33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
130-ӘН Кешірімді болайық
Біреу күнә жасағанда, қауым Ехобаның көзқарасын ұстанады
“Егер біреу күнә жасап қойса, Әкенің қасында әділ көмекшіміз Иса Мәсіх бар” (ЖОХ. 1-Х. 2:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бірінші ғасырда Қорынт қауымында ауыр күнә жасалғанда жағдай қалай шешілгенін және біз бұл оқиғадан не білетінімізді қарастырамыз.
1. Ехоба барлық адамға нені тілейді?
ЕХОБА адамның бәрін таңдау еркімен жаратқан. Күн сайын шешімдер қабылдағанда, біз осы сыйдың игілігін көріп жатамыз. Адам баласы жасай алатын ең маңызды таңдау — Ехобаға бағышталып, оның отбасына қосылу. Ехоба әрбір адамның осындай таңдау жасағанын қалайды. Өйткені ол адамдарды жақсы көреді және оларға бар жақсылықты тілейді. Адамдар онымен дос болып, мәңгі өмір сүрсе екен дейді (Мұс. 5-ж. 30:19, 20; Ғал. 6:7, 8).
2. Күнәсіна өкінбеген адамға Ехоба қалай қарайды? (Жоханның 1-хаты 2:1)
2 Алайда Ехоба ешкімді өзіне қызмет етуге күштемейді. Ол әрбір адамға не істейтінін өзі шешуіне мүмкіндік береді. Ал шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, мәсіхші Құдай заңын бұзып, ауыр күнә жасаса, онымен не болады? Ол ісіне өкінбесе, қауымнан аластатылу керек (Қор. 1-х. 5:13). Тіпті осындай жағдайдан кейін де Ехоба ол адамның қайта оралғанын қатты қалайды. Күнәсіна өкінген адамды ол кешіргісі келеді. Бұл мүмкін болу үшін төлем беріп, шара жасап та қойған (Жоханның 1-хаты 2:1 оқыңыз). Сүйіспеншілігі мол Құдайымыз Ехоба күнә жасаған адамды өкінуге талпындырады (Зәк. 1:3; Рим. 2:4; Жақ. 4:8).
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Ехоба біздің күнәға және күнә жасаған адамға деген көзқарасымыз онікіндей болғанын қалайды. Ехобанікіндей көзқарасқа қалай ие бола алатынымызды түсіну үшін осы мақалада келесі сұрақтарды қарастырамыз: 1) Қорынт қауымында ауыр күнә жасалғанда қандай шара қолданылды? 2) Ал күнә жасаған адам өкінген кезде елші Пауыл қандай нұсқау берді? 3) Қорынтта болған оқиғадан Ехобаның ауыр күнә жасаған мәсіхшіге деген көзқарасы жайлы не білеміз?
ҚОРЫНТ ҚАУЫМЫНДА АУЫР КҮНӘ ЖАСАЛҒАНДА ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНЫЛДЫ?
4. Бірінші ғасырда Қорынттағы қауымда қандай жағдай болды? (Қорынттықтарға 1-хат 5:1, 2)
4 Қорынттықтарға 1-хат 5:1, 2 оқыңыз. Үшінші миссионерлік сапарында жүргенде, Пауыл енді ғана құрылған Қорынттағы қауымда сұмдық жағдай болып жатқанын естиді. Бір ер бауырлас өзінің өгей анасымен азғындық жасап жүр екен. Бұл деген тіпті “басқа ұлт адамдары жасамайтын” масқара қылық еді! Ал қауымдағылар бұған көз жұмып қана қоймай, соған мақтанып жүрсе керек. Неге? Олар бұл жағдай Құдай күнәкар адамзатқа қаншалықты мейіріммен, түсінікпен қарайтынын көрсетеді деп ойлаған болуы мүмкін. Бірақ Ехоба халқының арасында ешбір күнәнің болуына төзбейді. Әлгі ер кісі өзінің өрескел қылығымен бүкіл қауымның атына кір келтіріп жатқаны анық еді. Оның үстіне, араласып жүрген бауырластарына да жаман ықпал етіп жатқан болуы мүмкін еді. Пауыл бұл мәселеге қатысты қауымға қандай нұсқау берді?
5. Пауыл Қорынттағы қауымға не деді және оның сөздері нені білдірді? (Қорынттықтарға 1-хат 5:13) (Суретті де қараңыз.)
5 Қорынттықтарға 1-хат 5:13 оқыңыз. Пауыл киелі рухтың жетелеуімен хат жазып, күнәсіна өкінбеген әлгі ер кісіні қауымнан аластату керектігін айтты. Сонда қауымдағылар ол адамға қалай қарау керек еді? Пауыл оларға онымен “араласуды доғарыңдар” деді. Оның бұл сөздері нені білдірді? Әрі қарай Пауыл ол адаммен “тіпті дастарқандас та болмаңдар” деп бұйырды (Қор. 1-х. 5:11). Неге? Әдетте бірге тамақтанатын адамдар әңгіме-дүкен құрып, араласып кетеді. Ал қауымдағылардың ол адаммен араласуды доғарғандары неге маңызды еді? Бұл қауымды сол адамның зиянды ықпалынан қорғайтын еді (Қор. 1-х. 5:5—7). Тағы бір пайдасы, қауымдағылар араласпағанның арқасында күнә жасаған адам Ехобаны қаншалықты ренжіткенін түсініп, қылығына ұялып, өкінуі мүмкін еді.
Пауыл киелі рухтың жетелеуімен жазған хатында күнәсіна өкінбеген кісіні қауымнан аластату жайлы нұсқау берді (5-абзацты қараңыз)
6. Пауылдың жазған хаты қауымға және күнә жасаған адамға қалай әсер етті?
6 Пауыл жазған хатын Қорынттағы мәсіхшілерге жіберген соң, сөздерімді олар қалай қабылдар екен деп уайымдады. Бірақ ол Титтің әкелген хабарын естіп, қатты қуанып қалды. Қорынттағы бауырластар Пауылдың хатын жақсы қабылдапты (Қор. 2-х. 7:6, 7). Олар Пауылдың айтқан нұсқауларын түгел орындаған. Оның үстіне, Пауыл хатын жібергеннен кейін көп ұзамай-ақ әлгі күнә жасаған ер адам өзінің қылығына өкінген! Ол көзқарасы мен жүріс-тұрысын өзгертіп, қайтадан Құдайдың әділ нормаларына сай өмір сүре бастаған (Қор. 2-х. 7:8—11). Жағдай осылай өзгерген соң, Пауыл қауымға қандай нұсқау берді?
ҚАУЫМ КҮНӘСІНА ӨКІНГЕН БАУЫРЛАСТЫ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?
7. Күнә жасаған адамды қауымнан аластату қандай жақсы нәтиже әкелді? (Қорынттықтарға 2-хат 2:5—8)
7 Қорынттықтарға 2-хат 2:5—8 оқыңыз. Пауыл: “Мұндай адамның көпшіліктен алған жазасы жеткілікті”,— деген. Басқаша айтқанда, жөнге салу шарасы өз мақсатына жетті. Ал жөнге салудың мақсаты — адамды өкіндіру (Евр. 12:11).
8. Қорынттағы қауымға Пауыл бұл жолы қандай нұсқау берді?
8 Кейін Пауыл қауымдағыларды күнә жасаған бауырласты “мейіріммен кешіріп, жұбатуға” және “оны жақсы көретіндерін көрсетуге” шақырды. Пауылдың сөздеріне қарасақ, өкінген адамды жай ғана Құдай халқына қайта қабылдау жеткіліксіз еді. Пауыл бауырластардың өкінген адамды шын кешіргендерін, жақсы көретіндерін сөзімен де, ісімен де көрсеткендерін қалады. Осылай олар қауымға оралған адам үшін шын қуанышты екендерін көрсете алар еді.
9. Өкінген бауырластарын кешіру неге кейбіреулерге қиын болған болу мүмкін?
9 Сонда күнә жасаған бауырластың өкініп, қауымға оралғанына кейбіреулер қуанбаған ба? Киелі кітапта ол жайлы айтылмайды, бірақ солай болған болуы мүмкін. Не дегенмен бұл жағдай қауымдағылардың көбісіне ауыр тиген шығар, жақын адамдарын тіпті ұятқа қалдырған болар. Ал Ехобаның заң-талаптарын ұстануға бар күшін салып жүргендер үшін оның ауыр күнә жасап, кейін қайта қауымға орала салғаны әділетсіздік болып көрінген болуы мүмкін (Лұқа 15:28—30 салыстырыңыз). Соған қарамастан қауымдағылардың өкінген бауырластарына шын жүректен сүйіспеншілік танытқандары неге маңызды еді?
10, 11. Қорынттағы ақсақалдар өкінген бауырласты кешірмегенде не болар еді?
10 Елестетіп көріңізші, егер сол шын өкінген бауырласты ақсақалдар қауымға қайта қабылдамаса, я қауымға қабылданғаннан кейін бауырластар оған сүйіспеншілік танытпай қойса, не болар еді? Ол адам “шектен тыс қайғыға батып” кетер еді. “Енді Ехобаға бұрынғыдай ешқашан қызмет ете алмаймын” деп, күдері үзілуі мүмкін еді. Тіпті Құдаймен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін күш салуды да доғаруы мүмкін еді.
11 Одан да жаманы, қауымдағылар өкінген бауырласты кешірмейтін болса, өздерінің Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келтіріп алар еді. Неге? Өйткені олар бұл әрекеттерімен адамды кеңпейілмен кешіретін Ехобаның көзқарасын емес, қатыгез әрі мейірімсіз Шайтанның көзқарасын танытар еді. Тіпті олар Шайтанның қолында құралға айналып, Шайтан солар арқылы әлгі адамды рухани күйретуі мүмкін еді (Қор. 2-х. 2:10, 11; Ефес. 4:27).
12. Қорынттағы қауым Ехобаға еліктеу үшін не істеу керек еді?
12 Ендеше, Қорынттағы бауырластар Шайтанға емес, Ехобаға еліктеу үшін не істеулері керек еді? Күнәларына өкінген адамдарға Ехоба сияқты қарап, кешірулері керек еді. Осы орайда Ехоба жайлы Киелі кітапта не делінгеніне назар аударайық. Дәуіт Ехобаның “ізгі әрі кешіруге дайын” екенін айтқан (Зәб. 86:5). Миха пайғамбар: “Күнәсін кешіретін, қылмысын есіне алмайтын сендей Құдай бар ма?”— деп жазған (Миха 7:18). Ал Ишая болса былай деген: “Зұлым адам жолынан қайтсын, залым адам ойларынан бас тартсын. Мейірімді Құдайымыз Ехобаға қайта бет бұрсын. Себебі ол жомарттықпен кешіреді” (Ишая 55:7).
13. Өкінген ер бауырластың қайтадан қауымға қабылданғаны неге дұрыс болды? (“Қорынттағы ер кісі қауымға қай кезде қайта қабылданған?” деген қоршауды қараңыз.)
13 Ехобаға еліктегілері келсе, Қорынттағы қауымның өкінген ер бауырласты қуанышпен қабылдап, оны жақсы көретіндерін көрсеткендері маңызды еді. Олар осы нұсқауға мойынсұнар болса, Пауылдың айтқандарының “бәріне құлақ асатындарын” көрсетер еді (Қор. 2-х. 2:9). Рас, ол адамның қауымнан аластатылғанына небәрі бірнеше ай болған еді. Бірақ ол адам түзетуді қабылдап, күнәсіна өкінді. Сондықтан оны қауымға қабылдауды кейінге шегеруге еш себеп жоқ еді.
ЕХОБАНЫҢ ӘДІЛДІГІ МЕН МЕЙІРІМДІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕЙІК
14, 15. Қорынттағы қауымда болған жағдайдан не білдік? (Петірдің 2-хаты 3:9) (Суретті де қараңыз.)
14 Ежелгі Қорынтта болған жағдай бізге “тәлім болсын” деп жазылған (Рим. 15:4). Бұл оқиғадан біз Ехоба өз халқының арасында ешқандай ауыр күнәға төзбейтінін көрдік. Ехоба күнәсіна өкінбеген адамға “мейірімділік” танытылып, ол әрі қарай да қауымда өзгелермен араласып жүре беру керек деп есептемейді. Әрине, Ехоба мейірімді, бірақ ол бәріне жол бере беретін көнбіс Құдай емес. Дұрыс пен бұрысқа қатысы заң-талаптарын да өзгертіп жатпайды (Яһд. 4). Негізі, олай ету керісінше мейірімсіздік болар еді. Өйткені өкінбеген адамның қауымда жүре бергені бүкіл қауымға кесірін тигізуі мүмкін (Нақ. с. 13:20; Қор. 1-х. 15:33).
15 Тағы бір білгеніміз, Ехоба бірде-бір адамның жойылғанын қаламайды. Ол мүмкін болған кездің бәрінде адамдарды құтқарып қалғысы келеді. Ехоба көзқарасын өзгертіп, онымен қарым-қатынасын қалпына келтіргісі келетін кез келген адамға мейірімділік танытуға дайын (Езек. 33:11; Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз). Осы себептен де Ехоба Пауыл арқылы қауымдағыларды өкінген әрі жаман жолынан қайтқан әлгі ер кісіні кешіруге, қауымға қайта қабылдауға шақырды.
Ехобаның сүйіспеншілігі мен мейірімділігіне еліктеп, қауымдағылар қайта қабылданған бауырластарды құшақ жая қарсы алады (14, 15-абзацтарды қараңыз)
16. Қорынттағы қауымда болған жағдайды қарастырғанымыз бойыңызда қандай сезімдер оятты?
16 Қорынттағы қауымда болған жағдайды қарастырғанның арқасында Ехобаның қаншалықты сүюші әрі әділ Құдай екеніне көзіміз жетті (Зәб. 33:5). Сіз Ехобаның тамаша қасиеттеріне одан сайын тәнті болып, оны мадақтауға деген ықыласыңыз арта түскен шығар. Бәріміз күнәкар болғандықтан, кешірімге мұқтажбыз, мұқтаж емес бірде-бір адам жоқ. Бірақ төлемнің арқасында кешірімге ие бола алатынымыз неткен ғанибет! Сол үшін де Ехобаға шексіз риза емеспіз бе!? Ехобаның адамдарды шын сүйетінін, оларға бар жақсылықты тілейтінін білгеніміз неткен жұбаныш!
17. Келесі мақалаларда не жайлы қарастырамыз?
17 Ал бүгінде біреу күнә жасаса қандай шара қолданылады? Күнә жасаған адамды өкіндіргісі келетін Ехобаға қауым ақсақалдары қалай еліктей алады? Ақсақалдар күнә жасаған адамды қауымнан аластатуды не керісінше қайта қабылдауды шешіп жатса, қауымдағылар бұны қалай қабылдауы керек? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақалалардан көреміз.
109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”