Үшінші мыңжылдық қашан басталады?
СІЗ үшінші мыңжылдық 2000 жылы емес, 2001 жылы басталады деген тұжырымды естіген боларсыз? Бұл тұжырымның аздап дұрыстығы да бар. Егер қалыптасқан тұжырым бойынша Иса Мәсіх б. з. б. 1 жылы туылды десек, 2000 жылдың (1999 емес) желтоқсан айының 31 жұлдызы шын мәнінде екінші мыңжылдықтың аяғы, ал 2001 жылдың 1 қаңтары үшінші мыңжылдықтың басы болуы керекa. Алайда бүгінгі күні ғалымдардың барлығы дерлік Иса Мәсіх б. з. б. 1 жылы туылған жоқ деген тұжырыммен келіседі. Ендеше ол қашан туылды?
Иса қашан туылды?
Киелі кітапта Исаның қай күні туылғаны нақты айтылмаған. Бірақ оның «патша Иродтың заманында» туылғандығы айтылады (Матай 2:1). Киелі кітапты зерттеумен айналысатындардың көпшілігі Ирод б. з. б. төртінші жылы өлген, ал Иса ол өлмей тұрып (мүмкін, б. з. б. алтыншы немесе бесінші ғасырда) туылған деген көзқараста. Олар өздерінің Иродтың өліміне байланысты тұжырымдарын І ғасырдағы ежелгі еврей тарихшысы Иосиф Флавийдің айтқан сөздеріне негіздейдіb.
Флавийдің айтуы бойынша, Ирод патша өлер алдында ай тұтылған. Киелі кітапты зерттеушілер б. з. б. 4 жылғы наурыз айының 11 жұлдызында болған айдың жартылай тұтылуын Иродтың өлген жылын растайтын айғақ ретінде келтіреді. Бірақ б. з. б. 1 жылғы қаңтардың 8 жұлдызында ай толығымен тұтылып, желтоқсан айының 27 жұлдызында ай жартылай тұтылған еді. Иосиф б. з. б. 1 жылы болған айдың тұтылуын айтып отыр ма, әлде оның айтып отырғаны б. з. б. 4 жылы болған тұтылу ма? Оны ешкім білмейді. Демек Иродтың өлген жылын анықтау үшін Иосифтің сөздеріне сүйене алмаймыз. Тіпті біз оған сүйенсек те, басқа қосымша мәліметтер болмаса, Исаның туылған уақытын нақты анықтау мүмкін емес.
Исаның туылған мерзімін анықтауға қажетті еш күмән туғызбайтын мәліметтерді Киелі кітаптан табуға болады. Құдай рухының жетелеуімен жазылған бұл кітапта Рим патшасы Тіберидің билік құрғанынан кейінгі он бесінші жылында Исаның туысқаны Шомылдырушы Жақияның пайғамбарлық қызметін бастағаны жайында жазылған (Лұқа 3:1, 2). Б. з. б. 14 жылғы қыркүйек айының 15 жұлдызында Тіберидің императорлық таққа отырғанын тарихшылар растап отыр, демек оның билігінің он бесінші жылы б. з. 28 жылының аяқ жағы мен б. з. 29 жылының бас жағына тура келеді. Сол кезде Жақия өзінің қызметін бастады. Соған қарағанда, Иса өзінің қызметін жарты жылдан кейін бастаған болуы керек (Лұқа 1:24—31). Осыны басқа да мәліметтермен қоса қарастыра отырып, Исаның қызметі б. з. 29 жылының аяғында басталды деуге боладыc. Киелі кітапта Иса қызметін бастаған кезде «отыздар шамасында» болған делінген (Лұқа 3:23). Егер ол б. з. 29 жылының күзінде отыздар шамасында болған болса, б. з. б. 2 жылдың күзінде дүниеге келуі керек еді. Ал енді, б. з. б. 2 жылдың күзінен бастап екі мың жылды есептейтін болсақ (нөлінші жыл жоқ болғандықтан, б. з. б. 2 жыл мен б. з. 1 жылының аралығы екі-ақ жыл), екінші мыңжылдықтың бітіп, 1999 жылдың күзінде үшінші мыңжылдықтың басталғанын білеміз!
Бұл сондай маңызды нәрсе ме? Мысалы, үшінші мыңжылдықтың басталатын уақыты мен Аян кітабында айтылған Иса Мәсіхтің Мыңжылдық басшылығының басталатын уақыты сәйкес келе ме? Жоқ. Киелі кітапта үшінші мыңжылдық пен Мәсіх басшылық жасайтын Мыңжылдықтың арасында байланыс бар деген ешқандай да мәлімет жоқ.
Өзінің ізбасарларын мерзімге байланысты ешқандай болжам жасамауға шақырып, Иса былай деген болатын: «Әкем өз еркімен белгілеп қойған мерзімдер мен кездерді білу сендерге бұйырмаған» (Елшілердің істері 1:7). Құдайдың осы зұлым дүниені соттап, Мыңжылдық басшылыққа жол ашатын уақытын Иса өзі де білмейтіндігін бұрынырақ айтқан болатын. Ол былай деді: «Ал сол күннің, сол сағаттың қашан болатынын ешкім де, аспандағы періштелер де, [Құдай] Ұлы да білмейді, жалғыз Әкесі ғана біледі» (Марқа 13:32).
Туылған кезінен тура 2000 жыл өткенде Мәсіх оралады деген ой ақылға сыя ма? Жоқ. Иса өзінің туылған күнін білді деуге болады. Сондай-ақ оның сол кезден бастап 2000 жылды санай білгенінде де күмән жоқ. Бірақ ол өзінің оралатын күнін де, сағатын да білген жоқ. Оның оралатын күнін нақты айту оңай емес екені айдан анық! «Мерзімдер мен кездер» Әкесінің қолында, яғни ненің қашан болатынын сол ғана біледі.
Оның үстіне, Иса ізбасарларына өзін жер шарының белгілі бір бөлігіне барып күтуді бұйырған жоқ. Сондай-ақ Иса оларға бір жерге жиналып күтуді де бұйырған жоқ, қайта «жердің шетіне дейін» тарап, барлық ұлттың арасынан шәкірт дайындауды тапсырған болатын. Ол бұл бұйрығын ешқашан өзгерткен емес (Елшілердің істері 1:8; Матай 28:19, 20).
Олардың үміті ақтала ма?
Сонда да болса кейбір діни фундаменталистер 2000 жылға үлкен үміт артады. Олар Аян кітабының кейбір бөліктері келесі бірнеше айдың ішінде тура мағынасында орындалады деген сенімде және өздерін соның орындалуына қатысушылар ретінде қарастырады. Олар, мысалы, Аян 11: 3, 7, 8-дегі сөздерге нұсқайды. Онда «рухани атауы Содом және Мысыр» болып табылатын «Иемізді шегелеп өлтірген ұлы қаланың көшесінде» пайғамбарлық айтып жатқан екі куәгер жайында жазылған. Осы екі куәгер куәлік етуін аяқтаған кезде, тұңғиықтан шығып келе жатқан хайуан олармен шайқасады да, жеңіп, өлтіреді.
«Нью-Йорк таймс мэгэзин» журналының 1998 жылғы желтоқсан айының 27 жұлдызындағы санында бір діни топтың жетекшісінің «жердің күйрейтіні мен Иеміздің оралатыны жайындағы хабарды жариялап, сонан соң ізбасарларына Иерусалим көшелерінің бірінде Шайтанның қолынан өлу маңдайына жазылған екі куәгердің бірі өзі екенін хабарлағандығы» айтылады. Бұл Израиль елінің басшыларын мазасыздандыруда. Олардың бойында кейбір экстремистер қарулы қақтығыстар ұйымдастырып, пайғамбарлықты өздері «орындауға» тырысуы мүмкін деген қорқыныш бар! Бірақ Құдай өзінің ниетін жүзеге асыру үшін адамдардың «көмегін» қажет етпейді. Киелі кітапта жазылған пайғамбарлықтардың барлығы Құдайдың еркіне сай және белгіленген уақытында орындалады.
Аян кітабы астарлы сөздермен жазылған болатын. Аян 1:1-гі сөздерге қарағанда, жақын арада болуы керек оқиғаларды Иса (жалпы дүние жүзіне емес) «өзінің құлдарына» айтқысы келген. Мәсіхтің құлдары, немесе ізбасарлары, Аян кітабын Құдайдың киелі рухының көмегімен түсінеді. Ал киелі рухты Құдай өзінің еркіне сай әрекет жасайтын адамдарға ғана береді. Аян кітабын дәл сол тұрған тұрысында түсінген дұрыс болса, оны тіпті Құдайға сенбейтін адамдар да оқып, түсіне берген болар еді. Ендеше, Киелі кітапты түсіну үшін мәсіхшілердің киелі рух сұрап Құдайға жалбарынуының қажеті болмаған болар еді (Матай 13:10—15).
Киелі кітаптағы мәліметтерге сәйкес, үшінші мыңжылдық Исаның туылған жылынан бастап санағанда 1999 жылдың күзінде басталатынын және осы дата мен 2000 жылдың 1 қаңтарының, сондай-ақ 2001 жылдың 1 қаңтарының да ерекше назар аударуға тұрмайтынын білдік. Алайда мәсіхшілер қатты білгісі келетін бір мыңжылдық бар. Егер ол үшінші мыңжылдық болмаса, оның қай мыңжылдық болғаны? Осы тақырыпқа арналған мақалалардың соңғысы осы сұраққа жауап береді.
[Сілтемелер]
a 5-беттегі «2000 жыл ма, әлде 2001 жыл ма» деген қоршауды қараңыз.
b Бұл ғалымдардың есебі бойынша, үшінші мыңжылдық 1995 немесе 1996 жылы басталуы керек болатын.
c Қосымша мәліметтерді Күзет мұнарасы қоғамы басып шығарған «Киелі Жазбаларды түсіну» деген энциклопедиядан табуға болады, 1-том, 1094, 1095 беттер, ағ.
[5-беттегі қоршау]
2000 жыл ма, әлде 2001 жыл ма?
Иса туылған кезден бастап саналатын үшінші мыңжылдық 2001 жылдың 1 қаңтарында басталады деген кейбіреулердің тұжырымын түсіну оңай болу үшін, төменде салыстыруға арналған мысал келтіріліп отыр. Сіз 200 беттен тұратын кітап оқып отырсыз делік. Кітаптың 200-бетіне келдіңіз, яғни сіз 199 бетін оқып қойдыңыз. Енді сіз оқитын бір бет қалды. Кітаптың 200-бетін аяғына дейін оқымайынша сіз бұл кітапты оқып бітірмейсіз. Сол сияқты, 1999 жылғы желтоқсан айының 31 жұлдызында осы мыңжылдықтың 999 жылы бітеді де, мыңжылдықтың бітуіне әлі бір жыл уақыт қалады. Осындай есеп бойынша, үшінші мыңжылдық 2001 жылғы қаңтар айының 1 жұлдызында басталады. Алайда бұл, осы мақалада айтылғандай, Исаның туылған күнінен бастап есептегенде, дәл сол кезде 2000 жыл өтеді деген сөз емес.
[6-беттегі қоршау]
«До Р. Х. — от Р. Х.» деген жыл санаудың пайда болуы
Б. з. алтыншы ғасырының басында папа Иоанн І, шіркеулер Құтқарылу мейрамы басталатын уақытты есептей алуы үшін, Кіші Дионисий деген монахқа белгілі бір жүйе ойлап табуды тапсырды.
Дионисий жұмысқа кірісіп, Исаның өлген кезіне дейінгі уақытты ғана емес, Исаның туылған кезеңі деп өзі жобалаған күнге шейінгі уақытты есептеді. Сөйтіп, сол күннен бастап әрбір жылды санай бастады. Иса туылған кезден басталатын уақытты ол «A.D.» (латынша Anno Domini — «Иеміздің жылы») деп белгіледі. Бұл «от Р. Х.» дегенге сәйкес келеді. Дионисийдің мақсаты жыл сайын болатын Құтқарылу мейрамының қай кезде өтетінін есептеуге ыңғайлы жүйе жасау ғана болатын; ол жыл санауды Мәсіхтің туылған кезеңінен бастап есептеуді еріксіз ұсынған болып отыр.
Исаның туылған жылына байланысты Дионисийдің есептеуге негіз етіп алған уақытымен ғалымдардың көпшілігі келіспегенімен, оның есептеу жүйесі оқиғаларды уақытқа салып межелеуге және олардың бір-бірімен байланысын көруімізге мүмкіндік береді.