Фиджи
ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША УАҒЫЗДАУ МЕН ТӘЛІМ БЕРУ ІСІ
Тынық мұхит аралдары
ЕЛДЕР 29
ХАЛҚЫ 41 051 379
ЖАРИЯЛАУШЫЛАР 98 574
ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ 67 609
Тоғыз жыл бойы шақырған ұстазы ақыры келді
Австралияда тұратын Оливия балабақшада жүрген кезінде, ұстазын Еске алу кешіне шақырады. Ол осылай жыл сайын, сегіз жыл бойы, шақырып тұрады. Ақырында 2016 жылы ұстазы Оливияға телефон шалып, Еске алу кешіне барғысы келетінін айтады. Ол Оливияның өзін жыл сайын шақырып тұрғанына риза болған екен. Сөйтіп, ол күйеуін ертіп, Еске алу кешіне келеді. Күйеуі қалалық кеңесте жұмыс істегендіктен, Патшалық сарайының соғылған кезі есінде қалыпты. Сол кезде ол құрылыс жобасының қаншалықты жақсы ұйымдастырылғанына қатты қайран қалған екен. Екеуіне кездесуіміз қатты ұнап, олар Патшалық сарайынан ең соңында кеткендердің қатарында болды.
Австралия. Оливия тоғыз жылдан кейін табандылығының жемісін көрді
Ол кітапты үш рет оқып шықты
Жесинту мен оның әйелі Тимор-Лестеде тұрады. Олар католик дінін ұстанатын. Туыс інілері Ехоба куәгері болып, бұдан былай отбасымен шіркеуге бармай қойғанда, олар мұны түсінбейді. Інісінің адасып жүргенін дәлелдеу үшін Жесинту “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын оқып шығуды ұйғарады. Ондағы мақсаты жалған ілімдерді іздеп табу болады. Оқып біткен соң, ол әйеліне: “Мына кітапты оқып шықтым. Жаман ештеңе таппадым”,— дейді. Сонда әйелі: “Жақсылап оқымағансың ғой. Асықпай, тағы бір рет оқып шық”,— дейді. Жесинту кітапты асықпай тағы бір рет оқып шығып, әйеліне: “Жаман ештеңесі жоқ. Мұндағының бәрі Киелі кітаптан. Тіпті өлгендерге сиынуға қатысты айтылған сөздер де Киелі кітаптан екен”,— дейді. Әйелі болса: “Үшінші рет тағы оқып шық. Бұл жолы әрбір абзацтың астын сызып, жақсылап зертте. Бір кілтипан болу керек”,— дейді.
Жесинту үшінші рет кітапты жақсылап зерттеп, абзацтардың астын сызып шыққан соң, әйеліне: “Мұндағының бәрі — шындық! Інім дұрыс жолда екен”,— дейді. Қазір Жесинту Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жатыр.
Оған қызының сөзі әсер етті
Гуамда тұратын бір ізашар Понпей аралынан келген әйелге “Киелі кітапты оқудың қандай пайдасы бар?” деген бейнероликті көрсетіп, қайта келуге келісіп кетеді. Бірақ ол бірнеше рет келіп, оны үйінен таппайды. Бірде есікті оның қызы ашады, сонда бауырлас оған “Ехобаның досы бол” топтамасынан бір мультфильм көрсетеді. Қызға мультфильм қатты ұнап қалады. Келесі жолы есікті анасы ашады, ол ізгі хабарды жақсы тыңдайды. Қызы оған: “Мультфильм көрсеткен апайдың шіркеуіне барайық”,— деген екен. Бұл анасының қызығушылығын оятқан көрінеді. Оған Киелі кітапты зерттеу сабағы қалай өтетіні көрсетіліп, әрі қарай зерттеуді жалғастыруға жағдай жасалды.
“Олар бағушысы жоқ қойлардай еді”
Аудандық бақылаушы Теренс әйелі Стелламен Папуа — Жаңа Гвинеядағы ешқандай қауымға тіркелмеген Инакор деген аймақта уағыздайды. Теренс былай дейді: “Алғашқы барған күні таң ата, біз әлі ұйықтап жатқанда, есігімізді біреу қақты. Ашып қарасақ, сыртта бізді көп адам күтіп отыр екен. Біз оларға таңғы алтыдан бастап түске дейін уағыздадық. Сосын жуынып-шайынып алмақ болып, уағызымызды тоқтаттық. Кейінірек қарасақ, тағы да біраз адам бізді күтіп отыр екен. Содан оларға да уағыздап, сағат түскі екіден түн ортасына дейін отырдық”. Келесі күні Теренс пен Стелла басқа аймаққа бару үшін таң қылаң бере кетіп қалады. Олардың тоқтаған жеріне тағы да көп адам келіп, үйде ешкім жоқ екенін көреді. Теренс былай дейді: “Олар біздің қайда кеткенімізді біліп алып, ізімізден келді. Біз оларға қайтадан түс ауғанша уағыздадық. Тоқтаған жерімізге қайтып келсек, тағы бір топ адам бізді күтіп отыр екен. Осы жағдай күнде қайталанып отырды. Ондағы адамдар “бағушысы жоқ қойлардай еді” (Мат. 9:36).
Папуа — Жаңа Гвинея. Жұрт Терренс пен Стелланы тағатсыздана күтіп отырды
Дәрігерге жасалған сыйлықтар
Жаңа Каледонияда тұратын Аньес есімді ізашар қолы ауырып, дәрігерге барады. Дәрігер Аньесті қарап жатып, әңгіме барысында азап шеккен адамды көп көргені сонша — Құдайды қатыгез деп ойлайтынын айтады. Сонда Аньес іштей Ехобаға дұға етіп, атын қорғап сөйлеуге мүмкіндік туғаны үшін рақмет айтады. Кейін дәрігерге “Қайғы-қасірет болмайтын кез келе ме?” деген буклетті көрсетеді де, Аян 21:3, 4-ті оқып береді.
Дәрігер оған: “Сіз оқыған тармақ менің Киелі кітабымда жоқ-ау деймін. Өйткені менікінде тек Ізгі хабарлар жазылған”,— дейді. Аньестің Ехоба куәгері екенін білгенде, ол Куәгерлерді өзінің отаны Чилиде де кездестіргенін айтады.
Аньестің есіне JW Broadcasting-те Чилидегі филиалдың есебі көрсетілгені түседі. Келесі рет келгенде, ол дәрігерге планшетінен сол бейнероликті қойып береді. Дәрігер өз еліндегі Бетел мен Конгресс сарайын көріп, қатты тебіреніп кетеді. Сосын Аньес: “Мен сізге тағы бір нәрсе ала келдім. Мынау — толық Киелі кітап. Өткен аптада сізге оқып берген Аян 21:3, 4-ті енді осы кітаптан оқи аласыз”,— дейді. Сонда дәрігер орнынан тұрып, Аньесті құшақтай алып: “Екі сыйлығыңыз да керемет екен, көп рақмет!”— дейді.
Жаңа Каледония. Оның дәрігері қатты тебіреніп кетті
Келесі келгенінде, Аньес “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” басылымын әкеліп, дәрігерге жер бетіндегі қайғы-қасіреттің себебін толығырақ түсіндіреді. Дәрігер Чилиге демалысқа кетіп бара жатқанын әрі бұл кітапты өзімен алып кетіп, толықтай оқып шығатынын айтады.