Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w24 мамыр 26—31 бет.
  • Кездесіп жүргендер қалай дұрыс шешім қабылдай алады?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Кездесіп жүргендер қалай дұрыс шешім қабылдай алады?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КЕЗДЕСУДІҢ МАҚСАТЫ
  • БІР-БІРІҢІЗДІ ЖАҚСЫЛАП ТАНЫП АЛЫҢЫЗДАР
  • ЕСКЕРЕТІН БАСҚА ДА ЖАЙТТАР
  • КЕЗДЕСІП ЖҮРГЕНДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАЙ АЛАМЫЗ?
  • Өмірлік жарды қалай іздеген дұрыс?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Өмірлік жарыңызбен достығыңыз жарассын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Некенің сәтті болуы үшін жасалатын дайындық
    Отбасы бақытының сыры
  • Ехобаға ұнайтын шешімдер қабылдаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
w24 мамыр 26—31 бет.

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

127-ӘН Қандай адам болуым керек?

Кездесіп жүргендер қалай дұрыс шешім қабылдай алады?

“Жан-дүниелерің. . . аса бағалы” (ПЕТ. 1-Х. 3:4).

НЕГІЗГІ ОЙ

Кездесіп жүрген бауырластар дұрыс шешім қабылдау үшін не істеу керек және қауымдағылар оларды қалай қолдай алады?

1, 2. Кейбір жұптар достасу кезеңі жайлы не дейді?

ҚЫЗ бен жігіт кездесіп жүрген уақыт — қуанышты кезең. Егер сіз қазір біреумен кездесіп жүрген болсаңыз, сіз де бұл сәттің қуанышты өткенін қалайтыныңыз сөзсіз. Көп жұптар үшін бұл расында да бақытты кезең. Эфиопиядағы Цианa есімді әйел бауырлас былай дейді: “Күйеуіммен достасып жүрген кез өмірімдегі ең бақытты кездердің бірі дер едім. Екеуіміз өте маңызды, күрделі тақырыптарды талқылайтынбыз, арасында күліп те алатынбыз. Бір-бірімізді шын сүйетінімізді түсінгенде, өзімді сондай бақытты сезіндім!”

2 Алайда Нидерландта тұратын Алишо есімді ер бауырлас былай дейді: “Кездесіп жүргенде әйелімді жақыннан танып жатқаным маған қатты ұнады. Бірақ қиындықтар да болмады емес, болды”. Біз бұл мақалада кездесіп жүрген жұптар қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін екенін қарастырамыз. Сондай-ақ оларға дұрыс шешім қабылдауға қандай Киелі кітап принциптері көмектесетінін көреміз. Қауымдағылар кездесіп жүрген жұптарды қалай қолдай алатынын да талқылап өтеміз.

КЕЗДЕСУДІҢ МАҚСАТЫ

3. Қыз бен жігіттің кездесуінің мақсаты неде? (Нақыл сөздер 20:25)

3 Әрине, кездесу — қуанышты кезең, бірақ бұл некеге бастайтын маңызды қадам екенін де ұмытпауымыз керек. Той күні қыз бен жігіт Ехобаның алдында жер бетінде тірі жүрген кездің бәрінде бір-бірін сүйіп, құрметтеп өтетіндерін ант етеді. Негізі, кез келген антты бермес бұрын жақсылап ойланып алған маңызды (Нақыл сөздер 20:25 оқыңыз). Ал неке антын берерде бұлай ету тіптен маңызды. Жұптар кездескеннің арқасында бір-бірін жақсы танып, дұрыс шешімге келе алады. Бір жағдайда үйлену дұрыс шешім болса, басқа жағдайда айырылысу дұрыс шешім болуы мүмкін. Егер жұптар айырылысуды шешіп жатса, бұл олардың кездескендері қателік болды дегенді білдірмейді. Қайта, олар кездесіп көргеннің арқасында бір-біріне сай келе ма, жоқ па — соны анықтай алды. Кездесудің мақсаты да — осы.

4. Кездесуге дұрыс қарау неге маңызды?

4 Кездесуге қатысты дұрыс көзқарас таныту неге маңызды? Салтбасты бауырлас кездесуге дұрыс қарайтын болса, болашақ жары деп қарастырмайтын адаммен кездесуді мүлдем бастамайды. Бірақ кездесуге салтбастылар ғана емес, бәріміз де дұрыс қарауымыз керек. Мысалы, кейбіреулер кездесіп жүрген жұптарды көрсе, олар міндетті түрде үйленеді деп күтеді. Бұндай көзқарас салтбасты бауырластарға қалай әсер етеді? Құрама Штаттарда тұратын Мелиса есімді салтбасты бауырлас былай дейді: “Кездесіп жүрген бауырластар өзгелердің тарапынан көп қысымшылық сезеді. Соның кесірінен кейбіреулер бір-біріне сай келмесе де, айырылысудан қорқады. Ал кейбірі тіптен кездесіп көруден бас тартады. Осылай өзгелердің дұрыс емес көзқарасы салтбасты бауырластардың өмірін қиындатып жатады”.

БІР-БІРІҢІЗДІ ЖАҚСЫЛАП ТАНЫП АЛЫҢЫЗДАР

5, 6. Кездесіп жүргенде жұптар бір-бірі жайлы қандай жайттарды біліп алулары қажет? (Петірдің 1-хаты 3:4)

5 Біреумен кездесіп жүрсеңіз, сол адаммен неке құру-құрмауды шешуге не көмектеседі? Ол адамды жақсылап танып алыңыз. Бәлкім, сіз кездеспей тұрып, ол жайлы біраз жайтты білген шығарсыз. Ал енді кездесе бастағанда, сіз оның жан дүниесін, яғни “жүрегіндегі жасырын болмысын” біле аласыз (Петірдің 1-хаты 3:4 оқыңыз, сілт.). Бұған оның рухани күйі, мінезі және ой қалпы жайлы көбірек білу жатады. Уақыт өте сіз келесі сұрақтарға жауап бере алатындай болуыңыз керек: “Ол маған жақсы жар бола ма?” (Нақ. с. 31:26, 27, 30; Ефес. 5:33; Тім. 1-х. 5:8). “Мұқтаж болып тұрған кезімде ол маған көңіл бөліп, сүйіспеншілігін бере ала ма, мен де оған солай ете аламын ба? Бір-біріміздің кемшіліктерімізге көз жұма аламыз ба?”b (Рим. 3:23). Адамды жақынырақ танып жатқанда мынаны ұмытпаңыз: бір-біріңізге сай келетіндеріңіз қаншалықты ұқсайтындарыңызға емес, ұқсамайтын жақтарыңызға қаншалықты бейімделетіндеріңізге байланысты.

6 Кездесіп жүргенде адам жайлы тағы қандай жайттарды біліп алуыңыз қажет? Адамға қатты бауыр баспай тұрғанда, маңызды жайттарды, мысалы оның мақсаттары жайлы біліп алғыңыз келер. Ал денсаулық, қаржы мәселесі, өмірінде болған ауыр жайттар (травмалар) туралы не деуге болады? Енді кездесе бастаған уақытта барлық тақырыпты қозғаудың қажеті жоқ (Жохан 16:12 салыстырыңыз). Егер қандай да бір жеке сұрақтарға жауап беру әлі ерте деп ойласаңыз, кездесіп жүрген адамыңызға соны түсіндіріп айтыңыз. Бірақ ол дұрыс шешім қабылдай алу үшін ертелі-кеш бұл сұрақтардың жауабын білуі тиіс. Сондықтан уақыты келгенде бұның бәрін ашық айтыңыз.

7. Кездесіп жүргендер бір-бірін жақсырақ тану үшін не істесе болады? (“Алыста тұратын адаммен кездескенде” деген қоршауды қараңыз) (Суретті де қараңыз.)

7 Адамның ішкі болмысын көре алу үшін не істесеңіз болады? Мұның ең жақсы жолы — ашық сөйлесу, сұрақтар қою және мұқият тыңдау. Бұл үшін әңгімелесуге жағдай жасайтын істермен айналысуға тырысыңыздар (Нақ. с. 20:5; Жақ. 1:19). Мысалы, бірге тамақтаныңыздар, далада қыдырыңыздар және бірге уағыздаңыздар. Достарыңызбен не отбасыңызбен уақыт өткізгенде де бір-біріңізді жақсы тани аласыздар. Сондай-ақ кездесіп жүрген адамыңыз әртүрлі жағдайда, әртүрлі адамдармен өзін қалай ұстайтынын байқаңыз. Ол үшін соны көруге көмектесетін істерді жоспарлаңыз. Нидерландта тұратын Эшвин Алисиямен кездесіп жүргенде не істегендерін айтып былай деді: “Біз бір-бірімізді жақсы тануға жағдай жасайтын істермен айналыстық. Бұл жиі қарапайым істер болатын. Мысалы, бірге тамақ істедік, үй тірліктерін жасадық. Соның арқасында бір-біріміздің мықты да, әлсіз де тұстарымызды көре алдық”.

Коллаж: 1. Кездесіп жүрген жұп кафеде сөйлесіп отыр. 2. Тағы бір жұп отырыста бірге тамақ әзірлеп жатыр. 3. Ер бауырлас пен қыз бауырлас бір-бірімен видео арқылы сөйлесіп отыр. Олар jw.org сайтынан неке жайлы мақаланы қарастырып жатыр. Ер бауырластың Киелі кітабы ашық тұр.

Кездесіп жүрген жұптар әңгімелесуге жағдай жасайтын істермен айналысса, бір-бірін жақсырақ тани алады (7, 8-абзацтарды қараңыз)


Алыста тұратын адаммен кездескенде

Алыста тұратын адаммен кездесіп жүрсеңіз, телефон не видео арқылы сөйлескенде осы мақалада айтылған кеңестердің көбісін қолдансаңыз болады. Бір-біріңізбен ашық сөйлесуге, мұқият тыңдауға көп мән беріңіздер. Алайда кейбір жайттарды адаммен бетпе-бет көрісіп, бірге уақыт өткізгенде ғана көре аласың. Сондықтан мүмкін болғанда бір-біріңізге барып тұрыңыздар. Сіздердің жағдайларыңызда қарастыру керек тағы қосымша жайттар бар. Мысалы, көшу немесе басқа мәдениетті я тілді үйрену қажет болса, соған дайынсыз ба? Оған жағдайыңыз келе ме? Кездесіп жүргенде бір-біріңізге барып тұруға, кейін үйленген соң жарыңыздың достарына, туыстарына барып тұруға қаражаттарыңыз жете ме? (Лұқа 14:28).

8. Кездесіп жүрген жұптар бірге зерттесе, мұның қандай пайдасын көреді?

8 Бір-біріңізді жақсырақ тану үшін рухани тақырыптарды да бірге зерттесеңіздер болады. Ертең некелесіп жатсаңыздар, отбасылық ғибадат өткізіп тұру керек болады, өйткені Құдай — некенің ажырамас бөлігі (Уағ. 4:12). Ендеше, неге қазірден бастап бірге зерттеуге уақыт бөлмеске? Әрине, кездесіп жүрген жұп әлі отбасы емес, ер бауырлас та әлі қыз бауырластың басы емес. Десе де жүйелі түрде бірге зерттеу арқылы бір-біріңіздің рухани күйлеріңізді көре аласыздар. АҚШ-та тұратын Макс пен Лиза бірге зерттеудің тағы бір пайдасын көрген. Макс былай дейді: “Енді кездесе бастағанда-ақ біз кездесу, неке, отбасылық өмірге қатысты мақалаларды зерттедік. Соның арқасында көптеген маңызды сұрақтарды талқылай алдық. Кейбір тақырыптарды өздігімізден қозғай қоюымыз екіталай еді”.

ЕСКЕРЕТІН БАСҚА ДА ЖАЙТТАР

9. Жұптар кездесіп жүргендерін кімге айтатынын шешкенде нені ескеру керек?

9 Кездесіп жүргендеріңізді кімге айтуларыңыз керек? Бұны өздеріңіз шешесіздер. Бәлкім, басында көп адамға айтпауды ұйғарарсыздар (Нақ. с. 17:27). Соның арқасында өздеріңізді қажетсіз сұрақтар мен қысымнан сақтайсыздар. Бірақ ешкімге айтпаймыз деп шешсеңіздер, бұл қауіпті болуы мүмкін. Өзгелер көріп қоймасын деп оқшауланып, жалғыз қалып кетулеріңіз мүмкін. Сондықтан сіздерге көмектесіп, кеңес бере алатын бір-екі адамға болса да айтып қойғандарыңыз дұрыс (Нақ. с. 15:22). Мысалы, үй ішіндегілеріңізге, толысқан достарыңызға не ақсақалдарға айтсаңыздар болады.

10. Кездесіп жүргенде Ехобаға ұнамды болып қалу үшін жұптар не істеу керек? (Нақыл сөздер 22:3)

10 Кездесіп жүргенде Ехобаға ұнамды болып қалу үшін не істесеңіздер болады? Сезімдеріңіз дамыған сайын бір-біріңізге тартыла түсесіздер, бұл — табиғи нәрсе. Сіздерге Ехобаның ықыласынан айырылып қалмай, моральдық жағынан таза болып қалуға не көмектеседі? (Қор. 1-х. 6:18). Өнегесіз әңгімелер айтудан, жалғыз қалып қоюдан және көп ішімдік ішуден аулақ болыңыздар (Ефес. 5:3). Бұл нәрселер жыныстық қалауды өршітуі мүмкін және дұрыс нәрсені істеуді қиындатады. Бір-біріңізге құрмет таныту үшін және Ехобаның нормаларынан аттап кетпес үшін қандай шектеулер қоятындарыңызды қайта-қайта талқылап отырыңыздар (Нақыл сөздер 22:3 оқыңыз). Эфиопияда тұратын Дэвид пен әйелі Алмаз өздеріне не көмектескенін айтып былай деді: “Біз адамдар көп жерде және достарымыздың арасында араласатынбыз. Көлікте, үйде ешқашан жалғыз қалып қоймайтынбыз. Соның арқасында азғыратын жағдайлардың алдын алдық”.

11. Кездесіп жүргендер бір-біріне сезім көрсету-көрсетпеуді шешкенде қандай жайттарды ескеру керек?

11 Кездесіп жүрген жұптардың бір-біріне сезімдерін көрсеткені дұрыс па? Қарым-қатынас дамығанда кейбір әрекеттер орынды болуы мүмкін (Таң. ә. 1:2; 2:6). Алайда сезім көрсету жыныстық қалауды өршітеді. Ондайда адам сай келе ма, жоқ па — оны анық көру қиындай түседі. Сондай-ақ адам өз-өзін қадағалай алмай, күнәға барып қоюы мүмкін (Нақ. с. 6:27). Сондықтан кездесе бастағанда бірден Киелі кітап принциптерін ескеріп қандай шектеулер қоятындарыңызды талқылап алыңыздарc (Сал. 1-х. 4:3—7). Бірге мына сұрақтар жайлы ойланыңыздар: Біз тұратын жерде адамдар сезім көрсетуге қалай қарайды? Ал бұл өзімізге қалай әсер етеді? Құштарлығымызды өршітіп жібермей ме?

12. Кездесіп жүрген жұп түсініспеушіліктерге қатысты нені түсіну керек?

12 Қиындықтар мен келіспеушіліктерді қалай шешсеңіздер болады? Араларыңызда кейде түсініспеушіліктер болып тұрса, бұл бір-біріңізге сай келмейтіндеріңізді білдіре ме? Міндетті түрде емес. Өйткені келіспеушілік барлық жұптардың арасында болады. Берік неке деп туындаған түсініспеушіліктерді бірігіп шеше алатын адамдардың некесін айтамыз. Қиындықтарды қазір қалай шешетіндеріңізге қарап, болашақта некелеріңіз қандай болуы мүмкін екенін көре аласыздар. Бірге мына сұрақтар жайлы ойланыңыздар: Біз туындаған мәселелерді сабырмен, құрметпен талқылаймыз ба? Кемшіліктерімізді мойындап, жақсаруға тырысамыз ба? Бір-бірімізге бейімделуге, кешірім сұрауға және кешіруге асықпыз ба? (Ефес. 4:31, 32). Алайда қайта-қайта бір-біріңізбен келіспей, сөзге келіп қала берсеңіздер, неке құрғаннан кейін бұл жағдайдың түзелуі екіталай. Егер адам сізге сай келмейтінін түсініп жатсаңыз, кездесуді доғару екеуіңіз үшін де ең дұрыс шешім болуы мүмкінd.

13. Қанша уақыт кездесу керектігін жұптар қалай анықтай алады?

13 Қыз бен жігіт қанша уақыт кездесу керек? Асығыс шешімдер жиі жақсылыққа апармайды (Нақ. с. 21:5). Сондықтан адамды жан-жақты танып-біле алатындай жеткілікті уақыт өткені дұрыс. Алайда қажетсіз созып жүріп алмағаныңыз да жөн. Киелі кітапта: “Ұзақ күттірген үміт ауыртады жүректі”,— делінген (Нақ. с. 13:12). Бұған қоса, бір-біріңізбен ұзақ кездескен сайын, жыныстық азғырылуға төтеп беру де қиындай түседі (Қор. 1-х. 7:9). Адаммен қанша уақыт кездесетініңізге емес, нақты бір шешімге келу үшін ол жайлы тағы не білуіңіз керектігіне көбірек мән беріңіз.

КЕЗДЕСІП ЖҮРГЕНДЕРДІ ҚАЛАЙ ҚОЛДАЙ АЛАМЫЗ?

14. Кездесіп жүрген жұптарды қандай жолдармен қолдасақ болады? (Суретті де қараңыз.)

14 Біреулердің кездесіп жүргенін білсек, оларды қалай қолдасақ болады? Оларды қонаққа, отбасылық ғибадатқа не бірге демалуға шақырсақ болады (Рим. 12:13). Осылай оларға бір-бірін жақсырақ тануға жағдай жасаймыз. Бәлкім, оларға қастарында жүретін не көлікте бірге болатын үшінші адам қажет шығар, я болмаса жеке сөйлесіп алуға ыңғайлы жер керек болар. Осы жағынан оларға көмек ұсына аласыз ба? (Ғал. 6:10). Жоғарыда айтылған Алисия мен Эшвин не үшін бауырластарға риза екендерін айтып былай деді: “Бауырластар “бірге уақыт өткізетін жер керек болса, біздің үйге келіңдер” деп ұсынғанда, қуанып қалатынбыз”. Егер сізден үшінші адам болуды өтінсе, бұны бауырласты қолдаудың мүмкіндігі деп біліңіз. Кездесіп жүрген жұптың қасында жүргенде, оларды жалғыз тастап кетпеңіз. Алайда оларға жеке сөйлесуге мүмкіндік беруді де ұмытпаңыз (Філіп. 2:4).

Кездесіп жүрген қыз бен жігіт достық кездесуде жеке сөйлесіп отыр.

Кездесіп жүрген жұптарды әртүрлі жолдармен қолдасақ болады (14, 15-абзацтарды қараңыз)


15. Кездесіп жүрген жұптарды қолдаудың тағы бір жолы қандай? (Нақыл сөздер 12:18)

15 Кездесіп жүргендер жайлы не айтатынымыз да оларды қаншалықты қолдайтынымызды көрсетеді. Кейде бізге ұстамды болып, олар жайлы мүлдем ештеңе айтпаған дұрыс болатын шығар (Нақыл сөздер 12:18 оқыңыз). Мысалы, біреулер кездесе бастаса, бұл жайлы өзгелерге айтқымыз келіп тұрар. Бірақ бұл жаңалықты олар өздері жеткізгісі келуі мүмкін. Біз кездесіп жүрген жұптар жайлы өсек таратудан және жеке істеріне қатысты сын сөздер айтудан аулақ болуымыз керек (Нақ. с. 20:19; Рим. 14:10; Сал. 1-х. 4:11). Сондай-ақ оларды үйленуге қыспақтайтын сұрақтар мен әңгімелерден де аулақ болғанымыз жөн. “Өзіміз әлі талқыламай жатып, басқалар тойымыз туралы сұрағанда, ыңғайсызданып қалатынбыз”,— дейді Элиза мен оның күйеуі.

16. Кездесіп жүрген жұптар айырылысып жатса, бұған қалай қарауымыз керек?

16 Кездесіп жүрген жұптар айырылысуды шешсе, бұған қалай қарауымыз керек? Жеке сұрақтар қоюдан және біреудің жағына шығып, екіншісін кінәлаудан аулақ болуымыз керек (Пет. 1-х. 4:15). “Өзгелер біздің не үшін айырылысқанымызды анықтауға тырысып, әңгіме етіп жүргенін естігенде, бұл маған қатты ауыр тиді”,— дейді Лия есімді қыз бауырлас. Бұған дейін айтқанымыздай, жұптардың айырылысқандары олардың кездескендері бекер болды деген сөз емес. Қайта, кездескеннің арқасында олар бір-біріне сай келе ма, жоқ па — соны анықтап, дұрыс шешім қабылдай алды. Бірақ айырылысқандары дұрыс шешім болса да, бұл оларға ауыр тиюі мүмкін, олар тіпті жалғыздық сезінетін шығар. Сондықтан осындай шақта оларды барынша қолдауға тырысайық (Нақ. с. 17:17).

17. Кездесіп жүрген жұптар әрі қарай да не істей берулері керек?

17 Байқағанымыздай, кездесудің өзіндік қиындықтары бар, десе де бұл кезең қуанышқа толы бола алады. Джессика былай дейді: “Кездесіп жүргенде біз бір-бірімізді тану үшін көп күш салдық. Бірақ жұмсаған уақытымыз бен күшіміз текке кеткен жоқ, ол жүз пайыз ақталды”. Егер кездесіп жүрген жұп болсаңыздар, бір-біріңізді әрі қарай да жақсы тануға күш сала беріңіздер. Сонда кездесудің пайдасын көріп, екеуіңіз де дұрыс шешім қабылдай аласыздар.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Кездесудің мақсаты неде?

  • Кездесіп жүрген жұп бір-бірін қалай жақсырақ тани алады?

  • Кездесіп жүрген жұпты қауымдағылар қалай қолдай алады?

49-ӘН Ехобаның жүрегін қуантайық

a Кейбір есімдер өзгертілген.

b “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” 2-бөлімінің (ор.) 39, 40-беттеріндегі сұрақтарды да қарастырып көріңіз.

c Біреудің жыныс мүшесін сипалау жыныстық азғындыққа жатады және ондай жағдайда қауым ақсақалдары сот комитетін құрады. Біреудің төсін сипалау немесе хабарлама не телефон арқылы өнегесіз әңгіме айту да сот комитетін құруды талап етуі мүмкін.

d Көбірек мәлімет білу үшін 1999 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 тамыздағы санынан “Оқырман сауалдарын” (ор.) қараңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу