Аса маңызды мыңжылдыққа дайындалыңыздар!
АДАМЗАТ Мәсіхтің Мыңжылдық басшылығының арқасында адам айтып жеткізе алмайтын игіліктер көрмек. Исаның сүйіспеншілікке толы басшылығының арқасында адамзат бүгінгі аянышты халінен шығып, кемелділікке жетеді. Бұл сіз үшін нені білдіретінін ойланыңызшы. Денсаулығыңыз тамаша болады! Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: әр күні ұйқыдан оянғанда өзіңізді кешегіден де жақсырақ сезінетін боласыз. Миллиондаған ерлер мен әйелдер және балалар осындай бақытты өмір сүретін кезеңді асыға күтуде. Олар осындай бақытты болашаққа үміт артып отыр және сол жайында сұрап дұға етуде. Осындай баталарға ие болуға мүмкіндік бар екеніне Киелі кітапты зерттеу арқылы олардың көздері жетті.
Бірақ Мыңжылдық басшылық басталмай тұрып, Иса Мәсіх өзінің басшылығына мойынсұнғысы келмейтіндердің бәрінен жерді тазартуы керек. Ол бұны Киелі кітапта Һармагеддон деп аталатын соғыста жүзеге асырады (Аян 16:16). Жер бетіндегі шынайы мәсіхшілер бұл соғысқа қатыспайды. Бұл Құдайдың соғысы. Және Киелі кітапта бұл соғыс жер шарының бір бөлігін ғана емес, түкпір-түкпірінің бәрін қамтитыны жазылған. Мәсіхтің басшылығына қарсыласқандар мүлдем жойылады. Олардың ешқайсысы аман қалмайды! (Еремия 25:33).
Содан кейін Исаның ісі Шайтан Ібіліспен және оның жын-перілерімен болады. Аян кітабын жазған адамның көргенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші: «Бұдан кейін мен қолында түпсіз тұңғиықтың кілті мен ауыр шынжыры бар көктен түсіп келе жатқан періштені көрдім. Ол айдаһарды — ежелгі жыланды, яғни шайтан ібілісті ұстап алып, мың жылға шынжырлап тастады (Аян 20:1, 2). Кейінірек Шайтан Ібіліс пен оның жын-перілері біржолата жойылады (Матай 25:41).
«Ешкім санай алмайтын ұлы жамағат адамдар» Һармагеддонда аман қалады (Аян 7:9). Сол кезде Мәсіх басшылық жасап, қойларын суға жетелеген бақташы сияқты, адамдарды «өмір суының бұлақтарына жетелейді» (Аян 7:17). Ол кезде Шайтан мен оның жын-перілері адамдардың рухани өсуіне кедергі бола алмайды. Сөйтіп, күнә жасауға бейімділіктерінен бірте-бірте арылып, кемелділікке жетуі үшін, Һармагеддоннан аман-есен өткен адамдарға көмек көрсетіледі!
Мәсіхтің сүйіспеншілікке толы басшылығының арқасында адамдардың өмірі жақсарған үстіне жақсара түседі. Ехоба Құдай Иса арқылы барлық қиыншылық пен қайғыны жояды. Ол «көз жасын сүртеді және өлім енді болмайды; жылау да, зарлау да, ауру да енді болмайды» (Аян 21:4). Ишая пайғамбардың сөздері бұны былай деп толықтыра түседі: «Сол кезде зағиптардың көзі ашылып, саңыраулардың құлақтары естиді. Сол кезде ақсақ еліктей секіреді және мылқаудың тілі ән салады» (Ишая 35:5, 6). Өліп кеткен «атақты және қарапайым» адамдар қайта тіріліп, өлім атаулы болмайтын өмірге оралады (Аян 20:12).
Һармагеддонда аман қалатын «ұлы жамағатты» құрайтын адамдарды жинау әлі жүріп жатыр. Олар Иса басшылық жасайтын Мыңжылдыққа дайындық жүргізуде. Олар Исаның Мыңжылдық басшылығының қашан басталатынын білмегенімен, ол күннің Құдай белгілеп қойған уақытта келетініне сенімді. Сол адамдардың қатарында болуға сіздің де мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін сіз де дайындалуыңыз керек. Бірақ дүние-мүлкіңізді сатып, басқа бір жерге көшіп емес, Ехоба Құдай мен оның ниеттері жайлы тура білім алу арқылы дайындық жасау керек. Ехоба Куәгерлері Киелі кітапты зерттегеннің сіз үшін және үй-ішіңіз үшін қаншалықты пайдалы екенін сізге қуана-қуана көрсетеді. Мұнысы үшін олар сізге ешқандай міндет жүктемейді, ақы да сұрамайды. Осы журналды басып шығарып отырған қоғам сізге қосымша мәліметтер беруге дайын.
[7-беттегі қоршау]
Қай мағындағы мыңжылдық?
Аян кітабының көп бөлігі бейнелеп жазылғандықтан мынадай сұрақтар туындайды: Аян кітабында жазылған Мәсіхтің Мыңжылдық басшылығын қалай түсінуге болады? Бұл тура мағынада болатын уақыт аралығы ма, әлде бейнелеп түсіндірілетін нәрсе ме?
Бұл кезең тура мағынасында мың жылға созылады деп есептеудің себебі жеткілікті. Ойланып қараңызшы, бүкіл адамзат сотталатын Исаның Мыңжылдық басшылығының кезеңін елші Пауыл бір күн деп отыр (Елшілердің істері 17:31; Аян 20:4). Елші Петір болса Ехоба үшін бір күн (24 сағат) мың жылдай деген болатын (2 Петір 3:8). Бұл, сот «күнінің» тура мағынада мың жылға созылатынын дәлелдейді. Оның үстіне, Аян 20:3, 5—7-тармақтарда мыңжылдық туралы айтылғанда, көне грек тілінде төрт жерде айқындылық артиклі қолданылған. Осыған қарап бұның белгілі бір уақыт аралығы екенін білуге болады.