Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 сәуір 26—31 бет.
  • Өмірлік жарыңызбен достығыңыз жарассын

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Өмірлік жарыңызбен достығыңыз жарассын
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ӨМІРЛІК ДОС БОЛАТЫН АДАМДЫ ІЗДЕҢІЗ
  • ӨМІРДЕГІ ЕҢ ЖАҚЫН ДОСЫҢЫЗҒА УАҚЫТ ТАБЫҢЫЗ
  • ҚИЫНДЫҚТАР СІЗДЕРДІ АЛЫСТАТПАСЫН
  • Өмірлік жарды қалай іздеген дұрыс?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Ақ неке — Құдайдың сыйы
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
  • Той өткен соң
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
  • Неке — сүйіспеншілікке толы Құдайдың сыйы
    Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 сәуір 26—31 бет.

29 МАУСЫМ—5 ШІЛДЕ, 2026

131-ӘН “Құдай қосқан жұпты”

Өмірлік жарыңызбен достығыңыз жарассын

“Туған бауырдан да жақын дос бар” (НАҚ. С. 18:24).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ерлі-зайыптылардың мызғымас достығы мен Ехобаға деген сүйіспеншіліктері — баянды некенің тірегі.

1. Неге адал дос Ехобаның сыйы дей аламыз?

АДАЛ ДОС — асыл қазына. Досың Құдайды да, сені де жақсы көрсе, қуанғаныңда бірге қуанса, қайғырғаныңда қасыңнан табылып тірек болса, жылатып айтса да шындықты айтып түзетсе, оған өзіңе сенгендей сенсең, бұндай адал дос — Ехобаның сыйы (Жақ. 1:17). Киелі кітапта: “Жүрек қуанар... жан достан”,— деп дәл айтылған (Нақ. с. 27:9).

2. Ерлі-зайыптылардың ең жақын дос болғаны неге маңызды? (Матай 19:6)

2 Ерлі-зайыптылардың арасындағы адал достық — берік некенің негізі. Егер бұл достық бұзылса, олар жалғыздық пен күйзеліске душар болып, өз бақытынан айырылады. Ол түгіл, бойларын ашу-ыза кернеп, бір-біріне өшігіп кетуі ғажап емес. Ал егер, керісінше, араларындағы достықты аялап, нәр берсе, олар әлемдегі ең жақын адамдарға айналып, бақыт құшағында баянды өмір кешеді (Матай 19:6 оқыңыз). Олай болса, ерлі-зайыптылар достықтарын нығайту үшін не істеу керек? Бұл мақалада осы тақырыпты өрбітеміз. Бірақ алдымен неке құрғысы келетін салтбасты бауырластарға тоқталып, олар өмірлік жар ғана емес, өмірлік дос та болатын адамды іздеу керектігіне назар аударамыз.

ӨМІРЛІК ДОС БОЛАТЫН АДАМДЫ ІЗДЕҢІЗ

3, 4. Жақсы жарды жаңылмай табудың жолы қандай? (Нақыл сөздер 18:22)

3 Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, жағдайды жан-жақты саралап, салмақтап алу қажет. Әсіресе шешімің бүкіл өміріңе әсер ететінін білсең, оның салдарын, артықшылықтары мен кемшіліктерін таразылап алған жөн.

4 Өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі — жар таңдау. Некеге бастама берген Ехоба екенін ескерсек, бұл орайда одан асқан ақылшымыз жоқ. Ехоба біздің жақсы әйел, жақсы күйеу тауып, жарасымды жұп болып жүргенімізді қалайды. Біз үшін ненің дұрыс болатынын да ол бәрінен жақсы біледі (Нақыл сөздер 18:22 оқыңыз; Ишая 48:17, 18). Қызметшілері өз теңін жаңылмай табу үшін, Ехоба Киелі кітапқа тиімді ақыл-кеңестерін жаздырған.

5. Неге болашақ жарды Ехобаның достарының арасынан іздеген жөн?

5 Біз шомылдыру рәсімінен өткенде Ехобаның досы атандық (Зәб. 25:14). Сондықтан біздің таңдайтын жарымыз да Ехобаның достарының арасынан болу керек (Қор. 1-х. 7:39). Егер сізa шомылдыру рәсімінен өткен адаммен неке құрсаңыз, Ехобаның қойған заң-талаптарын құрметтейтініңізді көрсетесіз, сондай-ақ жарыңызды Ехобаның сыйы деп ауыз толтырып айта аласыз (Нақ. с. 19:14). Бұған қоса, “сенбейтіндермен бір мойынтұрықты киіп”, өзіңізді қажетсіз қиындықтарға душар етпейсіз (Қор. 2-х. 6:14). Жар іздегенде жаңсақ ойлардан сақ болыңыз. “Куәгерлердің арасында таңдау аз” деген ойға алданып, осы дүниелік адаммен көңіл жарастырып жүрмеңіз. “Сенуші емес адаммен кездессем, ол менің арқамда шындықты біледі” деп те өз-өзіңізді алдамаңыз.

6, 7. Кездесіп жүрген уақытта қандай сұрақтар жайлы ойланған дұрыс?

6 Бірақ адамның шомылдыру рәсімінен өткені оның міндетті түрде жақсы жар болатынын білдірмейді. Сондықтан біреуді ұнатып жүрсеңіз, ол адамды жан-жақты біліп алыңыз. Бұл үшін мынадай сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: Ол ата-анасына, жақындарына қалай қарайды? Қамқор ма? Өзгелерді құрметтей ме? Достары кім? Түсініспеушіліктерді қалай шешеді? Ақшаға деген көзқарасы қандай? Өз дегенінде тұрып ала ма? Киелі кітапқа қайшы келмеген жағдайларда өзгелердің пікірін елеп-ескеріп, оңай бейімделе ме?

7 Сондай-ақ былай деп ойланыңыз: Ол адам Ехобаны бар жүрегімен жақсы көре ме? “Жаңа болмысқа” ие болуға тырысып жүр ме? Мені Ехобаға көбірек қызмет етуге талпындырып, қолдау көрсете ме? Екеуміздің рухани мақсаттарымыз бір ме? Оны ең жақын досым ретінде көремін бе? (Қол. 3:9, 10). Егер қыз бауырлас болсаңыз, тағы былай деп ойланып көріңіз: Кездесіп жүрген адамым отбасында жақсы басшы бола ала ма? (Қор. 1-х. 11:3). Ал ер бауырлас болсаңыз, “кездесіп жүрген адамым кейін некеде мені отағасы ретінде құрметтеп, қателесуім мүмкін екеніне қарамай, қабылдаған шешімдерімді қолдай ала ма?” деп ойлансаңыз болады. Бұл сұрақтардың жауабын алу үшін уақыт керек. Сондықтан кездесіп жүрген кезде осы сұрақтар жайлы ойланып, адамды жақсылап танып алуға көп мән беріңіз.

8, 9. Кездесіп жүргендер дұрыс байламға келу үшін не істеу керек? (Суретті де қараңыз.)

8 Кездесіп жүргенде дұрыс байламға келу үшін, адамның шын мәнінде қандай екенін көре білген маңызды. Мысалы, кездесіп жүрген адамыңыз туралы өзгелердің не ойлайтынын біліп алыңыз. Қауымдағы бауырластар оны қандай адам деп біледі, оны кішіпейіл, мейірімді, түсінігі мол адам деп тани ма — соған көз жеткізіңіз. Француз Гвианасында тұратын Сара бауырлас күйеуі Дэниелге тұрмысқа шықпас бұрын не істегенін айтып былай дейді: “Мен Дэниел туралы бірге тұратын ізашар серігінен сұрап алдым. Сондай-ақ оның ақсақалымен ақылдастым, ортақ достарымыздан да, оның қауымындағы қыз бауырластардан да Дэниелдің қандай адам екенін сұрастырып білдім”. Ескеретін тағы бір жайт бар: кездесіп жүрген адамыңыздан өзіңізге қатысы болып қалады-ау деген жайттарды, мысалы жасаған қателіктері жайлы, бұрынғы не қазіргі қиындықтары туралы сұрап көрсеңіз болады. Өйткені бұндай жайттар кейін некеде үлкен қиындықтар тудыруы мүмкін.

9 Адамның жақсы жар болатынына күмән туса, я болмаса өзгелерден оның жағымсыз жақтары жайлы естісеңіз, бұған көз жұмып қарамаңыз. Шындыққа тура қарасаңыз ғана, ол адам сізге сай келе ме, жоқ әлде кездесуді доғару керек пе — соны анық көре аласызb. Ал қазір теңін тауып, таңдауларын жасап қойған ерлі-зайыптыларға көшейік.

Кездесіп жүрген қыз бен жігіт бір отырыста әңгімелесіп отыр, қастарында достары жүр.

Кездесіп жүрген адамыңыздың шын мәнінде қандай екенін көре біліңіз (8, 9-абзацты қараңыз)


ӨМІРДЕГІ ЕҢ ЖАҚЫН ДОСЫҢЫЗҒА УАҚЫТ ТАБЫҢЫЗ

10. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне уақыт тауып, көңіл бөлгендері неге маңызды?

10 Ерлі-зайыптылардың әрі қарай да достығы жарасып, некелері берік болу үшін олар бір-біріне көңіл бөлу керек. Уақыттары қанша тығыз болса да, олар бір-біріне уақыт табу қажет. Күннің қалай өткенін сұрау, бірге демалу, жүрек түкпіріндегі ойлары мен уайымдарын ақтарып сырласу, махаббаттарын білдіріп жүру ерлі-зайыптылардың арасындағы достықты нығайта түседі.

11. Ерлі-зайыптылардың достығын не бұзуы мүмкін?

11 Бір-бірін ең жақын дос көретін ерлі-зайыптылар әдетте жұптары жазылмай, барлық жерде бірге жүреді. Әрине, олардың бір-бірінен уақытша жырақта жүруіне тура келетін жағдайлар болады. Бірақ олар ұзақ уақыт екі жақта жүрсе, бұл қарым-қатынастарына кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, кейбіреулер көп ақша табамын деп ел асып, отбасын айлап, жылдап көрмей кетеді. Алайда мұндай шешімнің салдарынан некенің берекесі қашып, ертелі-кеш ойран болуы мүмкін.

12, 13. а) Кейбір ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөлу үшін қалай уақыт тауып жүр? (Суретті де қараңыз.) ә) Жарыңыз сіз үшін қаншалықты маңызды болу керек? (“Өмірде жарыңыздың алар орны қандай?” деген қоршауды қараңыз.)

12 Кейбір ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөлу үшін қалай уақыт тауып жүргенін көрейік. Гуамда тұратын Лия бауырлас былай дейді: “Жолдасым екеуміз барлық нәрсені бірге істеуге тырысамыз. Шақырылған жерлерге де көбіне бірге барамыз, бөлек баруымыз өте сирек.” Ал Құрама Штаттарда тұратын Роксана бауырлас былай дейді: “Уақыт тапшы болып кеткендіктен, басқа істерді қалай жоспарласақ, бірге өткізетін уақытты да солай жоспарлайтын болдық” (Амос 3:3 салыстырыңыз). Франциялық Дэмиен деген ер бауырлас болса: “Бір-біріміздің сүйікті істерімізді өзімізге қызық болмаса да жақсы көріп істеуді үйрендік”,— дейді (Мат. 7:12). Құрама Штаттарда тұратын Кэти деген тағы бір бауырлас былай дейді: “Бір-бірімізбен уақыт өткізгенде алаңдамау үшін, кейде телефонды шетке алып қоямыз”.

13 Бәрінен де бұрын, рухани істерді бірге атқаруға уақыт табу маңызды. Францияда тұратын Мириам былай дейді: “Біз күнде таңертең Киелі кітап оқимыз. Кейін бір-бірімізге қай ой ұнағанын, қандай сабақ алғанымызды айтамыз. Бірге өткізген осы уақытты ерекше жақсы көремін. Бірге дұға еткен де ұнайды. Күйеуім дұға айтып жатқанда, оның Ехобаны қаншалықты жақсы көретінін байқаймын”. Ал жоғарыда айтылған Кэти былай дейді: “Күйеуіммен қызмет еткенді қатты ұнатамын. Оның өзгелерге сенімі жайлы қалай айтып жатқанын көріп қуанып қаламын. Екеуміз қызметте бір-бірімізден көп нәрсеге үйренеміз” (Нақ. с. 27:17).

Алдыңғы суреттегі қыз бен жігіт енді ерлі-зайыптылар, олар табиғат аясында палатка тігіп, демалып отыр.

Некеңіз берік болсын десеңіз, өмірдегі ең жақын досыңызға көңіл бөліңіз (12, 13-абзацты қараңыз)


Өмірде жарыңыздың алар орны қандай?

Біз үшін қымбат жандар өте көп. Солардың арасында өмірлік жарымыздың алар орны қандай? (Філіп. 1:10).

  1. 1. Ехоба. Біз өмірде Ехобаны қашанда бірінші орынға қоямыз (Мат. 6:33; Мар. 12:30). Жұбайымыздың көңілінен шығамыз деп, Ехобаның көңілін қалдырмаймыз (Ел. іс. 5:29; Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17; 3:6 салыстырыңыз).

  2. 2. Өмірлік жар. Ерлі-зайыптылар біртұтас. Олар өздерін қалай сүйсе, бір-бірін тура солай сүю керек (Мұс. 1-ж. 2:24; Ефес. 5:28, 29, 33).

  3. 3. Басқа адамдар және қауымдағы міндеттер. Біз ата-анамыздың, туған-туыстарымыздың, бауырластарымыздың қамын ойлаймыз. Қауымда да атқаратын міндеттеріміз бар. Бірақ Ехобадан басқа ешкім де, ештеңе де өмірлік жарымыздан маңызды болып кетпеу керек. Біз бірінші кезекте жұбайымыздың жағдайын жасауды, оны бақытты етуді ойлауымыз қажет (Тім. 1-х. 5:8).

ҚИЫНДЫҚТАР СІЗДЕРДІ АЛЫСТАТПАСЫН

14, 15. Неге ерлі-зайыптылар некеде туындаған қиындықтарды шешу үшін бар күштерін салу керек? Мысал келтіріңіз.

14 Кемелсіз болған соң, мінсіз неке жоқ. Тіпті ең тату-тәтті деген отбасында да ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Киелі кітапта: “Некеге тұрғандар өмірлерінде жаңа қиындықтарға кезігеді”,— деп ашық айтылған (Қор. 1-х. 7:28). “Жаңа қиындықтар” деген тіркес әрбір некеде болып тұратын қиындықтарға нұсқайды. Сол қиындықтарға тап болғанда, ерлі-зайыптылар бір-біріне етене жақын болып, мәселені шешуге бар күштерін салу керек.

15 Мынадай мысал келтірейік. Қандай да бір әйгілі ғимарат не сурет зақымданса, адамдар оны өңдеп, қалпына келтіруге бар күшін салады. Бұл жұмыс жылдарға созылса да, олар ұзақ уақыт күтуге, сол үшін қыруар ақша төлеуге дайын. Себебі бұл дүниелер олар үшін өте бағалы. Дәл сол сияқты, берекесі бұзылған некені де қалпына келтіруге болады. Әрине, бұл көп уақыт пен күшті талап етуі мүмкін. Бірақ бұл соған тұрады. Өйткені неке — ең бағалы құндылықтардың бірі. Ехоба ерлі-зайыптылар некелерін сақтап, бірге қалуға бар күштерін салса екен дейді (Малх. 2:16). Осылай ететін жұбайлар араларындағы махаббат пен сыйластықты сақтап қана қоймай, некеге бастау берген Ехобаны да жақсы көріп, құрметтейтіндерін көрсетеді.

16. Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8а тармақтарға сай, некеде қиын кезеңдерді бастан кешкенде ерлі-зайыптылар не істеу керек? (Сурет пен “Жарыңызбен достығыңыз жарассын десеңіз” деген қоршауды да қараңыз.)

16 Некеде қиын кезеңдерді бастан кешкенде, жұбайыңыздан кетуге асықпаңыз (Қор. 1-х. 7:10, 11). Одан да “бір-бірімізге жақын бола түсу үшін не істесем екен?” деп ойланыңыз. Әдетте жақсы көретін адам не істейді, соны Киелі кітаптан қарап, тағы бір еске түсіріңіз. Сондай-ақ Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8а тармақтарды (оқыңыз) қарастырып, қай жағынан жақсаруыңыз керектігін байқауға тырысыңыз. Жұбайыңызға жүрегіңіздің есігін жаппай, керісінше, айқара ашып, арадағы жылулықты қайта оятуға тырысыңыз. Некені сақтап қалу үшін ол өзгеру керек деп емес, мен қалай өзгеруім керек деп ойланыңыз. Ехобаның көмегіне жүгініп, дұғада одан бағыт-бағдар сұраңыз. Әдебиеттеріміз бен видеоларды қарап, ізденіңіз. Ақсақалдармен, толысқан бауырластармен ақылдасып, көмек сұраңыз. Осылай Ехобаға арқа сүйесеңіз, ол некеңізде ең жуан, ең мықты үшінші жіп болады. Ал мұндай “үш қабат жіп оңайлықпен үзілмейді” (Уағ. 4:12).

Алдыңғы суреттегі ерлі-зайыпты үйінде сөйлесіп жатыр. Әйелі жылап отыр, ал күйеуі оны сабырмен тыңдап, иығынан қағып, жұбатып отыр. Алдарындағы үстелде Киелі кітап пен “Бақытты отбасы — баянды ғұмыр” кітапшасы жатыр.

Некеде қиындықтар туындағанда, бір-біріңізден алыстамай, керісінше, етене жақын болыңыздар (16-абзацты қараңыз)


Жарыңызбен достығыңыз жарассын десеңіз

Сайтымызда ерлі-зайыптылардың достығын нығайтуға, тіпті ойран болуға шақ тұрған некені де қалпына келтіруге көмек болатын мәліметтер өте көп. Сіз солардың пайдасын көріп жүрсіз бе?

  • “Бақытты отбасы — баянды ғұмыр” деген кітапша

  • “Неке бақытты болу үшін” деген видеолар топтамасы

  • “Отбасыңыз берекелі болсын” деген мақалалар топтамасы

  • “Неке және отбасы” деген jw.org сайтындағы бөлім

17. Неке құруды ойлап жүргендер мен неке құрып қойғандар бақытты болғысы келсе, не істеу керек?

17 Ехоба әрбір қызметшісінің бақытты болғанын қалайды. Ол неке құруды ойлап жүргендерге де, неке құрып қойғандарға да бақытты болудың жолын көрсеткен. Егер сіз неке құруды ойлап жүрсеңіз, адал серік бола алатын өмірлік дос іздеңіз. Неке құрып қойған болсаңыз, жұбайыңызбен достығыңызды нығайта беріңіз. Ал егер некеде қиын кезеңді бастан кешіп жатсаңыз, Ехобаның көмегіне жүгініп, қиындықтарды шешуге бар күшіңізді сала беріңіз. Осы айтылғандарды орындайтын адам сүйген жарымен бірге “өмірдің қызығын көреді” (Уағ. 9:9).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Өмірлік дос болатын адамды қалай іздеген дұрыс?

  • Ерлі-зайыптылар достығы жарасып, некелері берік болу үшін не істеу керек?

  • Некедегі қиындықтар екі жаққа ажыратпас үшін ерлі-зайыптылар не істеу керек?

132-ӘН Енді біз бір бүтінбіз

a Бұл мақаладағы кеңестер ер бауырластарға да, қыз бауырластарға да арналған.

b Адамды жақсы танып алуға көмектесетін тағы да басқа кеңестерді білгіңіз келсе, “Кездесіп жүргендер қалай дұрыс шешім қабылдай алады?” деген мақаланың “Бір-біріңізді жақсылап танып алыңыздар” деген тақырыпшасын қараңыз (“Күзет мұнарасы”, 2024 жыл, мамыр).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу