Әділетсіздік. Сен оған төзе аласың!
БҰЛ жалғанда әділетсіздікке кезікпеген адам жоқ шығар. Өмірде әділетсіздік жасағандай болып көрінетін және шынымен әділетсіздік жасалатын кездер болады.
Біреудің бізге әділетсіздік жасағаны жанымызға батады, әрі бұл Құдаймен қарым-қатынасымызға әсер етуі мүмкін. Біз жағдайды түзетіп, әділдік орнатқымыз келетін шығар. Неге бұлай? Бұның бір себебі — болмысына әділетсіздік жат Жаратушымыз Ехоба Құдай бізге осы бір күшті сезімді дарытқан (Заңды қайталау 32:4; Жаратылыс 1:26). Алайда кейде әділдіктің аяққа тапталып жатқанын көруіміз мүмкін. Бір дана кісі мынаны байқаған: “Мен көңіл аудардым да, аспан астында неше түрлі қысымшылық жасалып жатқанына көз жеткіздім: міне, көз жастары көл болған жәбірленушілер, ал оларды жұбатушы ешкім жоқ; оларды жәбірлеушілердің қолында күш-қуат бар, ал олардың жұбатушы ешкімі жоқ” (Екклесиаст 4:1). Олай болса, әділетсіздікке қалай төзуге болады?
Әділетсіздік деген не?
Әділетсіздік деген — арамдық жасалуы немесе әділдік нормаларының бұзылуы. Адамдар үшін әділдік нормасы нені білдіруі мүмкін? Әділ әрі ешқашан өзгермейтін Жаратушымыздың әділдік пен әділетсіздікке қатысты нормалар орнатуға құқы бар екені айдан анық. Оның көзқарасына сай, ‘өмір заңына’ “ешқандай жамандық”, немесе әділетсіздік, жасамау жатады (Езекиел 33:15). Алғашқы адамды жаратқанда, Құдай оның бойына ар-ұждан — жаман мен жақсыны айыруға көмектесетін ішкі дауыс — дарытқан (Римдіктерге 2:14, 15). Оның үстіне, өз Сөзі Киелі кітапта Ехоба әділдік пен әділетсіздікке не жататынын көрсетеді.
Біз өзімізге біреу әділетсіздік жасағандай сезінсек, не істеуге болады? Шынымен әділетсіздік жасалды ма, жоқ па көз жеткізу үшін жағдайды жақсылап таразылаған жөн. Жүніс пайғамбардың басынан өткен жағдайды қарастырып көрейікші. Ехоба оған ниневиліктерге қаланың жойылғалы тұрғанын хабарлауды тапсырады. Алғашқыда, ол бұл тапсырманы орындамай, қашып кетеді. Алайда, ақырында, Ниневи тұрғындарына барып, жақында қырғынға ұшырайтындарын ескертеді. Бірақ Ехоба олардың тәубасына келгенін көріп, қаланы да, оның тұрғындарын да аман алып қалуды шешеді. Бұл Жүніске қалай әсер етті екен? “Жүніс бұған қатты кейіп, ашуланды” (Жүніс 4:1). Оған бұл Ехобаның тарапынан жасалған барып тұрған әділетсіздік болып көрінді.
Жүректе не барын біле алатын әрі ‘шындық пен әділеттілікті ұнататын’ Ехобаның бұрыс әрекет жасамағаны тайға таңба салғандай анық еді (Забур 32:5). Жүніске Ехобаның шешімі кемелді әділдігіне сай екенін түсіну керек болды. Сондықтан өзімізді әділетсіздіктің құрбаны болғандай сезінсек, өзімізден: “Ехобаның бұл мәселеге қатысты көзқарасы басқаша болуы мүмкін бе?”— деп сұрауға болады.
Әділетсіздіктің құрбаны болғандар
Киелі кітапта әділетсіздіктің құрбаны болғандар жөнінде біраз оқиғалар бар. Олардан көп нәрсеге үйренуге болады. Алдымен, Жүсіптің жағдайын қарастырайық. Оны бойларын қызғаныш билеген бауырлары Мысыр еліне құлдыққа сатып жібереді. Ол жерде қожайынының әйелі Жүсіпті азғырмақ болады, бірақ көндіре алмайды. Содан, әлгі әйел зорламақ болды деп жала жабады да, оны түрмеге жапқызады. Алайда Жүсіптің сенімі темір бұғаудан әлдеқайда берік еді. Ол әділетсіздіктің рухани күйіне нұқсан келтіруіне де, Ехобаға деген сенімнен айыруына да жол бермейді (Жаратылыс 37:18—28; 39:4—20; Забур 104:17—19).
Әділетсіздікке кезіккен тағы бір кісі — Набутай. Ол Исраил патшасы Ахабтың әйелі Езабелдің сұрқиялықпен жапқан жаласының құрбаны болады. Ахаб сарайына жақын орналасқан Набутайдың мұрагерлік еншісіндегі жүзімдігін алуды көксейді. Исраилдіктерге мұрагерлік еншісінен біржола бас тартуға тыйым салынатын, сондықтан ол жүзімдігін патшаға сатпай қояды (Леуіліктер 25:23). Содан, Ахабтың залым әйелі жалған куәлар тауып, Құдай мен патшаға тіл тигізді деп Набутайға жала жапқызады да, оның өзін де, ұлдарын да жұрт тас атқылап өлтіреді. Олардың қолдарына тас алғанын көргенде, Набутайдың қандай сезімде болғанын ойлап көрші! (Патшалықтар 3-жазба 21:1—14; Патшалықтар 4-жазба 9:26).
Бірақ жоғарыда әңгімеленгендер Иса Мәсіхке жасалған әділетсіздікпен салыстырғанда, түк емес. Ол жала жабылып, заңсыз сотталып, өлімге кесіледі. Төрелік тағында отырған римдік әмірші шындықты көріп тұрса да, оны жақтауға батылы жетпейді (Жохан 18:38—40). Иә, Иса Мәсіхке Шайтанның тарапынан әділетсіздік жасалды. Мұндай сорақы әділетсіздік бұрын-соңды ешкімге жасалмаған!
Бұл оқиғалардың орын алғаны Ехоба әділетсіздікке көз жұмады дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Ехоба оларға адами тұрғыдан қараған жоқ (Ишая 55:8, 9). Мысалы, Жүсіп құлдыққа сатылғандықтан отбасын аман алып қала алды. Отбасы қатты аштықтан зардап шекпес бұрын, ол Мысырдың бүкіл астық қорының меңгерушісі болды. Егер Ехоба әділетсіздікке жол бермегенде, Жүсіп түрмеге түсіп, ол жерде екі кісінің көрген түсінің мәнін айтып бермес еді. Кейінірек, олардың бірі Жүсіп туралы перғауынға мәлімдеп, нәтижесінде, ол астық меңгерушісі болды емес пе!? (Жаратылыс 40:1; 41:9—14; 45:4—8).
Ал Набутай жөнінде не деуге болады? Бұл жағдайға да Ехобаның көзқарасымен қарап көрейікші. Набутайдың мәйіті жерде жатса да, өлілерді тірілте алатын Ехоба үшін ол өлген жоқ еді (Патшалықтар 3-жазба 21:19; Лұқа 20:37, 38). Набутай Ехоба өзін қайта тірілтетін уақытты күтіп жатыр. Ал бұл уақыт ол үшін қас қағым мезгіл іспетті болады, өйткені өлілер ештеңені білмейді де, сезбейді де (Екклесиаст 9:5). Оның үстіне, Ехоба Ахаб пен оның отбасына шығарған үкімін жүзеге асырып, Набутайдың кегін алды (Патшалықтар 4-жазба 9:21, 24, 26, 35, 36; 10:1—11; Жохан 5:28, 29).
Иса да өлтірілді. Бірақ Құдай оны қайта тірілтіп, ‘күллі билік пен өктемдіктен, күш-қуат пен әкімшіліктен, бүкіл атақ пен дәрежелерден де әлдеқайда үстем’ етті (Ефестіктерге 1:20, 21). Шайтанның Иса Мәсіхке жасаған әділетсіздігі Ехобаның өз Ұлына тиісті сыйын беруіне кедергі бола алмады. Иса мынаған сенімді болған: Ехобаның еркі заңсыз соттың әділетсіз шешімін жоққа шығару болса, ол мұны сол сәтте-ақ істер еді. Бірақ Иса Жазбалардағы пайғамбарлықтар орындалу және әділетсіздікті жою үшін Ехобаның белгілеген уақыты бар екенін де білген.
Рас, Шайтан мен оның жағындағылар әділ адамдардың әділетсіздікке кезігуіне себепші болған, бірақ Ехоба олардан ақысын алып, толық әділдік орнатқан немесе болашақта орнатады. Сондықтан әділетсіздік жойылып, әділдік салтанат құру үшін біз Құдайды күтуіміз керек (Заңды қайталау 25:16; Римдіктерге 12:17—19).
Ехоба әділетсіздікке не себепті жол беруі мүмкін?
Кей жағдайда Ехоба белгілі бір себептермен әділетсіздікке жол беруі мүмкін. Бәлкім, ол бізді мәсіхші ретінде тәрбиелей түскісі келетін шығар. Әрине, ‘Құдай ешкімді зұлымдықпен сынамайды’ (Жақып 1:13, ЖД). Сөйтсе де ол қандай да бір оқиғаға араласпауы мүмкін; бірақ осындай тәрбиесін қабылдағандарға күш береді. Киелі кітап бізді мынаған сендіреді: ‘Барлық рақымның қайнар көзі, Құдай, біразырақ уақыт азап шегіп жатқан сендерді қайтадан жетілдіріп, нығайтып, қуатты да табанды етпек’ (Петірдің 1-хаты 5:10).
Бұған қоса, Ехобаның қандай да бір әділетсіздікке жол бергенінің арқасында күнәкарлар тәубесіне келуі мүмкін. Иса қайта тірілген соң, не бары бірнеше аптадан кейін Петірдің сөзін тыңдаған кейбір яһудилер ‘қатты өкінген’. Олар Құдайдың сөзін шын жүректен қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті (Елшілердің істері 2:36—42).
Әрине, әділетсіздік жасаушылардың бәрі онысына өкінеді деуге болмайды. Кейбіреулер, қайта, бұрынғысынан да сорақы әділетсіздік жасауы мүмкін. Бірақ Нақыл сөздер 29:1-де: “Ескертуді тыңдамай, қасарысқан жан Кенеттен күйреп, оңалмас содан”,— делінген. Ехоба ақыр соңында іске өзі араласып, жаман жолдан қайтпай қасарысатындарды түп тамырымен жояды (Екклесиаст 8:11—13).
Әділетсіздіктің құрбаны болғаннан кейін, өз-өзімізге келуге қанша уақыт қажет болмасын, Ехоба бізге қалай көмектесуді жақсы білетініне сенімді болуымызға болады. Сондай-ақ ол біз осы зұлым дүниеде кезігіп жүрген әділетсіздік атаулыны міндетті түрде жояды. Оның үстіне, Ехобаның бізге даярлаған сыйы да бар. Бұл — “әділдік орнаған” жаңа дүниедегі мәңгілік өмір (Петірдің 2-хаты 3:13).
[16, 17-беттердегі сурет]
Набутай сорақы әділетсіздікке кезіккенде не сезінген болуы мүмкін?