Басқарушы кеңестің екі жаңа мүшесі
2024 ЖЫЛЫ 5 ҚАЗАНДА өткен жылдық жиында Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесіне тағы екі бауырлас қосылғаны хабарланды. Олар: Джоди Джедли мен Джейкоб Рамф. Бұл бауырластар Ехобаға ұзақ уақыттан бері адал қызмет етіп келеді.
Джоди Джедли мен әйелі Дамарис
Джоди бауырлас АҚШ-тың Миссури штатында Ехоба куәгерлерінің отбасында дүниеге келген. Олар тұратын жерде Куәгерлер өте аз болғандықтан, уағыздауға жан-жақтан бауырластар келіп тұрған. Әртүрлі ортадан шыққан сол бауырластардың ауызбіршілігі мен сүйіспеншілігі Джодиге қатты әсер етіпті. Сөйтіп, ол жасөспірім шағында 1983 жылдың 15 қазанында шомылдыру рәсімінен өтеді. Уағыздағанды ұнатқаны сонша — ол мектепті бітіргеннен кейін, 1989 жылдың қыркүйегінде тұрақты ізашар болады.
Бала кезінде ата-анасы Джоди мен қарындасын Бетелге экскурсияға апарған. Сол күннен бастап олар Бетелде қызмет етеміз деген мақсат қойған. Уақыт өте екеуі де сол мақсатына жетті. Джоди бауырлас 1990 жылы қыркүйекте Уолкиллдегі Бетелге шақырылды. Ол басында тазалық бөлімінде, кейін медициналық көмек көрсетумен айналысатын бөлімде қызмет етті.
Сол уақыттары жақын маңдағы испан тілді қауымдар үлкейіп, өсіп жатты. Ер бауырластар тапшы болғандықтан, Джоди бауырлас испан тіліндегі қауымға ауысып, сол тілді үйрене бастайды. Сол кездері ол испан қауымдарының бірінде қызмет етіп жүрген Дамарис деген ізашармен танысады. Кейін екеуі үйленіп, Бетелде бірге қызмет етеді.
Бірақ 2005 жылы олар Куәгер ата-аналарына қарайласу үшін бетелдік қызметтерін тоқтатады. Сол уақыттары екеуі де тұрақты ізашар болып қызмет етеді. Бұдан бөлек, Джоди бауырлас Ізашарлық қызмет мектебінде бірнеше рет оқытушы болады. Сондай-ақ ауруханалармен байланыс комитетінде және аймақтық құрылыс комитетінде қызмет етеді.
2013 жылы олар Бетелге оралып, Уорвиктің құрылыс жобасына атсалысты. Сол уақыттан бері олар Паттерсонда, Уолкиллде қызмет етті. Джоди бауырлас жергілікті жобалау және құрылыс бөлімі мен медициналық мәлімет бөлімінде қызмет етті. Ал 2023 жылы наурызда ол Қызмет комитетінің көмекшісі болып тағайындалды. Әртүрлі қызметтерін еске алып, Джоди бауырлас былай дейді: “Жаңа қызметке тағайындалғанда, басында қорқып кетесің. Бірақ сондай кезде Ехобаға сенім арту өте маңызды. Өйткені сені кім болу керек болса, сол болғызатын — Ехоба”.
Джейкоб Рамф пен әйелі Инга
Джейкоб бауырлас АҚШ-тың Калифорния штатында туылған. Кішкентай кезінде оның анасы қауымға бармай кеткен. Бірақ ол балаларына Киелі кітап шындықтарын үйрете берген екен. Сондай-ақ Джейкоб жыл сайын Куәгер әжесіне қыдырып барып тұрған. Оның шындыққа деген қызығушылығын арттырған да — сол кісі. Содан Джейкоб 13 жасында Киелі кітапты зерттегісі келеді. Көп ұзамай 1992 жылдың 27 қыркүйегінде ол шомылдыру рәсімінен өтеді. Кейін анасы да қауымға келе бастайды, әкесі мен бауырлары да шындықты қабылдап, Куәгер болады.
Джейкоб ізашарлардың қалай қуанышпен қызмет етіп жүргендерін көріп, қатты қызыққан екен. Сөйтіп, өзі де мектепті бітіре сала, 1995 жылы қыркүйекте тұрақты ізашар болады. Эквадорда қажеттілік болғандықтан, ол 2000 жылы қызмет аясын кеңейтіп, сол жаққа көшіп барады. Сол жақта ол Канададан келген Инга деген ізашармен танысып, кейін екеуі үйленеді. Олар Эквадорда қалып, кішігірім топта қызмет етеді. Қазір бұл топ үлкен қауымға айналған.
Кейін Джейкоб пен Инга арнайы ізашар болып тағайындалады, сосын аудандық қызмет атқарады. Ал 2011 жылы олар Ғалақаттың 132-сыныбына шақырылады. Мектепті бітіргеннен кейін екеуі бірнеше елде қызмет етеді. Сол елдерде бетелдік, миссионерлік, аудандық қызмет атқарады. Джейкоб бауырлас Патшалықты жариялаушыларға арналған мектептің оқытушысы да болған.
COVID-19 пандемиясы басталғанда Джейкоб пен Инга Құрама Штаттарға қайтып, Уолкиллдегі Бетелге тағайындалады. Ондағы қызмет бөліміндегі бауырластар Джейкобты көп нәрсеге үйретеді. Кейін Джейкоб пен Инга қайтадан Эквадор филиалына тағайындалады. Сол жақта Джейкоб филиал комитетінде қызмет етеді. Ал 2023 жылы олар Уорвикке шақырылады. Джейкоб 2024 жылдың қаңтарында Қызмет комитетінің көмекшісі болып тағайындалады. Түрлі жерде атқарған қызметтерін еске алып, ол былай дейді: “Қай жерде қызмет етсең де, маңыздысы — жер емес, адамдар”.
Ехобаның ісінде ауыр еңбек етіп жүрген бұл бауырластарды біз құрметтеп, бағалаймыз (Філіп. 2:29).