43-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
41-ӘН Ести көр мені деп өтінем
Өзгелер үшін дұға етуді ұмытпаңыз
“Бір-бірің үшін дұға етіңдер. Әділ адамның жалбарына айтқан дұғасының әсері орасан зор” (ЖАҚ. 5:16).
НЕГІЗГІ ОЙ
Өзгелер үшін дұға ету неліктен маңызды екенін және өзгелер үшін қалай дұға еткен дұрыс екенін қарастырамыз.
1. Дұғаларымыз Ехоба үшін қаншалықты маңызды?
ДҰҒА — ғажап сый. Ойлап қарасақ, Ехоба періштелерге көп іс сеніп тапсырған (Зәб. 91:11). Өзінің Ұлына да бірталай билік берген (Мат. 28:18). Бірақ дұғаларды тыңдауды Ехоба періштелерге де, Исаға да тапсырмаған. Ол мұны өзіне қалдырған. Ехоба әрбір адамның дұғасын өзі тыңдайды (Зәб. 65:2).
2. Елші Пауылдан қай жағынан үлгі алсақ болады?
2 Ехобаға дұғада бар уайымымызды айтып еркін дұға ете алатынымыз расымен де керемет. Бірақ біз өзіміз үшін ғана емес, өзгелер үшін де дұға етуіміз керек. Бұл жағынан елші Пауылдан үлгі алсақ болады. Мысалы, ол Ефестегі қауымға: “Дұға еткен сайын сендерді еске аламын”,— деп жазған (Ефес. 1:16). Пауыл жалпы қауым үшін ғана емес, жеке-жеке адамдар үшін де дұға еткен. Мысалы, ол Тімөтеге хат жазып: “Құдайыма алғыс білдіремін, күндіз-түні жалбарынғанымда, сені де ұмытқан емеспін”,— деген (Тім. 2-х. 1:3). Пауылдың өз уайымы бастан асып жатса да, ол өзгелер үшін дұға етуді ұмытпаған (Қор. 2-х. 11:23; 12:7, 8).
3. Өзгелер үшін дұға етуді неге ұмытып кетіп жатамыз?
3 Біз кейде өзгелер үшін дұға етуді ұмытып кетіп жатамыз. Мұның бір себебін айтып, Сабринаa бауырлас былай дейді: “Қазір бәріміздің де өміріміз қарбалас. Өз қиындықтарымызбен басымыз қатып жүретіндіктен, көбіне дұғада тек өзімізді айтып кетеміз”. Сіз де жиі өзіңіз үшін ғана дұға ете бересіз бе? Егер солай болса, бұл мақаланың сіз үшін пайдасы көп болмақ. Бұл мақалада 1) өзгелер үшін дұға ету неліктен маңызды екенін, 2) өзгелер үшін қалай дұға еткен дұрыс екенін қарастырамыз.
ӨЗГЕЛЕР ҮШІН ДҰҒА ЕТУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?
4, 5. Өзгелер үшін айтқан дұғамыздың әсері қандай? Түсіндіріңіз. (Жақып 5:16)
4 Өзгелер үшін айтатын дұғамыздың “әсері орасан зор” (Жақып 5:16 оқыңыз). Сонда біз дұға еткеннен бауырластардың жағдайы жақсарып кете ме? Әбден мүмкін. Мысалы, бірде Исаның өзі Петір үшін дұға еткен. Бірер күннен кейін Петір өзінен бас тартатынын білгендіктен, Иса оған: “Сенімің әлсіремесін деп, сен үшін жалбарындым”, — деген (Лұқа 22:32). Дұғаның күшіне Пауыл да сенген. Ол Римде түрмеде отырғанда Філімонға: “Дұғаларыңның арқасында сендерге қайта ораламын деп үміттенемін”, — деп жазған (Флм. 22). Содан кейін көп ұзамай Пауыл шынымен де бостандыққа шығып, уағыз ісіне қайта кірісті.
5 Әрине, Ехоба дұғада айтқанымыздың бәрін орындай бермейді. Бірақ сұрап жатқан нәрсеміз біз үшін қаншалықты маңызды екенін көргенде, ол өтінішімізді орындауы мүмкін. Осыны есте ұстап, Ехобаға бар жанымызды салып, ынты-шынтымызбен дұға етейік және ол мәселені ең жақсы жолмен шешетініне сенейік (Зәб. 37:5; Қор. 2-х. 1:11).
6. Өзгелер үшін дұға ету бойымызда қандай сезім оятады? (Петірдің 1-хаты 3:8)
6 Өзгелер үшін дұға ету бойымызда жанашырлық сезімін оятады (Петірдің 1-хаты 3:8 оқыңыз). Жанашыр адам өзгенің күйін түсіне біледі, әрі оның жарасын сәл де болса жеңілдеткісі келіп тұрады (Мар. 1:40, 41). Майкл деген ақсақал былай дейді: “Мен өзгелердің жағдайын айтып дұға еткенде, олардың қалай қиналып жүргендерін сезініп, оларды одан сайын жақсы көріп кетемін. Олар мен үшін қаншалықты қымбат болып кеткенін өздері де білмейтін шығар”. Ал Ричард деген ақсақал былай дейді: “Әдетте қиналып жүрген бауырлас үшін дұға еткенде, оған көмектескің келіп кетеді. Ал сол адамға көмектессең, өзіңнің айтқан дұғаңа өзің жауап боласың”.
7. Өзгелер үшін дұға ету өз проблемамызға батып кетпеуге қалай көмектеседі? (Філіпіліктерге 2:3, 4) (Суреттерді де қараңыз.)
7 Өзгелер үшін дұға етсек, өз проблемамызға батып кетпейміз (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқыңыз). Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан, бәріміздің басымызда әйтеуір бір қиындық бар (Жох. 1-х. 5:19; Аян 12:12). Өзгелер үшін дұға етіп жүрсек, “дүниежүзіндегі барлық бауырластардың да... қасірет шегіп жүргенін” ұмытпаймыз (Пет. 1-х. 5:9). Кетрин есімді ізашар былай дейді: “Бауырластар үшін дұға еткенде, олардың да мен сияқты қиналып жүргені есіме түседі. Соны ұмытпағаным маған өз қиындықтарымды тым көп ойлап кетпеуге көмектеседі”.
Өзгелер үшін дұға етсек, өз проблемамызға батып кетпейміз (7-абзацты қараңыз)d
ДҰҒАЛАРЫМЫЗҒА МҰҚТАЖ ЖАНДАР
8. Біз кімдер үшін дұға етсек болады?
8 Біздің дүниежүзіндегі барлық бауырластар үшін дұға етіп жүргеніміз дұрыс. Мысалы, ауырып жүрген не егде тартқан бауырластар үшін, мектепте мазаққа не қысымға ұшырап жүрген балалар үшін дұға етейік. Отбасының не үкіметтің тарапынан қуғын-сүргін көріп жүрген бауырластарды да дұғамызға қосайық (Мат. 10:18, 36; Ел. іс. 12:5). Саяси қақтығыстардың кесірінен жылы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған бауырластар мен табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарды да ұмытпайық. Сол бауырластарды танымасақ та, олар үшін дұға ете берсек, Исаның “бір-біріңді сүйіңдер” деген өсиетін орындаймыз (Жох. 13:34).
9. Ехобаның ұйымында жетекшілік етіп жүрген ер бауырластар мен олардың әйелдері үшін неге дұға еткеніміз дұрыс?
9 Ехобаның ұйымында жетекшілік етіп жүрген ер бауырластар үшін де дұға еткеніміз жөн. Мысалы, Басқарушы кеңес пен олардың көмекшілері үшін, филиал комитеттері мен филиалдардағы бөлім бақылаушылары үшін, аудандық бақылаушылар, ақсақалдар мен қызмет көмекшілері үшін дұға етейік. Бұл ер бауырластардың өз қиындықтары жоқ емес, бар. Соған қарамастан олар “өздерін еш аямай”, бізді қамқорлап жүр (Қор. 2-х. 12:15). Аудандық бақылаушы болып қызмет ететін Марк есімді бауырлас былай дейді: “Қартайған шақтарында ата-анамның жанында бола алмайтыныма қатты қынжыламын. Олардың екеуінің де денсаулығы нашар. Қазір оларға әпкем мен жездем қарап жүр. Бірақ өзім олардың қасында болып, көмектесе алмайтыным үшін жаман боламын”. Ауыр еңбектеніп жүрген ер бауырластардың нендей қиындық көріп жүргенін білсек те, білмесек те, олар үшін дұға ете берейік (Сал. 1-х. 5:12, 13). Олардың әйелдерін де дұғамызға қосуды ұмытпайық. Ер бауырластардың қызметтерін ұзақ жылар бойы атқарып жүргендері әйелдерінің қолдауының арқасы.
10, 11. Жалпы бауырластар үшін айтылған дұғаларды Ехоба тыңдай ма? Түсіндіріңіз.
10 Көргеніміздей, біз жиі жалпы бауырластар үшін дұға етеміз. Дұға еткенде ойымызда нақты біреу тұрмаса да, біз жиі Ехобадан түрмеде отырған бауырластарға көмектесші, жақыны қайтыс болған бауырластарға демеу болшы деп сұрап жатамыз. Дональд есімді ақсақал былай дейді: “Дүниежүзі бойынша қиындық көріп жатқан бауырластарымыз өте көп. Сондықтан біз ешкім қалып кетпесін деп жалпы бауырластар үшін дұға етеміз”.
11 Жалпы бауырластар үшін айтылған дұғаларды Ехоба тыңдай ма? Әрине, тыңдайды. Біз қанша қаласақ та, дүниежүзіндегі әрбір бауырластың жағдайын біле алмаймыз. Сондықтан жалпы бауырластар үшін дұға еткеніміз өте дұрыс (Жох. 17:20; Ефес. 6:18). Оның үстіне, мұндай дұғалар “барлық бауырластарды сүйетінімізді” көрсетеді (Пет. 1-х. 2:17).
ЖЕКЕ-ЖЕКЕ БАУЫРЛАСТАР ҮШІН ДҰҒА ЕТЕЙІК
12. Байқампаз болғанымыз неге маңызды?
12 Байқампаз болыңыз. Жалпы бауырластар үшін дұға етуден бөлек, нақты біреу үшін дұға еткеніміз де жақсы. Мысалы, қауымыңызда ауырып, қиналып жүрген бауырлас бар шығар. Немесе бір жас бауырлас мектепте қысым көріп, көңіл күйі болмай жүрген болар. Я болмаса баласын “Ехоба айтқандай тәрбиелеуге” бар күшін салып жүрген жалғыз басты ананы не әкені білетін шығарсыз (Ефес. 6:4). Сондай бауырластарды байқап жүретін болсаңыз, оларға жаныңыз ашып, олар үшін дұға етуге ықыласыңыз оянадыb (Рим. 12:15).
13. Танымайтын бауырластардың атын атап дұға ету үшін не істесек болады?
13 Бауырластардың атын атап дұға етіңіз. Біз өзіміз танитын бауырластардың ғана емес, танымайтын бауырластардың да атын атап дұға етсек болады. Мысалы, Қырым, Эритрея, Ресей, Сингапур сияқты жерлерде бірталай бауырлас түрмеде отыр. Сол бауырластардың аты-жөнін jw.org сайтынан біліп алсаңыз боладыc. Брайн деген аудандық бақылаушы былай дейді: “Мен түрмеде отырған бауырластардың атын жазып аламын, сосын дауыстап айтып, жаттап алуға тырысамын. Кейін сол бауырластардың атын атап дұға етемін”.
14, 15. Дұғамызда бауырластар үшін нақты өтініш айту үшін не істесек болады?
14 Нақты өтініш айтыңыз. Жоғарыда айтылған Майкл бауырлас былай дейді: “Мен jw.org сайтынан түрмеде отырған бауырластар жайлы оқығанда, өзім түрмеде отырсам не сезінер едім деп ойланамын. Мысалы, әйелім қалай екен, керегінің бәрі бар ма деп уайымдар едім. Осылай ойланғанның арқасында түрмедегі үйленген ер бауырластар үшін дұға еткенде, Ехобадан оларға көмектесші деп жалпы сұрамай, былай-былай көмектесші деп нақты сұраймын” (Евр. 13:3 сілт.).
15 Түрмеде отырған бауырластардың әр күні қалай өтіп жатқаны жайлы ойлансақ, дұғада тағы да басқа нақты өтініштер айтамыз. Мысал үшін, түрме күзетшілері оларға адамгершілік танытса екен, билік басындағылар бауырластарға еркін ғибадат етуге мүмкіндік берсе екен деп сұрасақ болады (Тім. 1-х. 2:1, 2). Сондай-ақ түрмедегі бауырластардың адалдығын көріп, жергілікті бауырластар жігер алса екен, ал басқа адамдар бауырластарымыздың жақсы жүріс-тұрысын көріп, хабарымызға құлақ асса екен деп дұға етсек болады (Пет. 1-х. 2:12). Түрмеде отырған бауырластар жайлы ғана емес, басқа да қиындық көріп жүрген бауырластар жайлы да тура осылай ойланып, олар үшін нақты өтініш айтайық. Сонымен, байқампаз болсақ, бауырластардың атын атап дұға етсек, нақты-нақты өтініштер айтсақ, бауырластарға деген “сүйіспеншілігіміздің мол” екенін дәлелдейміз (Сал. 1-х. 3:12).
ДҰҒАҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ ДҰРЫС БОЛСЫН
16. Біздің дұғаға деген көзқарасымыз қандай болу керек? (Матай 6:8)
16 Көргеніміздей, бауырластар үшін айтқан дұғамыз олардың жағдайын жақсы жаққа өзгертуі мүмкін. Бірақ біздің дұғаға деген көзқарасымыз дұрыс болу керек. Дұғамызды Ехоба бірдеңені көрмей не білмей қалғандай қылып айтпауымыз керек, оған олай істе, былай істе деп ақыл айтқанымыз да дұрыс болмайды. Өйткені Ехоба қызметшілеріне не қажет екенін бізден бұрын біледі (Матай 6:8 оқыңыз). “Онда бауырластар үшін дұға етудің мәні бар ма?” дерсіз. Бұл мақалада біз бауырластар үшін неге дұға етуіміз керектігінің бірнеше себебін қарастырдық. Тағы бір себебі — бауырластардың жағдайы біз үшін бәрібір емес. Біз бауырластарды жақсы көргендіктен, олар үшін дұға етеміз. Ехоба өзіне тән сүйіспеншіліктің қызметшілерінің де бойында бар екенін көргенде, жүрегі қуанышқа толады.
17, 18. Бауырластар үшін дұға етудің маңыздылығын қандай мысалмен түсіндіруге болады?
17 Дұға еткенімізден жағдай жақсармаса, босқа дұға етіппін деп ойламайық. Ехоба біздің бауырластарды жақсы көретінімізді, оларды уайымдап жүргенімізді міндетті түрде байқайды. Мынадай жағдайды елестетейікші: бір әкенің кішкентай ұлы мен қызы бар делік. Бір күні ұлы ауырып қалады. Бауырының қиналып жатқанын көріп, кішкентай қыз қатты уайымдап кетеді. Сөйтіп, ол әкесіне: “Ағама енді не болады? Бірдеңе істеңізші, оған көмектесіңізші”,— дейді. Бірақ әкесі онсыз да құр қарап отырған жоқ. Ол баласының жағдайын жақсы біледі, оны жақсы көргендіктен, оны емдеу үшін бәрін істеп жатыр. Сонда да әкесі қызының бауырмалдығын, ағасын уайымдап жатқанын көріп, іші жылып қалады.
18 Ехоба да біздің бауырмал болғанымызды, бауырластардың жағдайын ойлап, олар үшін дұға еткенімізді қалайды. Өзгелер үшін айтқан дұғаларымыз ешқашан Ехобаның назарынан тыс қалмайды. Өйткені ол дұғаларымыздан бауырластарды қаншалықты жақсы көретінімізді байқайды (Сал. 2-х. 1:3; Евр. 6:10). Сондай-ақ, бұған дейін айтқанымыздай, Ехоба кейде біз дұға еткеніміз үшін жағдайды жақсы жаққа өзгертіп жіберуі мүмкін. Олай болса, аяулы бауырластарымызды дұғамызға қосып жүруді ұмытпайық.
101-ӘН Бірлесе қызмет етейік
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b jw.org сайтындағы “Такеши Шимизу. Ехоба дұғаларды тыңдайды” деген видеоны көріңіз.
c Түрмеде отырған бауырластардың аты-жөнін білу үшін, jw.org сайтынан “Түрлі жерлерде сенімдері үшін түрмеде отырған Ехоба куәгерлері жайлы мәлімет” деп іздеңіз.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бауырластар өз бастарында қиындық болса да, өзгелер үшін дұға етіп жатыр.