35-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Бір-біріңді нығайта беріңдер!
“Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер” (САЛ. 1-Х. 5:11).
90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік
АҢДАТПАa
1. Салоникалықтарға 1-хат 5:11-ге сай, барлығымыз қандай жобаға қатысып жүрміз?
ҚАУЫММЕН бірге Патшалық сарайының құрылыс жобасына қатысқан кезіңіз болған ба? Су жаңа Патшалық сарайында бауырластармен бірге жиналып ән айтқанда, жүрегіміз толқып, көзімізге жас келген шығар. Бәріміз жұмыла тұрғызған бұл ғимарат Ехобаға мадақ әкелетіні сөзсіз! Бірақ білесіз бе, Ехобаны бұдан да асқан мадаққа бөлейтін тағы бір “құрылыс” жобасы бар. Елші Пауыл Салоникалықтарға 1-хат 5:11-де мәсіхшілерді осындай жобаға қатысуға шақырған (оқыңыз). Ол: “Бір-біріңді... нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер”,— деген. Мұндағы “нығайту” сөзі грек тілінде “соғу”, “тұрғызу” деген мағынаны да білдіреді.
2. Осы мақалада нені қарастырамыз?
2 Елші Пауыл бауырластарға жанашыр болудың, оларды нығайтудың жақсы үлгісін қалдырып кеткен. Осы мақалада Пауыл бауырластарға 1) қиындыққа төтеп беруге, 2) өзара тату болуға қалай көмектескенін және 3) Ехобаға деген сенімдерін қалай нығайтқанын көреміз. Сонда біз де елші Пауылға еліктеп, бауырластарымызды нығайта аламыз (Қор. 1-х. 11:1).
ПАУЫЛ БАУЫРЛАСТАРҒА ҚИЫНДЫҚҚА ТӨТЕП БЕРУГЕ КӨМЕКТЕСТІ
3. Қалай Пауыл тепе-теңдік сақтаған?
3 Елші Пауыл бауырластарын қатты жақсы көрген. Қиындыққа кезіккендерін аяп, оларға жаны ашыған, себебі өзі де талай қиындық көрген. Мысалы, оның ақшасы таусылып қалып, өзін және қасындағы серіктерін қажетімен қамтамасыз ету үшін жұмыс табу керек болған (Ел. іс. 20:34). Оның кәсібі шатыр жасау еді. Пауыл Қорынт қаласына келгенде, Ақила және Прискиламен бірге шатыр жасап, жұмыс істеп жүрді. Бірақ ол “әр демалыс күні” яһудилер мен гректерге уағыздайтын. Ал кейін қастарына Сыйлас пен Тімөте келгенде, “Пауыл өзін толығымен Құдай сөзін уағыздауға арнады” (Ел. іс. 18:2—5). Өмірінде қандай жағдай болмасын, ол өзінің ең негізгі мақсатын — Ехобаға қызмет етуді ұмытпады. Сондықтан Пауыл бауырластарды “ненің маңыздырақ екенін” ұмытпауға еркін талпындыра алды. Ол өмірдің ауыртпалығын көтеремін деп және отбасын асыраймын деп, ғибадатты ысырып тастамауды ескерткен (Філіп. 1:10).
4. Пауыл мен Тімөте қуғынға кезіккен бауырластарды қалай нығайтты?
4 Салоника қаласында қауым құрылған соң, ондағы шындыққа жаңадан келген бауырластар аяусыз қудаланды. Ашуға мінген қалың тобыр Пауыл мен Сыйласты таппаған соң, кейбір бауырластарды қала әкімдеріне сүйреп апарып: “Бұлардың бәрі императордың жарлықтарына қарсы шығып жүр”,— деп айқайлайды (Ел. іс. 17:6, 7). Өз қаласының тұрғындары өздеріне тап бергенде, әлгі шындыққа жаңадан келген бауырластардың не сезінгендерін ойлап көріңізші! Пауыл олардың қорқып, жасып, қызметтерін бәсеңдеткендерін қаламады. Сыйлас екеуі ол жерден кетіп қалса да, Пауыл жас қауымның қанатын қатайтуды ойлады. Сондықтан оларға: “Құдайдың қызметшісі Тімөтені сенімдерің берік болу үшін сендерді нығайтсын, жұбатсын деп жібердік. Сонда осы қиындықтар ешқайсысыңды шайқалтпайды”,— деп жазды (Сал. 1-х. 3:2, 3). Кезінде Тімөтенің туған қаласы Листрада бауырластар қуғындалғанда, арасында Тімөте де болса керек. Ол кейін Пауылдың бауырластарды қалай нығайтқанын және Ехоба бұған қалай батасын бергенін көрді. Осының бәрін бастан өткергендіктен, Тімөте Салоникадағы бауырластарды жағдайлары оңалатынына сендіре алды (Ел. іс. 14:8, 19—22; Евр. 12:2).
5. Бір ақсақалдың көмегі Брайнт бауырласқа қалай әсер етті?
5 Елші Пауыл бауырластарын тағы қандай жолмен нығайтты? Листра, Иқония мен Антиохияға қайта барғанда, Пауыл мен Барнаба “әр қауымға ақсақалдар тағайындады” (Ел. іс. 14:21—23). Біздің кезіміздегі ақсақалдар іспетті, сол тағайындалған бауырластар да өз қауымдары үшін нағыз жұбаныш болды. Осындай жұбанышты сезінген Брайнт деген бір ер бауырлас былай дейді: “Он бес жасымда әкем бізді тастап кетті. Ал анам болса қауымнан шығарылды. Жаным сыздап ауырып, өзімді тастанды бала сезіндім. Бірақ қауымдағы Тони деген бір ақсақал қауым кездесуінде де, басқа кезде де мені әңгімеге тартып, көңіл бөліп жүрді. Ол маған қиындыққа кезіккенде де бақытты бола білген адамдар жайлы айтып берді. Мысалы, Зәбүр 27:10-ды көрсетіп, Езекия жайлы айтатын. Әкесі жақсы үлгі көрсетпесе де, Езекия Ехобаға адал болып қалған”. Мұндай көмек Брайнт бауырласымызға қалай әсер етті? “Тонидың жігер бергенінің арқасында мен толық уақытты қызмет етуді бастадым. Бұл іс маған үлкен қанағат сыйлайды”,— дейді ол. Қымбатты ақсақалдар, Брайнт сияқты “жақсы сөзге” мұқтаж жандарға көмектесуге асық болыңыздар (Нақ. с. 12:25).
6. Пауыл бауырластарын тағы қалай нығайтты?
6 Пауыл Ехобаның күшімен түрлі қиыншылықтарға төтеп берген “бұлт іспетті көп куәгер” жайлы айтқан (Евр. 12:1). Өйткені олардың оқиғалары бауырластардың бойына батылдық құятынын және “тірі Құдайдың қаласына” назар тігуге көмектесетінін білген (Евр. 12:22). Расында да, Ехоба Гедеон, Барақ, Дәуіт пен Самуил сияқты қызметшілеріне қалай көмектескенін оқығанда, бәріміз де жігерленіп қаламыз (Евр. 11:32—35). Ал біздің кезіміздегі адал Куәгерлердің үлгісі жайлы не айтуға болады? Олардың өмірбаяндарын оқығаннан кейін көп бауырластардың сенімі әжептеуір нығайып қалған. Мұны Бас басқармаға жан-жақтан келіп түсіп жатқан ризашылық хаттары растайды.
ПАУЫЛ ТАТУЛЫҚ САҚТАУЫМЕН ҮЛГІ БОЛДЫ
7. Пауылдың Римдіктерге 14:19—21 тармақтарда жазылған кеңесінен не үйрендіңіз?
7 Қауымның татулығына сөзімізбен де, ісімізбен де үлес қосатын болсақ, бауырластарды нығайтамыз. Кейде ойымыз бір жерден шықпай жатады. Бірақ бұның бірлігімізді бұзуына жол бермейміз. Егер өзгенің көзқарасы Киелі кітап принциптеріне қайшы болмаса, өз дегенімізде қатып тұрып алмаймыз. Бірінші ғасырда Рим қаласындағы қауымда болған жағдайды алайықшы. Бұл қауым яһудилерден және басқа ұлт адамдарынан құралған еді. Мұса Заңы күшін жойғандықтан, еврей бауырластардың кейбірі тағамдардың барлық түрін жей бастайды. Ал басқалары болса кезінде Мұса Заңы тыйым салған тағамдарды жеуді әлі де дұрыс емес деп есептейтін (Мар. 7:19). Қауым осылайша екіге бөлініп кетті. Сол кезде Пауыл: “Ендеше ет жемегенің, не шарап ішпегенің, не бауырласыңды сүріндіретін басқа да нәрселерді істемегенің жақсы”,— деп татулықтың әлдеқайда маңызды екенін көрсетті (Римдіктерге 14:19—21 оқыңыз). Осылай ол дау-дамайдың жеке бауырластарға да, бүкіл қауымға да зиянды екенін түсіндіргісі келді. Басқаларды сүріндірмес үшін Пауылдың өзі де өзгеруге дайын болған (Қор. 1-х. 9:19—22). Жеке көзқарасымыз бен талғамдарымызға бола дауласпайтын болсақ, қауымымыз нығайып, татулығымыздың қаймағы бұзылмайды.
8. Қауымның татулығына қауіп төнгенде, Пауыл қалай әрекет етті?
8 Бірінші ғасырдағы қауымда бір үлкен мәселеге қатысты келіспеушілік туындағанда, Пауыл оны қалай татулық сақтай отырып шешкенін көрейік. Кейбір мәсіхшілер жұрттың сөзінен қорқып, еврей емес бауырластар сүндеттелсін деп талап етті (Ғал. 6:12). Бұнымен үзілді-кесілді келіспесе де, Пауыл өз дегенінде тұрып алмай, бұл мәселені Иерусалимдегі ақсақалдар мен елшілерге тапсырды (Ел. іс. 15:1, 2). Оның осындай кішіпейілділігінің арқасында қауымның татулығы бұзылмай, бауырластар да қуаныштарын сақтап қалды (Ел. іс. 15:30, 31).
9. Елші Пауылға қалай еліктесек болады?
9 Біздің арамызда да күрделі келіспеушілік туындағанда, Ехоба қауымды қамқорлау үшін тағайындаған ақсақалдарға жүгінсек, қауымда татулық болады. Сондай-ақ біз Киелі кітапқа негізделген ақыл-кеңесті әдебиеттерімізден не ұйым беріп жатқан басшылықтан таба аламыз. Өз ойымызды алға тартпай, сол нұсқауларды ұстансақ, қауымның ынтымақ-бірлігі артады.
10. Қауымның ынтымағы берік болу үшін Пауыл тағы не істеді?
10 Пауыл қауымдағы татулықтың ұйытқысы болу үшін тағы не істеді? Ол бауырластардың қателіктерінен гөрі жақсы жақтарын көбірек айтты. Мысалы, Римдіктерге жазған хатын алайықшы. Хатының соңында ол көп бауырластардың есімдерін атап, олар туралы жылы да жағымды сөздер айтқан. Пауылға еліктеп, біз де бауырластардың жақсы жақтарын айтуға асық болайық. Сонда бауырластар бір-бірін одан сайын жақсы көріп, достықтары нығаяды.
11. Арамызда келіспеушіліктер туғанда не істеуіміз қажет?
11 Кейде толысқан мәсіхшілер де өзара келіспей, сөзге келіп қалуы мүмкін. Осындай жағдай Пауыл мен Барнабаның арасында болды. Бұл екі дос ендігі миссионерлік сапарларында Марқаны өздерімен бірге аламыз-алмаймыз деп қатты дауласып қалды. Содан “бір-біріне қатты ашуланып”, екеуі екі жаққа кетті (Ел. іс. 15:37—39). Бірақ кейін Марқа үшеуі қауымның бірлігін жоғары қойып, достықтарын қайта қалпына келтірді. Бұған Пауылдың Барнаба мен Марқа жайлы айтқан жақсы сөздері дәлел (Қор. 1-х. 9:6; Қол. 4:10). Біз де бауырластармен арамызда қандай келіспеушілік болмасын — барлығын шешіп, олардың жақсы қасиеттеріне назар аудара берейік. Сонда бірлігі мен ынтымағы жарасқан қауым боламыз (Ефес. 4:3).
ПАУЫЛ БАУЫРЛАСТАРДЫҢ СЕНІМІН НЫҒАЙТТЫ
12. Бауырластар қандай қиындықтарға кезігіп жүр?
12 Бауырластарды нығайтудың тағы бір жолы — олардың Ехобаға деген сенімін өсіру. Өйткені кейбір бауырластарымыз үйде, мектепте, жұмыста сенімдеріне бола келеке-мазаққа ұшырайды. Басқаларының сезімдері жаралы немесе ауыр сырқаттары бар. Ал шындықта жүргеніне бірталай жыл болған бауырластар болса осы дүниенің соңын күте-күте сарғайған шығар. Бұл жағдайлар мәсіхшілер үшін нағыз сынақ болуы мүмкін. Бірінші ғасырдағы қауымда да осындай қиындықтар болған. Ендеше елші Пауыл олардың сенімдерін қалай нығайтқанын қарастырайық.
Елші Пауылдан үлгі алып, бауырластарды қалай нығайтсақ болады? (13-абзацты қараңыз)b
13. Пауыл бауырластарға өз сенімдерін қорғап сөйлеуге қалай көмектесті?
13 Пауыл бауырластардың сенімін нығайту үшін Жазбаларды қолданған. Бірінші ғасырдағы еврей бауырластар иудаизмді ұстанатын туыстарының тарапынан қарсылыққа ұшыраған. Туыстары мәсіхшілікті сынап-мінеп, қарсы пікір жаудырып жатқанда, олар не айтарларын білмей сасып қалған шығар. Бірақ Пауылдың Еврейлерге жазған хаты олардың сенімін қатайтып тастағаны сөзсіз (Евр. 1:5, 6; 2:2, 3; 9:24, 25). Бауырластар хаттағы қисынды ойлар мен мықты дәлелдерді пайдаланып, қарсы жақтың пікірлерін талқандай алған. Біздің бауырластар да қисынды дәлелдермен сенімдерін қорғай алулары үшін, оларға Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді қолдануды үйрете аламыз. Мысалы, мектепте оқитын жас бауырласымызды эволюцияға емес, Құдайға сенетіні үшін күлкі ететін болар. Сондай да біз оған “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” және “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” кітапшаларынан қажетті ақпаратты табуға көмектесе аламыз. Сонда жас бауырласымыз өз сенімін батыл түсіндіре алады.
Елші Пауылдан үлгі алып, бауырластарды қалай нығайтсақ болады? (14-абзацты қараңыз)c
14. Тәлім беру мен уағыз ісінде көп еңбектенсе де, Пауыл нені ұмытпаған?
14 Пауыл бауырластарды “игі істерімен” сүйіспеншілік көрсетуге талпындырды (Евр. 10:24). Оның өзі де іс жүзінде көмек көрсетуімен үлгі болған. Мысалы, Яһудеяда аштық жайлағанда, Пауыл сол жердегі мәсіхшілерге керек-жарағын жеткізген (Ел. іс. 11:27—30). Уағыздау мен тәлім беру ісінен қолы босамаса да, ол мұқтаж бауырластарға жәрдем беруге әрқашан уақыт тапқан (Ғал. 2:10). Осылайша, Ехоба қамдарын ойлайтынына деген сенімдерін нығайтқан. Біз де уақытымыз, күшіміз бен қабілеттерімізді аямай, түрлі апаттардан зардап шеккен бауырластарға көмектессек, олардың сенімдерін нығайтамыз. Бұны дүниежүзілік іске садақа жасау арқылы да істей аламыз. Бауырластар осы және басқа да игі істерімізді көріп, Ехоба ешқашан тастамайтынына одан сайын сенімді болады.
Елші Пауылдан үлгі алып, бауырластарды қалай нығайтсақ болады? (15, 16 абзацтарды қараңыз)d
15, 16. Сенімі әлсіреген жандарға қалай көмектессек болады?
15 Пауыл сенімі әлсіреп қалғандардан үмітін үзбеген. Пауыл оларға жанашырлықпен қарап, көңілдерін жайландыратындай жылы үнмен сөйлеген (Евр. 6:9; 10:39). Мысалы, Еврейлерге жазған хатында ол “біз” деген сөзді көп қолданған. Осылай сол жердегі кеңестердің өзіне де қатысты екенін көрсеткен (Евр. 2:1, 3). Елші Пауылды үлгі тұтып, біз де сенімі әлсірегендерден күдер үзбейік. Олардың жағдайларын біліп, шын жүректен көңіл бөлейік. Не айтсақ та, жылы, жұмсақ үнмен жеткізейік. Сонда сенімдерін нығайтамыз және оларды әлі де жақсы көретінімізді көрсетеміз.
16 Пауыл бауырластардың жақсы істерін Ехоба білетініне және ұмытпайтынына сендірген (Евр. 10:32—34). Сенімі әлсіреген бауырласқа көңіл бөліп жүргенде, біз де осылай істесек болады. Одан шындыққа қалай келгені және Ехобаның қолдауын сезінген кездері жайлы айтып беруді сұрайық. Осы әңгімені пайдаланып: “Ехобаны қалай жақсы көргеніңді ол ешқашан ұмытпайды және алда да сені еш тастамайды”,— деп сендірейік (Евр. 6:10; 13:5, 6). Осылай аяулы бауырласымыздың Ехобаға әрі қарай да қызмет етуге ықыласын оята аламыз.
“БІР-БІРІҢДІ НЫҒАЙТА... БЕРІҢДЕР”
17. Біз қай жағынан жақсара түссек болады?
17 Құрылыста жүрген сайын қабілетіміз шыңдала беретініндей, бауырластарды нығайту жағынан да шыңдала аламыз. Қиналып жүрген бауырластарға бұрында қиындыққа төтеп бергендердің мысалын келтіріп, оларды жігерлендірейік. Бір-біріміздің жақсы жақтарымызды айтып, қауымның татулығын нығайтайық. Ал татулығымызға қауіп төнгенде, оны көзіміздің қарашығындай сақтап қалайық. Ойымыз бір жерден шықпай, келіспей қалған болсақ, татулықты тез қалпына келтірейік. Сондай-ақ Жазбалардағы ойлар арқылы, іс жүзінде көмек беру арқылы және рухани әлсіреп қалғандарды демеу арқылы бауырластардың сенімдерін нығайтайық.
18. Сіз не нәрсеге бекіндіңіз?
18 Теократиялық құрылыс жобасына қатысу бақыт пен қанағат әкеледі. Дәл солай, қауымдағы “құрылыс жобасына” қатысқанымыз, яғни бауырластарды нығайтқанымыз бізге бақыт пен қанағат сыйлайды. Алайда уақыт өте ескіріп қалатын ғимараттардан айырмашылығы — біз атқарған ісіміздің нәтижесін мәңгі көреміз. Ендеше, “бір-бірімізді жұбатып, нығайта беруге” тастай бекінейік! (Сал. 1-х. 5:11).
100-ӘН Қонақжай болыңдар
a Мына қиын заманда өмір сүру кім-кімге де оңай емес. Түрлі қиыншылықтар бауырластардың алқымынан алып, жан-жақтан қыспақтауда. Оларды жігерлендірудің амалын тапсақ, көмегімізге шексіз риза болары сөзсіз. Осы орайда, елші Пауыл бізге қандай үлгі қалдырғанына назар аударайық.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әкесі әдебиеттеріміздегі ойларды пайдаланып, Жаңа жылды не үшін тойламайтынымызды қалай түсіндіруге болатынын қызына айтып жатыр.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ерлі-зайыпты басқа елде апаттан зардап шеккендерге көмектесіп жүр.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ақсақал сенімі әлсіреп қалған ер бауырласпен сөйлесіп отыр. Оған Ізашарлық қызмет мектебінде оқыған кездерінде түскен суреттерді көрсетіп, бірге өткізген бақытты шақтарын есіне түсірді. Ер бауырлас Ехобаға қызмет еткендегі қуанышын аңсап, кейін қауымға қайта келе бастады.