Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 сәуір 26—31 бет.
  • Жас ер бауырлас, Марқа мен Тімөтеден үлгі ал

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жас ер бауырлас, Марқа мен Тімөтеден үлгі ал
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • МАРҚАҒА ЕЛІКТЕП, ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ДАЙЫН БОЛ
  • ТІМӨТЕГЕ ЕЛІКТЕП, БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ҚАМЫН ОЙЛА
  • ПАУЫЛДЫҢ ӘКЕЛІК АҚЫЛЫНА ҚҰЛАҚ АС
  • ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТ ТЕ, БАҚЫТҚА ТОЛЫ ӨМІР КЕШ
  • “Қауымдарды нығайтты”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Тағайындалған ер бауырластар, Тімөтеден үлгі алыңыздар
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Ер бауырластар, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • “Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам”
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 сәуір 26—31 бет.

18-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

65-ӘН Алға ұмтыл!

Жас ер бауырлас, Марқа мен Тімөтеден үлгі ал

“Марқаны өзіңмен бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ” (ТІМ. 2-Х. 4:11).

НЕГІЗГІ ОЙ

Жас ер бауырластар Марқа мен Тімөтеден үлгі алса, өзгелерге көбірек қызмет ету үшін қажетті қасиеттер мен қабілеттерді дамыта алады.

1, 2. Марқа мен Тімөтеге қызмет аясын кеңейту оңай болды ма? Түсіндіріңіз.

ЖАС ЕР БАУЫРЛАС, сен Ехобаға және қауымдағы бауырластарыңа көбірек қызмет еткің келер ме еді? Келетініне еш күмәнданбаймыз. Қаншама жас ер бауырластардың Ехобаға көбірек қызмет етуге дайын екенін көріп қатты қуанамыз! (Зәб. 110:3). Бірақ белгісіздіктен қорқып, тағайындалсам өмірім қандай болады екен деп уайымдайтын ер бауырластар жоқ емес. Тәжірибем аз, бұл қолымнан келмейді деп жаңа қызметтен аяқ тартатындар да бар. Сенде де сондай қорқыныш бар ма? Бар болса, онда Марқа мен Тімөтеден үлгі алсаң болады.

2 Марқа мен Тімөте де белгісіздіктен қорыққан шығар, тәжірибем жоқ қой деп уайымдаған да болар. Бірақ бұндай қорқыныштары оларға көбірек қызмет етуге кедергі болмады. Мысалы, Барнаба мен Пауыл Марқаны алғашқы миссионерлік сапарларына ертіп алмақшы болды. Ол кезде Марқа анасымен бірге бар жағдайы жасалған үйде тұрып жатса керек (Ел. іс. 12:12, 13, 25). Бірақ ол осындай жайлы өмірін тастап, қызмет аясын кеңейтіп кетті. Басында ол Антиохияға көшіп барды, кейін Пауылмен және Барнабамен бірге басқа да алыс-алыс елдерге сапар шекті (Ел. іс. 13:1—5). Тімөтені алсақ, ол да ата-анасымен бірге алаңсыз өмір кешіп жатқан еді. Тімөте жас әрі тәжірибесіз болғандықтан, өз-өзіне сенімсіз де болған шығар (Қорынттықтарға 1-хат 16:10, 11 және Тімөтеге 1-хат 4:12 салыстырыңыз). Бірақ ол Пауылмен қызметтесуге жүрексінбей, оның шақыруын қабыл алды. Осылай Тімөте қызығы мол өмірге аяқ басты (Ел. іс. 16:3—5).

3. а) Пауыл Марқа мен Тімөтені қаншалықты жақсы көрді? (Тімөтеге 2-хат 4:6, 9, 11) (Суретті де қараңыз.) ә) Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Марқа мен Тімөте жастайынан қауымда жауапкершіліктер атқарып, көп тәжірибе жинады. Пауылдың бұл екі жігітті қатты жақсы көріп кеткені сонша — өлімге кесілетін уақыты таяғанда екеуін қасына шақырып алған (Тімөтеге 2-хат 4:6, 9, 11 оқыңыз). Марқа мен Тімөтені Пауыл не үшін сонша жақсы көрді? Жас ер бауырластар бұл екі жігіттен не нәрсеге үйрене алады? Пауылдың Тімөтеге айтқан әкелік ақылы олар үшін несімен пайдалы? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақаладан аламыз.

Коллаж: 1. Марқа Пауыл мен Барнабаның тамағын дайындап жатыр. 2. Тімөте ақсақалдардың алдында хат оқып тұр, ал олар Тімөтені мұқият тыңдап отыр.

Жастайынан жауапкершіліктер атқарған Марқа мен Тімөтені Пауыл жақсы көріп кетті (3-абзацты қараңыз)c


МАРҚАҒА ЕЛІКТЕП, ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ДАЙЫН БОЛ

4, 5. Марқа ештеңеге қарамай өзгелерге қызмет ете беруге дайын екенін қалай дәлелдеді?

4 Бір сөздікке сай, өзгелерге қызмет ету деген өзгелердің игілігі үшін ауыр еңбектенуді және соны қиын кезде де істей беруді білдіреді. Бұл ретте Марқа бізге жақсы үлгі қалдырған. Есімізде болса, Пауыл оны екінші миссионерлік сапарына ерткісі келмеді. Бұл Марқаға ауыр тисе керек (Ел. іс. 15:37, 38). Бірақ ол сонда да бауырластарына қызмет ете беруге дайын болды. Бұны қайдан білеміз?

5 Пауыл ертпей қойса да, Марқа туысы Барнабаға қосылып, онымен бірге қызмет ете берді. Ал шамамен 11 жылдан кейін Пауыл Римде алғаш рет қамауға алынғанда, Марқа оның қасынан табылып, оған қолдау көрсетті (Флм. 23, 24). Марқаның көмегіне риза болған Пауыл оны “тірегім” деп атады (Қол. 4:10, 11).

6. Толысқан ер бауырластармен қызметтескеннің арқасында Марқа қандай тәжірибе жинады? (Суретті де қараңыз.)

6 Марқа толысқан ер бауырластармен қызметтескеннің арқасында көп тәжірибе жинады. Пауылмен бірге Римде біраз болған соң, Марқа Бабылға барып, сонда жүрген елші Петірмен қызметтесті. Петір оны жақын тартып, оған бауыр басып кеткені сонша — оны “ұлым” деп атады (Пет. 1-х. 5:13). Бірге қызметтесіп жүргенде Петір оған Исаның өмірінде болған оқиғаларды егжей-тегжейлі айтып берген көрінеді. Кейін Марқа сол естігендерін өзінің атымен аталатын кітапқа түсірдіa.

7. Су Чон бауырлас Марқаға қалай еліктеген? (Суретті де қараңыз.)

7 Марқа қиындыққа қарамай қызмет ете бергеннің арқасында рухани толысқан ер бауырластармен тығыз қызметтескен. Сен де Марқадан үлгі алсаң болады. Қызмет көмекшісі не ақсақал болып әлі тағайындалмаған болсаң, шыдамды бол және бауырластарыңа қызмет етудің басқа да жолдарын іздей бер. Су Чонb деген ер бауырлас солай еткен. Ол өзін қауымдағы басқа ер бауырластармен көп салыстырған. Араларынан біреуі тағайындалып жатса, ол жаман болып, өзін шетте қалғандай сезінген. Сөйтіп, ол бұл туралы ақсақалдарға ашық айтады. Сонда бір ақсақал оған ешкім көрмесе де, өзгелерге жақсылық жасай бер деп кеңес береді. Су Чон оның кеңесіне құлақ асып, қарт және мұқтаж бауырластарды көлігімен қауымға апарып-әкеліп жүреді. Қазір ақсақал болып қызмет ететін ол былай дейді: “Өзгелерге қызмет етудің не екенін мен бұрын түсінбеппін. Бауырластардың қамын жасау сонша көп қуаныш әкеледі деп ешқашан ойламаппын”.

Жас ер бауырлас егде тартқан бір ер бауырласты көлігімен қауымға алып келді.

Неге жас ер бауырластардың толысқан ер бауырластармен жиі араласып тұрғаны дұрыс? (7-абзацты қараңыз)


ТІМӨТЕГЕ ЕЛІКТЕП, БАУЫРЛАСТАРДЫҢ ҚАМЫН ОЙЛА

8. Пауыл Тімөтені не үшін таңдады? (Філіпіліктерге 2:19—22)

8 Қатты қуғын көрсеткен қалаларға қайтып бармас бұрын, Пауыл қасына ержүрек ер бауырластарды ертіп жүрді. Алдымен ол Ехобаға ұзақ уақыт адал қызмет еткен Сыйласты таңдап алды (Ел. іс. 15:22, 40). Кейін Тімөтені де өзімен бірге алып жүрді. Пауыл Тімөтені не үшін таңдады? Біріншіден, бауырластар Тімөте туралы жақсы пікірде болған (Ел. іс. 16:1, 2). Екіншіден, Тімөте өзгелердің қамын шын көңілден ойлаған (Філіпіліктерге 2:19—22 оқыңыз).

9. Тімөте бауырластардың қамын шын көңілден ойлағаны неден көрінді?

9 Бірге қызмет етіп жүргенде, Пауыл Тімөтенің өз мүддесінен гөрі өзгелердің мүддесін көбірек ойлайтынын бірден байқады. Сол үшін де ол Тімөтені Сыйласпен бірге Береяда қалдырып, оларға жаңа шәкірттерді нығайтуды тапсырды (Ел. іс. 17:13, 14). Сыйласпен қызметтесіп жүріп те Тімөте біраз тәжірибе жинады. Кейін Пауыл оның жалғыз өзін Салоникадағы бауырластарға жіберді (Сал. 1-х. 3:2). Он бес жылда Тімөте бауырластарды жақсы көріп кеткені сонша — қиналған шақтарында олармен бірге жылап, қайғысына ортақтасып жүрді (Рим. 12:15; Тім. 2-х. 1:4). Ал жас ер бауырластар Тімөтеге қалай еліктесе болады?

10. Хан Сик бауырлас өзгелерге көңіл бөлуді қалай үйренді?

10 Хан Сик деген ер бауырлас өзгелерге көңіл бөлудің не екенін жас кезінде аса түсінбеген. Ол өзінен үлкен бауырластармен не туралы сөйлесетінін білмей, жай амандасып қастарынан өтіп кете берген. Бірақ бір ақсақал оған бауырластармен әңгіме бастау үшін оларды не үшін жақсы көретінін айтып, мақтауға болатынын айтады. Сондай-ақ бауырластарды не қызықтырады, не уайымдатады, сол жайлы да ойланып көруге талпындырады. Хан Сик сол ақсақалдың айтқандарын істеп көреді. Бүгінде ақсақал болып қызмет етіп жүрген ол былай дейді: “Қазір мен әртүрлі жастағы бауырластармен оңай әңгімелесіп кете аламын. Соның арқасында кімнің басында қандай қиындық, қандай уайым бар екенін білемін. Ал бауырластардың жағдайын жақсы білсең, көбірек көмектесе аласың”.

11. Жас ер бауырластар қауымдағыларға көңіл бөлуді үйрену үшін не істесе болады? (Суретті де қараңыз.)

11 Хан Сик бауырлас сияқты сен де өзгелерге көңіл бөлуді үйренсең болады. Қауымға келгенде әртүрлі бауырластармен араласып көр. Олардың қал-жағдайларын сұра, сөздерін мұқият тыңда. Сонда қауымда кімнің қандай көмекке мұқтаж екенін біліп аласың. Бәлкім, бір қарт бауырлас JW Library® қосымшасын қолдануды дұрыс білмейтін шығар, я болмаса қызметке шығатын адам таппай жүрген болар. Ондай бауырласқа құрылғысын қолдануды үйрете алар ма едің? Немесе онымен бірге қызметке шыға аласың ба? Егер бауырластарға көмектесуге өзің бірінші болып ұмтылсаң, қауымдағыларға жақсы үлгі көрсетесің.

Жас ер бауырлас егде тартқан бір ер бауырласпен үйме-үй уағыздап жүр. Қарт бауырлас ер адаммен сөйлесіп тұр, ал жас ер бауырлас планшеттен видео көрсетіп тұр.

Жас ер бауырластар қауымдағыларға көп көмек көрсете алады (11-абзацты қараңыз)


ПАУЫЛДЫҢ ӘКЕЛІК АҚЫЛЫНА ҚҰЛАҚ АС

12. Пауылдың Тімөтеге айтқан кеңестерінің пайдасын көру үшін жас ер бауырластар не істесе болады?

12 Өмірі мағыналы, ал қызметі жемісті болсын деп Пауыл Тімөтеге әкелік ақылын айтты (Тім. 1-х. 1:18; Тім. 2-х. 4:5). Оның айтқан кеңестері сен үшін де пайдалы болады. Тімөтеге арналған екі хатты Пауыл тура өзіңе арнап жазғандай оқып көрші. Пауыл жазған кеңестердің қайсысын өмірде қолданғың келер еді? Қазір сол кеңестердің бірнешеуін қарастырып көрейік.

13. Құдайға шын берілгендік дамыту үшін жас ер бауырластар не істеу керек?

13 “Құдайға шын берілгендік дамытуды мақсат етіп, жаттыға бер” (Тім. 1-х. 4:7ә). “Құдайға шын берілгендік” деген Ехобаға адал болуды және оның көңілінен шығуға барынша тырысуды білдіреді. Бұл қасиет туа бітпейді, сондықтан оны өзіміз дамытуымыз қажет. Ал дамыту үшін, Пауыл айтқандай, жаттыға беруіміз керек. “Жаттыға бер” деп аударылған тіркес грек тілінде атлетке қатысты қолданылады. Әдетте атлет жарысқа дайын болу үшін өз-өзін тәртіпке салып, көп жаттығады. Тура солай біз де өз-өзімізді тәртіпке салып, Ехобаға жақындауға көмектесетін әдеттерді дамыта беруіміз қажет.

14. Киелі кітапты қандай мақсатпен оқығаның дұрыс? Мысалмен түсіндір.

14 Киелі кітапты күнде оқу өте жақсы әдет. Киелі кітапты оқудағы мақсатың Ехобаға жақындай түсу екенін естен шығарма. Сен Киелі кітаптан Иса мен бай жігіт жайлы оқиғаны оқып жатырсың делік (Мар. 10:17—22). Бай жігіт Исаның Мәсіх екеніне сенуін сенді, бірақ оның соңынан еретіндей сенімі мықты болмады. Сонда да Иса оны “жақсы көріп кетті”. Қалай ойлайсың, бай жігітпен жылы-жұмсақ сөйлеуге Исаны не талпындырды? Біріншіден, Иса оның қамын ойлап тұрғандықтан, ол дұрыс таңдау жасаса екен деді. Екіншіден, Иса тура Әкесі Ехоба сияқты мейрімді еді (Жох. 14:9). Енді осы оқиғаны өз жағдайыңа қатыстырып көр. Ол үшін былай деп ой жүгіртсең болады: “Бай жігітке ұқсамай, Ехобаға көбірек қызмет ету үшін не істеуім керек? Бұл оқиға мені Ехобаға қалай жақындата түседі?”

15. Жас ер бауырластардың өзгелерге жақсы үлгі көрсеткені неге маңызды? Мысал келтіріңіз. (Тімөтеге 1-хат 4:12, 13)

15 “Адал болып жүргендерге... үлгі көрсет” (Тімөтеге 1-хат 4:12, 13 оқыңыз). Пауыл Тімөтені оқу, тәлім беру сияқты қабілеттерін ғана емес, сүйіспеншілік, сенім сияқты қасиеттерін де дамытуға талпындырды. Бұнысы бекер емес, өйткені адамның сөзінен гөрі әрекеті әлдеқайда өтімді. Мысалы, сен қауымда құлшыныспен уағыздау туралы баяндама айтасың делік. Егер өзің құлшыныспен уағыздап жүрген болсаң, сахнада еркін сөйлей аласың. Көрсетіп жүрген жақсы үлгің сөзіңе салмақ қосады. Ендеше, өзіңді сөзіңнен кем көрсетіп жүрме (Тім. 1-х. 3:13).

16. а) Жас ер бауырластар қандай бес салада үлгі көрсете алады? ә) “Сөзімен. . . үлгі көрсету” үшін жас ер бауырлас не істесе болады?

16 Тімөтеге 1-хат 4:12-де Пауыл жас ер бауырластар үлгі көрсете алатын бес саланы атап өткен. Солардың әрқайсысын қарастырып, жеке зерттеу жасап көрсең болады. Мысалы, өзіңнің сөйлеу жағынан жақсаруың керектігін байқадың делік. Өзгелерге “сөзіңмен... үлгі көрсету” үшін не істесең болады? Егер ата-анаңмен бір үйде тұрып жатсаң, қамқорлықтары үшін оларға жиірек алғыс білдіріп отыр. Қауымнан кейін тапсырмамен шыққан бауырластарды мақта, рақмет айт. Кездесулерге жақсы дайындалып, өз сөзіңмен түсініктеме бер. Осылай өзгелерге сөзіңмен үлгі көрсетсең, сенің рухани алға басып жатқаның “бәріне анық көрінетін болады” (Тім. 1-х. 4:15).

17. Рухани мақсаттарына жету үшін жас ер бауырластар не істесе болады? (Тімөтеге 2-хат 2:22)

17 “Жастық шаққа тән қалаулардан аулақ бол, қайта,.. әділдікке... ұмтыл” (Тімөтеге 2-хат 2:22 оқыңыз). Пауыл Тімөтені рухани мақсаттардан алаңдататын, Ехобамен достығын бұзатын қалаулардан аулақ болуға талпындырған. Жас кезіңде істегің келетін нәрселердің бәрі бірдей жаман емес шығар. Бірақ олар сенің рухани істерге арнайтын алтын уақытыңды ұрлауы мүмкін. Ойланып көрші, спортпен айналысуға, интернет шарлауға, видео ойындар ойнауға қанша уақытың кетеді? Сол уақыттың біршамасын Ехобаға және өзгелерге қызмет етуге арнай алар ма едің? Мысалы, неге Патшалық сарайындағы жөндеу жұмыстарына көмектесуге, конгрестермен байланысты жұмыстарда қолғабыс етуге ниет білдірмеске?! Осындай теократиялық істерге атсалыссаң, рухани достар табасың. Ал рухани достармен рухани мақсаттарыңа тезірек жетесің.

ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТ ТЕ, БАҚЫТҚА ТОЛЫ ӨМІР КЕШ

18. Неге Марқа мен Тімөтенің өмірі мағыналы да қызықты өтті дей аламыз?

18 Марқа мен Тімөте өзгелерге қызмет ету үшін біраз құрбандыққа барса да, өмірлері мағыналы да қызықты өтті (Ел. іс. 20:35). Марқа бауырластарына көмектесу үшін алыс-алыс елдерді аралап, біраз жер көрді. Сондай-ақ ол Исаның өмірі мен қызметі жайлы тамаша кітап жазды. Ал Тімөте Пауылға жаңа қауымдар құруға, бауырластарды нығайтып, жігерлендіруге көп қолғабыс еткен. Бұл екі жанқияр қызметшісіне қарап Ехобаның сүйсінгені анық.

19. Пауылдың Тімөтеге айтқан кеңестеріне неге жас ер бауырластар да құлақ асу керек және құлақ асқандарды қандай өмір күтіп тұр?

19 Тімөтеге арналған екі хатты оқығанда Пауыл Тімөтені қаншалықты жақсы көргенін аңғаруға болады. Ал сол екі хаттың киелі рухтың жетелеуімен жазылғаны Ехоба жас ер бауырластарды қаншалықты жақсы көретінін көрсетеді. Аса бағалы жас ер бауырласымыз, Ехоба сенің қызметтен қуаныш алғаныңды қалайды. Сондықтан Пауылдың жазып кеткен әкелік ақылына құлақ асып, өзгелерге қызмет етуге ұмтыла бер. Сонда өмірің қазірден бастап қуанышты әрі қызықты сәттерге толы болады. Ал болашақта “шынайы өмірдің” рақатын көресің (Тім. 1-х. 6:18, 19).

ЖАС ЕР БАУЫРЛАСТАР...

  • Марқадан қай жағынан үлгі алса болады?

  • Тімөтеден қай жағынан үлгі алса болады?

  • өзгелерге көбірек қызмет ету үшін Пауылдың қай кеңесін қолданса болады?

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”

a Петір іштегі сезімдерін жасырмай, ашық көрсететін адам болғандықтан, Исаның әртүрлі жағдайларда не сезінгенін анық та қанық етіп сипаттап берсе керек. Сол үшін де болар Марқа өзінің жазған Ізгі хабарында Исаның сезімдеріне көп назар аударған (Мар. 3:5; 7:34; 8:12).

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Миссионерлік сапарда жүргенде, Марқа Пауыл мен Барнабаға қызмет көрсетіп жүр. Қауымға сапармен келген Тімөте ер бауырластарды жігерлендіріп жатыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу