Бауырластардың Джакартадағы базарда уағыздауы
ИНДОНЕЗИЯ
Уағыз ісінің серпін алуы
Шіркеу дінбасылары Ехоба куәгерлеріне ғибадат етуге еркіндік берілгенін білгенде, қатты ызаланып, іштері күйді. Содан жеті протестант шіркеуінің 700-ден аса діни жетекшілері мен бастықтары бас қосып, үкіметті ісімізге қайтадан тыйым салуға көндіру мақсатымен Джакартада семинар өткізді. Алайда билік басындағылар шешімдерін өзгертпеді.
Ісімізге еркіндік берілгені жайлы жаңалық елдің түкпір-түкпірінде мәлім болғанда, қызығушылық білдіргендердің көбісі филиалға әдебиетке тапсырыс беріп не Киелі кітап зерттеу сабағына өтініш білдіріп хат жазды. 2003 жылы Еске алу кешіне 42 000-нан астам адам келді. Бұл елдегі жариялаушылар санынан екі еседен де көп еді. Ал Джакартада өткен конгреске 10 000-ға жуық адам қатысты. Делегаттардың арасында Діни істер департаментінен келген бір лауазымды шенеунік те болды. Оған конгресте барлығының бірдей, ішінде жасы да, кәрісі де бар, келтірілген жазба орындарын Киелі кітаптарынан қарап отырғаны қатты әсер еткен екен. Ол бауырластарға Ехоба куәгерлері жайлы таралған жаңсақ пікірді түзетуді уәде етті.
Ісімізге рұқсат берілгенде, миссионерлердің Индонезияға қайта оралуларына да жол ашылды. Елге оралған алғашқы миссионерлердің есімдері: Йозеф пен Херавати Нойхардтa (Соломон аралдарынан), Еса мен Вилхелмина Тархонен (Тайваннан), Ринер мен Феломена Тикман (Тайваннан) және Билл мен Нина Перри (Жапониядан). Осы және жаңадан Ғалақат мектебін бітірген миссионерлер Солтүстік Суматра, Калимантан, Солтүстік Сулавесиге және елдің басқа да шалғай аймақтарына тағайындалды.
“Оқушыларға тәлім беру мен сөйлеу қабілетін арттыруға көмектесу маған қатты ұнады” (Жулианус Бенин)
2005 жылы филиал жаңа екі теократиялық мектеп ұйымдастырды. Қызметті жетілдіру мектебін (қазір Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп деп аталады) жүргізген оқытушылардың бірі Жулианус Бенин: “Оқушыларға тәлім беру мен сөйлеу қабілетін арттыруға және ұйымға көбірек қолдау көрсетулеріне көмектесу маған қатты ұнады”,— деп бөлісті. Сол мектепті бітіргендердің көбі қазір арнайы ізашар не аудандық бақылаушы болып қызмет етеді. Ал Аралаушы бақылаушыларға арналған мектептіңb бірінші сыныбында оқыған бауырластардың көбісі тыйым салынған уақытта көп нәрсеге үйренген еді. Енді ісімізге еркіндік берілген уақытта бұл жаңа мектеп оларға қызметтерін жақсы атқаруға зор көмегін тигізді. Сол алғашқы сыныптың түлегі болған Пончо Прочоуо бауырлас былай деді: “Мектеп маған аудандық бақылаушы ретіндегі міндетімді көбірек жауапкершілікпен атқаруға әрі бауырластарға әлдеқайда жанашыр болуға көмектесті. Бұл мектеп бізді сергітіп тастады әрі әрекетке талпындырды”.
Қауырт қажеттілік
25 жыл бойы тыйым салынған кезде Индонезиядағы қауымдардың көбісі кішігірім үйлерде жиналып келген еді. Көп бауырластар қаржы тапшылығынан Патшалық сарайларын соға алмайтын және жаңа ғибадат орындарын соғуға рұқсат алу да мүмкін емес еді. Алайда қауымдар күн санап өсіп жатқандықтан, филиал осы қауырт қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында Патшалық сарайларын соғу бөлімін (қазір Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімі деп аталады) құрды.
Жаңа құрылыс бағдарламасының бірінші болып игілігін көрген аймақ — Солтүстік Суматрадағы Ниас аралы еді. Гунунгситолидегі қауымда ұзақ уақыт қызмет еткен Хаугоеро Геа есімді бауырлас былай деп бөлісті: “Бізде жаңа Патшалық сарайы соғылайын деп жатқанын естігенімізде мәз-мейрам болдық. Филиал жобаны қадағалау үшін жеті ерікті қызметшіні жіберді. Сөйтіп, Патшалық сарайымыз 2001 жылы соғылып бітті”. Жергілікті құрылыс комитетінің мүшесі Фаунесоуки Лаули болса былай деп айтып берді: “Кішігірім үйлерде бас қосып жүргенімізде, адамдар Ехоба куәгерлерін менсінбейтін. Патшалық сарайымыз соғылып біте салысымен-ақ қауымға келушілердің орташа саны 20-дан 40-қа дейін жетті. Ал он екі айдың ішінде қатысушылардың саны 500 пайызға өсті. Біздің ғибадат орнымыз — аймағымыздағы ең әдемі діни ғимарат. Енді адамдар Ехоба куәгерлеріне құрметпен қарайды”.
Бандунгтағы Патшалық сарайы
2006 жылы бауырластар Батыс Явадағы Бандунг қаласында бірінші Патшалық сарайын соғу үшін жер іздей бастады. “Лайықты жер табуға 12 ай кетті,— деді құрылыс комитетіндегі Сингар Панжатен есімді бір ақсақал.— Сондай-ақ бізге билік басындағылардың құрылысқа рұқсатын алу үшін, кем дегенде 60 Куәгер емес көршінің келісімі керек еді. Содан не керек, жобамызды 76 адам қолдады, солардың арасында алғашында бізге қарсы болған беделді бір әйел бар еді. Патшалық сарайы соғылып біткеннен кейін біз көршілерімізді және қала әкімін ашық есік күніне шақырдық. Сонда әкім: —Барлық ғибадат орындары дәл осындай таза да ұқыпты болу керек,— деді”. Бандунгтағы бұл екі қабатты Патшалық сарайы 2010 жылы бағышталды.
2001 жылдан бері Индонезияда 100-ден көп Патшалық сарайы соғылды, бірақ әлі де қажеттілік бар.
a Херавати Нойхардттың өмірбаяны 2011 жылғы “Ояныңдар!” журналының ақпан айындағы санында жарық көрді.
b Қазір Аудандық бақылаушылар мен олардың әйелдеріне арналған мектеп деп аталады.