41-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
108-ӘН Құдайдың айнымас сүйіспеншілігі
Ехобаның сүйіспеншілігі мәңгі
“Ехобаға алғыс айтыңдар, өйткені ол ізгі, Айнымас сүйіспеншілігі мәңгі” (ЗӘБ. 136:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехобаның сүйіспеншілігін Киелі кітаптың негізгі ілімі деп қарастырсақ, басымызға қиындық түскенде түңіліп кетпейміз.
1, 2. Мәсіхшілердің көбісі қандай күй кешіп жатады?
КӨЗ АЛДЫҢЫЗҒА буырқанған теңіздің ортасында жүзіп келе жатқан кемені елестетіңізші. Алып толқындар оны әрлі-берлі лақтырып жатыр. Мұндайда суға зәкір тастамаса, кеме дауыл айдаған жаққа кете береді.
2 Өмірдің дауылдарында да біздің көңіліміз бір тасып, бір басылып тұрады. Бүгін Ехоба мені жақсы көреді, мені ешқашан тастамайды деп сеніп отырсақ, ертең-ақ менімен не болып жатқаны Ехобаға бәрібір деп шығуымыз мүмкін (Зәб. 10:1; 13:1). Я болмаса досымыз келіп жылы сөздерімен жұбатса, көңіліміз орнығып, нығайып қаламыз (Нақ. с. 17:17; 25:11). Ал ертесіне қайтадан баяғы күйімізге түсіп, Ехобаға түкке де керегім жоқ деп отыруымыз мүмкін. Бірақ Ехобаның сүйіспеншілігі бізді өмір дауылдарында ұстап тұратын зәкір іспетті болуы тиіс. Олай болса, Ехоба бізді жақсы көретініне сену үшін және сол сенімді жоғалтып алмау үшін не істеуіміз керектігін көрейік.
3. Зәбүр 31:7 мен 136:1-дегі “айнымас сүйіспеншілік” деген тіркес нені білдіреді және бұл қасиетті танытуда неге Ехобаға тең келетін ешкім жоқ дей аламыз? (Суретті де қараңыз.)
3 Дауылдай соққан қиындықтар бізді әрі-бері лақтырмас үшін, Ехобаның айнымас сүйіспеншілігін есте ұстауымыз керек (Зәбүр 31:7; 136:1 оқыңыз). “Айнымас сүйіспеншілік” деген тіркес терең, тұрақты, өзгермейтін сүйіспеншілікті білдіреді. Айнымас сүйіспеншілікті танытуда Ехобаға тең келетін ешкім жоқ. Киелі кітапта оның “айнымас сүйіспеншілігі мол” екені айтылған (Мұс. 2-ж. 34:6, 7). Сондай-ақ онда Ехоба жайлы “өзіңе арқа сүйейтіндердің ешқайсысынан айнымас сүйіспеншілігіңді аямайсың” деген сөздер кездеседі (Зәб. 86:5). Бұл тармақтардан шығатын түйін: Ехоба өзінің адал қызметшілерін ешқашан тастап кетпейді. Осыны естен шығармасаңыз, Ехобаның айнымас сүйіспеншілігі сізді қиын шақта зәкірдей ұстап тұрады (Зәб. 23:4).
Дауылдай соққан қиындықтарда Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенім бізді зәкір іспетті ұстап тұрады (3-абзацты қараңыз)
ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІН НЕГІЗГІ ІЛІМ ДЕП ҚАРАСТЫРЫҢЫЗ
4. Киелі кітаптың кейбір негізгі ілімдері қандай және сіз оларға не үшін сенесіз?
4 Қиын шақта бізді зәкірдей ұстап тұратын Ехобаның сүйіспеншілігін негізгі ілім деп қарастыруымыз керек. Негізгі ілімдер дегенде ойыңызға не келеді? Бәлкім, Құдайдың есімі — Ехоба, Иса — Құдайдың Ұлы, өлгендер ештеңе білмейді, жер бетіндегі жұмақта адамдар мәңгі өмір сүреді деген ілімдер келетін шығар (Зәб. 83:18; Уағ. 9:5; Жох. 3:16; Аян 21:3, 4). Егер біреу сізге бұл ілімдер өтірік десе, сенесіз бе? Сенбесіңіз анық. Өйткені сіз бұл ілімдер айғақтарға негізделген бұлтартпас шындық екеніне көз жеткізгенсіз. Ендеше, Ехобаның сүйіспеншілігін де тура сондай ілім деп қарастырыңыз. Сонда қиындыққа кезіккенде Ехоба мені жақсы көрмейді, оған еш керегім жоқ деген күмәнді ойға бой алдырмайсыз.
5. Адам жалған ілімдерді қалай талқандайды? Түсіндіріңіз.
5 Бұрын сеніп келген ілімдеріңіз жалған екенін түсіне бастаған кезіңіз есіңізде ме? Зерттеу сабағын өтіп жүргенде, сіз сол ілімдерді Киелі кітапта айтылғандармен салыстырдыңыз. Мысал үшін, бұрын сіз адам өлген соң аруаққа айналады деп сенген боларсыз. Бірақ Киелі кітапты зерттей келе, бұл олай емес екенін түсіндіңіз. Өйткені Киелі кітаптан “өлгендер ештеңе білмейтінін” және олар “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетін” уақытын күтіп жатқанын білдіңіз (Уағ. 9:5; Ел. іс. 24:15). Сөйтіп, сіз аруақ бар дегенге сенуді қойып, Киелі кітаптың айтқанына сендіңіз. Бекіністей мықты бұндай жалған ілімдерді талқандау оңай емес болса да, бұл сіздің қолыңыздан келді (Қор. 2-х. 10:4, 5). Сіз сол жалған ілімдерді “ұмыт қалдырып”, содан кейін оларға қайта оралған жоқсыз (Філіп. 3:13).
6. Ехобаның “айнымас сүйіспеншілігі мәңгі” екеніне неге сенімді болсаңыз болады?
6 Киелі кітапты зерттеп жүргенде жалған ілімдерді қалай талқандаған болсаңыз, Ехоба мені жақсы көрмейді деген күмәнді ойды да тура солай талқандаңыз. Өйткені бұл — жалған ілім. Қиындыққа кезіккенде Ехоба мені жақсы көрмейді, оған еш керегім жоқ деп күмәндана бастасаңыз, бұл жалған ілімді Киелі кітапта айтылғандармен салыстырыңыз. Мысалы, осы мақаланың негізгі тармағы Зәбүр 136:1-де Ехобаның сүйіспеншілігі жай сүйіспеншілік емес, айнымас сүйіспеншілік екені айтылған. Сондай-ақ бұл тарауда Ехобаның “айнымас сүйіспеншілігі мәңгі” деген сөздер 26 рет қайталанған. Сіз сенетін, көзіңіз жеткен Киелі кітаптағы көптеген ілімдер сияқты, Ехобаның адамдарды айнымас сүйіспеншілікпен сүйетіні де — бұлтартпас шындық. Ендеше, басқа жалған ілімдерге сенбейтініңіздей, Ехоба мені жақсы көрмейді деген жалған ілімге де сенбеңіз!
7. Киелі кітапта Ехобаның сүйіспеншілігіне сендіретін тағы қандай тармақтар бар?
7 Киелі кітапта Ехобаның сүйіспеншілігіне сендіретін басқа да көптеген тармақтар бар. Мысалы, Иса ізбасарларына: “Сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!”— деген (Мат. 10:31). Ал Ехоба өзінің халқына: “Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін, Әділдігіме сай, оң қолыммен сүйемелдеймін”,— деп айтқан (Ишая 41:10). Байқасаңыз, Иса да, Ехоба да “қымбат шығарсыңдар”, “көмектесіп қалармын” деп тұспалдамай, “әлдеқайда қымбатсыңдар”, “саған көмектесемін” деп нақты айтқан. Қиындыққа кезіккенде Ехоба мені жақсы көре ме деп күмәндана бастасаңыз, дұға етіп, осындай тармақтар жайлы ой жүгіртіңіз. Бұдан сіз өзіңізді бір сәтке жеңіл сезініп қана қоймай, Ехобаның сізді жақсы көретініне көзіңіз жетеді. Сонда Жохан сияқты сіз де: “Құдайдың бізді сүйетінін өзіміз танып-білдік, әрі бұған сендік”,— деп ауыз толтырып айта аласыз (Жох. 1-х. 4:16)a.
8. Арагідік Ехоба мені жақсы көрмейді деген ой мазаласа, не істесеңіз болады?
8 Бірақ сонда да арагідік Ехоба мені жақсы көрмейді деген ой мазаласа ше? Ондай кезде не сезінетініңіз бен не білетініңізді салыстырыңыз. Әдетте сезім құбылып тұрады, айғақтарға негізделуі де екіталай. Ал Ехобаның сізді жақсы көретіні Киелі кітаптағы нақты айғақтарға негізделген және бұл шындық еш өзгермейді. Ойлап көріңізші, егер Ехобаның сізді жақсы көретініне сенбесеңіз, онда Құдайдың ең басты қасиеті сүйіспеншілік екенін жоққа шығарғаныңыз ғой (Жох. 1-х. 4:8).
“ӘКЕМІЗДІҢ ӨЗІ СІЗДІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІН” ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ
9, 10. Жохан 16:26, 27-дегі “Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді” деген сөздердің мәнмәтіні не жайында? (Суретті де қараңыз.)
9 Исаның “Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді” деген сөздерінен де Ехобаның сүйіспеншілігі жайлы ерекше жайтты байқауға болады (Жохан 16:26, 27 оқыңыз). Иса бұл сөздерді шәкірттерін бір марқайтып қою үшін айтпаған. Өйткені мәнмәтінге қарасақ, әңгіме дұға жайында екенін көреміз.
10 Бірнеше тармақ бұрын Иса шәкірттеріне: “Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, ол соны береді”,— деген. Бірақ бұл сөздер шәкірттер Исаға дұға ету керек дегенді білдірген жоқ (Жох. 16:23, 24). Иса қайта тіріліп, көкке көтерілген соң, шәкірттердің Исаға дұға еткісі келуі әбден мүмкін еді. Өйткені Иса олардың досы болды, оларды қатты жақсы көрді. Сондықтан шәкірттер Иса дұғаларымызды өзі тыңдап, өтініш-тілектерімізді Әкесіне жеткізеді, біз үшін одан көмек сұрайды деп ойлауы мүмкін еді. Шәкірттері бұлай ойлап қалмасын деп Иса: “Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді”,— деп қосты. Исаның айтқысы келгені, Ехоба бізді жақсы көреді, сондықтан дұғаларымызды өзі тыңдайды. Бұл — дұға жайлы ілімнің маңызды тұсы. Киелі кітапты зерттеу барысында сіз Исаны жақсы таныдыңыз, оны бар жүрегіңізбен жақсы көріп кеттіңіз, сол үшін соңынан еріп, шәкірті болдыңыз (Жох. 14:21). Сонда да сіз бірінші ғасырдағы шәкірттер сияқты Исаға емес, Ехобаға дұға етесіз, өйткені “[Ехобаның] өзі сізді жақсы көретініне” сенесіз. Сол сеніміңізді сіз әр дұға еткен сайын көрсетіп те жүрсіз (Жох. 1-х. 5:14).
“Әкеміздің өзі сізді жақсы көретіндіктен”, оған сеніммен дұға етіңіз (9, 10-абзацты қараңыз)b
КҮМӘНДІ ОЙЛАР ҚАЙДАН КЕЛЕТІНІН ҰМЫТПАҢЫЗ
11. Ехобаның бізді жақсы көретініне күмәнданғанымыз неге Шайтанды мәз қылады?
11 Ехоба мені жақсы көрмейді деген күмәнді ойлар қайдан келеді? Бәлкім, сіз Шайтаннан дерсіз. Бұл сөзіңіздің жаны бар. Киелі кітапта айтылғандай, Ібіліс бізді “жалмасам деп жүр” (Пет. 1-х. 5:8). Сондықтан Ехобаның сүйіспеншілігіне күмәнданып қалсақ, Шайтан бұған мәз болады. Сондай-ақ ол біздің Ехобаның сүйіспеншілікпен берген төлеміне де күмәнмен қарағанымызды қалайды. Ол бізді “сендер тым күнәкарсыңдар, төлемге еш лайық емессіңдер” деген өтірікке сендіргісі келеді (Евр. 2:9). Демек, Ехобаның сүйіспеншілігіне күмәндансақ, бұдан тек Шайтан ғана ұтады. Қиын шақта сағымыз сынып, Ехобаға деген қызметіміз ақсаңдап қалса, бұған да қуанатын тек Шайтан. Негізі, Ехоба бізді жақсы көрмейді деген өтірікке сендіру — Ібілістің ең зымиян айласының бірі (Ефес. 6:11). Бірақ ол бірінші өзіне қарап алмай ма?! Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылған — ол, біз емес! Қас жауымыз Шайтанның қаншалықты зымиян екенін жақсы түсінсек, оған “қарсы тұрып”, ешқашан ыңғайына жығылып, ырқына көнбейміз (Жақ. 4:7).
12, 13. Ехоба мені жақсы көрмейді деген күмәнді ойлар тағы қайдан келеді? Түсіндіріңіз.
12 Ехоба мені жақсы көрмейді деген күмәнді ойлар тағы қайдан келеді? Түп ата-анамыздан берілген күнәкарлықтан келеді (Зәб. 51:5; Рим. 5:12). Күнә бізді Жаратушымыздан алыстатты. Сондай-ақ күнәнің кесірінен денсаулығымызда да, ойлау қабілетімізде де, эмоцияларымызда да ақау пайда болды.
13 Күнәнің кесірінен біз өзімізді кінәлі, беймаза, ұятты сезінуге бейімбіз. Күнә жасап қойған кезімізде бұл сезімдер жанымызды жегідей жеп, маза бермейді. Бірақ біз бұл сезімдерді күнә жасамасақ та сезіне береміз. Өйткені бәріміз туғаннан күнәкармыз. Ал Ехоба бізді күнәкар болу үшін емес, кемелді болу үшін жаратқан (Рим. 8:20, 21). Мысалы, дөңгелегі жарылған көлік өз қызметін толық атқара алмайтынындай, күнәкар адам да о баста жаратылғандағы мақсатына толықтай сай келе алмайды. Соның кесірінен өзімізді кінәлі сезіне беретіндіктен, мен Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық емеспін, ол мені жақсы көрмейді деп күмәнданып қала береміз. Бірақ бұндай күмән пайда болғанда, біз Ехобаның “өзін сүйіп, заңдарын орындайтындарға айнымас сүйіспеншілік танытатын Құдай” екенін еске алуымыз керек (Нех. 1:5).
14. Төлем жайлы ой жүгірткеніміз Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық емеспін деген ойға алданбауға қалай көмектеседі? (Римдіктерге 5:8) (“Күнәнің арбауына түсіп қалмаңыз” деген қоршауды да қараңыз.)
14 Расында да, біз кейде өзімізді Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық еместей сезініп жатамыз. Ашығын айтқанда, біз шынымен лайық емеспіз. Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігін ерекше ететін де осы емес пе?! Сүйіспеншілігіне лайық болмасақ та, Ехоба бізді жақсы көреді. Оны төлем беруге талпындырған да бізге деген сүйіспеншілігі. Төлемнің арқасында ол күнәларымызды толықтай кешіреді (Жох. 1-х. 4:10). Есімізде болса, Иса да жерге кемелді адамдарды емес, күнәкарларды құтқару үшін келген (Римдіктерге 5:8 оқыңыз). Қанша қаласақ та, біз ештеңені мінсіз етіп істей алмаймыз, Ехоба бізден мұны күтпейді де. Ендеше, күнәкарлық көңілімізге күмән салатынын ойда тұтсақ, Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық емеспін деген ойға алданбаймыз (Рим. 7:24, 25).
ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛЫҢЫЗ
15, 16. Ехобаға адал болсақ, не нәрсеге сенімді бола аламыз және неге? (Самуилдің 2-жазбасы 22:26)
15 Ехоба біздің “оған адал болып жүргенімізді” қалайды (Мұс. 5-ж. 30:19, 20). Біз адал болсақ, Ехоба да бізге адал болады (Самуилдің 2-жазбасы 22:26 оқыңыз). Ехобаға адал болып жүрген шағымызда мынаған сенімді болсақ болады: ол бізді қиын шақта ешқашан жалғыз тастап кетпейді, қиындықтан сүрінбей өтуге міндетті түрде көмектеседі.
16 Осы мақалада қарастырғанымыздай, дауылдай соққан қиындықтарда Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенім бізді зәкірдей ұстап тұрады. Ехобаның бізді жақсы көретіні — Киелі кітапта жазылған бұлтартпас ақиқат. Егер Ехобаның сізді жақсы көретініне күмәнданып жатсаңыз, не сезінетініңіз жайлы емес, не білетініңіз жайлы ойланыңыз. Ехобаның айнымас сүйіспеншілігі мәңгі деген шындыққа сеніңіз және сол сеніміңізді ешқашан жоғалтып алмаңыз.
159-ӘН Ехобаны дәріптеңдер
a Сондай-ақ Мұсаның 5-жазбасы 31:8, Зәбүр 94:14 және Ишая 49:15 қараңыз.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас өзін уайымдатып жүрген үш мәселе жайлы дұға етіп отыр. Оның уайымы — ауырып жүрген әйелінің жағдайын жасау, қолда бар қаражатын дұрыс жұмсау, қызының жүрегіне Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялату.