бары бірнеше күні қалғанын ол біледі. Өнім беру үшін бидай дәнінің өлуі керек екендігі туралы айтқан соң — ал бұл Исаның өзі де өліп, сол арқылы өзгелердің мәңгілік өмірге жететіндігінің бейнесі болатын — Иса тыңдаушыларын мынаған шақырады: “Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін; Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді” (Жохан 12:23—26).
10. Алда күтіп тұрған азапты өлімі Исада қандай сезім тудырды?
10 Не бары төрт күннен кейін азапты өліммен өлетіні туралы ойлап кетіп Иса былай деп сөзін жалғастырады: “Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын? Әке, Мені осы күннен құтқара гөр?” Бірақ Исаны күтіп тұрған нәрсе орындалмай қала алмайды. “Алайда,— дейді Иса,— Мен бұл күнге [сағатқа] осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой”. Расында да Иса Құдайдың ойластырып қойған нәрсесімен толық келісетін. Ол Құдайдың еркін соңына дейін, өз өмірін құрбандық ретінде қиюға дейін, орындауға белін бекем буған (Жохан 12:27). Құдайдың еркіне толық мойынсұнуға қатысты Ол бізге қандай үлгі қалдырды десеңші!
11. Қазір ғана көктен үн естіген халыққа Иса қандай тәлім берді?
11 Өзінің өлімінің Әкесінің есіміне қалай әсер ететінін қатты уайымдап, Иса былай деп дұға етеді: “Әке, атыңды ұлылыққа жеткізе гөр!” Сонда ғибадатханада жиналған халықты аң-таң қалдырып, көктен: “Мен оны ұлылыққа жеткіздім және одан әрі де жеткізе беремін”,— деген үн естіледі. Ұлы Ұстаз орайы түскен кезді пайдаланып халыққа осы үннің не үшін естілгенін, өзінің өлімінің нәтижесі қандай болатынын және неге оларға сенімдерін көрсету керек екендігін түсіндіреді (Жохан 12:28—36). Соңғы екі күнде Исаның көптеген іс атқарғандығы сөзсіз. Бірақ шешуші күн әлі алда.
Әшкерелеу күні
12. Сейсенбі күні, нисанның он біріне, дін басылары Исаны қалай ұстап алуға тырысады және мұның нәтижесі қандай болды?
12 Сейсенбі күні, нисанның он біріне, тәлім беру үшін Иса тағы да ғибадатханаға барады. Сол жерге оған қарсы топ та жиналып қалады. Бас діни қызметкерлер мен ру басылары Исаның осыдан бір күн бұрын істеген істеріне тиістіріп былай дейді: “Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсің, және мұндай билікті Саған кім берді?” Ұлы Ұстаз берген жауаптарымен оларды абыржытып тастайды да, қарсыластарының қаншалықты залым екенін әшкерелейтін үш айқын астарлы әңгіме айтады: екеуі жүзімдік жөнінде, ал біреуі үйлену тойы жөнінде. Оларды естіп дін басыларын ашу кернеп Исаны ұстап алғылары келеді, бірақ халықтан қорқады, өйткені халық оны пайғамбар деп санайтын. Сонда олар Исаға айлакерлікпен оны тұтқындауға болатын сөздер айтқызғысы келеді. Исаның берген жауаптары олардың бәрін ауыздарын аштыртпай тастайды (Матай 21:23—22:46).
13. Иса өзінің тыңдаушыларына дін мұғалімдері мен парызшылдарға қатысты қандай кеңес берді?
13 Формальды түрде дін мұғалімдері мен парызшылдар жұртқа Құдайдың заңынан тәлім беретіндіктен, Иса енді тыңдаушыларын мынаған шақырды: “Олардың сендерге айтқандарының бәрін сақтаңдар да істеңдер. Бірақ олардың істегенін істемеңдер, өйткені олар айтады да, айтқандарын өздері істемейді” (Матай 23:1—3). Олар жұрт алдында қалайша қатты әшкереленді десеңші! Бірақ бұл әлі Исаның олар туралы айтатын соңғы сөзі емес еді. Бұл оның ғибадатханаға соңғы рет келуі болатын, сонда ол айыптау сөздерін бірінен соң бірін жаудырады, оның бұл сөздерін күннің күркірегеніне теңеуге болатын еді.
14, 15. Дін мұғалімдері мен парызшылдарды Иса қалай әшкереледі?
14 Иса алты рет: “Діни мұғалімдер мен парызшылдар, екі жүзділер, сендерге қасірет болады-ай!” — дейді. Иса оларды екі жүзділер деп атайды, себебі олар Құдай Патшалығының есігін жауып, кіргісі келгендерді онда кіргізбейді. Бұл екі жүзділер бір адамды болса да өз діндеріне енгізу үшін теңізді де, құрлықты да аралайды, бірақ кейін ол адам мәңгі жойылуға лайық болады. Олар “Киелі заңның ең маңыздысын — әділдікті де, қайырымдылықты да, сенімді де” елеусіз қалдырып, түскен өнімнің оннан бір бөлігін садақаға беруге баса көңіл қояды. Олар ‘аяқ-табақтарының сыртын тазартатын, бірақ олардың іші ұрлық пен әділетсіздікке толған’, яғни, сырттай діншіл көрінгенмен, олардың іші “шірік нәрселер” мен азғындыққа толы. Оның үстіне, “пайғамбарларды өлтіргендердің ұрпағы” бола тұра, игі іс істегендей жақсы көрінгісі келіп, олар бар ынтасымен сол пайғамбарларға мазар орнатуға даяр (Матай 23:13—15, 23—31).
15 Қарсыластарының рухани құндылықтардан жұрдай екендігін айыптап, Иса былай дейді: “Соқыр жетекшілер, сендерге қасірет болады-ай!” Олар құлықтылық жағынан соқыр болатын, өйткені олар, ғибадатханадағы мінажат ететін орынның рухани құндылығынан гөрі, ондағы алтынға көбірек көңіл бөледі. Бұдан кейін Иса аса пәрменді сөздерді қолданып айыптайды. Ол былай дейді: “Жыландар, улы жыландардың тұқымдары! Сендер тозақ [жаһаннамның, ЖД] жазасынан қалайша қашып құтылмақшысыңдар?” Иә, азғындық жолымен жүргендері үшін, Исаның айтуынша, олар мәңгіге жойылады (Матай 23:16—22, 33). Патшалық туралы хабарды жариялағанда және жалған дінді әшкерелеу қажет болғанда біз де батыл болғаймыз.
16. Зәйтүн тауының басында отырғанда Иса шәкірттеріне қандай маңызы зор пайғамбарлық айтады?
16 Енді Иса ғибадатханадан шығып кетіп қалады. Күннің ыстығы қайтқанда ол елшілерімен бірге Зәйтүн тауына көтеріледі. Сол жерде отырып Иса ғибадатхананың қирайтыны туралы пайғамбарлық етеді және өзінің Патша ретінде қатысуы мен зұлым заманның ақырын суреттейді. Бұл пайғамбарлық сөздер біздің заманымызға да қатысты айтылған болатын. Сонымен қатар сол күні кешке Иса шәкірттеріне былай дейді: “Енді екі күннен соң Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда Адам Ұлын бөренеге шегелеп өлтіру үшін ұстап береді” (Матай 24:1—14; 26:1, 2, ЖД).
Иса “сүйіспеншілігін ақырына дейін толық көрсетті”
17. а) Он төртінші нисан күні Құтқарылу мейрамында Иса он екі шәкіртіне қандай үлгі көрсетті? ә) Иуда Исқариотты жіберген соң Иса қандай мерекені ендірді?
17 Келесі екі күнде, он екінші және он үшінші нисанда, Иса ғибадатханада ашықтан-ашық жүрмейді. Дінбасылары оны өлтірудің жолын іздеп жүрген болатын, ал Иса болса елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлауға ештеңенің кедергі болмағанын қалайды. Бейсенбі күні күн ұясына отырғанда нисанның он төрті басталады; бұл — Исаның жердегі адами өмірінің соңғы күні. Сол күні кешке Иса елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимдегі үйлердің бірінде барлық нәрсе дайындалып қойған жерде жиналады. Осы мейрамда Иса он екі шәкіртінің аяқтарын жуып, оларға кіші пейілділіктің керемет үлгісін көрсетеді. Сосын, қожайынын 30 мысқал күміске сатуға келіскен — ал бұл Мұсаның заңына сәйкес қарапайым құлдың құны болатын — Иуда Исқариотты жібергеннен кейін, Иса өзінің өлімін еске алу Кешін ендіреді (Мысырдан көшу 21:32; Матай 26:14, 15, 26—29; Жохан 13:2—30).
18. Иса он бір адал елшісін сүйіспеншілікпен тағы не нәрсеге үйретті және оларды өзінің кететін уақытының жақын екендігіне қалай дайындады?
18 Еске алу Кешін ендіргеннен кейін елшілердің арасында қайсысының үлкен екендігі туралы қатты айтыс басталып кетеді. Оларға жекіп тастамай, керісінше, Иса олардың бір-біріне қызметші іспетті болғанының маңызы зор екендігін шыдамдылықпен үйрете бастайды. Қиын шақтарда шәкірттерінің өзімен бірге болғанын есінде тұтып, Иса олардың Өзімен бірге патшалық етуіне келісім жасайды (Лұқа 22:24—30). Сонымен қатар Иса Өзі оларды қалай сүйсе оларға да бір-бірін солай сүюді өсиет етеді (Жохан 13:34). Отырған бөлмесінен кетуге асықпастан, Иса сүйіспеншілікпен шәкірттерін өзінің кететін уақытының жақын екендігіне дайындайды. Ол өзінің оларға деген достық пейіліне сендіреді, сенім танытуға жігерлендіреді және оларға киелі рух көмектеседі деп уәде етеді (Жохан 14:1—17; 15:15). Үйден шықпас бұрын Иса Әкесінен былай деп сұрайды: “Уақыт жетті. Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Ұлың Сенің ұлылығыңды көрсете алады”. Иә, Ол елшілерін айырылысатын шаққа дайындаған болатын, Исаның ‘оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін толық көрсеткені’ сөзсіз (Жохан 13:1; 17:1).
19. Неге Иса Гетсимани бағында қатты қиналды?
19 Иса он бір адал елшісімен бірге Гетсимани бағына келгенде түн ортасынан ауып қалған болса керек. Ол бұл жерге елшілерімен бірге жиі келіп тұратын (Жохан 18:1, 2). Не бары бірнеше сағаттан кейін Иса қаныпезер қарақшы іспетті өледі. Осы алда болатын оқиғаны күтіп және мұның өзінің Әкесін қалай масқара етуі мүмкін екенін ойлап қатты қиналғаны соншалық, дұға еткенде Исаның тері қанның тамшысына ұқсап жерге тамып жатады (Лұқа 22:41—44). Иса елшілеріне: “Болды, енді уақыт жетті,— дейді.— Әне, Маған опасыздық қылушы кісі жақындап қалды”. Ол әлі сөйлеп тұрғанда қолдарына алау мен шырақ ұстаған, қару-жарақ асынған қалың тобырмен бірге Иуда Исқариот жақындап келеді. Олар Исаны тұтқындауға келеді. Ол қарсылық білдірмейді. Иса былай деп түсіндіреді: “[Киелі] жазуларда солай болуға тиіс деген сөздер қалайша орындалар еді?” (Марқа 14:41—43; Матай 26:48—54).
Адам Ұлының ұлылыққа кенелуі!
20. а) Тұтқындалғаннан кейін Исаға қандай қатыгездік жасалады? ә) Өлер шағында неге Иса “енді түгел орындалды!” деп дауыстайды?
20 Тұтқынға алынғаннан кейін Исаға жалған куәлар жала жабады, екі жүзді қазылар айып тағады, Понти Пилат оған үкім шығарады, діни қызметкерлер мен халық оны мазақ етеді және әскер жасақтары келеке етіп, азаптайды (Марқа 14:53—65; 15:1, 15; Жохан 19:1—3). Жұма күні тал түсте Исаны азап шегу бағанасына шегелеп қояды да, өз денесінің салмағы түскендіктен, оның қолдары мен аяқтарындағы жарақаттары жыртылып, адам төзгісіз азап шегеді (Жохан 19:17, 18). Күндізгі сағат үштер шамасында Иса: “Енді түгел орындалды!” — деп дауыстайды. Иә, ол жерге келгендегі ісін түгел орындап бітті. Сосын ол, рухын Құдайдың қолына тапсырып, басын еңкейтеді де, өледі (Жохан 19:28, 30; Матай 27:45, 46; Лұқа 23:46). Үш күн өткеннен кейін Ехоба Ұлын қайта тірілтіп алады (Марқа 16:1—6). Қайта тірілгеннен соң қырық күннен кейін Иса көкке көтеріледі де, ұлылыққа кенеледі (Жохан 17:5; Елшілердің істері 1:3, 9—12; Філіпіліктерге 2:8—11).
21. Біз Исаға қалайша еліктей аламыз?
21 Біз қалай Исаның ‘ізімен жүре аламыз’? (1 Петір 2:21). Иса сияқты, біз де Патшалық туралы хабарды уағыздауға және шәкірт дайындауға бар күшімізді салып, Құдайдың сөзін жариялағанда қорықпастан батыл болғаймыз (Матай 24:14; 28:19, 20; Елшілердің істері 4:29—31; Філіпіліктерге 1:14). Қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ешқашан ұмытпалық, бір-бірімізді сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандыра берелік! (Марқа 13:28—33; Еврейлерге 10:24, 25). Ехоба Құдайдың еркін білгендігіміз және ‘заманның ақырында’ өмір сүріп жатқанымызды түсінгендігіміз біздің қалай әрекет ететіндігімізге ықпал ететін болсын (Даниел 12:4).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Өзінің өлетін уақытының жақын екендігін түсінгендігі Исаның Иерусалимдегі ғибадатханадағы қызметіне қалай әсер етті?
• Исаның ‘сүйіспеншілігін ақырына дейін толық көрсеткені’ неден көрінеді?
• Исаның өмірінің соңғы сағаттарында болған оқиғалар ол туралы не айтады?
• Өзіміздің қызметімізде біз Иса Мәсіхке қалайша еліктей аламыз?
[12-беттегі сурет]
Иса ‘оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін толық көрсетті’.