Зугдидидің маңында өткен Ізашарлар мектебі
ГРУЗИЯ | 1998—2006
Қолайлы және қиын уақыттағы баталар (Тім. 2-х. 4:2).
ГРУЗИЯДАҒЫ жариялаушылар мен қызығушылардың саны 1990 жылдардың аяғынан бастап зор қарқынмен өсті. 1998 жылы Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне кем дегенде 32 409 адам келді.
Әйтсе де кейбір ақсақалдар мен жариялаушылардың шындыққа келгеніне көп болған жоқ еді. Сондықтан рухани іс-шараларды жақсы атқарулары үшін оларды оқытып-үйрету қажет болды. Мұны қалай істеуге болар еді?
Ехобаның ұйымынан келген көмек
1998 жылдың наурызында Ғалақад мектебінің Германиядағы бөлімшесін тамамдаған Арно мен Соня Тюнглер Грузияға тағайындалды. Сол жылы Басқарушы кеңестің мақұлдауымен Грузияда Ресей филиалына қарасты офис ашылды.
Содан көп ұзамай жергілікті комитет елдегі уағыз ісін өз бақылауына алды. Ал іс-шараларымызды атқару үшін заңды тіркеуден өткеннен кейін, әдебиеттеріміз тікелей Германиядағы филиалдан (қазіргі Орталық Еуропа филиалы) әкелінетін болды. Сондай-ақ заңды тіркеудің арқасында Патшалық сарайлары мен филиал соғу үшін нысандар сатып алуға да мүмкіндік ашылды.
Оқу-үйрену кезеңі
Кеңес жүйесі кезінде ісімізге тыйым салынғандықтан, жариялаушылар үйме-үй жүріп ашық уағыздай алмайтын. Арно Тюнглер сол жылдар жайлы былай деді: “Бауырластардың көпшілігі көшеде көп уағыздайтын, бірақ үйме-үй жүріп, адамдарға қайта барып дағдыланбаған еді”.
Арно мен Соня Тюнглер
Жаңадан құрылған офисте қызмет етуге 1999 жылдың мамыр айында шақырылған Давит Девидзе былай әңгімеледі: “Танапта да, Бетелде де жұмыс бастан асатын. Кейбір нәрселерді біз қағаз жүзінде білгенмен, іс жүзінде қалай атқару керек екенін білмедік. Сондықтан Басқарушы кеңес жіберген тәжірибелі бауырластарға қарап, солардан үйренетінбіз”.
Грузиядағы бауырластар үшін барын салып үйренетін кез келді. Бірақ қажеттілік бар жерлерге барып қызмет ететіндердің тәжірибесінен білетініміздей, әдетте екі жақ бір-бірінен үйренеді (Нақ. с. 27:17). Бұл жағдайда да көмекке келгендер жергілікті бауырластардан көп нәрсеге үйренді.
Жергілікті бауырластардың тартымды қасиеттері
Грузияға келгенде бауырластардың қалай жылы қарсы алғандары Арно мен Соняның әлі есінде. Жергілікті бауырластар олардың жаңа жерге үйренуіне көмектесу үшін қолдарынан келгенді аямады.
Соня олардың жомарттығы туралы былай деді: “Бізбен көршілес тұрған бір ерлі-зайыпты үнемі дәмді тағам әкеліп беретін. Ал бір бауырлас бізді уағызға алып шығатын. Ол бізді қауыммен де таныстырды. Грузин халқының мәдениеті жайлы да көп әңгімелеп берді. Өзге біреуі болса бізге шыдаммен тіл үйретті”.
1999 жылы Грузияға тағайындалған канадалық Уоррен мен Лесли Шуфелт мынаны айтты: “Грузиялық бауырластар бізді сүйіспеншілігімен баурап алды. Бұл бізді бейжай қалдырмады. Олар үлкені бар, кішісі бар — бір-біріне деген сүйіспеншілігін жасырмайтын”.
Тблисидегі офисте тәжірибелі миссионерлермен қызмет еткен бауырластар
Грузияға тағайындалған шетелдіктер қиындықтарға емес, жергілікті тұрғындардың керемет қасиеттеріне көбірек көңіл бөлді. Грузин бауырластарды да миссионерлердің кішіпейілділігі мен жылулығы лезде-ақ баурап алды.
Құдайды қастерлейтіндер шындықты қабылдады
1990 жылдары ақжүректі адамдар шындыққа ағылып келіп жатты. 1998 жылдың өзінде 1724 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың бәрін не талпындырды?
Талай жыл аралаушы бақылаушы болған Тамази Библаиа былай түсіндірді: “Біздің мәдениетімізде адамды бала күнінен Құдайды жақсы көруге баулиды. Сондықтан біз Киелі кітаптағы хабарды айтқанда, олар мұны жанына жақын тұтады”.
Патшалықты жариялаушыларға арналған мектептің оқытушысы Давит Самхарадзе: “Біреу Киелі кітапты зерттей бастаса, әдетте туыстары мен көршілері киліге кетеді. Осылай оған кедергі жасаймыз деп жүріп, көп жағдайда өздері де зерттей бастайды!”— деп әңгімеледі.
Осылай Патшалық туралы хабар кең тарап, көптеген адамның өміріне әсер етіп жатты. 1999 жылдың сәуір айында Еске алу кешіне 36 669 адам келді. Бұл рухани өсімнің жаңа шыңы болды.
“Қарсыластар да аз емес”
Ефес қаласындағы уағызына қатысты елші Пауыл: “Мен үшін қызмет етудің керемет мүмкіндігі туды, бірақ қарсыластар да аз емес”,— деген (Қор. 1-х. 16:9). Бұл сөздер 1999 жылғы ұмытылмас Еске алу кешінен кейін небәрі бірнеше ай өткенде Грузияда болған жағдайды жақсы суреттейді.
Сол жылдың тамыз айында шенінен айырылған священник Василий Мкалавишвили бастаған Православ шіркеуінің экстремистері Тбилисиде толқу ұйымдастырып, әдебиеттерімізді өртеді. Мұның арты төрт жылға созылған қуғын-сүргінге ұласты.
1999 жылдан бастап Грузиядағы Ехоба куәгерлеріне қатысты қарсылық шаралары жүргізілді, кітаптары өртелді, соққыға жығылды
1999 жылы 17 қазанда бірнеше діни экстремист 200-ге жуық адам жинап, Тбилисидегі “Глдани” қауымына баса-көктеп кірді. Қолдарына таяқ, темір айқыш ұстаған олар бауырластарды соққыға алды. Жарақат алған бірнеше Куәгер ауруханаға жеткізілді.
Бірақ содырлар қамауға алынбады, сондықтан Куәгерлерге қарсы әлімжеттік әрекеттер жалғаса берді. Сол кездегі президент Шеварднадзе мен үкімет басындағы басқа да біраз адам мұндай әрекеттерді қатаң айыптағанмен, ешқандай шара қолданылмады. Полиция қызметкерлері болса шабуыл жасалғаннан кейін біраз уақыт өте келетін.
Ал Грузия парламентінің мүшесі Гурам Шарадзе Куәгерлерге күйе жағатын кампанияға бастау берді. Ол Куәгерлерді қоғам үшін қауіпті деп айыптады. Осылай уағыздау ісінде “қолайлы” болған уақыт артта қалғандай көрінді.
Ехобаның ұйымының жауабы
Грузиядағы Куәгерлердің жағдайы мәлім болғанда, Ехобаның ұйымы күттірмей шара қолданды. Бауырластарға шабуыл жасалғанда не істеу керектігіне қатысты басшылық берілді. Шынайы мәсіхшілердің не себепті кейде қуғын-сүргінге ұшырайтындары да естеріне салынды (Тім. 2-х. 3:12).
Мұнымен ғана шектелмей, бауырластарды сотта қорғау үшін заңи шаралар қолданылды. Грузиядағы филиалдың заң бөлімінде қызмет еткен бір бауырлас былай деп есіне алды: “Сол төрт жылдың ішінде біз Василий Мкалавишвили тобының әрекеттеріне қарсы 800-ден аса арыз жаздық. Үкімет басындағылар мен адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардан көмек сұрадық. Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасы болса жағдайды жұртшылыққа мәлім ету үшін арнайы кампания жүргізді. Бірақ қуғын толастамады”a.
a Құқығымыздың мойындалуына қатысты сот істері туралы көбірек мәліметті мына жерден қараңыз: “Ояныңдар!” (ор.) 2002 жыл, 22 қаңтар 18—24 беттер.