Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 маусым 2—7 бет.
  • Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (1-бөлім)

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (1-бөлім)
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • РУБЕН
  • ШИМОН МЕН ЛЕУІ
  • ЯҺУДА
  • Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (2-бөлім)
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Жақып пен Есау татуласты
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Жақыптың үлкен отбасы
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 маусым 2—7 бет.

24-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

98-ӘН Рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалар

Жақыптың ақтық сөздерінен алар сабағымыз (1-бөлім)

“Бәрің қасыма жиналыңдар, сендермен соңғы күндері не болатынын айтып берейін” (МҰС. 1-Ж. 49:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Жақыптың Рубен, Шимон, Леуі мен Яһудаға қатысты айтқан пайғамбарлығынан біз де сабақ ала аламыз.

1, 2. Жақып өлер алдында не істеді және неге? (суретті де қараңыз.)

ЕХОБАНЫҢ адал қызметшісі Жақып Қанаханнан Мысырға көшіп, сонда 17 жыл тұрды (Мұс. 1-ж. 47:28). Сол жерде өлді деп ойлап келген сүйікті ұлы Жүсіппен қауышып, бүкіл отбасының басы қосылды. Сөйтіп, Жақыптың соңғы күндері қанағат пен қуанышқа толы болды. Енді Жақып өмірінің соңы таяғанын сезіп, ұлдарын түгел қасына жинады (Мұс. 1-ж. 49:28).

2 Сол заманда қандай да бір әулетбасы өлім аузында жатса, бүкіл отбасын жинап, оларға соңғы өсиетін айтатын болған (Ишая 38:1). Сондай-ақ өзінен кейін кім әулетбасы болатынын айтып кеткен.

Жақып өлер алдында 12 ұлына пайғамбарлық сөздерін айтып жатыр (1, 2-абзацты қараңыз)


3. Мұсаның 1-жазбасы 49:1, 2-ге сай, Жақыптың ақтық сөздері несімен ерекше болды?

3 Мұсаның 1-жазбасы 49:1, 2 оқыңыз. Жақыптың басқа әулетбасыларынан бір ерекшелігі — ол пайғамбар болды. Сондықтан ол ұлдарына тек нұсқаулар ғана беріп қоймай, рухтың жетелеуімен оларға және олардың ұрпақтарына қатысты пайғамбарлық айтты.

4. Бұл мақалада не қарастырамыз? (“Жақыптың үрім-бұтағы” деген қоршауды да қараңыз.)

4 Бұл мақалада біз Рубен, Шимон, Леуі мен Яһудаға Жақыптың не дегенін қарастырамыз. Ал қалған сегіз ұлына не айтқанын келесі мақалада талқылаймыз. Сондай-ақ Жақыптың өз ұлдары мен олардың ұрпақтарына қатысты айтқан пайғамбарлықтары Исраил халқының тарихында қалай дәлме-дәл орындалғанын көреміз. Бұдан бөлек, бұл пайғамбарлықтардан біз қандай сабақ алатынымызды қарастырып өтеміз.

Кестеде Жақыптың үрім-бұтағы көрсетілген. Оның Лия мен Рахила деген екі әйелі, сондай-ақ Балха мен Зилпа деген екі кәнизагы болды. Жақыптың Лиядан туған балалары: Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда, Исахар, Забулон және Дина. Жақыптың Рахиладан туған ұлдары: Жүсіп пен Бениямин. Балхадан Дан мен Нафталим, ал Зилпадан Ғад пен Ашир туылды.

РУБЕН

5. Рубен не нәрсеге дәмеленсе керек?

5 Жақып алдымен сөзін Рубенге арнады. “Сен менің тұңғышымсың”,— деді ол (Мұс. 1-ж. 49:3). Рубен тұңғыш ұл болғандықтан, әкесінен екі есе көп енші алуға дәмеленсе керек. Сондай-ақ әкемнен кейін әулетбасы мен боламын, ал кейін менің ұрпақтарым болады деп ойлаған шығар.

6. Жақып тұңғыштық жолын Рубенге не үшін бермеді? (Мұсаның 1-жазбасы 49:3, 4)

6 Бірақ бәрі Рубен ойлағандай болмады. Жақып оған тұңғыштық жолын берген жоқ (Шеж. 1-ж. 5:1). Жақыптың бұлай еткен себебі — Рубен Балхамен жақындасқан. Ал Балха Жақыптың кәнизагы еді (Мұс. 1-ж. 35:19, 22). Оны Жақыпқа өмірден өткен сүйікті әйелі Рахила қосқан болатын. Рубен мұндай бассыздыққа не үшін барды? Бәлкім, ол Балхамен жақындассам, әкем оны жек көріп, ал анам Лияны жақсы көре түседі деп ойлаған шығар. Я болмаса оның Балхаға қатты көңілі ауып, өз-өзін ұстай алмай, азғындыққа барған болуы мүмкін. Қалай болған күнде де, Рубеннің бұл қылығы Ехобаға да, әкесіне де мүлдем ұнаған жоқ (Мұсаның 1-жазбасы 49:3, 4 оқыңыз).

7. Жақыптың Рубенге қатысты айтқаны қалай орындалды? (“Жақыптың пайғамбарлығы” деген қоршауды да қараңыз.)

7 Жақып Рубенге: “Сен асқақтама”,— деді. Осылай Рубен өз бауырларынан ешқашан үстем болмайтынын пайғамбарлық етті. Расында да, Киелі кітапта Рубеннің ұрпағынан патша, діни қызметкер не пайғамбар шыққаны айтылмайды. Бірақ Жақып Рубеннен теріс айналмады. Ол өзінің мұралық иелігін алып, Исраилдің арасында рубендіктер өз алдына бір төбе болды (Ешуа 12:6). Рубен басқа жағдайларда өзінің жақсы адам екенін көрсетті және Киелі кітапта оның қайтадан азғындық жасағаны айтылмайды (Мұс. 1-ж. 37:20—22; 42:37).

Жақыптың пайғамбарлығы

Рубен.

Ұлы

Рубен

Пайғамбарлық

“Сен асқақтама” (Мұс. 1-ж. 49:4).

Орындалуы

Исраилге жетекшілік еткен адамдардың ешқайсысы Рубен руынан шыққан жоқ (Шеж. 1-ж. 5:1, 2).

8. Рубеннің жағдайынан қандай сабақ аламыз?

8 Алар сабағымыз. Жыныстық азғындықтан аулақ болу үшін біз ұстамдылық дамытуға бар күшімізді салуымыз керек. Бір күні азғындық жасауға азғырылып жатсаңыз, сәл тоқтап, ойланыңыз. Бұл әрекетіңіз Ехобаны ренжітетінін, ал жақындарыңыз бен басқа адамдардың жүрегін ауыртатынын ойлаңыз. Сондай-ақ мынаны ұмытпаңыз: “адам не ексе, соны орады” (Ғал. 6:7). Алатын тағы бір сабағымыз: қателік жасап қойсақ, Ехоба Рубенге рақым танытқанындай, бізді де кешіруге дайын. Ол бізді қателігіміздің салдарынан қорғамайды, әрине. Бірақ өкініп, түзелуге күш салатын болсақ, батасын береді.

ШИМОН МЕН ЛЕУІ

9. Жақып Шимон мен Леуіге не үшін разы болмады? (Мұсаның 1-жазбасы 49:5—7)

9 Мұсаның 1-жазбасы 49:5—7 оқыңыз. Жақып Шимон мен Леуіні де қатты сөкті. Бірнеше жыл бұрын, қанахандық Сихем деген жігіт Жақыптың қызы Динаны зорлаған болатын. Қарындастарының осылай қорланғаны ағаларының жанына қатты батқаны түсінікті-ақ. Содан Жақыптың ұлдары зымиян жоспар құрып, Сихем мен оның халқына бір шарт қойды. Егер ер адамдарың түгел сүндеттелсе, сендермен тату-тәтті тұрамыз деп жалған уәде берді. Олардың қойған шартына Сихем де, оның халқы да келісті. Кейін олар сүндеттеліп, ауырып жатқан кездерінде, Шимон мен Леуі “қолдарына семсер алып, ешкімге күдік туғызбай қалаға кіріп, еркек кіндіктінің бәрін қырып салды” (Мұс. 1-ж. 34:25—29).

10. Жақыптың Шимон мен Леуіге қатысты айтқан сөздері қалай орындалды? (“Жақыптың пайғамбарлығы” деген қоршауды да қараңыз.)

10 Жауыздықпен кісі өлтірген екі ұлына Жақып өте наразы болды. Сондықтан ол Шимон мен Леуінің ұрпақтары Исраилдің арасында шашырап жүретінін айтты. Оның бұл пайғамбарлығы шамамен 200 жыл өткен соң орындалды. Исраил халқы Уәде етілген жерге кіргенде, шимон руының үлесіне тиген қалалар Яһуданың мұралық иелігінде бытырап жатты (Ешуа 19:1). Ал леуіліктерге берілген 48 қала бүкіл Исраил бойынша шашырап жатты (Ешуа 21:41).

Жақыптың пайғамбарлығы

Шимон.

Ұлы

Шимон

Пайғамбарлық

“Мен оларды Жақыптың жеріне бытыратамын” (Мұс. 1-ж. 49:7).

Орындалуы

Шимон руының үлесіне тиген қалалар Яһуданың мұралық иелігінде бытырап жатты (Ешуа 19:1—8).

Леуі.

Ұлы

Леуі

Пайғамбарлық

“Мен оларды... Исраилдің арасына шашыратамын” (Мұс. 1-ж. 49:7).

Орындалуы

Леуіліктерге берілген 48 қала бүкіл Исраил бойынша шашырап жатты (Ешуа 21:41).

11. Шимон мен Леуінің ұрпақтары қандай игі істер жасады?

11 Шимон мен Леуінің ұрпақтары арғы аталарының қателігін қайталамады. Синай тауында Ехоба Мұсаға Заң берген кезде, исраилдіктердің көбісі алтын бұзауға табынып кетті. Бірақ леуі руы түгел Мұсаның қасына жиналып, Ехобаның жағына шықты. Олар Мұсаның нұсқауы бойынша бұзауға табынғандардың бәрін қырып, көздерін құртты (Мұс. 2-ж. 32:26—29). Осылай леуіліктер таза ғибадатты қолдап, Ехобаға адал екендерін дәлелдеді. Кейін Ехоба оларға қасиетті қызмет тапсырып, араларынан діни қызметкерлер тағайындап отырды (Мұс. 2-ж. 40:12—15; Мұс. 4-ж. 3:11, 12). Ал Шимонның ұрпақтарына келсек, олар яһудалықтарға мұралық жерлерін жаулап алуға көмектесті. Осылай олар Ехобаның уәде етілген жерді жаулап алуға қатысты ниетіне сай әрекет етті (Би. 1:3, 17).

12. Шимон мен Леуінің жағдайынан қандай сабақ аламыз?

12 Алар сабағымыз. Біз ешқашан ашумен шешім қабылдап, ашумен әрекет етпеуіміз керек. Өзімізге не жақындарымызға біреу жамандық жасаса, бойымызды ашу кернейтіні орынды (Зәб. 4:4). Бірақ ашумен жасалған істер, ашумен айтылған сөздер Ехобаға мүлдем ұнамайтынын естен шығармауымыз керек (Жақ. 1:20). Қауымдағы бауырластардан не сырттағы адамдардан әділетсіздік көрсек, Киелі кітаптағы принциптерге сай әрекет етуіміз керек. Сонда ашудың жетегінде кетіп, ақымақтық жасап қоймаймыз (Рим. 12:17, 19; Пет. 1-х. 3:9). Жастардың да алар бір сабағы бар: егер ата-анаң Ехобаға ұнамайтын істер жасаса, бұл сен де олардың ізімен жүруің керек деген сөз емес. “Ата-анам осындай болса, мен қайда барамын” деп ешқашан ойлама. Ехобаға ұнайтын нәрсені істеуге күш сала берсең, ол саған міндетті түрде батасын береді.

ЯҺУДА

13. Кезегі келгенде Яһуда неге тыпыршып кеткен болуы мүмкін?

13 Ендігі кезек Яһудаға келді. Яһуда әкесінің ағаларына не айтқанын естіп, маған не дер екен деп тыпыршып кеткен шығар. Өйткені ол да көп қателігі үшін жазықты еді. Мысалы, Яһуда да бауырларына қосылып, Сихем қаласын талан-тараж етті (Мұс. 1-ж. 34:27). Жүсіпті сатып жіберуге бауырларын көндірген де Яһуда еді. Жүсіп өлді деп ол да әкесіне өтірік айтты (Мұс. 1-ж. 37:31—33). Ол — ол ма, Яһуда келіні Тамарды жезөкше деп ойлап, онымен жақындасты (Мұс. 1-ж. 38:15—18).

14. Жақып Яһудаға не деді және Яһуданың жақсы жақтары да болғанын қайдан білеміз? (Мұсаның 1-жазбасы 49:8, 9)

14 Бірақ күтпеген жағдай болды. Жақып киелі рухтың жетелеуімен Яһудаға тек мақтау сөздер айтып, тек бата берді (Мұсаның 1-жазбасы 49:8, 9 оқыңыз). Яһуда қартайған әкесін уайымдап, жағдайын ойлап жүрді. Ол кенже інісі Бенияминді қатты жақсы көрді, тіпті оның орнына құл болуға дайын болды (Мұс. 1-ж. 44:18, 30—34).

15. Жақыптың Яһудаға қатысты пайғамбарлығы қалай орындалды?

15 Жақып Яһуданың өз бауырларынан үстем болатынын пайғамбарлық етті. Бұл пайғамбарлық шамамен 200 жылдан соң ғана орындала бастады. Исраил халқы Мысырдан шығып, Уәде етілген жерге бет алғанда, көшті яһуда руы бастады (Мұс. 4-ж. 10:14). Уәде етілген жерді жаулайтын кезде де яһуда руы басқа руларды бастап алып жүрді (Би. 1:1, 2). Кейін бұл рудан небір патшалар шығып, алғашқысы әрі беткеұстары Дәуіт болды. Бірақ Яһудаға қатысты пайғамбарлықтың ғаламат орындалуы әлі алда еді.

16. Мұсаның 1-жазбасы 49:10-дағы пайғамбарлық қалай орындалды? (“Жақыптың пайғамбарлығы” деген қоршауды да қараңыз.)

16 Жақып бүкіл адамзаттың Билеушісі яһуда руынан шығатынын және ол мәңгі билік ететінін пайғамбарлық етті (Мұсаның 1-жазбасы 49:10 және сілтемені оқыңыз). Бұл Билеуші — Иса Мәсіх. Жақып оны “Шило” деп атады. Ал бір періште Иса жайлы: “Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды”,— деді (Лұқа 1:32, 33). Сондай-ақ Киелі кітапта Иса “яһуда руынан шыққан Арыстан” деп аталады (Аян 5:5).

Жақыптың пайғамбарлығы

Яһуда.

Ұлы

Яһуда

Пайғамбарлық

“Шило келмейінше, Яһуданың қолынан патша асатаяғы... алынбайды” (Мұс. 1-ж. 49:10).

Орындалуы

Яһуда руынан шыққан Иса Мәсіх Құдай Патшалығының патшасы болды (Лұқа 1:32, 33).

17. Ехобаға қай жағынан еліктесек болады?

17 Алар сабағымыз. Яһуда қателіктер жасаса да, Ехоба оған батасын берді. Бәлкім, бауырлары “Ехоба Яһуданы не үшін сонша асқақтатты, ол не істеді сонша?” деп ойлаған шығар. Олар не ойласа да, Ехоба Яһуданың жақсы қасиеттерін көріп, сол үшін батасын берді. Ал біз Ехобаға қалай еліктесек болады? Әдетте қандай да бір бауырлас жаңа қызметке тағайындалып жатса, біз бірден оның кемшіліктерін байқап қоямыз. Бірақ Ехоба оның жақсы қасиеттерін көріп, сол үшін оған осы қызметті сеніп тапсырғанын ұмытпауымыз керек. Ехоба — қызметшілерінің бойынан тек жақсылықты іздейтін Құдай. Біз де сондай болуға ұмтылайық.

18. Яһуда руына қай жағынан еліктесек болады?

18 Яһуда руынан алатын тағы бір сабағымыз — шыдамды болу. Ехоба өз уәделерін міндетті түрде орындайды, бірақ оның уәделері біз қалағандай не біз қалаған уақытта орындалмауы мүмкін. Яһуда руы да Құдай халқының арасында бірден үстем болып кеткен жоқ. Құдай халқына басшылық еткен адамдар алғашында басқа рулардан шықты. Мысалы, Мұса леуі руынан, Ешуа ефрем руынан, ал Саул патша бениямин руынан болды. Яһуда руы Ехоба тағайындаған осы адамдарды адалдықпен қолдап жүрді. Біз де оларға еліктеп, Ехоба кімді тағайындаса да, басшылықты қолға алған бауырластарды қолдай берейік (Евр. 6:12).

19. Жақыптың өлер алдында айтқан пайғамбарлық сөздерінен не түйдік?

19 Қорытындыласақ, Жақыптың өлер алдында айтқан пайғамбарлық сөздерінен не түйдік? “Құдай мәселеге пенде сияқты қарамайды” (Сам. 1-ж. 16:7 сілт.). Ехоба — шыдамды әрі кешірімді Құдай. Ол ешбір күнәға төзбейді, сөйтсе де қызметшілерінен бірде-бір күнә жасамайды деп күтпейді. Ехоба күнәсіна өкініп, бұрыс жолынан қайтқан кез келген адамды жарылқап, батасын беруге дайын. Келесі мақалада Жақып қалған сегіз ұлына не айтқанын қарастырамыз.

ЖАҚЫПТЫҢ... АЙТҚАН СӨЗДЕРІНЕН ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫҢЫЗ?

  • Рубенге

  • Шимон мен Леуіге

  • Яһудаға

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу