Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 маусым 8—13 бет.
  • Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (2-бөлім)

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (2-бөлім)
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЗАБУЛОН
  • ИСАХАР
  • ДАН
  • ҒАД
  • АШИР
  • НАФТАЛИМ
  • ЖҮСІП
  • БЕНИЯМИН
  • Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (1-бөлім)
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Жақып пен Есау татуласты
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Жақыптың үлкен отбасы
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
  • Мұсаның 1-жазбасы. Мазмұны
    Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 маусым 8—13 бет.

25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

96-ӘН Құдайдың берген қазынасы

Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (2-бөлім)

“Ол әр ұлына тиісті батасын берді” (МҰС. 1-Ж. 49:28).

НЕГІЗГІ ОЙ

Жақыптың қалған сегіз ұлына айтқан пайғамбарлығынан да алар сабағымыз көп.

1. Бұл мақалада не қарастырамыз?

ҰЛДАРЫ әкелерінің қасына жиналып, не айтар екен деп құлақтарын түріп отыр. Өткен мақалада Жақыптың Рубен, Шимон, Леуі мен Яһудаға не айтқанын қарастырдық. Әкелерінен естігендері олар үшін жаңалық болса керек. Ал қалған сегіз ұлына Жақып не айтар екен? Бұл мақалада ол Забулон, Исахар, Дан, Ғад, Ашир, Нафталим, Жүсіп пен Бенияминге не айтқанына назар аударамызa.

ЗАБУЛОН

2. Жақып Забулонға не деді және оның айтқаны қалай орындалды? (Мұсаның 1-жазбасы 49:13) (Қоршауды да қараңыз.)

2 Мұсаның 1-жазбасы 49:13 оқыңыз. Жақып Забулонның ұрпағы теңіз жағасында, Уәде етілген жердің солтүстігінде мекендейтінін пайғамбарлық етті. Оның бұл сөздері шамамен 200 жыл өткен соң орындалды. Забулондықтардың үлесіне тиген жер Ғалилея теңізі мен Жерорта теңізінің арасында орналасты. Бұл жер екі жағалаудан да алыс жатқанмен, сауда-саттық жасауға ыңғайлы болған көрінеді. Қалай болған күнде де, забулондықтардың мұралық иелігі риза болатындай жақсы болған. Мұсаның: “Қуан, уа, Забулон, сапарға шыққанда”,— деп айтқаны да содан болар (Мұс. 5-ж. 33:18).

Жақыптың пайғамбарлығы

Забулон.

Ұлы

Забулон

Пайғамбарлық

“Забулон теңіз жағасында... мекендейтін болады. Ал қиырдағы шегарасы Сидонға қарай созылмақ” (Мұс. 1-ж. 49:13).

Орындалуы

Забулонның үлесіне тиген жер Ғалилея теңізі мен Жерорта теңізінің арасында орналасты (Ешуа 19:10—16).

3. Қолда барды қанағат ету үшін не істеуіміз керек?

3 Алар сабағымыз. Адамның бақыты жағдайға да, тұрып жатқан жеріне де байланысты емес. Қолда барды қанағат етіп, соған риза болса, кез келген адам бақытты бола алады (Зәб. 16:6; 24:5). Біз барымызға емес, жоғымызға көп назар аударуға бейімбіз. Сондықтан да өмірдің көп қызығын көріп жүргенімізді аңғармай жатамыз. Ендеше, өміріміздің жақсы тұстарына назар аударып, соған қуана білейік (Ғал. 6:4).

ИСАХАР

4. Жақып Исахарға не деді және оның айтқаны қалай орындалды? (Мұсаның 1-жазбасы 49:14, 15) (Қоршауды да қараңыз.)

4 Мұсаның 1-жазбасы 49:14, 15 оқыңыз. Жақып Исахарды сүйегі мықты есекке теңеп, оны еңбекқорлығы үшін мақтады. Ал есек — ауыр жүк таситын төзімді жануар. Сондай-ақ Жақып Исахардың тұратын мекені шырайлы да шұрайлы болатынын пайғамбарлық етті. Расында да, исахарлықтардың еншісіне тиген жердің бір шегарасы Иордан өзенін бойлап жатқандықтан, ол жердің суы мол, топырағы құнарлы болды (Ешуа 19:22). Еңбексүйгіш исахарлықтар сол жерді тынбай өңдегендері сөзсіз. Олар өздері үшін ғана емес, халқы үшін де аянбай еңбек етті (Пат. 1-ж. 4:7, 17). Мысалы, Барақ би мен Дебора пайғамбар халықты Сисараға қарсы соғысуға шақырғанда, шайқасқа барған рулардың бірі исахар еді (Би. 5:15). Исахарлықтар бұл ғана емес, басқа да шайқастарда бауырларына көмектескен.

Жақыптың пайғамбарлығы

Исахар.

Ұлы

Исахар

Пайғамбарлық

“Ол... жүк артуға иығын тосады” (Мұс. 1-ж. 49:14, 15).

Орындалуы

Исахар халқы үшін аянбай еңбек етті (Би. 5:15; Пат. 1-ж. 4:1, 7, 17).

5. Неге біз еңбекқор болуымыз керек?

5 Алар сабағымыз. Жақып арқылы Ехоба исахарлықтарды еңбексүйгіштігі үшін мақтады (Уағ. 2:24). Ехоба біздің де ауыр еңбегімізді жоғары бағалайды (Тім. 1-х. 3:1). Бұл ретте қауым үшін ауыр еңбектеніп жүрген ер бауырластарды айтпасқа болмас. Олар тікелей шайқаспаса да, рухани шайқаста Құдайдың халқын рухани қауіп-қатерден қорғап жүр (Қор. 1-х. 5:1, 5; Яһд. 17—23). Бауырластарды нығайтатын баяндамалар дайындап, оларды айтып жеткізу де — жатқан еңбек (Тім. 1-х. 5:17).

ДАН

6. Дан руы қандай маңызды қызмет атқарды? (Мұсаның 1-жазбасы 49:17, 18) (Қоршауды да қараңыз.)

6 Мұсаның 1-жазбасы 49:17, 18 оқыңыз. Жақып Данды жыланға теңеді. Ал жылан өзінен анағұрлым үлкен жануарға атылып, тіпті атты да, үстіндегі жауынгерді де құлата алады. Расында да, дандықтар дұшпандары сескенетіндей жаужүрек болды. Исраил халқы Уәде етілген жерге бет алғанда, дан руы “бүкіл көшті артқы жағынан қорғады” (Мұс. 4-ж. 10:25). Олардың бұл ерліктері халықтың көзінен таса болды, бірақ бұдан олардың қызметінің маңыздылығы еш кеміген жоқ.

Жақыптың пайғамбарлығы

Дан.

Ұлы

Дан

Пайғамбарлық

“Дан... атты аяғынан шағады” (Мұс. 1-ж. 49:16—18).

Орындалуы

Дан Уәде етілген жерге бет алған “көшті артқы жағынан қорғады” (Мұс. 4-ж. 10:25).

7. Қандай қызмет атқарсақ та, нені ұмытпауымыз керек?

7 Алар сабағымыз. Сіздің көзге көріне бермейтін қызметті атқарған кезіңіз болған ба? Мысалы, Патшалық сарайын кім жуып-тазалап, кім жөндеп жүргенін, конгрестерді өткізумен байланысты істерді кім атқарып жатқанын көбісі көрмеуі мүмкін. Осындай істердің басы-қасында жүрсеңіз, сіз мақтауға лайықсыз! Ұмытпаңыз, Ехоба сіздің әрбір еңбегіңізді көреді әрі бағалайды. Ал өзгелерден мақтау есту үшін емес, оны сүйгендіктен қызмет ететіндерді Ехоба тіптен бағалайды (Матай 6:1—4).

ҒАД

8. Неге ғадтықтар жауларына оңай олжа болуы мүмкін еді? (Мұсаның 1-жазбасы 49:19) (Қоршауды да қараңыз.)

8 Мұсаның 1-жазбасы 49:19 оқыңыз. Жақып Ғадқа тонаушылар тобы шабуыл жасайтынын айтты. Шамамен екі ғасыр өткен соң, ғадтықтар Иорданның шығысында жатқан жерді басып алды. Ал бұл жер жауларының жерімен көршілес жатты. Жаулары тиіп тұрғандықтан, олар оңай олжаға айналуы мүмкін еді. Бірақ шөбі шүйгін, мал жаюға ыңғайлы бұл жер ғадтықтарға ұнап қалғаны сонша — олар бұл қауіпке қарамады (Мұс. 4-ж. 32:1, 5). Бұл рудың жаужүрек болғаны былай тұрсын, олардың Ехобаға деген сенімдері де берік еді. Ехоба мұралық иеліктерін қорғайтынына сенімді болғандықтан, олар жерлерін, бала-шағасын қорықпай қалдырып кете берген. Тіпті жылдар бойы үйлеріне оралмай, бауырларына Иорданның арғы жағындағы жерлерді жаулап алуға көмектескен (Мұс. 4-ж. 32:16—19). Танытқан зор сенімдері үшін Ехоба батыл да жанқияр бұл руға батасын берді (Ешуа 22:1—4).

Жақыптың пайғамбарлығы

Ғад.

Ұлы

Ғад

Пайғамбарлық

“Ғадқа тонаушылар тобы шабуыл жасайды” (Мұс. 1-ж. 49:19).

Орындалуы

Ғадтың жері Иорданның шығысында жауларының жерімен көршілес жатты (Ешуа 13:24—28).

9. Ехобаға сенім артсақ, бұл бізді не істеуге талпындырады?

9 Алар сабағымыз. Қиындыққа қарамай Ехобаға қызмет ете беру үшін, бізге де таудай сенім керек (Зәб. 37:3). Бүгінде көп бауырлас ұйымдағы құрылыс жобаларына қатысу үшін, жариялаушылар қажет жерге көшіп бару үшін, я болмаса басқа да қызметтер атқару үшін көптеген құрбандықтарға барады. Неге? Өйткені олар Ехоба әрдайым өз қызметшілерінің қамын жасайтынына кәміл сенеді (Зәб. 23:1).

АШИР

10. Жақыптың Аширге айтқан сөздері қалай орындалды және бірте-бірте аширлықтармен не болды? (Мұсаның 1-жазбасы 49:20) (Қоршауды да қараңыз.)

10 Мұсаның 1-жазбасы 49:20 оқыңыз. Жақып Аширдің бақуатты, дәулеті тасыған ру болатынын айтты. Оның айтқаны дәл келді. Бүкіл Исраилдің ең шұрайлы деген жерлері Аширдің үлесіне тиді (Мұс. 5-ж. 33:24). Бұл рудың жері Жерорта теңізін бойлап жатты. Сауда-саттық қыз-қыз қайнаған Сидон порты да олардың аумағында орналасты. Бірақ аширлықтардың бір қателігі — олар өз жерлерінен қанахандықтарды қуып шықпады (Би. 1:31, 32). Жауларының жаман ықпалы ма, әлде байлықтарына мастанғаны ма — әйтеуір аширлықтар бірте-бірте таза ғибадатты қолдауын қойды. Барақ би қанахандықтарға қарсы соғысуға шақырғанда, олар бармай қойды. Осылай аширлықтар “Мегиддо суларының бойындағы” ұлы жеңіске титтей де үлес қоспады (Би. 5:19—21). Барақ пен Дебора рухтың жетелеуімен жеңіс әнін шырқағанда: “Ашир қол қусырып теңіз жағасында отырды”,— деді. Мұны естіп, аширлықтар ұяттан өртеніп кете жаздаған шығар (Би. 5:17).

Жақыптың пайғамбарлығы

Ашир.

Ұлы

Ашир

Пайғамбарлық

“Аширдің наны мол болады” (Мұс. 1-ж. 49:20).

Орындалуы

Ашир Уәде етілген жердің ең шұрайлы жерлерінің рақатын көрді (Мұс. 5-ж. 33:24).

11. Ақша мен байлыққа дұрыс қарау неге маңызды?

11 Алар сабағымыз. Біз Ехобаға ең жақсымызды бергіміз келеді. Бұл үшін мына дүниенің жайлы өмір мен байлыққа қатысты көзқарасынан абай болуымыз керек (Нақ. с. 18:11). Ақша керек екені рас, бірақ ол бәрінен маңызды болып кетпеу керек (Уағ. 7:12; Евр. 13:5). Біз Ехобаға деген қызметті шетке ысырып қойып, қу байлықтың соңынан қуғымыз келмейді. Нағыз алаңсыз да жайлы өмір қазір емес, болашақта болатынын біз жақсы білеміз. Сондықтан бар уақытымыз бен күшімізді Ехобаға беріп қалғымыз келеді (Зәб. 4:8).

НАФТАЛИМ

12. Нафталимге қатысты пайғамбарлық қалай орындалса керек? (Мұсаның 1-жазбасы 49:21) (Қоршауды да қараңыз.)

12 Мұсаның 1-жазбасы 49:21 оқыңыз. Жақып Нафталимнің “аузынан әдемі сөздер шығатынын” айтты. Оның бұл сөздері Иса жерде тәлім бергенде орындалса керек. Өйткені Иса Нафталимнің жерінде орналасқан Қапарнаумда біраз уақыт тұрған, тіпті бұл қала Исаның “өз қаласы” деп аталған (Мат. 4:13; 9:1; Жох. 7:46). Ишая Иса жайлы пайғамбарлық етіп, Забулон мен Нафталим жері “ғаламат нұрды көретінін” айтқан (Ишая 9:1, 2). Расында да, Иса шебер тәлім беріп, “әртүрлі адамдарға сәулесін түсіретін шынайы жарық” болды (Жох. 1:9).

Жақыптың пайғамбарлығы

Нафталим.

Ұлы

Нафталим

Пайғамбарлық

“Оның аузынан әдемі сөздер шығады” (Мұс. 1-ж. 49:21).

Орындалуы

Иса көбінесе Нафталимнің жерінде жүрген (Мат. 4:13; 9:1).

13. Аузымыздан “әдемі сөздер” шығу үшін не істеуіміз керек?

13 Алар сабағымыз. Аузымыздан қандай сөз шығатыны, қандай мәнерде шығатыны Ехобаға бәрібір емес. Айтқан сөздеріміз Ехобаға ұнайтындай әдемі болу үшін не істеуіміз керек? Мұның жолдары көп. Мысалы, біз тек шындықты айтуымыз керек (Зәб. 15:1, 2). Сөздеріміз өзгелерді нығайтатындай болу үшін бірден жамандап шығудан аулақ болып, керісінше, мақтауға асық болуымыз қажет (Ефес. 4:29). Ехоба жайлы куәлік беру үшін адамдармен әңгіме бастай білу — бұл да әдемі сөйлеудің бір жолы.

ЖҮСІП

14. Жүсіпке қатысты пайғамбарлық қалай орындалды? (Мұсаның 1-жазбасы 49:22, 26) (Қоршауды да қараңыз.)

14 Мұсаның 1-жазбасы 49:22, 26 оқыңыз. Жақып сүйікті әйелі Рахиладан туылған тұңғыш ұлы Жүсіпті ерекше мақтан тұтқаны сөзсіз. “Бауырларының арасынан таңдап алынған” Жүсіпті ол “жемісті ағаштың өркені” деп атады. Осылай Жақып өзін ағашқа, ал Жүсіпті сол ағаштан өсіп шыққан өркенге теңеді. Жақып Лиядан туылған тұңғыш ұлы Рубенге тиесілі болған екі есе көп үлес Жүсіпке берілетінін айтты (Мұс. 1-ж. 48:5, 6; Шеж. 1-ж. 5:1, 2). Бұл пайғамбарлық қалай орындалды? Жүсіптің ұлдары Ефрем мен Манаса өз алдына екі ру болып, мұралық иелікке екі бөлек жер алды (Мұс. 1-ж. 49:25; Ешуа 14:4).

Жақыптың пайғамбарлығы

Жүсіп.

Ұлы

Жүсіп

Пайғамбарлық

“Бұл баталар бауырларының арасынан таңдап алынған Жүсіптің басына қона бермек” (Мұс. 1-ж. 49:22—26).

Орындалуы

Жүсіпке тұңғыштық жолы беріліп, оның екі ұлы өз алдына екі бөлек ру болды (Ешуа 14:4; Шеж. 1-ж. 5:1, 2).

15. Жүсіп әділетсіздік көргенде қалай әрекет етті?

15 Жақып садақшылар Жүсіпке “оқ атып, тіс қайрағанын” да айтып өтті (Мұс. 1-ж. 49:23). Жақыптың “садақшылар” деп отырғаны Жүсіптің талай азабына себепкер болған іші тар ағалары еді. Бірақ Жүсіп көрген қасіреті үшін бауырларына да, Ехобаға да ызаланбады. “Садағы үнемі керулі тұрса да”, “қолдары күшті әрі епті болса да”, ол кек алуды ойламады (Мұс. 1-ж. 49:24). Жүсіп Ехобаға толық сенім артты және ағаларын кешіріп қана қоймай, оларға көп жақсылық жасады (Мұс. 1-ж. 47:11, 12). Жүсіп бейімделгіш болғанның арқасында көрген қиындықтары оны тек жақсартты (Зәб. 105:17—19). Нәтижесінде, Ехоба Жүсіп арқылы ұлы істер жасады.

16. Сынақтарға кезіккенде, Жүсіпке қалай еліктесек болады?

16 Алар сабағымыз. Қиындықтар бізді Ехобадан да, бауырластардан да алыстатып жүрмесін. “Басымызға түскен азаптар... жөнге салынудың бір жолы” екенін естен шығармайық (Евр. 12:7). Ехоба сынақтарға жол бергеннің арқасында біз кешіру, мейірімді болу сияқты маңызды қасиеттерді дамыта аламыз (Евр. 12:11). Сынақтарға мойымай, соңына дейін табанды болып қалсақ, Жүсіп сияқты Ехобаның мол батасына кенелеміз.

БЕНИЯМИН

17. Бенияминге қатысты пайғамбарлық қалай орындалды? (Мұсаның 1-жазбасы 49:27) (Қоршауды да қараңыз.)

17 Мұсаның 1-жазбасы 49:27 оқыңыз. Жақып бенияминдіктер жемтігін паршалайтын қасқыр сияқты мықты жауынгер болатынын айтты (Би. 20:15, 16; Шеж. 1-ж. 12:2). Жақыптың “таңертең” деген сөзі бениямин руынан шыққан Саул Исраилдің алғашқы патшасы болған кезге нұсқады. Саул патша өз билігінің тұсында жауларымен батыл шайқасып, қаншама філістірді сұлатты (Сам. 1-ж. 9:15—17, 21). Ал Жақыптың “кешкісін” деген сөзі бениямин руынан шыққан Естер мен Мардохайдың заманына нұсқады. Персия империясында өте жоғары лауазымға ие болған олар Құдай халқын жау уысынан аман алып қалды (Ест. 2:5—7; 8:3; 10:3).

Жақыптың пайғамбарлығы

Бениямин.

Ұлы

Бениямин

Пайғамбарлық

“Таңертең ол аулаған аңын жейді, кешкісін олжасын бөліседі” (Мұс. 1-ж. 49:27).

Орындалуы

Саул Исраилдің алғашқы патшасы болды (Сам. 1-ж. 9:15—17). Естер мен Мардохай Ехобаның халқын құтқарып қалды (Ест. 2:5—7; 8:3; 10:3).

18. Бенияминдіктерге қай жағынан еліктесек болады?

18 Алар сабағымыз. Бенияминдіктер Исраилдің ең алғашқы патшасы өз араларынан шыққанда, бойларын мақтаныш кернегені анық. Бірақ кейін патшалық яһуда руынан шыққан Дәуітке өткенде, бенияминдіктер түбінде Ехобаның бұл шешімін қолдады (Сам. 2-ж. 3:17—19). Ал Исраилдің барлық рулары яһуда руына қарсы бас көтергенде, тек бенияминдіктер ғана яһуда руы мен Ехоба тағайындаған патшаны адалдықпен қолдады (Пат. 1-ж. 11:31, 32; 12:19, 21). Бенияминдіктерден үлгі алып, біз де Ехоба халқына жетекшілік етуге тағайындаған адамдарды адалдықпен қолдайық (Сал. 1-х. 5:12).

19. Жақыптың ақтық сөздерінен не түйеміз?

19 Көргеніміздей, Жақыптың ақтық сөздерінен көп нәрсе түюге болады. Оның айтқан пайғамбарлығының түгел орындалғаны Ехобаның басқа да пайғамбарлықтары орындалатынына көзімізді жеткізеді. Сондай-ақ Жақыптың ұлдарының қайсысына Ехоба батасын бергеніне қарап, оған қандай адам ұнамды екенін біле аламыз.

ЖАҚЫПТЫҢ... АЙТҚАН СӨЗДЕРІНЕН ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫҢЫЗ?

  • Забулон, Исахар мен Данға

  • Ғад, Ашир мен Нафталимге

  • Жүсіп пен Бенияминге

128-ӘН Соңына дейін табанды тұрайық

a Жақып алғашқы төрт ұлына үлкенінен кішісіне қарай сөйледі, ал қалған сегіз ұлына ондай ретпен сөйлемеді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу