Билік иелері соғысты тоқтата ала ма?
Бүгінде қақтығыстарға әртүрлі нәрселер себеп болып жатады. Олардың ішінде саяси не экономикалық мәселелер және әлеуметтік теңсіздік бар. Тағы біреулер өзгелердің еліне әмірін жүргізіп, қазба байлықтарын иемденгісі келеді. Бірсыпыра кикілжіңге ұлт не дін арасындағы араздық себепші болады. Бүгінде татулық орнатуға нендей әрекеттер жасалып жатыр? Адамдардың салған күші қандай да бір нәтиже әкеле ме?
Drazen_/E+ via Getty Images
ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ
Мақсат: Адамдардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Осының арқасында келіспеушіліктің негізгі себептерінің бірі болып отырған әлеуметтік теңсіздікті жоюға я оны біршама жақсартуға болады.
Қолбайлау: Мемлекет басшылары қаражаттың басым бөлігін қайда жұмсап жатқандары жайлы ойланулары керек. 2022 жылы дүниежүзі бойынша татулық орнатып, оны сақтап қалуға шамамен 34,1 миллиард АҚШ доллары жұмсалған. Алайда бұл дәл сол жылы соғысқа жұмсалған қаражаттың 0,4 пайызын ғана құрайды.
“Қақтығыстардың алдын алып, татулық орнатудың орнына олардың зардабымен күресуге анағұрлым көп қаражат пен күш кетіп жатыр” (БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутерреш).
Киелі кітаптың айтары: Мемлекет басшылары мен құзырлы орындар халықтың әлеуметтік жағдайын біршама көтергенмен, олар кедейліктің тамырына ешқашан балта шаба алмайды (Мұсаның 5-жазбасы 15:11; Матай 26:11).
МӘМІЛЕГЕ КЕЛУ
Мақсат: Келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу үшін екі жақ келісімсөз жүргізіп, екі тарапқа да пайдасы тиетін бітімге келу қажет.
Қолбайлау: Бір не бірнеше тараптар келісімсөз жүргізгісі, ымыраға келгісі я келісім шарттарын қабылдағысы келмеуі мүмкін. Бұған қоса, татулық шарттары оп-оңай бұзылуы мүмкін.
“Мәмілеге келу әрдайым жақсы нәтиже әкеле бермейді. Соғысқа нүкте қоюға қатысты келісімдердің кем-кетігі көп болғаны соншалық, бұл одан да зор қақтығыстарға бастау беріп жатады” (Раймонд Смит, “Америка дипломатиясы”).
Киелі кітаптың айтары: Адамдар татулыққа ұмтылулары керек (Зәбүр 34:14). Алайда “опасыз”, “ымыраға келмейтін”, “сатқын” адамдарды бүгінде көптеп кездестіреміз (Тімөтеге 2-хат 3:1—4). Адамдардың мұндай жаман мінез-құлқы игі ниетті билік басшыларының аяғынан шалып жатады.
ҚАРУ-ЖАРАҚТАН БАС ТАРТУ
Мақсат: Қару-жарақтың, әсіресе ядролық, химиялық және биологиялық қару-жарақтың, санын азайту не одан мүлдем бас тарту.
Қолбайлау: Елдер өз қару-жарақтарынан айырылғысы жоқ. Өйткені күші азайып, қорғансыз боп қалудан қорқады. Оның үстіне, қару-жарақ жойылғанмен, соғысқұмар адамдардың зұлым ниеті жойылмасы анық.
“Кеңес Одағы құлдырағаннан кейін, қару-жарақты жоюға қатысты берілген уәделердің күлі көкке ұшты. Қауіп пен халықаралық келіспеушіліктерді азайтып, түбінде бейбіт өмірге жақындататын нақты қадамдар жасауға қатысты уәделер де орындаусыз қалды” (БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі басқармасының баяндамасы).
Киелі кітаптың айтары: Адамдар “семсерлерінен соқа соғып”, қару-жарақтан құтылулары керек (Ишая 2:4). Алайда бұлай еткен аздық етеді, өйткені зұлымдық атаулы адамның жүрегінен бастау алады (Матай 15:19).
ЖҰМЫЛА ӘРЕКЕТ ЕТУ
Мақсат: Бүгінде елдер қауіп тудырған мемлекетке бірлесе қарсы шығуды жөн көреді. Олардың ойынша, мұндайда қауіп тудырған мемлекет жұдырықтай жұмылған бірнеше мемлекетке қарсы шығуға дәті бармайды.
Қолбайлау: Мұндай жоспардың сәтті өтетініне ешқандай кепілдік жоқ. Өзара келіскен мемлекеттер уәделерінен айнып жатады және қажеттілік туындағанда қашан және қалай әрекет етуге қатысты ойлары бір жерден шықпайды.
“Кезінде Ұлттар Лигасында, ал бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымында елдердің бірлесе әрекет етуі маңызды рөл ойнағанмен, екі жағдайда да баяғы жартас сол жартас болып қалды” (“Британ энциклопедиясы”).
Киелі кітаптың айтары: “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген сөз бар (Уағыздаушы 4:12). Алайда жұмыр басты пендеден біржолата бейбіт, қауіпсіз заман орнатады деп күте алмаймыз. Киелі кітапта: “Беделділерге арқа сүйемеңдер, Еш құтқара алмайтын адам баласына да сенім артпаңдар. Оның демі бітіп, қара жерге оралады, Сол күні-ақ бар ой-ниеті құрып жоғалады”,— делінген (Зәбүр 146:3, 4, сілт.).
Бейқам өмірге қол жеткізу үшін қаншама күш салынғанмен, соғыс атаулыны тізгіндеу әзірге мүмкін болмай отыр.