Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • yb16 102-б.—107-б., 2-абз.
  • Батыс Яваның алғашқы жемістері

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Батыс Яваның алғашқы жемістері
  • 2016 жылғы Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
  • Тақырыпшалар
  • Рим папасының баскиімі
  • Қысымға қарамастан әдебиет шығару
2016 жылғы Ехоба куәгерлерінің жылнамасы
yb16 102-б.—107-б., 2-абз.

ИНДОНЕЗИЯ

Батыс Яваның алғашқы жемістері

Теодорес Рату

Теодорес Рату

1933 жылы Фрэнк Райс солтүстік Сулавесидің тумасы Теодорес (Тео) Ратуды Джакартадағы әдебиет қоймасына бірге жұмыс істеуге шақырады. “Менің мәртебелі Патшалық ісіне атсалысуға қызығушылығым оянып, Фрэнк бауырласпен бірге уағыздай бастадым,— деп есіне алады Тео. — Кейінірек мен Билл Хантермен бірге Ява аралына уағыздауға бардым және “Жарықты жеткізуші” кемесіндегі бауырластармен Суматраға сапар шектім”. Тео Индонезияда шындықты қабылдаған алғашқы адам болған, сондай-ақ ол Явада, солтүстік Сулавесиде және Суматрада ондаған жыл бойы ізашар болып қызмет еткен.

Келесі жылы Билл Хантер Джакартаға оқуға келген Феликс Танды кездестіріп, оған “Өлген адамдар қайда болады?” деген буклетті береді. Кейінірек Феликс Батыс Явадағы Бандунг қаласына үйіне қайтқанда, сол буклетті інісі Додоға көрсетеді. Екеуі буклеттен Адам атаның өлмес жаны болмағанын, оның өзі жан болғанын білгенде, аң-таң болады (Мұс. 1-ж. 2:7). Содан шындыққа деген тәбеттері ашылған Феликс пен Додо Бандунгтағы қолданылған кітап дүкендерін тінтіп шығып, Күзет мұнарасы басылымдарын жинап алып оқиды. Білгендерімен отбасымен бөліседі. Ал өздеріндегі кітаптар мен буклеттердің бәрін оқып шыққан соң, Джакартадағы әдебиет қоймасына хат жазады. Көп ұзамай Фрэнк Райс жаңа әдебиет алып келгенде, олардың төбелері көкке жетеді!

Тан отбасы

Тан отбасы

Фрэнк бауырлас Джакартаға қайтқан соң, Бандунгқа жаңадан үйленген Клем мен Джин Дешандар 15 күнге келеді. “Клем бауырлас отбасымыздан шомылдыру рәсімінен өткіміз келетін-келмейтінін сұрады,— деп есіне алады Феликс.— Сонда мен, Додо, қарындасым Жозефина (Пин Нио) және анам (Канг Нио) төртеуміз өмірімізді Ехобаға бағыштауға ықылас білдірдік”a. Шомылдыру рәсімінен өткен соң, Тан отбасы Клем мен Джинге қосылып, тоғыз күндік уағыздау сапарына шықты. Клем оларға Киелі кітап хабары үш тілде қысқаша жазылған куәлік беру парақшасын пайдаланып уағыздауды үйретті. Кейін Бандунгтағы кішігірім топ қауым болды. Бұл Индонезияда құрылған екінші қауым еді.

Рим папасының баскиімі

Дінбасылары уағыз ісінің қарқын ала бастағанына қарап отыра алмады. Олар және қолшоқпарлары баспасөз беттеріне Куәгерлердің нанымдары мен ісіне қарсы мақалалар шығара бастады. Бұл мақалаларды оқыған Діни істер департаментінің қызметкерлері Фрэнк Райсты шақырып алды. Сұрақтарына қанағаттандырарлық жауап алған соң, олар уағыз ісінің бөгетсіз жалғасуына рұқсат бердіb.

1930 жылдардың басында отаршыл үкіметтің өкілдері уағыз ісіне мән де бермеді, кедергі де жасамады. Алайда Еуропада нацистік Германияның билігі күшейе бастағанда, кейбір шенеуніктер, әсіресе католик дінін қатаң ұстанатындар Куәгерлерге қарсы шыға бастады. Клем Дешан былай деп айтып берді: “Бір католик кеден қызметкері кітаптарымызда нацизмге қарсы сөздер жазылған деп оларды тәркіледі. Сонда мен Кеден департаментіне шағымданбақ болып қоңырау шалдым. Сөйтсем, бізге қатты қарсы болған әлгі кеденші демалысқа шығып кетіпті. Ал оның орнында католик дінін ұстанбайтын жайдарлы кісі отыр екен. Ол кітаптарымызды алып кетуге бірден рұқсат беріп: —Әлгі кісі келмей тұрғанда барлығын алып кетіңдер,— деді”.

“Басқа бір жолы билік басындағылар біздің “Дұшпандар” деген кітаптағы екі суретті қайта қарастыруымызды талап етті,— дейді Джин Дешан.— Олар бұралған жылан (Шайтан) мен мас жезөкше әйелдің (жалған дін) суретіне қатты наразы болды. Себебі бұл суреттердің екеуінде де Рим папасының баскиімі (митра) болдыc. Бірақ бұл кітапты таратуға бел буғандықтан, үшеуміз аптаған ыстықта кемежайда отырып, бірнеше мың кітапты ақтарып, ішіндегі баскиімнің суреттерін қараға бояп тастадық”.

Жылан мен жезөкше әйелдің Рим папасының баскиімі кигізіліп салынған суреттер

Билік басындағылардың талдауынан өтпей қалған “Дұшпандар” кітабындағы екі сурет

Еуропа соғыстың табалдырығында тұрған сол уақытта әдебиеттеріміз мәсіхшілер әлемінің екіжүзділігі мен саясатқа араласуын әшкерелей берді. Ал дінбасылары билік басындағыларды бізге одан бетер қарсы қоюға тырысты. Түбінде кейбір әдебиеттерімізге тыйым салынды.

Алайда бауырластар әрі қарай да істі жалғастыруға бекінген еді. Сондықтан олар Австралиядан келген баспа машинасын барынша қолданды (Ел. іс. 4:20). Сол кезде қалай әрекет еткендерін сипаттап Джин Дешан былай деді: “Біз әрбір жаңадан шығарылған буклет не журналдың бір данасын билік басындағыларға беріп, талдау жасатуға тиісті едік. Біз болсақ, әдебиетті аптаның басында басып шығарып, қауымдарға үлестіретінбіз. Ал аптаның соңында прокуратураға бір данасын апарып беретінбіз. Әдебиетіміз талдаудан өтпей қалған жағдайда, өкініштен басымызды шайқап, келесі әдебиетті шығару үшін баспаханаға асығатынбыз”.

Бауырластар тыйым салынған әдебиеттерді таратқанда, полицияның көзіне түспеуге тырысатын. Бірде Шығыс Яваның Кедири қаласында уағыздап жүріп Чарлз Харрис байқамай жергілікті полиция инспекторының есігін қағады.

Есікті ашқан инспектор: “Мен сені күні бойы іздеумен болдым! Осы жерде күт, қазір тыйым салынған кітаптарыңның тізімін алып шығамын”,— деді.

“Инспектор үйге кіріп, тізімді іздеп жатқанда, мен тыйым салынған әдебиеттерді сырт киімімнің қойынқалтасына тығып қойдым. Ол келгенде, тыйым салынбаған 15 буклетімізді қолына ұстаттым. Ол маған қаламаса да садақа берді, сөйтіп мен қалған үйлерге барып, тыйым салынған әдебиеттерді таратып шықтым”,— дейді Чарлз.

Қысымға қарамастан әдебиет шығару

Екінші дүниежүзілік соғыс бүкіл Еуропаны жайлаған кезде Нидерландыдан Индонезияға әдебиеттер келмей қалды. Бірақ бауырластар мұндай жағдайды алдын ала болжап, әдебиеттерді Джакартада басып шығару үшін коммерциялық компаниямен келісті. Содан 1939 жылдың қаңтарында “Жұбаныш” (қазір “Ояныңдар!”) журналы алғаш рет индонезия тілінде жарық көрді, ал көп ұзамай “Күзет мұнарасы” да индонезия тілінде шыға бастады. Кейін бауырластар шағын баспа машинасын сатып алды да, журналдарды өздері шығаратын болды. 1940 жылы Австралиядан оларға үлкенірек баспа машинасы жіберілді. Соны қолданып бауырластар индонезия мен нидерланд тілдерінде буклеттер мен журналдар басып шығарды, ал шығынды өз қалталарынан өтеді.

Индонезиядағы Джакарта қаласында жүк көлігінен баспа құрылғыларын түсіріп жатыр

Джакартадағы қоймаға алғаш келген баспа құрылғылары

1941 жылы 28 шілдеде үкімет ақыры Күзет мұнарасы қоғамының бүкіл әдебиетіне тыйым салды. Джин Дешан былай деп еске алды: “Мен кеңседе жазып отырған кезде, есігіміз айқара ашылып үш полиция қызметкері мен кеудесіне медаль, беліне семсер тағынған, ақ қолғап пен үкілі баскиім киген нидерландық жоғары дәрежелі шенеунік кіріп келді. Біз еш саспадық. Үш күн бұрын жақында әдебиеттерімізге тыйым салынатынын естіп қойғанбыз. Содан астамсыған әлгі шенеунік ұзын-сонар жарлықты оқып шыққан соң, баспа машинасын қолдануға тыйым салатын мөр басу үшін оны баспаханаға ертіп апаруымызды талап етті. Бірақ күйеуім олардың кеш қалғанын айтты. Өйткені біз оны алдыңғы күні ғана сатып жіберген едік!”

Әйтсе де Киелі кітапқа тыйым салынған жоқ. Бауырластар үйден үйге жүріп, Киелі кітаппен уағыздай беретін. Киелі кітапты зерттеу сабақтарын да өткізіп жүрді. Бірақ соғыс қаупі Азия аумағына да төніп қалғандықтан, шетелдік ізашарлар Австралияға қайтуға нұсқау алды.

a Кейінірек Феликстің әкесі мен үш інісі де Куәгер болды. Ал қарындасы Жозефина Андре Элиасқа күйеуге шығып, Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебінде оқыды. Оның өмірбаяны “Ояныңдар!” журналының 2009 жылғы қыркүйек айындағы санында жарық көрген.

b Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Фрэнк Австралияға оралып, отбасын құрды. Фрэнк бауырлас жердегі өмірін 1986 жылы аяқтады.

c Суреттер Аян 12:9 және 17:3—6 тармақтарға негізделіп салынған еді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу