Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 шілде 20—25 бет.
  • Зерттеушіңізге Ехобаны танып-білуге көмектесіңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Зерттеушіңізге Ехобаны танып-білуге көмектесіңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЗЕРТТЕУШІНІҢ ЕХОБАНЫ ТАНЫП-БІЛГЕНІ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
  • ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБАНЫҢ ҚАНДАЙ ҚҰДАЙ ЕКЕНІН ТАНЫП-БІЛУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ
  • ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБА ЖАЙЛЫ БІЛГЕНДЕРІН ӨМІРДЕ ҚОЛДАНУДЫ ҮЙРЕТІҢІЗ
  • ЕХОБАНЫ ЖАҚСЫ ТАНЫП-БІЛГЕНДЕР ЗОР БАТАҒА КЕНЕЛЕДІ!
  • Зерттеушіге шындықта нық тұруға көмектесіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Зерттеушілерге шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (2-бөлім)
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (1-бөлім)
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 шілде 20—25 бет.

28 ҚЫРКҮЙЕК—4 ҚАЗАН, 2026

79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер

Зерттеушіңізге Ехобаны танып-білуге көмектесіңіз

“Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды... танып-білу керек” (ЖОХ. 17:3).

НЕГІЗГІ ОЙ

Біз зерттеушімізге Ехобаның қандай Құдай екенін танып-білуге, оның қасиеттерін, оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын түсінуге көмектесуіміз керек.

1. Зерттеушіміздің рухани алға басып жатқаны бізді қандай сезімге бөлейді?

ЗЕРТТЕУШІҢІЗДІҢ алғаш рет қауымға келген кезі есіңізде ме? Бірінші рет түсініктеме берген кезі ше? Бәлкім, зерттеушіңіз уағыздап бастаған болар я шомылдыру рәсімінен өтіп қойған шығар. Бұның бәрін көру — тәлімгер үшін үлкен қуаныш! Бірақ біз зерттеушіміздің алға басып жатқаны ең алдымен Ехобаның арқасы екенін мойындаймыз және сол үшін бар мадақты Ехобаға жаудырамыз (Қор. 1-х. 3:5—9; Жох. 3-х. 3, 4).

2. Ехоба нені қалайды? (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4)

2 Киелі кітапта Құдай “адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайтыны” айтылған (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4 оқыңыз). Тура білім Ехобаның өзі жайлы және оның адамдарға қатысты тамаша ниеті жайлы шындықтарды қамтиды. Ехоба адамдардың осы шындықтар жайлы мейлінше көп нәрсені түсініп-білгенін қалайды (Ерм. 9:24). Бірақ тура білім алу деген жай ғана білім жинауды білдірмейді. Бір ғалымның айтуынша, түпнұсқада “тура білім” деп аударылған тіркестің астарында алған білімі адамға әсер етуі керек деген де ой жатыр. Демек, зерттеуші Ехоба жайлы білім алғанда, білгендері оған әсер етіп, өмірін өзгерту керек. Содан кейін ғана оның “мәңгілік өмірге ие болуға” үміті пайда болады (Жох. 17:3).

3. Бұл мақалада не қарастырамыз?

3 Адамдарға тура білім беруді Ехоба бізге тапсырып, бізді зор мәртебеге бөледі. Бұл мақалада біз келесі үш сұрақтың жауабын аламыз: 1) Зерттеушінің Ехобаны танып-білгені неге маңызды? 2) Зерттеушіге Ехобаның қандай Құдай екенін танып-білуге қалай көмектессек болады? 3) Зерттеушіге Ехоба жайлы білгендерін өмірде қолдануды қалай үйретсек болады?

ЗЕРТТЕУШІНІҢ ЕХОБАНЫ ТАНЫП-БІЛГЕНІ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

4. Марқа 12:30-ға сай, зерттеушімізге тәлім бергенде бірінші кезекте нені ойлауымыз керек?

4 Иса айтқандай, Ехобаны сүю — ең басты заң (Марқа 12:30 оқыңыз). Ал зерттеушіміз Ехобаны жақсы көру үшін оны жақсы тануы керек. Сондықтан тәлім бергенде біз бірінші кезекте зерттеушімізге Ехоба жайлы үйретуді және Ехобаға деген сүйіспеншілігін оятуды ойлауымыз керек. Біз зерттеушіміздің шомылдыру рәсімінен біздің көңілімізге қарап не бауырластармен араласқанды ұнатқаннан емес, Ехобаны жақсы көргеннен өткенін қалаймыз.

5. Зерттеушіміз Ехобаны шын жақсы көрсе не істеуге талпынады?

5 Зерттеушіміздің Ехобаға деген сүйіспеншілігі оянған кезде оның айтқандарын орындауға ықыласы да оянады. Құдайды сүйетін адам оның өсиеттерін орындауға дайын болатынын Исаның үлгісінен көреміз. Ол: “Әкемді жақсы көретінімді осы дүние білсін деп, Әкем нені өсиет етсе, соны орындаймын”,— деген (Жох. 14:31). Зерттеушіміз Ехобаны шын жақсы көрсе, оған мойынсұнып, адал болуға талпынады (Жох. 1-х. 5:3).

6. Зерттеуші Ехобаны танып-білу үшін тағы не істеу керек және неге? Мысал келтіріңіз.

6 Зерттеуші Ехобаны жақсырақ тани түсу үшін тек білім алып қана қоймай, білгендерін өмірде қолдануы керек. Мынадай мысал келтірейік. Адам жол ережелерін жаттап, емтиханнан өтсе, бұдан ол жақсы жүргізуші болып кетпейді. Ол міндетті түрде рөлге отырып, көлікті айдап көруі керек. Сонда ғана ол көліктің қалай қозғалатынын сезіп, қандай жағдайда көлікті қалай айдаған дұрыс болатынын түсіне бастайды. Тура солай, зерттеуші білгендерін іс жүзінде қолданса, өмірінде Киелі кітап принциптерінің пайдасын және Ехобаның көмегін көре бастайды. Ол Ехоба жайлы білім алып, білгендерін қолданған сайын, қандай жағдайда қалай әрекет еткен дұрыс екенін түсіне береді.

7. Жүсіп ненің арқасында дұрыс әрекет етті?

7 Ехобаны жақсы-танып білген адамдардың бірі — Жүсіп. Ол Ехобаның Адам атаға бір ғана әйел бергенін білген. Сондай-ақ Ыбырайымның әйелін біреулер әйелдікке алмақшы болғанда, Ехобаның бұған жол бермегенін естіген (Мұс. 1-ж. 2:24; 20:3, 6). Осыдан Жүсіп Ехобаның некеге, жыныстық қатынасқа қалай қарайтынын түсінді. Сондықтан ол Потифардың әйелі азғырғанда, бірден: “Қалайша мен осындай ауыр қылмыс жасап, Құдай алдында күнәға батпақпын?!”— деп кесіп айтты (Мұс. 1-ж. 39:7—9). Жүсіп Ехобаға не ұнайтынын, не ұнамайтынын жақсы түсінгендіктен, оны ренжітпей, дұрыс әрекет етті. Жүсіп сияқты зерттеушіміз де Ехобаға не ұнайтынын, не ұнамайтынын жақсы түсінсе, әрдайым Ехобаны қуантуды ойлайды.

ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБАНЫҢ ҚАНДАЙ ҚҰДАЙ ЕКЕНІН ТАНЫП-БІЛУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ

8. Зерттеушіңіз Ехобаның қандай Құдай екенін танып-білу үшін “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын қалай қолдансаңыз болады?

8 Кезінде Ехоба өзінің қандай Құдай екенін көрсету үшін Әйүпке бір емес, 50 сұрақ қойған (Әйүп 38:1—41:34). Сіз де зерттеушіңізге сұрақтар қойыңыз. Зерттеуге арналған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы сұрақтар Ехобаны барынша танып-білуге бағытталған (“Сұрақтарды тиімді пайдаланыңыз” деген қоршауды қараңыз). Олай болса, зерттеушіңіз Ехобаның қандай Құдай екенін жақсы танып-білу үшін сол сұрақтарды тиімді қолданыңыз.

Зерттеуші әйел “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 17-сабағында келтірілген сұрақтардың біріне жауап беріп отыр, ал әйел бауырлас оны мұқият тыңдап отыр.

Сұрақтарды тиімді пайдаланыңыз

“Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабында Ехобаны танып-білуге бағытталған сұрақтар көп. Солардың кейбірі мыналар:

  • “Ізгі хабарды уағыздайтындар жайлы Ехоба не ойлайды?” (21-сабақ)

  • “Сіздің осы уақытқа дейін Ехоба мен Иса жайлы оқып білгеніңіз олардың [Армагеддонда] әділ әрекет ететініне сендіре ме? Неге?” (33-сабақ)

  • “Ақылды болып Ехобаны тыңдасақ, ол не сезінеді? Неге?” (34-сабақ)

  • “Ехобаны жақсы көрмейтін адаммен некелесуді шешсек, Ехоба не сезінеді деп ойлайсыз?” (42-сабақ)

  • “Ехобаның күнә жасаған адамға қалай қарайтынынан неге оны есті, мейірімді әрі сүюші дей аламыз?” (57-сабақ)

9, 10. а) Зерттеушіңізге Киелі кітапты оқудың барынша пайдасын көруді қалай үйретсеңіз болады? (Жақып 5:11) ә) Киелі кітаптағы оқиғалардан Ехобаға не ұнайтынын, не ұнамайтынын қалай аңғаруға болады? Мысал келтіріңіз.

9 Біз әдетте зерттеушіні ерте бастан Киелі кітапты күнде оқуға талпындырамызa. Зерттеушіңізге Киелі кітапты құр оқып қоймай, барынша пайдасын көруді қалай үйретсеңіз болады? Оны әр Киелі кітап оқығанда “Ехоба бұл оқиғаны Киелі кітапқа не үшін жаздырды? Бұл оқиғадан Ехобаның қандай қасиеттерін білдім?” деп ойланып отыруға талпындырыңыз. Шәкірт Жақып Әйүптің оқиғасы жайлы жазғанда не айтқанын байқағансыз ба? Ол тек Әйүптің төзімділігі жайлы айтып қоймай, “Ехобаның өте жанашыр әрі мейірімді” екеніне назар аударған (Жақып 5:11 оқыңыз). Осылай Жақып Киелі кітаптағы Әйүптің оқиғасынан Ехобаның қандай Құдай екенін көре білген.

10 Киелі кітаптағы оқиғалардан Ехобаға не ұнайтынын, не ұнамайтынын аңғаруға болады. Зерттеушіңізге соларды көре білуді үйретіңіз. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабында “Киелі кітапты оқуды бастаңыз” деген кесте бар. Зерттеушіңізбен сол кестені қарастырғанда, ол Даниялдың арыстандарға тасталғаны жайлы оқиғаны таңдауы мүмкін. Зерттеушіңізді сол оқиғаны оқып болған соң, мына сұрақтар жайлы ойлануға талпындырсаңыз болады: Ехоба неге Даниялға ерекше қарады? Не үшін оны аман алып қалды? Демек, Ехобаға не ұнайды? (Дан. 6:10, 22). Сосын керісінше былай деп ойланып көрсін: Ехоба Даниялға жала жапқан адамдарға қалай қарады? Олармен ақыры не болды? Демек, Ехоба нені ұнатпайды? (Дан. 6:4, 5, 24). Бәлкім, зерттеушіңіз тағы да ойланып, бұл оқиғадан Ехобаның басқа да қасиеттерін байқап көрер (Дан. 6:26, 27).

11. Зерттеушіге алып жатқан білімі Ехобадан екенін түсіндіру неге маңызды?

11 Уақыт өте зерттеушіңіз алып жатқан білімінің пайдалы әрі құнды екенін түсіне бастайды. Ол тіпті “өте күшті түсіндіресіз, біліміңіз керемет” деп, сізді мақтауы мүмкін. Зерттеушіңіздің шындықты түсініп, осылай бағалап жатқаны, расымен, сіздің де арқаңыз. Бірақ сіздің осы жағдайды пайдаланып, зерттеушінің назарын Ехобаға бұрғаныңыз дұрыс болады. Оған Ехоба “Ұлы Тәлімгер” екенін және бұл білім одан келіп жатқанын түсіндіріңіз. Кейін осы үшін Ехобаға рақмет айтуға талпындырыңыз (Ишая 30:20, 21).

ЗЕРТТЕУШІГЕ ЕХОБА ЖАЙЛЫ БІЛГЕНДЕРІН ӨМІРДЕ ҚОЛДАНУДЫ ҮЙРЕТІҢІЗ

12, 13. Зерттеушіңіз Киелі кітаптың кейбір жерін түсінбей қалған кездері Ехоба жайлы білгендері оған дұрыс тұжырымға келуге қалай көмектеседі? (Суретті де қараңыз.)

12 Тура білімнің толық пайдасын көру үшін, зерттеушіңіз Ехоба жайлы білгендерін өмірде қолданып үйренуі керек. Бұл неге маңызды екенін түсіну үшін үш жағдайды қарастырайық. Біріншісі, кейде зерттеушіңіз Киелі кітапты оқып жатып, қандай да бір оқиғаларды дұрыс түсінбеуі мүмкін. Мысалы, ол Ехоба неге кейбір адамдарды аяусыз қырып, ал кейбірін аман алып қалғанын түсінбей, екіойлы болып қалуы мүмкін. Ондай кезде зерттеушіңізге дұрыс тұжырымға келуге көмектесу үшін, оны Ехоба жайлы осы уақытқа дейін білгендерін еске түсіруге талпындырыңыз.

13 Зерттеушіңіз мына сұрақтар жайлы ой жүгіртіп көрсе болады: Ехоба үшін адам өмірі қаншалықты қымбат? (Пет. 2-х. 3:9). Күнәкар болғанымызға қарамай, Ехоба бізді құтқару үшін не істеді? (Ефес. 2:4, 5). Ол жазықсыз адамдарды бекерден-бекер жазалай ма? Ал кінәлі адамдарды жазықсыз қалдыра ма? (Мұс. 2-ж. 34:6, 7). Әрине, Киелі кітап Ехобаның әрбір шешімін, әрбір әрекетін егжей-тегжейлі түсіндіре бермейді. Бізге олардың бәрін білудің қажеті де жоқ. Өйткені біз Құдайымызды жақсы білеміз және ол әрдайым дұрыс әрекет ететініне толық сенеміз.

Коллаж: Алдыңғы суреттегі әйел бауырлас зерттеушісімен осы уақытқа дейін білгендерін қайталап, еске түсіріп жатыр. 1. Ехоба көктегі тағында отыр. 2. Адам мен Хауа тыйым салынған жеміске қызығып қарап тұр. 3. Өкше жыланның басын мыжып жатыр. 4. Нұхтың кемесі Топан су кезінде жүзіп жүр. 5. Мұса Қызыл теңізді қақ жарып жатыр. 6. Иерихон қаласында Рахабтың үйінен басқа барлық қабырға қирап жатыр. 7. Әбдімәлік Еремия пайғамбарды құдықтан тартып шығарып жатыр. 8. Иса бағанада ілініп тұр.

Зерттеушіңіз Киелі кітаптың кейбір жерін түсінбей қалған кезде, оған Ехоба жайлы білгендерін еске түсіруді үйретіңіз (12, 13-абзацты қараңыз)


14. Зерттеушіңіз қауымда бір бауырласқа ренжіп қалса, оған қалай көмектессеңіз болады?

14 Екіншісі, зерттеушіңіз қауымға келіп жүргенде, бір бауырластың әрекетін көңіліне алып, оған ренжіп қалуы мүмкін. Ондай кезде де зерттеушіңізді Ехоба жайлы білгендерін еске түсіруге талпындырыңыз. Ол былай деп ой жүгіртіп көрсе болады: Ехоба бауырластарға қалай қарайды? Бауырластарды жақсы көргендіктен, ол қандай ең үлкен құрбандыққа барды? (Жох. 3:16). Бауырластармен тату-тәтті жүргеніміз ол үшін қаншалықты маңызды? (Зәб. 133:1). Бір-бірімізбен тату болуға тырыссақ, Ехоба бұған қалай қарайды? (Қор. 2-х. 13:11). Зерттеушіңізге Ехоба біздің қауымда бауырластардың қателіктеріне емес, жақсы жақтарына көбірек назар аударғанымызды қалайтынын түсінуге көмектесіңіз.

15, 16. а) Зерттеушіңіз маңызды бір шешімнің алдында тұрғанда қалай Исаға еліктесе болады? (Жохан 8:29) ә) Марианна бауырлас зерттеушісіне дұрыс шешімге келуге қалай көмектесті? (Суретті де қараңыз.)

15 Үшіншісі, кейде зерттеушіңіз маңызды бір шешімнің алдында тұрып, не істерін білмеуі мүмкін. Бәлкім, сіз бірден оған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының “Қалай дұрыс шешім қабылдауға болады?” деген 35-сабағын көрсететін шығарсыз. Бірақ ол дұға етіп, әдебиеттерді оқып көргеннен кейін де, Киелі кітаптағы принциптердің қайсысы өзіне қатысты екенін түсінбей, не істеген дұрыс болатынын білмеуі мүмкін. Ондай кезде оны Исаға еліктеуге талпындырсаңыз болады. Иса: “Мен әрқашан [Әкеме] ұнайтынды істеймін”,— деген (Жохан 8:29 оқыңыз). Зерттеушіңізді былай деп ойланып көруге талпындырыңыз: “Әдебиеттерден оқығанымды және Ехоба жайлы осы уақытқа дейін білгендерімді есепке алсам, қай шешімім Ехобаға көбірек ұнайды?” Зерттеушіңізге Ехобаға ұнайтын шешім ең дұрыс шешім екенін түсінуге көмектесіңіз.

16 Чилиде болған бір жағдайды қарастырайық. Марианна деген бауырласымыздың зерттеушісі қиын бір шешімнің алдында тұрған. Оны туыстары жалақысы жоғары жұмысқа тұруға көндірмекші болған екен. Бірақ ол бұл жұмысқа тұрса, қауым кездесулеріне бара алмайтын еді. Бұл жағдайда зерттеушісіне қалай көмектескенін айтып Марианна бауырлас былай дейді: “Мен оны Ехоба жайлы ойлануға талпындырдым. Бұл жұмысқа тұрсаң, Ехоба қуана ма, соны ойлап көрші деп сұрадым. Осы жағдай туралы нақты дұға етіп, кейін дұғасына Ехоба қалай жауап беретінін байқап көруді айттым. Ақырында, ол бұл жұмыстан бас тартты. Көп ұзамай ол қауымға баруға кедергі жасамайтын ыңғайлы жұмыс тауып алды. Бұл жағдайдың арқасында ол Патшалықты бірінші орынға қойса, Ехоба көмексіз қалдырмайтынын жақсы түсінді”. Көргеніміздей, Марианна бауырлас зерттеушісіне не істегені дұрыс болатынын айта салмай, оны Ехоба жайлы ойлануға талпындырды. Соның арқасында зерттеушісі Ехобаның көмегін көріп, оған деген сенімі нығайды.

Бастығы келісімшарт пен қаламды ұсынып жатыр, ал зерттеуші жұмысқа тұрудан бас тартып жатыр.

Зерттеушіңізге “Ехобаға қай шешімім ұнайды?” деп ойлануды үйретіңіз (15, 16-абзацты қараңыз)b


ЕХОБАНЫ ЖАҚСЫ ТАНЫП-БІЛГЕНДЕР ЗОР БАТАҒА КЕНЕЛЕДІ!

17. Зерттеушімен сабақ өткенде бәрінен бұрын не маңызды?

17 Біздің зерттеуге арналған интерактивті басылымымызда түрлі тақырыптар қарастырылады. Мысалы, онда өлген адамдардың күйі, төлем, Құдай Патшалығы деген сияқты негізгі ілімдер айтылады. Сондай-ақ қауым кездесулері, ақсақалдар, Басқарушы кеңес сияқты ұйымға қатысты тақырыптар талқыланады. Зерттеу сабағында сол тақырыптардың өзін ғана түсіндіріп қоймаңыз, сол тақырыптарды Ехобамен байланыстырыңыз. Өйткені зерттеушінің Ехобаның қандай Құдай екенін танып-білгені бәрінен де маңызды!

18. Ехобаны танып-білген адам қандай баталарға кенеледі?

18 Адамдарға Ехобаны танып-білуге көмектесу — не деген керемет тапсырма! Ойлап көріңізші, адам Ехобаны танып-білсе, қазірдің өзінде мәнді де мағыналы өмір сүреді (Зәб. 25:12—15). Ал болашақта мәңгілік өмірге ие болады (Жох. 1-х. 5:20). Ехобаны танып-білудің игіліктері бұл ғана емес. Киелі кітапта айтылғандай, кім Құдайды танып, оны сүйсе, Ехоба да сол адамды біледі (Қор. 1-х. 8:3). Бұл деген сөз, Құдіреті шексіз Құдайдың өзі сол адамды ерекше көріп, досы санайды. Адам баласы үшін бұдан асқан мәртебе бар ма?!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Зерттеушіміздің Ехобаны танып-білгені неге маңызды?

  • Зерттеушімізге Ехобаның қандай Құдай екенін танып-білуге қалай көмектессек болады?

  • Зерттеушімізге Ехоба жайлы білгендерін өмірде қолдануды қалай үйретсек болады?

84-ӘН Күшімізді аямай берейік

a “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 5-сабағында мынадай мақсат ұсынылған: “Киелі кітап оқуды бастаңыз” деген кестенің көмегімен оны жүйелі түрде оқуға кірісу.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қойылым ретінде түсірілген суретте Марианнаның зерттеушісі жұмысқа тұрудан бас тартып жатыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу