Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 сәуір 2—7 бет.
  • Ехоба мені жастайымнан үйретіп келеді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба мені жастайымнан үйретіп келеді
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ШӘКІРТ ЖОЛЫНА АЯҚ БАСТЫМ
  • ҚУАНЫШЫ МОЛ ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
  • СЕНЕГАЛДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМ
  • ЖАҢА АЙМАҚТАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ
  • ҚАЙТПАС ҚАЙСАР БАУЫРЛАСТАР
  • АДАЛ ЕР БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ҮЛГІСІ
  • БЕТЕЛДЕГІ ҚЫЗМЕТІМІЗ
  • Үлгілі бауырластардан үйренгендерім мені мол батаға кенелтті
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Біреуге бір сәт көңіл бөлгенің оның бүкіл өміріне әсер ететінін түсіндім
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Патшалықтың азаматтарына қызметтерін атқаруды үйрету
    Құдай Патшалығы билік етуде!
  • Ехобаға қызмет ету өмірімді мән-мағынаға толтырды
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 сәуір 2—7 бет.
Дейвид Сплэйн кеңсесінде жұмыс істеп отыр.

ӨМІРБАЯН

Ехоба мені жастайымнан үйретіп келеді

АЙТЫП БЕРГЕН: ДЕЙВИД СПЛЭЙН

МЕН қолымдағы бір жапырақ қағазға қарап, тосылып тұрып қалдым. Ол жерде “Ақырзаман жақын! (Дейвид Сплэйн, 8 сәуір, 1953 ж.)” деп жазылып тұр екен. Сонда мен қағазды берген ер бауырластан: “Бұл не?”— деп сұрадым. “Бұл сенің теократиялық қызмет мектебіндеa айтатын баяндамаң”,— деді ол. “Мәссаған, мен мұндайға келіспеген сияқты едім ғой”,— деп абыржыдым мен.

Неге сонша абыржыды дейсіз ғой. Ал, ендеше, бәрін басынан бастап айтып берейін. Мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Канаданың Калгари қаласында дүниеге келдім. 1949 жылдың бір күнінде үйімізге Дональд Фрейзер есімді жас ізашар келіп, шындық жайлы айтты. Анам бірден Киелі кітап сабағын бастап, білгендерін көңіліне түйіп отырды. Бірақ денсаулығы нашар болғандықтан, қауым кездесулерінің бәріне бірдей бара алмады. Бірақ ол қиындықтарға қарамай рухани өсіп, 1950 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Өкінішке қарай, аяулы анам екі жылдан кейін дүниеден озды. Әкем әлі шындыққа қызығушылық танытпаса да, Куәгерлерге жерлеу рәсімін өткізуге рұқсат берді.

Осы азалы күннен бірнеше уақыт өткен соң, Алиса есімді майланған қарт бауырлас мені қауымға шақырды. Ол мені жақсы танитын. Өйткені мен бұған дейін анаммен бірге демалыс күнгі кездесуге барып тұратынмын. Содан, қауымға бару үшін әкемнен рұқсат сұрап едім, ол да менімен бірге баратын болды. Негізі, ол анамның жерлеу баяндамасын айтқан ер бауырласқа рақмет айту үшін бір-ақ рет баруды ойлаған. Сол кеште теократиялық қызмет мектебі өткен еді. Әкемнің алғаш рет дәл осы кездесуге түскені қандай жақсы болды! Ол бұған дейін шешендік өнерге үйрететін курстарға барған екен, сондықтан кездесуде естігендері оған қатты ұнады. Содан, ол апта сайын осы кездесуге барып жүрді, кейіннен басқа да кездесулерге баратын болды.

Сол жылдары теократиялық қызмет мектебін жүргізетін ер бауырлас жиналыстың басында мектепке жазылған бауырластардың атын атап шығатын. Сонда өзінің атын естіген бауырлас: “Осындамын”,— деп жауап беретін. Бір күні мен әлгі ер бауырласқа жолығып: “Келесі кездесуде менің де атымды атаңызшы”,— деп өтіндім. Сонда ол қуана келісіп, мені жақсылап мақтап қойды. Бірақ менің мән-жайды түсінген-түсінбегенімді анықтап жатпады.

Ол уақытта мен теократиялық мектепке жазылғанымды қайдан білейін? Бар қалағаным — атымның аталғаны еді. Содан не керек, келесі аптадағы кездесуде әлгі бауырлас менің де атымды атады. Мен мақтанышпен: “Осындамын!”— дедім. Қауымнан кейін бауырластар қасыма келіп, мақтау сөздер айтты. Ал бірнеше аптадан кейін басында айтылған оқиға орын алды: бір ер бауырлас қолыма тапсырманы ұстатты. Мәссаған, енді қайттім?

Ол уақыттары Киелі кітапты дауыстап оқу тапсырмасы берілмейтін. Оқушылар бірден 6—8 минуттық баяндама айтатын. Әкем маған баяндамамды дайындауға көмектесіп, жиырма рет айтқызып жаттықтырды. Қауымда тапсырмамды орындағаннан кейін, бауырластар құнды кеңестер берді. Сол уақыттан бері Ехоба мені әкем арқылы, тәжірибелі бауырластар мен ұйымы арқылы үйретіп келеді.

ШӘКІРТ ЖОЛЫНА АЯҚ БАСТЫМ

Жоғарыда сөз етілген Алиса бауырлас уағыздауды үйреткен алғашқы ұстазым болды. Ол уақыттары біз үй иесіне үш тармақ оқып беріп, артынан бір кітап ұсынатынбыз. Менің кезегім келгенде Алиса бауырлас өзін таныстырып, әңгімені бастап беретін. Сосын маған алғашқы тармақты оқытатын. Әрі қарай мен тізгінді өз қолыма алып, екінші, үшінші тармақты оқып, әдебиет ұсынатынмын. Кейіннен әңгімені өзім бастауды үйреніп алдым. Ал 1954 жылы әкем шомылдыру рәсімінен өткен соң, мені уағыз ісіне өзі үйрететін болды. Сүйеу болар жары болмаса да, әкем мені шындық жолында тәрбиелеу үшін барын салды. Ол кісі теократиялық істерге келгенде, ішер асын жерге қоятын. Біз қауым кездесулері мен демалыс күнгі уағызға үзбей қатысатынбыз.

Мектеп қабырғасында үздік оқушы болмасам да, 12 жыл ішінде үйренгендерім маған өмір бойы пайдасын әкелді. Мысалы, есеп-қисап пен ағылшын тілінің грамматикасын жақсы меңгеріп алдым. Ағылшын және шығарма жазу сабақтарынан үйренгендерім қазір жазушылар бөліміндегі қызметіме көп пайдасын тигізіп жатыр.

Менен музыкаға қалай әуес болғанымды жиі сұрап жатады. Негізі, әкемнің де, анамның да музыкадан хабары бар еді. Мен жеті жасымда пианино сабақтарына қатысқанмын. Бірақ мұғалімім оны үйрене алатыныма күмәнданып, сабақты тоқтатты. Оның неге бұлай еткені түсінікті-ақ. Өйткені ол кезде менің музыкаға деген ықыласым әлі оянбаған еді.

Бірнеше айдан кейін әкем маған басқа бір мұғалім тауып берді. Ол маған пианинода ойнаумен қатар, ән айтуды да үйретті. Содан мен әдемі сопрано даусыммен жарыстарға қатысып, біразын жеңіп шықтым. Музыканы үйренгендегі мақсатым — сабақ беріп жүріп ізашар болып қызмет ету еді. Бірақ мұғалімнің деңгейіне жету үшін көп жаттығып, емтихандарға дайындалу керектігін түсіндім. Содан сабақты қойып, 1963 жылы ізашарлық қызметті бастап кеттім.

ҚУАНЫШЫ МОЛ ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

Бір жыл ізашар болған соң, мені Капускасинг (Онтарио) қаласына арнайы ізашар етіп тағайындады. Қызметтегі серігім Даниел Скиннердің жасы менен екі есе үлкен болатын. Ол маған қауымның іс-шараларына қатысты көп нәрсені үйретті. Мен небәрі 20 жасымда қауымның қызмет комитетінде болғандықтан, үйренерім әлі көп еді. Ұйымның бүгінде де жас ер бауырластарға көп көңіл бөліп, оларды үйретіп жатқаны қандай жақсы! Олар жастайынан-ақ Ехоба үшін көп іс атқара алады, тек ықыластары болса болғаны.

Капускасинг қаласында қыстыгүні ауа температурасы -44 градусқа дейін төмендейтін. Ең жылы дегені -33 градус болатын! Даниел екеуміз осындай қақаған аязда көбіне жаяу жүретінбіз. Бірақ қызметіміздің қуанышы да аз емес-тін. Сол қуаныштардың бірі — Линда Коул есімді қыз бауырласпен танысқаным болды. Екеуміздің көңіліміз жарасып, кейіннен үйленуді шештік.

Линда қызметке жиі шығып, көп адамға қайта баратын. Оның жомарт, мейірімді, ақжарқын мінезі мені тәнті етті. Анасы Голди Құдайға шын берілген адам еді. Ал әкесі Аллен басында шындыққа қарсы болды. Бірақ Голди бауырлас соған қарамастан, қызы Линда мен ұлдары Джон мен Гордонды қауым кездесулері мен уағызға үзбей алып баратын. Олардың барлығы да ізашарлық қызметтің дәмін татты. Жылдар өте отағасы Аллен де шындыққа келіп, қауым істеріне белсене қатысатын болды.

1965 жылы Канада филиалындағы бір айлық Патшалық қызмет мектебіне шақырылдым. Сонда жүргенімде бауырластар Ғалақат мектебіне өтініш толтыруға талпындырды. Мен миссионер болуды ешқашан мақсат етпеген едім, тіпті мұндай қызметке өзімді лайықсыз санадым. Бірақ сонда да өтініш қағазын толтырып, Ғалақат мектебінің 42-сыныбына шақырылдым. Мектепте тәлім берген ер бауырластар оқушылардың үлгерімін қадағалап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Олар маған осында жүрген кезімде ұйым жайлы мүмкіндігінше көп білім алуға кеңес берді. Мен ол кезде небәрі 21 жаста болғандықтан, бұл дер кезінде айтылған сөздер еді.

Сондай-ақ мектепте бұқаралық ақпарат құралдары арқылы куәлік беруді үйрендік. Білгендерім маған қатты ұнады. Осы құнды білімнің болашақта көп пайдасын тигізетінін ол кезде әлі білмеген едім.

СЕНЕГАЛДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМ

Мектепті бітірген соң, мені Майкл Хоэла есімді бауырласпен бірге Африканың Сенегал қаласына миссионер ретінде тағайындады. Содан көп ұзамай біз сол жаққа жол тарттық. Ол кездері елде 100-ге жуық жариялаушы болатын.

Келгенімізге бірнеше ай болғанда аптасына бір рет ұйымның филиалында қызмет етуге шақырылдым. Филиал дегенде, ол сондай бір үлкен филиал емес, миссионерлер тұратын үйдің бір бөлмесі ғана еді. Бұл жерде Эммануэль Патеракис есімді бауырлас қызмет ететін. Филиалда көп іс атқарылмаса да, Эммануэль бауырлас Құдай ұйымының елдегі түп қазығы осы жер екенін есіме салып тұратын. Бірде ол барлық миссионерлерді жігерлендіру үшін оларға мақтау қағазын жіберуді шешті. Бізге әрбір хатты қағаз бетіне жеке-жеке теруге тура келді. Өйткені ол жылдары хаттың көшірмесін жасау оңай емес еді әрі бұл қымбатқа түсетін. Ал тергеннің өзінде бір қателессең, оны оңайлықпен өшіре алмайтынсың. Сондықтан тіпті қателесуге де болмайтын!

Сол күні кешке үйіме қайтайын деп жатқанымда Эммануэль бауырлас қолыма бір хат ұстатып: “Дейвид, саған ұйымнан хат келді”,— деді. Үйге келіп ашсам, өзім терген хаттардың бірі екен! Сонда мен үлкен болсын, кіші болсын, ұйымдағы істердің барлығы да бағаланатынын түсіндім.

Дейвид Сплэйн бір топ бауырласпен жымиып суретке түсіп жатыр.

1967 жылы Сенегалда басқа миссионерлермен бірге түскен суреті

Мен қауымдағы біраз жариялаушымен достасып кеттім. Сенбінің кештерін жиі солармен өткізетінмін. Не деген бақытты күндер болды десеңізші! Олармен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Сенегалда қызмет етіп жүргенімде француз тілін үйреніп алған болатынмын. Кейін басқа филиалдарға сапармен барғанымда мұның көп пайдасын көрдім.

1968 жылы Линда екеуміз атастырылдық. Содан Сенегалда екеуміз де ізашар болып қызмет ете алуымыз үшін көп уақыт алмайтын жұмыс іздестірдім. Бірақ ол жақта шетелдіктерді жұмысқа ала бермейді екен. Содан көп ұзамай Канадаға оралып, Линда екеуміз сол жақта үйлендік. Кейін Эдмонтон қаласына (Нью-Брансуик провинциясы) арнайы ізашар болып тағайындалдық. Бұл қала Квебек провинциясына жақын орналасқан.

Дейвид пен Линда Сплэйн бақшаның алдында жымиып тұр.

Үйленген күніміз (1969 жыл)

ЖАҢА АЙМАҚТАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ

Ол кезде қалада бірде-бір жариялаушы болмады, тек Киелі кітапты зерттейтін бірнеше адам ғана болды. Жергілікті тұрғындардың өмірі католик дінімен біте қайнасып кеткен еді. Сондықтан да көп есікте “Ехоба куәгерлері келмесін” деген жазу ілініп тұратын. Ол кездері біз мұндай жазуға қарамай әрбір үйге кіре беретінбіз. Католик шіркеуінің дінбасылары: “Өздерін Ехоба куәгеріміз деп жүрген әлгі жалмауыздарды ұстайық”,— деп, жергілікті газетке апта сайын үндеу тастайтын. Қалада төрт-ақ Куәгер болғандықтан, “жалмауыз” деп кімді атағаны түсінікті-ақ еді! Бұлар Норберг Виктор мен әйелі Велда және Линда екеуміз едік.

Аудандық бақылаушының осы қаладағы алғашқы сапары әлі есімде. Бізбен бір апта қызметтескеннен кейін, ол: “Әзірге адамдардың Куәгерлер жайлы көзқарасын өзгерте алсаңдар, соның өзі үлкен жетістік болады!”— деді. Сол кезден бастап біз осыны мақсат еттік әрі еңбегіміз зая кетпеді! Бірте-бірте адамдар кішіпейіл Куәгерлер мен католик дініндегі тәкаппар адамдардың арасындағы айырмашылықты байқай бастады. Қазір Эдмонтон қаласында кішігірім қауым бар.

Сол жырақта жатқан аймақта бір жыл қызмет еткеннен кейін, Квебек қаласындағы үлкен қауымға тағайындалдық. Сондағы меймандос бауырластармен алты айдай қызметтесіп, керемет уақыт өткіздік. Содан кейін аудандық қызметке кірістік.

Біз 14 жыл бойы Квебек провинциясындағы қауымдарды араладық. Бұл бір қайталанбас тамаша кездер болды! Сол жылдары Квебекте қызмет қызу жүрген еді: қай қауымға барсақ та, әрқайсысында бірнеше отбасы шомылдыру рәсімінен өтуге пісіп дайын тұратын!

ҚАЙТПАС ҚАЙСАР БАУЫРЛАСТАР

Канададағы француз тілінде сөйлейтін бауырластарға бауыр басып кету оп-оңай. Өйткені олар сондай қарапайым, үнемі күліп жүреді, құлшыныстары да зор. Бірақ оларға шындыққа келу оңай болған жоқ. Көбісі туған-туыстарының тарапынан қатты қуғын көрді. Тіпті кей жас бауырластарға ата-анасы: “Не бізді, не Куәгерлерді таңда!”— деп шарт қойған. Бірақ олар шындықты таңдады. Ехоба оларды мақтан етері сөзсіз!

Сол жылдары Квебекте тұрақты және арнайы ізашар болып қызмет еткен тамаша бауырластар жайлы айтпай кетуге болмайды-ау. Олардың көбісі Канаданың басқа өңірлерінен келген еді. Оларға француз тілін үйренумен қатар, католик дінінің ықпалына берілген халықтың тыныс-тіршілігімен де танысуға тура келді.

Арнайы ізашарлар жиі Куәгерлердің аяғы баспаған алыс аймақтарға тағайындалатын. Жергілікті тұрғындар оларға қырғи қабақ танытқандықтан, бауырластарға тұратын жер табу қиын еді. Ал жұмыс табу одан да қиын болды. Жаңадан отау құрғандар ақшаны үнемдеу үшін сегіз адамға дейін топтасып үй жалдайтын. Бірақ қиындықтарға қарамай, бұл құлшынысты бауырластар зерттеу сабағын бастаған адамдарға көп көңіл бөліп, жан сала қызмет ететін. Бүгінде Квебекте жариялаушыларға қажеттілік жоқ болғандықтан, әлгі ізашарлар қызмет аясын кеңейтіп, басқа аймақтарға көшіп кетті.

Қауымдарды аралап жүргенде сенбі күні таңертең көбіне жастармен қызметке шығатынбыз. Осылай олармен жақын араласқанның арқасында кезігіп жүрген қиындықтарымен жақсы таныс болатынбыз. Бүгінде біз көмектескен сол бауырластардың кейбірі шетелде миссионер болса, өзгелері басқа қызмет түрін атқарып жүр.

Біз аудандық қызметте жүргенде жергілікті қауымдардың шығындарымызды жабуға мүмкіндіктері болмайтын. Жиі айдың соңында ақшамыз таусылып қалатын. Мұндайда жалғыз арқа сүйеріміз Ехоба болатын, өйткені ол ғана жағдайымызды жақсы білетін. Ехоба әкеміз бізді ешқашан тастаған емес. Сондықтан да қауымдарды аралауға әрдайым мүмкіндігіміз болатын.

АДАЛ ЕР БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ҮЛГІСІ

Алдында айтып кеткенімдей, мен Ғалақат мектебінде БАҚ-пен қызметтесуді үйрендім. Мұның маған Квебекте көп пайдасы тиді. Біз радио, теледидар мен газет-журналдар арқылы жақсы куәлік бере алдық. Аралаушы бақылаушы болған Леонс Крепо бауырлас екеуміз осы істе көп қызметтестік. Ол журналистердің тілін жақсы табатын. Ақпарат құралдарының жетекшісімен сөйлескенде, ол өзін кіші тұтып былай дейтін: “Біз серігіміз екеуміз Құдайға құлшылық ететін қарапайым адамдармыз. Ақпарат құралдары жайлы білетініміз шамалы. Сол үшін де сіздерден көмек сұрап келдік. Жақында Ехоба куәгерлері үлкен конгресс өткізбек. Соны ел-жұртқа хабарласақ деп едік. Кез келген көмектеріңізге риза боламыз”. Осылай жылы-жұмсақ сөйлегеннің арқасында олардың жүрегі жібіп, айтқанымызға келісетін.

Сол уақыттары Ғалақатта алған білімім мен Леонс бауырластан үйренгендерім көп пайдасын тигізді. Кейінірек мен Глен Хау деген заңгер бауырласпен қызметтес болдым. Ол көпшіліктің назарын аударуы мүмкін қиын мәселелермен айналысатын. Глен бауырласпен қызметтесу маған қатты ұнайтын. Ол ұйымды қорғауға келгенде алдына жан салмайтын, Ехобаны қатты жақсы көретін адал жан еді.

1985 жылы біз Канаданың батысындағы қауымдарды аралауға тағайындалдық. Ол жер әкемнің үйіне жақын еді. Әкемнің денсаулығы сыр бергендіктен, біз оған жиі барып, көмектесіп тұрдық. Өкінішке қарай, ол үш айдан кейін қайтыс болды. Содан кейін бірнеше жыл бойы аудандық бақылаушы ретінде қызмет ете бердік. Ал 1989 жылы күтпеген жерден Құрама Штаттардағы Бетел отбасына шақырылдық. Осылайша 19 жылдық қызметіміз тамам болды. Осы жылдар бойы біз қаншама қонақжай бауырластардың үйінде тоқтап, олармен дастарқандас болдық. Жүректерін айқара ашқан сол ақкөңіл бауырластарды біз ешқашан ұмытпаймыз!

БЕТЕЛДЕГІ ҚЫЗМЕТІМІЗ

Бруклиндегі бетелге көшіп келген соң, мен қызмет бөліміне тағайындалдым. Ол жерден алған білімім үшін де алғысым шексіз. Мысалы, мен сырттан тон пішпей, нақты айғақтарға жүгінуді үйрендім. Кейін 1998 жылы жазушылар бөліміне тағайындалдым. Мұнда әлі күнге дейін көп нәрсеге үйреніп келемін. Басында мен Жазушылар комитетінің үйлестірушісі болған Джон Барр бауырласпен қызметтестім. Ол бір жан дүниесі тамаша кісі еді. Оның маған берген тәлімі мен үлгісі жүрегімде терең із қалдырды.

Дейвид Сплэйн мен әйелі Линда және Джон Барр мен әйелі Милдред бірге суретке түсіп жатыр.

Джон Барр әйелі Милдредпен бірге

Жазушылар бөліміндегі кішіпейіл бауырластармен қызметтесу бір ғанибет! Олар кез келген тапсырманы атқармас бұрын дұға етіп алады. Өйткені жақсы нәтижелерге туа біткен қабілеттерінің емес, Құдай рухының арқасында ғана қол жеткізіп жатқандарын түсінеді.

Дейвид бауырлас 20 бауырластан құралған хорға дирижер болып тұр. Бір әйел бауырласымыз пианинода ойнап жатыр.

2009 жылы өткен жылдық жиында дирижер болып тұр

Дейвид бауырлас бір әйел бауырласқа күлімдеп, Киелі жазбаларды беріп жатыр.

2014 жылы Сеул қаласында (Корея) өткен халықаралық конгресте Киелі кітап үлестіріліп жатыр

Осы уақытқа дейін Линда екеуміз 110 елге сапармен барыппыз. Осылайша талай миссионерлердің, филиал комитетінде қызмет ететін бауырластар мен басқа да толық уақытты қызметшілердің жалындаған рухтарын өз көзімізбен көрдік. Сондай-ақ жергілікті жариялаушылардың соғыс, қуғын-сүргін мен экономикалық қиындықтарға қарамай, Ехобаға табандылықпен қызмет етіп жүргеніне де куә болдық. Ехобаның сол алтын бауырластарды қатты жақсы көретіні шүбәсіз!

Жылдар бойы жан жарым Линда қызметімді атқаруға зор қолғабыс етіп келеді. Ол үнемі өзгелерге көмектесіп жүреді, өзі сондай ашық-жарқын жан. Бейтаныс адамдармен де оңай әңгіме бастап кетеді. Ол біраз адамға шындыққа келуге көмектесті. Олардың арасында қауымнан қол үзіп қалғандар да бар. Линда — Ехобаның маған берген нағыз сыйы! Қазір жасымыз ұлғайып қалғандықтан, бізге көп жас бауырластар қолғанат болып жүр. Оларға алғысымыз шексіз! (Мар. 10:29, 30).

Соңғы 80 жылғы өмірімді ой елегінен өткізгенде, жүрегімді зор қуаныш кернейді. Сондай кездері зәбүр жыршысының: “Уа, Құдай, сен мені жастайымнан үйреттің, Мен әлі күнге дейін керемет істеріңді жариялап келемін”,— деген сөздеріне еріксіз қосыламын! (Зәб. 71:17).

a Бүгінде бұл бағдарлама апта ортасындағы кездесумен бірге өтеді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу