Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w24 тамыз 2—6 бет.
  • Күнәкар адамзатты құтқару үшін Ехоба шара жасады

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Күнәкар адамзатты құтқару үшін Ехоба шара жасады
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБА КҮНӘКАР АДАМЗАТҚА ҚАНДАЙ ҮМІТ БЕРДІ?
  • ЕЖЕЛДЕ КҮНӘКАР АДАМДАР ЕХОБАНЫҢ ЫҚЫЛАСЫНА ҚАЛАЙ ИЕ БОЛҒАН?
  • ИСА КҮНӘКАР АДАМЗАТТЫ ҚҰТҚАРУ ҮШІН КЕЛДІ
  • Біз төлемге зәруміз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Төлем Ехоба мен Иса жайлы нені айқын етеді?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехобаның кешіріміне шексіз ризамыз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • “Шындықтың Құдайы” өз сөзіне берік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
w24 тамыз 2—6 бет.

31-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

12-ӘН Ұлы Құдай Ехоба

Күнәкар адамзатты құтқару үшін Ехоба шара жасаған

“Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті” (ЖОХ. 3:16).

НЕГІЗГІ ОЙ

Күнәмен күрес жүргізіп, оған қызмет ете алуымыз үшін Ехоба қалай бірінші болып әрекет еткенін қарастырамыз. Сондай-ақ қалай ол бізді күнәдан азат етіп, мәңгі өмір сүруімізге жол ашқанын көреміз.

1, 2. а) Күнә дегеніміз не және біз күнәні ненің арқасында жеңе аламыз? (“Сөз мәнін” де қараңыз.) ә) Бұл мақаладан және “Күзет мұнарасының” осы санындағы басқа мақалалардан не жайлы білеміз? (Осы журналдағы “Оқырмандардың назарына” деген қоршауды да қараңыз)

ЕХОБА ҚҰДАЙ сізді қаншалықты жақсы көретінін білесіз бе? Сізді күнә мен өлімнен азат ету үшін Ехобаның не істегенін зерттесеңіз, бұл сұрақтың жауабын анық көресіз. Күнәa — ешкімді аямайтын қас жау. Сіз оны өз күшіңізбен ешқашан жеңе алмайсыз. Бәріміз күніге күнә жасаймыз және сол күнәнің кесірінен түбінде өлеміз (Рим. 5:12). Бірақ қуанышымызға орай, Ехобаның көмегімен біз күнәні жеңе аламыз. Иә, күнәні жеңетініміз бұлтартпас ақиқат!

2 Ехоба шамамен 6000 жыл бойы адамзатқа күнәмен күрес жүргізуге көмектесіп келеді. Не үшін? Өйткені ол бізді жақсы көреді. Ол адамзатты әуел бастан жақсы көрген және олар күнәмен күресу үшін бәрін істеген. Ехоба күнәнің өлімге жетелейтінін біледі. Бірақ ол адамдардың өлгенін қаламайды, керісінше, мәңгі өмір сүрсе екен дейді (Рим. 6:23). Ол сіздің де өлмей, мәңгі өмір сүргеніңізді қалайды. Бұл мақалада біз үш сұраққа жауап аламыз: 1) Ехоба күнәкар адамзатқа қандай үміт берді? 2) Киелі кітап заманында күнәкар адамдар Ехобаның ықыласына ие болу үшін не істеген? 3) Күнәкар адамзатты құтқару үшін Иса не істеді?

ЕХОБА КҮНӘКАР АДАМЗАТҚА ҚАНДАЙ ҮМІТ БЕРДІ?

3. Түп ата-анамыз қалай күнәкар адамдарға айналды?

3 Алғашқы ер мен әйелді жаратқан кезде, Ехоба олардың бақытты болғанын қалаған еді. Сол үшін де оларды әсем баққа қоныстандырды, некеден қуаныш алсын деп екеуін қосты және мәнді де мағыналы тапсырма берді. Олар жер бетін өз ұрпақтарымен толтырып, бүкіл Жер шарын Едем бағындай жұмаққа айналдыру керек еді. Ехоба оларға бар болғаны бір-ақ шектеу қойды. Айтқан сөзіне мойынсұнбаса, яғни әдейі оған қарсы шықса, бұндай күнә өлімге апаратынын айтып ескертті. Жағдайдың немен біткені бізге мәлім. Құдайды да, адамды да жақсы көрмейтін бір рух Адам мен Хауаны күнәға азғырды. Өкінішке қарай, олар оның жаман ықпалына беріліп қалды. Өздерін жақсы көретін Әкелеріне сенім артудың орнына олар күнә жасады. Сөйтіп, Ехобаның айтқан сөзі тура келді. Сол күннен бастап олар күнәнің салдарын тарта бастады, яғни бірте-бірте қартайып, ақыр аяғында өлді (Мұс. 1-ж. 1:28, 29; 2:8, 9, 16—18; 3:1—6, 17—19, 24; 5:5).

4. Не үшін Ехоба күнәні жек көреді және неге ол бізге күнәні жеңуге көмектескісі келеді? (Римдіктерге 8:20, 21)

4 Ехоба Едем бағында болған осы өкінішті жағдайды Киелі кітапқа жаздырды. Соның арқасында біз Ехоба күнәні неге сонша жек көретінін түсіне аламыз. Күнә бізді көктегі Әкемізден алшақтатады және өлімге душар етеді (Ишая 59:2). Былықтың бәрін бастаған Шайтан сол үшін де күнәні жақсы көреді және адамдарды күнәға азғырудан шаршамайды. Едем бағында ол жеңіске жеттім деп ойлаған шығар. Бірақ Ехобаның қаншалықты сүюші Құдай екенін ол білмеген-ау. Ехоба Адам мен Хауаның ұрпағына қатысты ниетін бір сәтке де өзгертпеген. Ол адам баласын қатты жақсы көргендіктен, бірден оларға үміт сыйлады (Римдіктерге 8:20, 21 оқыңыз). “Сол ұрпақтың ішінен мені жақсы көретіндер, күнәмен күресу үшін менен көмек сұрайтындар шығады” деп сенімді болды. Сөйтіп, сол адамдар күнәдан азат болып, оған жақындай алу үшін Ехоба бір шара жасады. Сонда ол не істемек еді?

5. Күнәкар адамзатқа қатысты үміттің алғашқы ұшқыны қай кезде пайда болды? Түсіндіріңіз. (Мұсаның 1-жазбасы 3:15)

5 Мұсаның 1-жазбасы 3:15 оқыңыз. Ехоба Шайтанға үкім шығарғанда үміттің алғашқы ұшқыны байқалды. Ехоба осы үмітке негіз болатын “ұрпақ” келетінін уәде етті. Бұл ұрпақ ақыр соңында Шайтанның өзін де, Едем бағынан бастау алған бүкіл зұлымдықты да жоятын болады (Жох. 1-х. 3:8). Бірақ алдымен бұл ұрпақ жапа шекпек еді. Өйткені Шайтан оның өкшесін шағады, яғни өлімге ұшыратады. Сол кезде Ехобаның жүрегі қанжар сұққандай ауырмақ еді. Бірақ Ехоба бұл азапқа төзуге дайын болды, өйткені соның арқасында адамзат өлім мен күнәдан азат болмақ еді.

ЕЖЕЛДЕ КҮНӘКАР АДАМДАР ЕХОБАНЫҢ ЫҚЫЛАСЫНА ҚАЛАЙ ИЕ БОЛҒАН?

6. Әбіл мен Нұх сияқты сенім танытқан адамдар Ехобаға жақындай түсу үшін не істеген?

6 Ғасырлар бойы Ехоба күнәкар адамдар оған қалай жақындай алатынын бірте-бірте ашып отырды. Едем бағындағы жағдайдан кейін, Адам мен Хауаның екінші ұлы Әбіл Ехобаға сенім танытқан алғашқы адам болды. Әбіл Ехобаны жақсы көрді және оның ықыласына бөленуді қалады. Сондықтан Ехобаға жақындай түскісі келіп, оған құрбандық ұсынды. Ол бағып жүрген қойларының ішінен алғашқы төлдерін таңдап, Ехобаға арнап құрбандыққа шалды. Ехоба оның бұл құрбандығын қабыл алды ма? Иә, “Ехоба Әбілге ықыласын түсіріп, құрбандығын қабыл алды” (Мұс. 1-ж. 4:4). Ехоба сүйіспеншілік пен сенім танытқан басқа да адамдардың құрбандықтарын қабыл алған, солардың бірі — Нұх (Мұс. 1-ж. 8:20, 21). Құрбандықтарды қабыл алу арқылы Ехоба күнәкар адам оның ықыласына ие болып, оған жақындай алатынын көрсеткенb.

7. Ыбырайыммен болған жағдайдан не түйеміз?

7 Сенімнің озық үлгісі болған Ыбырайымға Ехоба ерекше қиын тапсырма берді. Ехоба оған өзінің ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуды бұйырды. Ыбырайым үшін бұл өміріндегі ең ауыр тапсырма болғаны анық. Соған қарамастан ол бұл тапсырманы орындауға кірісті. Бірақ Ехоба оны соңғы сәтте тоқтатты. Бұл жағдайдан бәріміз маңызды бір жайтты түйеміз. Ехоба өзінің сүйікті Ұлын біз үшін құрбандыққа беріп, өлімге қиды. Иә, Ехоба бізді осыншалықты жақсы көреді! (Мұс. 1-ж. 22:1—18).

8. Мұса Заңына сай шалынған құрбандықтар ненің бейнесі еді? (Мұсаның 3-жазбасы 4:27—29; 17:11)

8 Ғасырлар өте Исраил халқы Мұса Заңына сай күнәларын өтеу үшін көп құрбандықтар шалатын болды (Мұсаның 3-жазбасы 4:27—29; 17:11 оқыңыз). Бұл құрбандықтар адамзатты күнәдан біржола арылтатын әлдеқайда зор құрбандықтың бейнесі еді. Құдайдың пайғамбарлары киелі рухтың жетелеуімен уәде етілген ұрпақ, яғни кейінірек анықталғандай Құдайдың Ұлы азап шегіп, өлтірілетінін айтып кетті. Осылай ол құрбандыққа шалынатын тоқты іспетті болмақ еді (Ишая 53:1—12). Ойлап көріңізші, адамзатты — соның ішінде сізді — өлім мен күнәдан азат ету үшін Ехоба өзінің сүйікті Ұлын құрбан етемін деп күні бұрын шешіп қойған!

ИСА КҮНӘКАР АДАМЗАТТЫ ҚҰТҚАРУ ҮШІН КЕЛДІ

9. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Исаға қатысты не деген? (Еврейлерге 9:22; 10:1—4, 12)

9 Б. з. бірінші ғасырында Құдайдың қызметшісі болған шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия назареттік Исаға нұсқап: “Қараңдар, мынау — дүниені күнәдан арылтатын Құдайдың Тоқтысы”,— деген (Жох. 1:29). Киелі рухтың қозғауымен айтылған бұл сөздер Исаның уәде етілген ұрпақ екенін айқын көрсетті. Иса жерге өзінің өмірін құрбан ету үшін келді. Ол күнәні біржола жеңетіндіктен, күнәкар адамзаттың үміті одан сайын берік болып, шегелене түсті (Еврейлерге 9:22; 10:1—4, 12 оқыңыз).

10. Иса өзінің “күнәкарларды шақыру үшін келгенін” қалай көрсетті?

10 Иса күнәдан еңселері езіліп жүрген адамдарға ерекше көңіл бөлген және оларды ізбасары болуға шақырған. Адамзаттың мүшкіл күйінің басты себебі күнә екенін Иса жақсы білген. Сондықтан ол күнәкар деп танылған адамдарға барынша көмектескен. Осыған қатысты Иса: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет... Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деген (Мат. 9:12, 13). Ол расымен де осы сөздеріне сай өмір сүрді. Бірде Иса көз жасын оның аяғына төгіп, шашымен сүртіп отырған әйелге жұмсақ сөйлеп, оның күнәларын кешірген (Лұқа 7:37—50). Құдықтан су алуға келген самариялық әйелдің азғын өмір кешіп жүргенін білсе де, Иса оған аса маңызды шындықтарды ашқан (Жох. 4:7, 17—19, 25, 26). Құдай тіпті Исаға күнәнің ақырғы залалы — өлімді де жеңуге құдірет берді. Соның арқасында Иса ер не әйел демей, бала не ересек демей, адамдарды тірілтіп, өмірге қайтарды (Мат. 11:5).

11. Күнәкар адамдар Исаға не себепті тартылған?

11 Күнәға белшесінен батқан адамдардың өзі Исаға тартылып тұрған. Бұл еш таңғалдырмайды. Өйткені Иса олардың не күй кешіп жүргенін жақсы түсініп, жанашырлық танытқан. Соның арқасында олар еш қорықпай, Исаға емін-еркін жақындай алған (Лұқа 15:1, 2). Иса сондай адамдарды танытқан сенімдері үшін де мақтап, оларға мейіріммен қараған (Лұқа 19:1—10). Осылай көктегі Әкесі қаншалықты мейірімді екенін кемелді түрде паш еткен (Жох. 14:9). Иса сөзімен де, ісімен де өзінің жанашыр екенін, көктегі мейірімді Әкесі Ехоба адамдарды жақсы көретінін және оларға күнәмен күресуге көмектескісі келетінін анық көрсеткен. Сондай-ақ Иса кейбір күнәкар адамдардың бойында қалау оятып, оларға өмірлерін өзгертуге және ізбасары болуға көмектескен (Лұқа 5:27, 28).

12. Иса өзінің өлімі жайлы нені ашты?

12 Иса өзін алда не күтіп тұрғанын жақсы білді. Ол оған сатқындық жасалатынын және бағанаға ілініп өлтірілетінін ізбасарларына бірнеше рет айтқан (Мат. 17:22; 20:18, 19). Жақия және басқа да пайғамбарлар алдын ала айтып кеткендей, Иса оның өлімі дүниені күнәдан арылтатынын да жақсы білді. Сондай-ақ Иса өмірін қиған соң “өзіне әртүрлі адамдарды жақындатып тартатынын” айтты (Жох. 12:32). Күнәкар адамдар Исаны Иелері ретінде мойындап, оның ізімен жүрсе, Ехобаның ықыласына ие бола алатын еді. Ал ақыр түбінде “күнәнің құлдығынан босамақ” еді (Рим. 6:14, 18, 22; Жох. 8:32). Осы себептен де Иса еш тайсалмай, өз еркімен азапты өліммен өлді (Жох. 10:17, 18).

13. Иса қалай өлді және оның өлімінен Ехоба Құдайымыз жайлы не білеміз? (Суретті де қараңыз.)

13 Исаны ең жақын адамдарының бірі сатып кетті. Кейін жаулары оны тұтқындап, қорлап, жалған айыптар тағып, ақырында өлімге кесті. Сарбаздар Исаны бағанаға шегелеп, оның жанын әбден азапқа салды. Осының бәріне қалай адалдықпен төзіп жатқанын бақылап тұрған Ехоба Ұлынан бетер азапқа түсті. Бүкіл күш-құдірет қолында тұрса да, ол Ұлы үшін араша түспеді. Неге? Ұлын қатты жақсы көретін Әке бұндай жағдайға не үшін жол берді? Бұның себебі — сүйіспеншілік. Иса былай деген: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жох. 3:16).

Коллаж: 1. Иса тікеннен өрілген тәж киіп тұр. 2. Исаның арқасын дүремен сабап жатыр, оның қолдары бағанаға байланған. 3. Иса бағананы арқасына салып, сүйреп бара жатыр, ал жан-жағында адамдар оған қарап тұр. 4. Иса екі қылмыскердің ортасында бағанаға ілініп тұр, ал қарап тұрған адамдар оны келеке-мазақ етіп жатыр.

Ехоба бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін Ұлының азапты өліміне жол беріп, ең ауыр қасіретке төзді (13-абзацты қараңыз)


14. Исаның өлімінен нені түсіндіңіз?

14 Исаның өлімі — Ехоба Адам мен Хауаның ұрпағын қаншалықты жақсы көретініне бұлтартпас дәлел. Бұл Ехоба сізді де өте қатты жақсы көретінін айқын көрсетеді. Ойлап көріңізші, сізді күнә мен өлімнен құтқару үшін Ехоба ең ауыр қасіретке төзіп, өте үлкен құрбандыққа барды (Жох. 1-х. 4:9, 10). Иә, Ехобаның бар қалауы — бізге күнәмен күресуге, тіпті оны жеңуге көмектесу!

15. Исаның төлем құрбандығының игілігін көру үшін не істеуіміз керек?

15 Құдайдың сыйы, яғни оның жалғыз Ұлының төлем құрбандығы күнәларымыздың кешірілуіне жол ашты. Бірақ Құдай күнәларымызды кешіру үшін біз өз тарапымыздан бір нәрсе істеуіміз керек. Ол не нәрсе? Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия да, кейін Исаның өзі де былай деген: “Күнәларыңа өкініңдер, өйткені Көк Патшалығы таяп қалды!” (Мат. 3:1, 2; 4:17). Демек, күнәмен күрес жүргізу үшін және сүюші Әкемізге жақындай түсу үшін өкіну аса маңызды. Бірақ өкіну деген нені білдіреді және күнәмен күресуге оның қандай көмегі бар? Бұл сұрақтың жауабын келесі мақалада аламыз.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ехоба күнәкар адамзатқа қандай үміт берді?

  • Мұса Заңына сай шалынған құрбандықтар ненің бейнесі еді?

  • Күнәкар адамзатты құтқару үшін Иса не істеді?

18-ӘН Төлемге ризашылық

a СӨЗ МӘНІ: Киелі кітаптағы “күнә” сөзі кейде бұрыс істерді, яғни Ехобаның заң-талаптарына сай әрекет ете алмауды білдіреді. Ал кейде Адам атадан берілген күнәкар, кемелсіз күйімізге меңзейді. Бәріміздің де өлетініміз осы мұра еткен күнәнің кесірі.

b Болашақта Иса Мәсіх өмірін қиып, адамзатты өлім мен күнәдан біржола азат ететінін білгендіктен, Ехоба сол төлем құрбандығының негізінде мәсіхшілердің заманына дейінгі адал қызметшілерінің құрбандықтарын қабыл алған (Рим. 3:25).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу