Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстанасыз ба?
“Мен Ехобаның есімін жариялаймын... Құдай адал, еш әділетсіздік жасамайды” (МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 32:3, 4).
1, 2. а) Набутай мен оның ұлдары қандай әділетсіздіктің құрбаны болды? ә) Осы мақалада қандай екі қасиетке назар аударамыз?
ЕКІ оңбаған кісі бір адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптап тұр. Олардың айтып тұрғаны — қып-қызыл өтірік. Сонда да әлгі адам кінәлі деп табылып, өлім жазасына кесілді. Осы жазықсыз кісі мен ұлдарының таспен атқыланып өлтірілгенін көргенде, әділдікті жақсы көретін адамдардың қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші! Бұл — жай ғана ойдан шығарылған әңгіме емес. Бұл Ехобаның Набутай атты адал қызметшісінің басынан өткен оқиға еді. Ол Исраил патшасы Ахабтың тұсында өмір сүрген (Патшалар 1-жазба 21:11—13; Патшалар 2-жазба 9:26).
2 Осы мақалада біз Набутаймен болған жағдайды толығырақ қарастырамыз. Сондай-ақ І ғасырда мәсіхшілер қауымында адал қызмет еткен бір ақсақалдың үлкен олқылығы жөнінде сөз қозғаймыз. Бұл екі мысалдан Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстанғымыз келсе, кішіпейіл әрі кешірімшіл болудың қаншалықты маңызды екенін көреміз.
СОРАҚЫ ӘДІЛЕТСІЗДІК
3, 4. Набутай қандай кісі болған және неге ол Ахаб патшаға жүзімдігін сатудан бас тартқан?
3 Исраилдіктердің көбісі Ахаб патша мен зұлым әйелі Езабел патшайымның жаман үлгісімен жүрген уақытта, Набутай Ехобаға адалдық сақтады. Жалған тәңір Бағалға табынған олар Ехобаны да, оның заңдарын да құрметтемеді. Ал Набутай болса Ехобамен қарым-қатынасын өз өмірінен де артық көрді.
4 Патшалар 1-жазба 21:1—3 оқыңыз. Ахаб патша Набутайға жүзімдігін өзіне сатуды немесе орнына одан да жақсы жүзімдік беруді ұсынғанда, ол бұдан бас тартты. Неге? Набутай ізетпен түсіндіріп: “Ата-бабамның мұралы иелігін сізге бере алмаймын, Ехоба мұндайға тыйым салған ғой!”— деді. Набутайдың қарсы болуының себебі — бұл Ехобаның ешбір исраилдік өз әулетінің мұралық жерін біржола сатуына болмайды деген заңына қайшы еді (Мұсаның 3-жазбасы 25:23; Мұсаның 4-жазбасы 36:7). Бұдан Набутайдың Ехобаға мойынсұнғаны айқын көрінді.
5. Набутайдың жүзімдігін тартып алу үшін Езабел не істеді?
5 Набутай жүзімдігін сатудан бас тартқанда, Ахаб патша мен оның әйелі оған көрмегенді көрсетті. Күйеуіне жүзімдікті әпермек болған Езабелдің ойластыруымен екі кісі барып, Набутайға жала жапты. Ақырында Набутай да, оның ұлдары да өлтірілді. Осындай сорақы әділетсіздікті көргенде, Ехоба қалай әрекет етті?
ҚҰДАЙДЫҢ ӘДІЛ ШЕШІМІ
6, 7. Ехоба әділдікті сүйетінін қалай көрсетті және неге бұл Набутайдың үй іші мен достарының көңілін жайландырды деуге болады?
6 Ехоба сол заматта-ақ Ахаб патшаның алдынан Ілияс пайғамбарды жіберді. Ілияс оған кісі өлтіруші әрі ұры екенін айтты. Бұл мәселеде Ехоба қандай шешім шығарды? Ахаб пен әйелі және балалары Набутай мен оның ұлдарының кебін кимек еді (Патшалар 1-жазба 21:17—25).
7 Ахабтың қылығы Набутайдың үй ішіндегілері мен достарының қабырғасын қайыстырғаны анық. Бірақ әділетсіздікті көрген Ехоба дереу әрекет етті. Бұл олардың көңілін жайландырса керек. Алайда оқиға желісі күтпеген жерден өзгергенде, олардың кішіпейілділігі мен Ехобаға қаншалықты сенім артатыны сынға алынған болар.
8. Ехобаның шешімін естігенде, Ахаб не істеді және мұның нәтижесі қандай болды?
8 Ехобаның өзіне қатысты ауыр шешімін естігенде, “Ахаб киімінің өңірін айырып, үстіне азалы киім киіп алды. Ол ораза тұтып, ұнжырғасы түсіп жүрді, жатқанда да азалы киімін шешпеді”. Иә, Ахаб кішіпейілділік танытты! Бұның нәтижесі қандай болды? Ехоба Ілиясқа: “Менің алдымда... осылай кішірейгені үшін, [Ахабтың] әулетін өзінің емес, ұлының тұсында пәлеге ұшыратамын”,— деді (Патшалар 1-жазба 21:27—29; Патшалар 2-жазба 10:10, 11, 17 ). “Жүректі тексеретін”, яғни адамның шынайы болмысын көретін, Ехоба Ахабқа рақымшылық жасады (Нақыл сөздер 17:3).
КІШІПЕЙІЛДІЛІК — ҚОРҒАНЫШ
9. Неге кішіпейілділік таныту Набутайдың үй іші мен достарына қорғаныш болар еді?
9 Бұл шешім Ахабтың сорақы қылмысын білетіндерге қалай әсер етті? Оның көзі тірісінде әулеті жазаға тартылмайтынын естігенде, Набутайдың үй іші мен достарының сенімі сыналса керек. Бірақ кішіпейілділік қасиеті оларға сенімін сақтауға көмектесер еді. Неге? Егер кішіпейіл болса, олар Құдайдың әділетсіздік жасауы мүмкін емес екеніне кәміл сеніп, Ехобаға ғибадат етуді доғармас еді (Мұсаның 5-жазбасы 32:3, 4 оқыңыз). Келешекте Ехоба әділ адамдарды тірілткенде, Набутай мен оның ұлдары да, олардың отбасылары да Ехобаның кемелді әділдігіне куә болады (Әйүп 14:14, 15; Жохан 5:28, 29). Кішіпейіл жан “Құдай адамның әрбір ісіне, тіпті жасырын жасаған ісіне де, жақсы не жаман деген баға беріп соттайтынын” біледі (Уағыздаушы 12:14). Расында да, Ехоба шешім шығарғанда, бізге беймәлім жайттарды ескереді. Сондықтан кішіпейілділік танытқанымыз Құдайға деген сеніміміздің шайқалуынан сақтайды.
10, 11. а) Қандай жағдайларда әділеттілік сезіміміз сыналуы мүмкін? ә) Кішіпейілділік бізді қай жағынан қорғайды?
10 Ақсақалдар сіз түсінбейтін не келіспейтін шешім шығарса, қалай әрекет етесіз? Мысал үшін, өзіңіз не жақын адамыңыз қандай да бір жауапкершіліктен айырылып қалса, не істейсіз? Я болмаса жұбайыңыз, ұлыңыз не қызыңыз яки досыңыз қауымнан шығарылып, бірақ сіз ақсақалдардың бұл шешімін құптамасаңыз ше? Ал егер ақсақалдардың күнә жасаған адамға рақым танытқаны қателік болды деп ойласаңыз ше? Мұндай жағдайлар біздің Ехобаға және оның қауымдағы шараларына деген сенімімізді сынауы мүмкін. Осындай сынақтардың біріне кезіккенде, кішіпейілділік сізді қалай қорғайды? Мұның екі жолын көрейік.
Ақсақалдардың хабарлаған шешімімен келіспесеңіз, не істейсіз? (10, 11-абзацты қараңыз)
11 Біріншіден, кішіпейілділік мәселеге қатысты барлық жайтты білмейтінімізді мойындауға көмектеседі. Тіпті жағдайды беске білеміз деген күнде де, адамның жүрегінде не барын Ехоба ғана біледі (Самуилдің 1-жазбасы 16:7). Осы бұлтартпас шындықты қаперде ұстасақ, мүмкіндіктеріміз шектеулі екенін әрі мәселеге қатысты көзқарасымызды өзгерту қажет екенін кішіпейілділікпен мойындаймыз. Екіншіден, әділетсіздікті байқасақ не оның құрбаны болсақ, кішіпейілділік мойынсұнғыш әрі шыдамды болып, Ехобаның жағдайды түзеткенін күтуге талпындырады. Киелі кітапта былай делінген: “Құдайдан қорқатындар түбінде игілік көреді... ал зұлым адам түбінде жақсылық та көрмейді, көлеңке іспетті өте шығатын күндерін ұзарта да алмайды” (Уағыздаушы 8:12, 13). Демек, егер кішіпейіл болсақ, мұның игілігін өзіміз де, өзгелер де көреді (Петірдің 1-хаты 5:5 оқыңыз).
ҚАУЫМДА ЕКІЖҮЗДІЛІК ОРЫН АЛҒАН КЕЗ
12. Қазір қандай оқиғаны қарастырамыз және неге?
12 Сириядағы Антиохияда ертедегі мәсіхшілердің кішіпейілділігі мен кешірімшілдігі сынға алынған бір жағдай болды. Қазір осы оқиғаға үңіліп көрейік. Бұл бізге қаншалықты кешіруге дайын екенімізді тексеруге, сондай-ақ кешірімшіл болудың Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасымен қалай ұштасатынын тереңірек ұғуға көмектеседі.
13, 14. Елші Петірге қандай міндеттер жүктелді және ол қалай батылдық танытты?
13 Елші Петір ертедегі мәсіхшілер қауымында өте танымал ақсақал болған. Ол Исаның жақын досы болды, әрі оған өте маңызды міндеттер жүктелген еді (Матай 16:19). Мысалы, б. з. 36 жылы Петірге Корнел мен оның үй ішіндегілеріне ізгі хабарды айту тапсырылды. Бұл неге ерекше жайт болды? Өйткені Корнел сүндеттелмеген басқа ұлт адамы еді. Корнел мен оның үйіндегілер киелі рухқа кенелгенде, Петір олардың мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өте алатындарын мойындап, былай деді: “Біз сияқты киелі рухқа кенелген осы адамдардың суға шомылдыру рәсімінен өтуіне кім тыйым сала алады?” (Елшілердің істері 10:47).
14 Б. з. 49 жылы Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар басқа ұлттан шыққан мәсіхшілердің сүндеттелуі керек пе, жоқ па — соны шешу үшін бас қосты. Сол кездесуде Петір бірнеше жыл бұрын сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарының киелі рухқа кенелгенін өз көзімен көргенін батылдықпен айтып берді. Петірдің айтқан оқиғасы сол кездегі басқарушы кеңестің шешім қабылдауына көп көмегін тигізді (Елшілердің істері 15:6—11, 13, 14, 28, 29). Петірдің тайсалмай деректер келтіргеніне яһуди мен басқа ұлттан шыққан сенушілер риза болса керек. Оларға осындай адал әрі рухани толысқан бауырласқа сенім арту өте жеңіл болғаны даусыз! (Еврейлерге 13:7).
15. Сириядағы Антиохияда болған кезінде Петір қандай қателік жасады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
15 Иерусалимдегі кездесуден соң көп ұзамай Петір Сириядағы Антиохияға барды. Сол жерде ол басқа ұлттан шыққан бауырластармен емін-еркін араласты. Олар Петірдің білімінен сусындап, тәжірибесінен көп нәрсе үйренгенінде сөз жоқ. Алайда Петір кенеттен өздерімен бірге ішіп-жемей қойғанда, олар бұған таңғалып, көңілдері түсіп кетсе керек. Петір қауымдағы басқа да яһуди мәсіхшілердің, тіпті Барнабаның да, осылай әрекет етуіне ықпал етті. Толысқан мәсіхші ақсақалдың қауымды жікке бөліп жіберуі мүмкін үлкен олқылық жасауына не себеп болды? Бұдан да маңыздысы, біз Петірдің қателігінен қандай сабақ аламыз? Сондай-ақ әлдебір ақсақалдың сөзі не ісі көңілімізге қаяу түсірсе, бұл оқиға бізге қай жағынан көмектеседі?
Петірдің қылығына ренжіген басқа ұлттық мәсіхшілер бұл әділетсіздікке қалай қарайды екен?
16. Петір қалай жөнге салынды және бұл орайда қандай сұрақтар туындайды?
16 Ғалаттықтарға 2:11—14 оқыңыз. Петір адамдар алдындағы қорқынышқа бой алдырып қойды (Нақыл сөздер 29:25). Басқа ұлт адамдарына Ехобаның қалай қарайтынын ол жақсы білетін. Сөйтсе де олармен араласып жүргенін көрсе, Иерусалимнен келген сүндеттелген яһуди мәсіхшілер өзі туралы жаман ойлап қалады деп қорықты. Сонда елші Пауыл оның екіжүзділік танытқанын бетіне басты. Неге? Себебі Пауыл б. з. 49 жылы Иерусалимде өткен жиында Петірдің басқа ұлт адамдарын жақтап сөйлегенін өз құлағымен естіген болатын (Елшілердің істері 15:12; Ғалаттықтарға 2:13). Петірдің қылығына ренжіген басқа ұлттық мәсіхшілер бұл әділетсіздікке қалай қарайды екен? Осыған бола сүрініп қала ма? Жасаған қателігі үшін Петір жауапкершіліктерінен айырыла ма?
КЕШІРІМШІЛ БОЛЫҢЫЗ
17. Ехобаның кешірімі Петірге қандай игілік әкелді?
17 Петір Пауылдың түзетуін кішіпейілділікпен қабыл алды. Жазбаларда оның жауапкершіліктерінен айырылып қалғаны туралы ештеңе айтылмаған. Қайта, ол кейінірек рухтың жетелеуімен Киелі кітаптың бір бөлігі болып табылатын екі хат жазды. Екінші хатында ол Пауылды тіпті “сүйікті бауырласымыз” деп атады (Петірдің 2-хаты 3:15). Петірдің ағаттығы басқа ұлттық сенушілердің жанына қатты батса керек, сөйтсе де қауымның басы Иса оны әрі қарай да қолдана берді (Ефестіктерге 1:22). Петірді кешіруімен қауымдағы бауырластарға Иса мен оның Әкесіне еліктеудің ыңғайы туды. Сол кезде олардың ешқайсысы да кемелсіз адамның қателігіне сүрініп қалған жоқ деген ойдамыз.
18. Қай кезде Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстануымыз керек болады?
18 Ертедегі мәсіхшілер қауымындағы сияқты, бүгінгі таңдағы қауымда да кемелді ақсақалдар жоқ. Киелі кітапта айтылғандай, “бәріміз де көп сүрінеміз” (Жақып 3:2). Бұны бірден мойындайтын шығармыз, алайда бауырластың кемелсіздігімен бетпе-бет келсек ше? Мұндай кезде Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстанамыз ба? Мәселен, ақсақалдың сөздерінен бөліп-жарушылық байқалғандай болса, не істейсіз? Ал ақсақал ойланбастан сізді ренжітетін не көңіліңізге қатты тиетін бірдеңе айтып қойса, бұған сүрініп жүресіз бе? Мұндайда бірден ол ақсақал болуға лайық емес деп ойлаудың орнына, қауымның басы Исаны шыдаммен күтесіз бе? Қателікке қадалып қалғанша, бауырластың қаншама жыл адал қызмет етіп келе жатқанын ойлайсыз ба? Сізге қарсы күнә жасаған бауырлас әрі қарай да ақсақал ретінде қызмет етсе, тіпті одан да көп жауапкершілікке ие болса, бұған қуанасыз ба? Егер кешіруге даяр болсаңыз, Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстанып жүргеніңізді көрсетесіз (Матай 6:14, 15 оқыңыз).
19. Не істеуге бекінуіміз керек?
19 Әділдікті сүйетіндіктен біз Ехобаның Шайтан мен оның зұлым дүниесі тудырып жатқан бар әділетсіздікті түптамырымен жоятын күнін асыға күтудеміз (Ишая 65:17). Сол уақыт келгенше, әділетсіздікке кезігіп жатсақ, барлық жайтты толық біле бермейтінімізді кішіпейілділікпен мойындайық және өзімізге қарсы күнә жасағандарды дарқан көңілмен кешірейік. Осылай Ехобаның әділеттілікке деген көзқарасын ұстануға бекінгенімізді көрсетейік.