21—27 ҚЫРКҮЙЕК, 2026
12-ӘН Ұлы Құдай Ехоба
Ехоба Құдайымызды танып-біле берейік
“Әкеңнің Құдайын танып-біл. Оған бар жүрегіңмен, бар ықыласыңмен қызмет ет” (ШЕЖ. 1-Ж. 28:9).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехобаны танып-білу деген нені білдіретінін, бұл неге маңызды екенін және ол үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.
1. Ехобаның білімі, даналығы мен істері қандай сезімге бөлейді?
ЕХОБАНЫҢ түпсіз терең білімі, ұшан-теңіз даналығы, ғаламат та ұлы істері адам ақылы бойлай алмайтындай шексіз! Соны ойласаң, бойыңды еріксіз қастерлі сезім билеп, өзіңнің шаң-тозаңдай кішкентай пенде екеніңді ұғасың. Елші Пауыл да кезінде тебіреніп былай деген: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын оның ешкім зерттеп бітпес!” (Рим. 11:33, 34).
2. Құдайды танып-білу мүмкін екенін қайдан білеміз?
2 Ехоба жайлы білімнің түбіне жете алмасақ та, оны қандай да бір шамада танып-біле аламыз. Мұны Киелі кітаптағы кейбір тармақтардан анық көреміз. Мысалы, Дәуіт патша өзінің ұлы Сүлейменге: “Әкеңнің Құдайын танып-біл. Оған бар жүрегіңмен, бар ықыласыңмен қызмет ет... Оны іздейтін болсаң, ол өзін табуыңа мүмкіндік береді”,— деген (Шеж. 1-ж. 28:9). Ал елші Жохан “шынайы Құдайды танып-білуіміз үшін бізге сана берілгенін” айтқан (Жох. 1-х. 5:20). Сондай-ақ Исаның өзі айтқандай, ол Әкесін кімге ашса, сол адам Құдайды “жақсы біледі” (Мат. 11:27).
3. Бұл мақалада не жайлы қарастырамыз?
3 Бәріміз шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, Ехоба жайлы білім алып, оны біраз танып қалдық. Бірақ біз тоқтамай, әрі қарай да Ехобаны танып-біле беруіміз керек (Жох. 17:3 сілт.). Ехоба жайлы білім алып отырсақ, оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын біліп жүреміз және барлық уақытта оған сенім артатын боламыз. Біз бұл мақалада келесі үш сұрақты қарастырамыз: 1) Ехобаны танып-білу деген нені білдіреді? 2) Ехобаны танып-біле беру неге маңызды? 3) Ехобаны танып-біле беру үшін не істеуіміз керек? Ехобаға қанша жылдан бері қызмет етпейік, бұл сұрақтарға бәріміздің де ден қойғанымыз жөн.
ЕХОБАНЫ ТАНЫП-БІЛУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
4. Ехобаны танып-білу деген нені білдіреді?
4 Ехобаны танып-білу деген нені білдіретінін түсіну үшін Бабылға жер аударылған яһудилерге Ехоба қандай уәде бергенін көрейік. Оларды өз жерлеріне қайтаратынын айтқан соң, Ехоба: “Мен оларға Ехоба екенімді біле алатын жүрек сыйлаймын”,— деген (Ерм. 24:7). Бірақ яһудилер Ехобаны бұрыннан білген ғой. Сонда Ехобаның айтқан сөздері нені білдіреді? Яһудилер құлдықтан оралған соң, Ехобаны санамен ғана емес, жүрекпен тануы керек еді, яғни оны одан сайын жақсы танып, оған жақын бола түсуі керек-тін. Бір еңбекте бұл былай деп түсіндірілген: “Махаббат туралы оқып-білу мен ғашық болу бір нәрсе емес. Тура солай, Құдай жайлы жай ғана біліп қою мен оны жақсы танып, оған жақын болу екі бөлек дүние”. Демек, Ехобаның есімін, оның шынайы Құдай екенін біліп қана қою жеткіліксіз. Біз Ехобаның тамаша қасиеттерін танып-біліп, оған жақын бола түсуіміз керек.
5. Жосия патшаның үлгісіне қарасақ, Құдайды танып-білу деген нені білдіреді?
5 Ехобаны жақсы танып-білсек, оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын түсініп, соны өмірде ескереміз. Бұл жағынан Жосия патша жақсы үлгі қалдырған. “Билік құруының сегізінші жылы, әлі де жасөспірім шағында, патша арғы атасы Дәуіттің Құдайын іздей бастады” (Шеж. 2-ж. 34:3). Жосия Жазбаларды зерттеп, Ехобаны танып-білді, кейін сол білгендеріне сай өмір сүрді. Ехоба Киелі кітапта Жосия туралы: “Ол әділдік пен әділетті ұстанған. . . Ол мүсәпір мен кедейдің заңды мүддесін қорғаған... Мені білу деген осы емес пе?”— деген (Ерм. 22:15, 16).
6. Зәбүр 9:10-ға сай, Ехобаны жақсы танып-білетініміз тағы неден көрінеді?
6 Зәбүр 9:10 оқыңыз. Ехобаны жақсы танып-білсек, оған барлық жағдайда сенім артамыз. Ал бұл жағынан елші Пауыл жақсы үлгі қалдырған. Түрмеде өлімге кесілетін уақыты жақын қалғанда, ол: “Азап шегудемін, бірақ бұған ұялмаймын. Өйткені кімге сенгенімді білемін”,— деген (Тім. 2-х. 1:12). Пауыл Ехобаны жақсы танып-біліп, өмірде оның талай көмегін көрді. Сол себепті Ехобаға толық сенім артуға болатынына көзі жетті. Пауыл адал қызметін Ехоба елеусіз қалдырмайтынына және уақыты келгенде оны қайта тірілтетініне кәміл сенді.
ЕХОБАНЫ ТАНЫП-БІЛЕ БЕРУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
7. Ехобаға ұзақ уақыт қызмет етіп жүрсек, нені естен шығармауымыз керек?
7 Киелі кітапты алғаш зерттей бастағанда, Ехоба жайлы бәрін білгіміз келіп тұрды. Бірақ уақыт өте бұл құштарлығымыз басылып қалуы мүмкін. Неге бұлай болып жатады? Өйткені біз Киелі кітапты жеке не қауыммен оқығанда, өзімізге қандай сабақ аламыз, басқаларға көмектесу үшін бұны қалай қолдансақ болады деп, соған көбірек мән беріп жатамыз. Бұл дұрыс-ақ, Киелі кітап бұл жағынан өте пайдалы (Тім. 2-х. 3:16, 17). Бірақ Ехоба жайлы білу одан да маңызды (Зәб. 25:8—10). Сондықтан Киелі кітапты оқығанда қандай сабақ алатынымызды ғана ойламай, “Оқығанымнан Ехоба Құдай жайлы не білдім?” деп те ой жүгірткеніміз жөнa.
8. Ехобаны жақсы танып-білгеніміз достығымызға қалай әсер етеді? (Зәбүр 73:24—28)
8 Ехобаны жақсы танып-білген сайын, достығымыз нығая береді. Киелі кітапты күнде оқу, ай сайынғы Бродкастинг бағдарламалары, конгрестер — бұның бәрі Ехобаны танып-білудің керемет мүмкіндіктері. Сіздің конгрестен кейін не Бродкастинг бағдарламасын көріп болған соң, жүрегіңізді ризашылық кернеп, Ехобаны мадақтағыңыз келіп кеткен кездер болған ба? Зәбүр жыршысы Асаф та Ехобаның сүйіспеншілігі жайлы ой жүгірткенде: “Құдай — көңіліме медет болар жартасым, мәңгілік үлесім”,— деп тебіреніп кеткен (Зәбүр 73:24—28 оқыңыз). Күн сайын Ехобаны танып-білуге күш сала берсек, онымен дос болу неткен мәртебе екенін түсініп, оған деген ризашылығымыз арта түседі.
9. Барлық ісімізде Ехобаны ескеру неге маңызды? Мысал келтіріңіз.
9 Киелі кітапта барлық ісімізде Ехобаны ескеруіміз керектігі айтылған (Нақ. с. 3:5, 6). Бұл деген сөз, шешім қабылдарда Ехоба жайлы білгендерімізді, оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын ойда ұстауымыз керек. Байқасақ, көп адам жұмыстағы үстеліне, әмиянына немесе телефонының экранына жұбайының суретін қойып қояды. Сол суретке көздері түскен сайын сүйікті жарын еске алып, оны ойлап жүреді. Шешім қабылдағанда жұбайының көңілін ойлап, іс-әрекетімен оны ренжітпей, қайта, қуантуға тырысады. Тап солай, біз де Ехоба жайлы ойланып жүретін болсақ, оның көңілін қалдырмай, әрбір ісімізбен оны қуантып жүреміз (Зәб. 19:13, 14).
10. Ехобаға еліктеу үшін оны жақсы танып-білу қаншалықты маңызды?
10 Ехоба бізді өзіне ұқсас етіп жаратқандықтан, біз оның бойындағы қасиеттерді таныта аламыз (Мұс. 1-ж. 1:26). Бірақ Ехобаның қасиеттерін жақсы танып-білмесек, оған қалай еліктеу керектігін түсінбейміз. Кезінде дін мұғалімдері мен парызшылдарды Иса сол үшін айыптаған. Олар Заңды үтір-нүктесіне дейін жаттап алып, бірақ “Мұса Заңындағы әділдік, мейірімділік және адалдық сияқты анағұрлым маңызды нәрселерді елемеген” (Мат. 23:23). Оларға ұқсап жүрмес үшін, біз Заң мен принциптердің астарын көре біліп, Ехобаның қандай қасиеттер танытып жатқанына мән беруіміз керек. Сонда ғана Ехобаға еліктеп, оның бойындағы қасиеттерді айна-қатесіз таныта аламыз (Жох. 1-х. 4:8, 11).
ЕХОБАНЫ ТАНЫП-БІЛЕ БЕРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
11. Ехоба жайлы алғаш рет қайдан білдіңіз?
11 Ехоба жайлы алғаш рет қайдан білдіңіз? Ата-анаңыздан білген болсаңыз, олар сізге кішкентайыңыздан Киелі кітап әңгімелерін айтып, жаратылыстарды көрсетіп, Ехоба қандай Құдай екенін және оның қандай қасиеттері бар екенін түсіндірген шығар. Ал егер Ехоба куәгерлері зерттеу сабағын ұсынған болса, онда сіз “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” не зерттеуге арналған басқа құралды оқып-зерттеген шығарсыз. Сол кезде тәлімгеріңіз Киелі кітаптағы оқиғаларды және табиғат әлеміндегі жаратылыстар жайлы сізбен қарастырып, Ехобаның керемет қасиеттерін біраз талқылаған боларb (Нех. 8:8; Ел. іс. 14:17). Бірақ біз осы білгендерімізбен шектелмей, әрі қарай да Ехобаны танып-біле беруіміз қажет. Ал бұл үшін не істеуіміз керек, қазір соны көрейік.
12, 13. Киелі кітапты оқығанда не жайлы ойлануымыз керек? Мысал келтіріңіз. (Еремия 39:15—18) (Суретті де қараңыз.)
12 Біріншіден, Ехобаны танып-біле беру үшін оның Сөзін оқып, зерттеуіміз керек. Киелі кітап кейде Құдайдың қасиеттерін тікелей атап көрсетеді (Мұс. 2-ж. 34:6, 7). Бірақ көп жағдайда Киелі кітапта адамдардың бастан өткен оқиғалары айтылады. Сол оқиғаларды оқығанда, “Бұл оқиғадан Ехоба жайлы не білдім?” деп ойланыңыз.
13 Мысалы, сіз Еремия 38:6—13 тармақтарды оқып жатырсыз делік. Онда эфиопиялық Әбдімәліктің Еремия пайғамбарды құтқарып қалғаны айтылады. Бәлкім, сіз бірден Әбдімәлік сияқты мен де бауырластарды жақсы көруім керек, оларға кез келген жағдайда көмектесуге дайын болу үшін батылдық қасиетін дамытуым керек деп, өзіңізге сабақ алатын шығарсыз. Ал бұл оқиғадан Ехобаның қасиеттерін көре білдіңіз бе? (Еремия 39:15—18 оқыңыз). Ехобаның жақсылықты ұмытпайтын, әділ, ешкімді алаламайтын Құдай екені қай тармақтардан көрінеді? Бұл оқиғадан Ехоба жайлы тағы не білуге болады деп ойлайсыз? Киелі кітапты оқығанда осылай Ехобаның қасиеттерін байқап, оны жақсырақ тани беруге тырысыңыз. Кейін сол тамаша қасиеттері үшін Ехобаны мадақтап, оған алғыс білдіруді ұмытпаңыз.
Әбдімәлік өз басын қатерге тігіп, Еремия пайғамбарды құтқарып жатыр (12, 13-абзацты қараңыз)
14. Неге Құдайдың жаратылыстары жайлы ой жүгіртуіміз керек?
14 Екіншіден, Ехобаны танып-біле беру үшін оның жаратылыстары жайлы ой жүгіртуіміз керек (Зәб. 145:9, 10). Құдайдың жаратылыстарын жай ғана бақылап, тамсану жеткіліксіз. Табиғат әлемін өмір бойы зерттесе де, Құдайдың қандай екені түгіл, оның бар екенін түсінбей жүргендер қаншама! Киелі кітапта елші Пауыл: “[Құдайдың] көзге көрінбейтін қасиеттерін... оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады”,— деп анық жазған (Рим. 1:20). Демек, біз айналамыздағы жаратылыстарды тамашалағанда, сәл ойланып, Құдайдың қасиеттерін көре білуіміз керек.
15. Патрик бауырлас Ехобаны жақсырақ тану үшін жиі не істейді және оған қалай еліктесек болады? (Суретті де қараңыз.)
15 Көбіміз табиғаттан алыс, у-шу қалада тұрамыз. Мұндай кезде де амалын тауып, жаратылыстар жайлы ой жүгіртіп, Ехобаны тани беруге болады. Конго Республикасындағы Браззавиль деген ірі қалада тұратын Патрик бауырлас былай дейді: “Ехобаның жаратылыстарын тамашалау үшін балконға шығып тұрамын. Жейтін азығын іздеп әлек болып жүрген жәндіктер мен құстарды жиі көремін. Бірде ұя соғып жатқан бір құсты көзім шалып қалды. Айналада жатқан заттарды теріп соқса да, балапандарына мамықтай жұп-жұмсақ ұя жасап қойды”. Патрик бұған тамсанып қана қоймай, Құдай жайлы да ойланған. Ол былай дейді: “Адамдар елей бермейтін кіп-кішкентай жаратылыстарының өзін Ехоба қалдырмай, қамқорлап жүреді. Бұл Ехоба маған да бар қажетімді беретініне сенім ұялатады”.
Жаратылыстарды тамашалағанда, сәл ойланып, Құдайдың қасиеттерін көре біліңіз (15-абзацты қараңыз)
16. Исаның анасы Мәриям ненің арқасында Ехобаны тани түсті және оған қалай еліктесек болады? (Суретті де қараңыз.)
16 Үшіншіден, Ехобаны танып-біле беру үшін, оның бізге қалай көмектесіп жатқаны жайлы ойлануымыз керек. Мысалы, Исаның анасы Мәриямды алайық. Ол жастайынан Ехобаны жақсы білген әрі оның ықыласына ие болған (Лұқа 1:30). Мәриям Құдай Ұлының анасы болу мәртебесіне бөленгенде, иығына үлкен жауапкершілік артылды. Сонда Ехоба Жәбірейіл періште мен туысы Елізабет арқылы оны қолдап, жігерлендірді. Кейін Мәриям бұл жағдай жайлы ой жүгіртті. Соның арқасында Ехобаның қолдап жатқанын түсініп, оның қандай Құдай екенін тани түсті. Ол Ехобаның құдіретті, мейірімді, ешкімді алаламайтын және қарапайымдарды жоғарылататын Құдай екеніне тәнті болып, оны мадақтады (Лұқа 1:46—55). Біз де “көмекке мұқтаж кезімізде” Ехобаның қолын көрсек, Мәриям сияқты ризашылық білдірейік (Евр. 4:16). Ехобаның көмегін көрген сайын “Ехоба маған қандай қасиеттерін танытты?” деп ой жүгіртейік.
Ехобаның көмегін көрген кезде, ой жүгіртіп, оның қандай Құдай екенін тани түсіңіз (16-абзацты қараңыз)c
БІЗ ЕХОБАНЫ МӘҢГІ БАҚИ ТАНИ БЕРЕМІЗ
17, 18. Неге біз Ехобаны мәңгі бақи тани береміз?
17 Жер бетінде жұмақ орнағанда, біз Ехобаның қандай Құдай екенін одан сайын тани түсеміз. Жаңа шиыршықтар ашылғанда, Ехобаның бізден не күтетінін, қандай болғанымызды қалайтынын жақсырақ түсінеміз (Аян 20:12). Табиғатпен біте қайнасып, өмірдің бар рақатын көргенде, әлі Ехобаның талай қасиеттеріне тәнті боламыз (Ишая 11:6—9). Тәніміз бен жанымыз да күн сайын жаңарып, кемелдене береміз. Өмірден өткен жақындарымыздың тіріліп келетінін айтсаңызшы! Өмірімізде ешқашан болмаған осындай жағдайларға куә болғанда, Ехобаны бұрын-соңды білмеген жаңа қырынан танимыз!
18 Біз Ехобаны танып-білуді ешқашан тоқтатпаймыз. Өйткені біз ешқашан да “Құдайдың ісін бастан-аяқ ұға алмаймыз” (Уағ. 3:11). Ехоба мәңгі бақи өмір сүріп келе жатқандықтан, “оның түсінігі түпсіз терең” (Зәб. 90:2; 147:5). Олай болса, шындықта қанша жыл жүрмейік, әрбір мүмкіндікті пайдаланып, тұла бойы тамаша қасиеттерге тұнып тұрған көктегі Әкеміз Ехобаны танып-біле берейік!
28-ӘН Ехобаның досы болайық
a Киелі кітапта “Құдай Сөзімен таныстыру” бөлігіндегі 20-сұрақты қараңыз.
b “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 7-сабағындағы 5—7 тақырыпшаларды қараңыз.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Баяндама айтқанда қатты қобалжитын ер бауырлас қауымда баяндамасын жақсы айтып шығуға Ехоба қалай көмектескенін еске алып, ой жүгіртіп отыр.