Сізге “мейірімділік заңы” қозғау болсын
ЛИЗАa өзін шындыққа не тартқанын айтып былай деді: “Мені тәнті қылған бауырластардың мейірімділігі еді”. Аннаның да айтқаны осыған саяды. Ол: “Менің көңілімді жаулаған ілімдерден гөрі, мейірімділік болды”, — деді. Қазір екеуі де Киелі кітапты сүйіп оқып, қуана ой жүгіртеді. Бірақ жүректерін алғаш жалындатқан — бауырластардың мейірімділігі.
Айналамыздағы адамдардың жүрегін қалай мейірімділікпен баурай аламыз? Оның екі жолы бар: сөзімізбен және ісімізбен. Алдымен, соны қарастырамыз, сосын, мейірімділікті кімге танытуымыз керектігін білеміз.
“ТІЛІҢІЗДЕ МЕЙІРІМДІЛІК ЗАҢЫ” БОЛСЫН
Нақыл сөздер 31-тараудағы жақсы әйел туралы оның “тілінде мейірімділік заңы” бар делінген (Нақ. с. 31:26). “Мейірімділік заңына” бағынатын әйел не айтатынына, қалай айтатынына мән береді. Әкелердің де тілінде осы “заң” болу керек. Қатты-қатты сөйлеу балаларға кері әсер ететіні барлық ата-анаға мәлім. Қатқыл үнмен, жекіп сөйлеу баланың көңілін қайтарып тастауы мүмкін. Сондықтан ата-аналардың сөзі жағымды, өтімді болу үшін балаларына мейіріммен сөйлегені құба-құп.
Ата-ана болмасаңыз да, мейіріммен сөйлеуді сіз қалай үйрене аласыз? Мұның сыры Нақыл сөздер 31:26-ның бірінші жартысында айтылған: “Аузынан даналық шығады”. Бұл дегеніміз — не айтатынымызды және оны қалай жеткізетінімізді ақылға салу керек деген сөз. Бұл ретте мына сұрақ көмек бола алады: Айтқалы жатқан сөзім біреудің ашуын туғыза ма, әлде оны сабасына түсіре ме? (Нақ. с. 15:1). Иә, бірдеңе айтпас бұрын ойланып алғанымыз жақсы.
Тағы бір нақыл сөзде: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды”, — делінген (Нақ. с. 12:18). Сөзіміз бен оны қалай жеткізетініміз басқаларға әсер ететінін түсінсек, онда сөзімізді сүзгіден өткізіп, байқап сөйлейтін боламыз. Расында да, “мейірімділік заңына” бағынатын болсақ, жанды жаралайтын сөздерді айтпаймыз. Қатқыл мәнерде сөйлемейміз (Ефес. 4:31, 32). Біз жаман ойды жақсы ойға, жайсыз сөзді жайлы сөзге, жағымсыз мәнерді жағымды мәнерге алмастырғанымыз абзал. Осы тұста Ехобаның үлгісін айтпасқа болмас. Бірде ол үрейі ұшқан қызметшісі Ілиясқа періштесі арқылы “жұмсақ, ақырын шыққан дауыспен сөйлеп”, көңілін жайландырды (Пат. 1-ж. 19:12). Бірақ мейірімді болу мейірімді сөйлеумен ғана шектелмейді. Сөзімізге қоса, ісіміз де мейірімді болу керек. Енді соған тоқталайық.
МЕЙІРІМДІ ІСТЕР ӨЗГЕГЕ ҚОЗҒАУ САЛАДЫ
Ехобаға еліктегіміз келсе, мейірімді сөздеріміз мейірімді істерімізбен қатар жүру керек (Ефес. 4:32; 5:1, 2). Алғы сөзде айтылған Лиза Куәгерлердің өзіне қандай мейірімді іс жасағанын айтып берді: “Бірде отбасымызға аяқастынан көшуге тура келді. Сонда екі Куәгер отбасы жұмыстарынан сұранып, бізді көшірісті. Мен ол кезде тіпті Киелі кітапты зерттемеген де едім!” Олардың игі істері Лизаны шындық жайлы көбірек білуге талпындырды.
Мақаланың басында айтылып кеткен Анна да Ехоба куәгерлерінің оған танытқан мейіріміне тәнті болған. Ол былай дейді: “Осы әлемдегі адамдардың маған істеген қылықтарына қарап, мен бәріне сенуден қалдым. Сондықтан Куәгерлерді кездестіргенде де, олардың ниетіне сезіктеніп қарадым. “Бұлар маған неге сонша көңіл бөле қалды?”— деп ойладым. Бірақ менімен зерттеп жатқан бауырластың риясыз мейірімін көріп, оған сенім арта бастадым. Соның арқасында мен сезіктенуді қойып, бар көңіліммен оқи бастадым”.
Байқаған шығарсыз, қауымдағы бауырластардың игі істері осы Лиза мен Аннаға кереметтей әсер қалдырып, шындық жайлы білулеріне қозғау салды. Иә, олардың жүрегін жібітіп, шындыққа тартқан — қауымдағы мейірімділік.
ҚҰДАЙДЫҢ МЕЙІРІМДІЛІГІНЕ ЕЛІКТЕҢІЗ
Кейбіреулер шыққан жері, көрген тәрбиесі сондай болғандықтан, іші-бауырыңа кіріп, күлімсіреп тұрады. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ табиғатымыздан, мәдениетімізден келетін мейірімділік бір басқа да, Құдайдан келетін мейірімділік бір басқа (Елшілердің істері 28:2 салыстырыңыз).
Құдайдан келетін мейірімділік киелі рухтың жемісіне кіреді (Ғал. 5:22, 23). Сондықтан шын мейірімділікті киелі рухтың көмегімен ғана үйрене аламыз. Осылай Ехоба мен Исаға еліктейміз. Әрине, мәсіхші болғандықтан біз бір-бірімізге жіті көңіл бөлеміз. Бұған бізді Ехоба Құдайға және өзгелерге деген сүйіспеншілік қозғау салады. Сондықтан біздің мейірімділігіміз Құдай құп көретін, жүректен шыққан күшті қасиетке айналады.
МЕЙІРІМДІЛІКТІ КІМГЕ ТАНЫТАМЫЗ?
Бізге мейірімділік танытқандарға алғыс айтып, оларға да жақсылық жасау оңай. Өзіміз танитындарға да еш қиналмай, мейірімді боламыз (Сам. 2-ж. 2:6; Қол. 3:15). Бірақ әлдекім біздің мейірімімізге татымайды деп ойласақ ше?
Онда Ехобаның мейір-рақымы жайында ойланып, өзімізге маңызды сабақ түйіп алайық. Бұл қасиет жайлы Грек жазбаларында көп рет жазылған. Құдай бізге мейірімін қалай танытады?
Ехоба сан миллиондаған адамға жер басып жүрулері үшін қажеттінің бәрін беріп жатыр (Мат. 5:45). Ехоба біз оны танымай тұрғанда-ақ мейірімділік танытқан (Ефес. 2:4, 5, 8). Мысалы, ең қымбатын, жалғыз Ұлын күллі адамзат үшін берді. Елші Пауыл осы төлемді Ехоба бізге рақымын молынан жаудырғандықтан бергенін айтқан (Ефес. 1:7). Бұдан бөлек, біз күнә жасап, Ехобаны қанша ренжітсек те, ол бізге бағыт-бағдар беріп, үйретіп келеді. Оның тәлімдері мен сөздері жанға жағымды “себелеген жаңбырдай” (Мұс. 5-ж. 32:2). Ехобаның бізге жасап жатқан бар мейірімін қайтара да, өтей де алмаймыз. Шынын айту керек, тіпті біздің болашағымыз Ехобаның осы мейіріміне байланысты (Пет. 1-х. 1:13).
Ехобаның мейірімділігі көңілімізге жай беріп, іске жетелейді. Сондықтан Ехобаға еліктеп, мейірімділікті бірен-саранға емес, бәріне бірдей күн сайын таныта беруіміз керек (Сал. 1-х. 5:15). Мейірімділік танытудан еш талмасақ, басқалар үшін суық күні жылу беретін от іспетті боламыз. Сонда үйдегілердің, бауырластардың, әріптестердің, сыныптастар мен көрші-қолаңдардың жандарына жұбаныш бере аламыз.
Сіздің бірауыз мейірлі сөзіңіз бен ісіңіз үйіңіздегі я қауымдағы біреуді қанаттандырып тастауы мүмкін. Бәлкім, қауымдағы біреу-міреуге үйін жинап беру, бақшасын реттестіру немесе дүкеннен керек-жарағын әкеп беру керек шығар. Я болмаса қызметте көмекке мұқтаж біреуді кездестірсеңіз, оған қол ұшын бере аласыз ба?
Ендеше, Ехобаға еліктеп, сөзіміз бен іс-әрекетімізді әрдайым “мейірімділік заңы” жетелесін.
a Есімдер өзгертілген.