34-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
“Шындық жолында жүр”
“Шындық жолында жүр” (ЖОХ. 3-Х. 4).
111-ӘН Қуануға себеп көп
АҢДАТПАa
1. Шындыққа кім қалай келгені жайлы әңгімелердің пайдасы қандай?
“СЕН шындыққа қалай келдің?” Бауырластармен танысып, аралас-құралас болғанда, осы сұрақты жиі қоямыз. Дастарқан басында отырып, бауырластардың Ехобаны қалай танып-білгенін тыңдау бір ғанибет! Ондай кезде өзіміз де шындықты не үшін қымбат санайтынымызды ауыз толтырып айтамыз (Рим. 1:11). Осындай әңгімелерден кейін “Ехоба куәгері болғаным қандай жақсы” деп, шындықты бағалап қаламыз. Бұған қоса, әрі қарай да “шындық жолында жүре” беруге нық бекінеміз, яғни Ехоба батасы мен ықыласын төгетіндей өмір сүре беруге талпынамыз (Жох. 3-х. 4).
2. Осы мақалада нені талқылаймыз?
2 Осы мақалада біз шындықты не үшін жақсы көретініміздің кейбір себептеріне тоқталамыз. Сонымен қатар оны жақсы көретінімізді қалай көрсете алатынымызды талқылаймыз. Сонда шындыққа жақындатқаны үшін Ехобаға деген ризашылығымыз тереңдей түседі (Жох. 6:44). Сондай-ақ басқаларға шындықты үйретуге деген ықыласымыз да артады.
ШЫНДЫҚТЫ НЕ ҮШІН СҮЙЕМІЗ?
3. Шындықты жақсы көретініміздің ең маңызды себебі қандай?
3 Біз шындықты не үшін сүйетініміздің себептері өте көп. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — шындықтың көзін, яғни Ехобаны сүйетіндігіміз. Киелі кітаптан оның бүкіл ғаламды жаратқан құдіретті Құдай ғана емес, бізді аялап, қамқорлайтын сүюші Әке екенін де білдік (Пет. 1-х. 5:7). Сондай-ақ оның “мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайтын, айнымас сүйіспеншілігі мол және әрдайым сөзіне адал Құдай” екенін білдік (Мұс. 2-ж. 34:6). Ол әділдікті де жақсы көреді (Ишая 61:8). Біздің қиналып, қасірет шеккеніміз Ехобаның жанына батады, сондықтан ол бізді қайғы-қасіреттің барлығынан арылтатын уақытты асыға күтіп отыр (Ерм. 29:11). Біздің де тағатсыздана күтіп жүргеніміз дәл сол кез! Осындай керемет уәдесі үшін біз Ехобаны қатты жақсы көреміз.
Киелі кітаптағы шындық зәкір сияқты
Зәкір дауылда кемені ұстап тұратындай, Киелі кітаптағы болашаққа қатысты үміт те бізге сынақта сабырлық береді әрі осы үміт жайлы басқаларға айтуға талпындырады (4—7 абзацтарды қараңыз)
4, 5. Елші Пауыл неге үмітті зәкірге теңеген?
4 Біз шындықты тағы не үшін сүйеміз? Өйткені шындықтың бізге берері мол. Мысалы, ол бізге жарқын болашаққа деген үміт сыйлайды. Бұл үміттің күші жайлы елші Пауыл былай деп жазған: “Жанымыздың зәкірі іспетті болған бұл үміт сенімді әрі берік” (Евр. 6:19). Теңіздегі алай-дүлей дауылда зәкір кемені ұстап тұратындай, Киелі кітаптағы үмітіміз де өмірдің алай-дүлей кезінде жанымызға сабырлық береді.
5 Елші Пауыл бұл сөздерін көкте өмір сүруге үміттенетін майланған мәсіхшілерге қатысты айтқан. Бірақ оның жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін мәсіхшілерге де қатысы бар (Жох. 3:16). Жұмақта мәңгі өмір сүреміз деген үміт, шынында да, өмірімізге көрік беріп, мәнді етеді.
6, 7. Болашақ жайлы шындықты білгені Ивонға қалай көмектесті?
6 Ивон деген бір әйел бауырластың мысалын қарастырайық. Ол бала кезінен өлімнен қатты қорыққан. Бір күні Ивон үйінде жатқан бір кітаптан “ертеңгі күн келмейтін кез келеді” деген сөздерді оқып қалады. “Осы бір ауыз сөз ойымнан кетпей, тіпті түнгі ұйқымды ұрлады. Төсекте көзім бақырайып жатып: —Бәрі осымен бітуі мүмкін емес қой?! Онда мен не үшін дүниеге келдім?— деп терең ойға бататынмын. Менің еш өлгім келмеді!”— дейді ол.
7 Кейін жасөспірім кезінде Ивон Ехоба куәгерлерін кездестіреді. Ол Құдай Сөзінен білгендері жайлы: “Бұл сөздер жүрегімде жұмақта мәңгі өмір сүруге деген үміт отын жақты”,— дейді. Шындықтың оған тигізген пайдасы жайлы ол былай айтады: “Болашағым мен өлім жайлы ойлар енді менің түнгі ұйқымды ұрламайды”. Көргеніміздей, шындық Ивон бауырлас үшін өте құнды, әрі ол керемет үміті жайлы басқаларға айтудан зор қанағат алады (Тім. 1-х. 4:16).
Киелі кітаптағы шындық қазына сияқты
Ехобаға қызмет етіп жүргеніміз және болашақта оның Патшалығының қол астында мәңгі қызмет ету үмітіміз — біз үшін қазына. Ол кез келген құрбандыққа баруға татиды (8—11 абзацтарды қараңыз)
8, 9. а) Исаның мысалындағы адамға тауып алған қазынасы қаншалықты бағалы болды? ә) Ал сіз үшін шындық қаншалықты бағалы?
8 Киелі кітаптағы шындыққа Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабар да жатады. Иса Патшалық жайлы шындықты жасырылған қазынаға теңеген. Ол: “Көк Патшалығы танапта жасырылған қазынаға ұқсайды. Оны тауып алған адам қазынаны қайта жасырып қойып, қуанғанынан өзінде бардың бәрін сатып, сол жерді сатып алады”,— деген (Мат. 13:44). Байқасақ, бұл адам қазынаны әдейі іздеп шықпаған, бірақ тауып алған кезде, оған ие болу үшін үлкен құрбандықтарға барған, яғни өзіндегі бардың бәрін сатып жіберген. Өйткені сол қазынаның қаншалықты құнды екенін және оның кез келген құрбандыққа татитынын түсінген.
9 Біз үшін де шындық осыншалықты бағалы ма? Әрине! Бұл дүние бізге көп нәрсе ұсынатын шығар. Бірақ Ехобаға қызмет етуден келетін қуаныш пен Құдай Патшалығының қол астында мәңгі өмір сүру үмітімен салыстырғанда, олар түк емес! Көктегі Әкеміз Ехобамен жақын дос болу кез келген құрбандыққа татиды. Біз үшін “оған барлық жағынан ұнамды” болудан асқан бақыт жоқ! (Қол. 1:10).
10, 11. Майклға үлкен өзгеріс жасауға не түрткі болды?
10 Көбіміз Ехобаның ықыласына бөлену үшін үлкен құрбандықтарға бардық. Кейбіріміз өте табысты мансабымызды қиып кеткен шығармыз. Ал басқаларымыз байлық қумай, қарапайым өмір сүруді үйренген болармыз. Кейбіреулері болса Ехоба жайлы білген соң, өмірлерін жаңа парақтан бастауды шешкен. Соның бірі — Майкл. Ол шындықта өспеген. Майкл бала кезінен шығыс жекпе-жек өнерімен айналысқан. Өзі жайлы ол былай дейді: “Мен өз дене бітімім мен күшіме қатты мән беретінмін. Мені ешкім жеңе алмайды деп ойлайтынмын”. Бірақ кейін Майкл Киелі кітапты зерттей бастағанда, Ехобаның қатыгездікке қалай қарайтынын оқып біледі (Зәб. 11:5). Ол былай дейді: “Маған Киелі кітапты үйреткен ерлі-зайыпты “каратэңді таста” деп тіке айтса болар еді. Бірақ олар бұлай етпеді, қайта, Киелі кітаптағы шындықтарды үйрете берді”.
11 Майкл Ехобаны көбірек таныған сайын, оны одан сайын жақсы көре түсті. Ол әсіресе Ехобаның өз қызметшілеріне танытатын жанашырлығына тәнті болды. Уақыт өте ол өмір жолын өзгерту керек екенін түсініп, былай деді: “Каратэні тастау қиынның қиыны болатынын сездім. Бірақ бұлай етсем, Ехобаны қуантатынымды түсіндім. Оған қызмет ету үшін барған кез келген құрбандығым соған тұрады”. Майкл шындық қазынасын тапқанына өте риза. Осы ризашылығы оған өмірін жаңа парақтан бастауға түрткі болды (Жақ. 1:25).
Киелі кітаптағы шындық шырағдан сияқты
Шырағдан қараңғыда жол табуға көмектесетіндей, Құдай Сөзі де Шайтанның қараңғы дүниесінде жол табуға көмектеседі (12, 13-абзацтарды қараңыз)
12, 13. Киелі кітаптағы шындық қалайша Майлидің көзін ашты?
12 Шындықтың құндылығын көрсету үшін Киелі кітап оны түнекте жанып тұрған шырағданмен салыстырады. Осы шырағдан көп адамның көзін ашқан (Зәб. 119:105; Ефес. 5:8). Соның бірі — Әзірбайжанда тұратын Майли есімді әйел бауырлас. Оның ата-анасы әртүрлі дінді ұстанатын. Майли былай дейді: “Әкем ислам, ал анам иудаизм дінін ұстанатын. Құдайдың бар екеніне ешқашан күмәнданбасам да, мені мазалайтын жайттар бар еді. “Құдай адамдарды не үшін жаратты? Өмір бойы қасірет шегіп, ақырында тозақ отына түсудің не мәні бар?” деген сұрақтарым көкейімді тесіп жүрген болатын. Барлық нәрсе Құдайдың жазғанымен болады дегенді естігенде, “сонда Құдай адамдарға қайғы-қасірет жіберіп, сосын олардың қиналғанынан ләззат ала ма?” деген ой келетін”.
13 Майли көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеумен болды. Ақыры ол Киелі кітапты зерттеп, шындықты сол жерден тапты. “Киелі кітаптағы қисынды дәлелдер өмірге деген көзқарасымды жақсы жаққа өзгертті. Сондай-ақ жан дүнием нағыз тыныштыққа бөленді”, — дейді ол. Расында да, Ехоба бізді “түнектен өзінің тамаша жарығына шақырғаны” үшін мадаққа әбден лайық! (Пет. 1-х. 2:9).
14. Шындыққа деген сүйіспеншілігімізді қалай арттырсақ болады? (“Басқа да теңеулер” деген қоршауды да қараңыз.)
14 Біз шындықтың құндылығын көрсететін бірнеше ғана мысалды қарастырдық. Бәлкім, сіздің ойыңызға басқа да мысалдар келген шығар. Ендеше, шындықты тағы да не үшін жақсы көруіміз керектігін неге зерттеп көрмеске? Сонда шындыққа деген сүйіспеншілігіңіз одан сайын тереңдейді және осы сүйіспеншілігіңізді одан да көп жолдармен көрсететін боласыз.
ШЫНДЫҚТЫ СҮЙЕТІНІМІЗДІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТЕМІЗ?
15. Шындықты сүйетінімізді көрсетудің бір жолы қандай?
15 Шындықты сүйетінімізді көрсетудің бір жолы — Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді жүйелі түрде зерттеу. Шындықта жүргенімізге қанша уақыт болса да, зерттеп білетініміз әлі де көп. Осы “Күзет мұнарасы” журналының ең алғашқы санында былай деп жазылған еді: “Шындық арамшөп пен тікен қаулаған қуаң даладағы кішкентай нәзік гүл сияқты. Оны табу үшін біраз іздейсің. Ал тапқан соң, еңкейіп, оны аласың. Дегенмен шындықтың бір ғана гүлімен шектелме, басқаларын да іздеп тауып, тере бер”. Киелі кітапты зерттеу — жатқан еңбек, бірақ ол соған тұрады.
16. Сіз Киелі кітапты қандай тәсілмен зерттейсіз? (Нақыл сөздер 2:4—6)
16 Оқып-зерттегенді бәріміз бірдей жақсы көре бермейміз. Сонда да Ехоба шындықты тереңірек біле беруіміз үшін, оны “іздей беруге” шақырады (Нақыл сөздер 2:4—6 оқыңыз). Сонда бұның мол пайдасын көреміз. Кори бауырлас Киелі кітапты бір оқығанда, бір ғана тармағына назар аударғанды ұнатады екен. Ол былай дейді: “Мен тармақтың әрбір сілтемесін оқимын, тоғыспалы сілтемелердің барлығын қарап шығамын және қосымша зерттеу жүргіземін. Осындай тәсілмен оқығанда, көп нәрсені біліп қаламын”. Қандай тәсілді қолданбайық, шындықты оқып-зерттеу үшін уақыт бөліп, күш салатын болсақ, оны бағалайтынымызды көрсетеміз (Зәб. 1:1—3).
17. Шындықтың толық пайдасын көру үшін не істеуіміз керек? (Жақып 1:25)
17 Шындықтың бар пайдасын көргіміз келсе, оны жай зерттеп қойғанымыз жеткіліксіз. Біз соған сай өмір сүріп, білгендерімізді қолдануымыз керек. Сонда ғана бақытты бола аламыз (Жақып 1:25 оқыңыз). Шындыққа сай өмір сүріп жүрміз бе, жоқ па — мұны қалай білсек болады? Бір бауырлас: “Шындықтың арқасында қай жағынан жақсардым және тағы қай жағынан жақсарсам болады?”— деп өзін тексеріп тұрады екен. Елші Пауыл да: “Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік”,— деп талпындырған (Філіп. 3:16).
18. “Шындық жолында жүру” үшін неге барымызды саламыз?
18 “Шындық жолында жүру” үшін барымызды салсақ, қандай батаға ие болатынымызды ойлап көріңізші! Біз өмірімізді жақсартып қана қоймай, Ехобаға және бауырластарға қуаныш сыйлаймыз (Нақ. с. 27:11; Жох. 3-х. 4). Шындықты сүюге, шындыққа сай өмір сүруге бұдан асқан себеп бар ма?!
144-ӘН Зор сыйға назар тігейік
a Біз әдетте “шындық” деп сенетін ілімдерімізді немесе мәсіхшілік өмір жолын айтамыз. Шындыққа кеше келейік немесе туылғанымыздан шындықта жүрейік, барлығымыз “шындықты не үшін жақсы көремін” деп ойланғанымыз маңызды. Сонда Ехобаға ұнамды болуға деген ынтамыз одан сайын артады.