Зұлым дүниеде мейірімділікке ұмтыл
“Адам бойындағы ұнамды нәрсе — оның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 19:22, ЖД).
1. Неге мейірімділік таныту оңай емес?
ӨЗІҢДІ мейірімдімін деп есептейсің бе? Мейірімді болсаң, бүгінгі дүниеде өмір сүру саған оңайға соғып жүрген жоқ болар. Киелі кітаптан мейірімділіктің киелі рух жетілдіретін ‘игілікті жемістің’ бөлігі екенін білеміз. Онда неліктен мейірімділікті христиан деп аталатын елдердің өзінде таныту өте қиын? (Ғалаттықтарға 5:22). Алдыңғы мақаладан бұл сұрақтың жартылай жауабын елші Пауылдың сөздерінен, яғни бүкіл дүние қатыгез рухани тұлға Шайтан Ібілістің билігінде екенін жазған сөздерінен білдік (1 Жохан 5:19). Иса Мәсіх Шайтанды “осы күнәкар дүниенің әміршісі” деп атады (Жохан 14:30). Олай болса, осы дүние өзінің зұлым әрі бүлікші әміршісінің мінез-құлқына еліктеуде (Ефестіктерге 2:2).
2. Мейірімділік танытуды не нәрсе қиындатады?
2 Адамдардың дөрекілігі өмірімізге кері әсер етеді. Мейірімсіздік кекесін сөйлейтін көршілеріміздің, қырын қабақ көрсететін бөтендердің, тіпті кейде ойланбай әрекет ететін достарымыз бен отбасымыздағылардың тарапынан болуы мүмкін. Тіл тигізіп, айғайлап және ұрсып сөйлейтін адамдармен қандай да бір істе түйісіп қалсақ, қатты абыржимыз. Біреудің бұндай мейірімсіздігі бізді де қатуландырып, жамандыққа жамандықпен қайтарғымыз келуі мүмкін. Ал бұл рухани не тәндік саулығымызға зиян тигізуі мүмкін (Римдіктерге 12:17).
3. Қандай күрделі проблемалар адамның мейірімді болу ниетіне кесірін тигізуде?
3 Мейірімділік танытудың қиын болу себебі — осы күйзеліске толы дүниедегі жағдай да болуы мүмкін. Мысалы, террорлық әрекеттер мен олардың қоқан-лоқысы, сондай-ақ түрлі ұлтшыл топтардың биологиялық не ядролық қаруды қолдану қаупі бүкіл адамзаттың үрейін ұшырып отыр. Бұған қоса, миллиондаған адамдар тамаққа, киім-кешекке, баспана мен медициналық көмекке жарымай, жоқшылық көруде. Жағдайдың жақсаратынына еш үміт болмаса, мейірімділікке ұмтылу қиынға соғады, себебі “қысым ақылды адамды ақымақтыққа мәжбүрлейді” (Екклесиаст 7:7, ЖД).
4. Басқаларға мейірімділік танытуға қатысты кейбіреулер қандай жаңсақ тұжырым жасауы мүмкін?
4 Мейірімділікке ұмтылу — онша маңызды емес, тіпті ол әлсіз адамның ісі деген тұжырым жасау оңай. Адам кейде ақ көңілділігін біреулердің пайдаланып жүргенін сезуі мүмкін, мұны әсіресе басқалар өзін басынғанда сезеді (Забур 72:2—9). Алайда Киелі кітап бізге тура жол сілтеп: “Жауап момындықпен берілсе, қаһарды басады, ал ауыр тиетін сөз ашуды қоздырады”,— дейді (Нақыл сөздер 15:1). Момындық және мейірімділік — киелі рух жетілдіретін жемістің бөлігі болып табылатын бір-бірімен байланысты әрі қысылған жағдайларда қолдануға тиімді қасиеттер.
5. Мейірімділікпен әрекет етуді қажет ететін өмірдің кейбір салалары қандай?
5 Мәсіхшілер ретінде бізге Құдайдың киелі рухының жемісін жетілдіру маңызды, сондықтан оның бөлігі болып табылатын мейірімділікті қалай іс-жүзінде көрсетуге болатынын қарастырғанымыз абзал. Зұлым дүниеде мейірімділікке ұмтылу мүмкін бе? Мүмкін болса, өмірдің қандай салаларында Шайтанның ықпалына қарсы тұрып, әсіресе қысым көрсетілген кезде, мейірімді болуымыз керек? Мейірімділікке қалайша отбасында, жұмыс орнында, мектепте, тұратын жерімізде, қызметте және қауымда ұмтылуға болатынын қарастырайық.
Отбасындағы мейірімділік
6. Неге мейірімділік отбасында өте маңызды және ол не нәрселерден байқалады?
6 Ехобаның батасына ие болып, басшылығын алып отыру үшін киелі рухтың жемісін толық жетілдіру аса маңызды (Ефестіктерге 4:32). Мейірімділіктің неліктен отбасында әсіресе маңызды екеніне көңіл бөлейік. Ерлі-зайыптылар күнделікті өмірде мейірімділікпен әрекет етіп, бір-біріне және балаларына қамқорлықпен қараулары керек (Ефестіктерге 5:28—33; 6:1, 2). Бұндай мейірімділік отбасы мүшелерінің бір-бірімен қалай сөйлесетінінен, балаларының ата-аналарын құрметтеуі мен сыйлауынан және ата-ананың балаларына деген дұрыс қарым-қатынасынан байқалу керек. Мақтауға келгенде жүйрік, айыптауға келгенде баяу болыңдар.
7, 8. а) Отбасында шынайы мейірімділік таныту үшін біз қандай мінез-құлықтан аулақ болуымыз керек? ә) Жақсы пікір алмасу қалайша отбасының ынтымағын нығайтады? б) Өз отбасыларыңда қалай мейірімділік таныта аласыңдар?
7 Отбасындағыларға мейірімді болу үшін тағы елші Пауылдың: “Мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу, ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық”,— деген ескертуіне де құлақ асулары керек. Мәсіхші отбасының мүшелері күнделікті өмірде бір-біріне құрметпен әрі әдеппен сөйлесіп, пікір алмасып тұрулары керек. Неге? Себебі араларында жақсы пікір алмасу болмаса, отбасы берік те бақытты бола алмайды. Келіспеушілік туындағанда жақсы қарым-қатынас сақтау үшін сөз таластырып, жеңуге емес, мәселені шешуге тырысыңдар. Бақытты отбасы бір-біріне мейірімді және ықыласты болуға барынша ұмтылады (Қолостықтарға 3:8, 12—14).
8 Мейірімділік жағымды қасиет және басқаларға жақсылық істеуге ықылас тудырады. Сондықтан отбасы мүшелеріне пайдамызды тигізуге, ықыласпен қарауға, көмектесуге дайын тұруға тырысамыз. Мейірімділігімен белгілі болу үшін отбасы мүшелерінің әрқайсысы жеке-жеке де, бас қосып та еңбектенулері керек. Нәтижесінде олар Құдайдың батасына ие болып қана қоймай, қауымда және адамдардың арасында мейірімді Құдай Ехобаны мадақтайтын болады (1 Петір 2:12).
Жұмыс орнындағы мейірімділік
9, 10. Жұмыс орнында болатын кейбір қиындықтарды атаңдар және оларды қалай достық ықылас танытып шешуге болатынын түсіндіріңдер.
9 Мәсіхшілер үшін күнделікті жұмыс орнында әріптестеріне мейірімділік таныту қиын болуы мүмкін. Кейде бақталастықтың кесірінен біреу әріптесіне қулықпен арамдық жасап, бастығының алдында оның беделін түсіреді, сөйтіп, әріптесі жұмыстан айырылып қалуы да ықтимал (Екклесиаст 4:4). Бұндай кезде мейірімді болу оңай емес. Қандай болған күнде де, Ехобаның қызметшісі мейіріммен әрекет еткеннің басым көп жағдайда дұрыс екенін есте ұстап, өзіне қарсы адамды ұнамды қасиетімен жаулап алуға тырысу керек. Бұл үшін адамға шынайы ықылас білдіруге болады. Әріптесіңнің не отбасындағы біреудің сырқаттанып қалғанын білсең, жанашырлық көрсетерсің. Қал-жағдайды сұрағанның өзі адамға жағымды әсер етуі мүмкін. Мәсіхшілер өз тарапынан, мүмкін, қолдарынан келгенше ынтымақ пен тыныштыққа септігін тигізуді ойлайды. Кейде қарым-қатынасты жақсартуға қамқорлық пен ықылас білдіретін бір-екі ауыз жылы сөз көмектесе алады.
10 Басқа бір жағдайларда жұмыс беруші қол астындағыларға өз көзқарасын жүктеп, бәрінің де өз ұлтын дәріптейтін немесе Киелі кітапқа қайшы келетін мерекеге қатысқандарын қалайтын шығар. Мәсіхші ар-ұжданын ескеріп, ондай мерекеге қатыспауды ұйғарған жағдайда, қарсылыққа кезігуі мүмкін. Бұндай жағдайда бастығының ыңғайына көніп, мерекеге қатысудың бұрыс екенін толығымен түсіндіріп жатпаған дұрыс болар. Өйткені Мәсіхтің ілімдеріне сенбейтіндер ондай мерекелерді дұрыс деп есептеуі мүмкін (1 Петір 2:21—23). Бәлкім, достық ықылас танытып жеке өзіңнің неліктен қатыспайтыныңды түсіндіріп берерсің. Кекетіп сөйлегендерге кекесінмен қайтарма. Мәсіхшінің Римдіктерге 12:18 жазылған: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар”,— деген кеңесті қабыл алғаны абзал.
Мектепте мейірімділік таныту
11. Жасөспірімдерге мектепте мейірімділік таныту неге қиын?
11 Жастар үшін сыныптастарына мейірімділік таныту, шынында да, қиын болуы мүмкін. Жасөспірімдер әдетте құрбыларына ұнауға тырысады. Кейбір ер балалар сыныптастарының алдында өздерін көрсеткісі келіп, мектепте өзінен әлсіздерге қыр көрсетеді (Матай 20:25). Басқа жастар болса білім, спорт не басқа бір саладағы қабілетін мақтан етіп, басқаларды тамсандырғанды ұнатады. Олар жиі жетістіктерін көрсетіп, сыныптастарына не басқа оқушыларға мейірімсіздікпен қарайды, өйткені олар қабілеттері басқалардан артық етеді деген жаңсақ ойда болады. Жас мәсіхшілер бұндай істерге еліктеуден аулақ болулары керек (Матай 20:26, 27). Елші Пауыл ‘сүйіспеншіліктің шыдамды да мейірімді’ екенін және оның ‘еш мақтанбайтынын, паңданбайтынын’ айтқан. Олай болса, мәсіхшілер мейірімсіздік жасайтындардан үлгі алмай, сыныптастарымен араласқанда Киелі жазбалардағы өсиеттерді берік ұстануға міндетті (1 Қорынттықтарға 13:4).
12. а) Мұғалімдерге мейіріммен қарау неге қиын болуы мүмкін? ә) Қысымның әсерінен мейірімді болу қиын болса, жастар кімнен көмек күтулеріне болады?
12 Жастар мұғалімдеріне де мейіріммен қараулары керек. Көптеген оқушылар мұғалімдерінің ашуына тигенді ұнатады. Олар мектеп тәртібін бұзып, мұғалімдердің беделін түсіргені ақылдылықтың белгісі деп ойлайды. Олар өзге балаларды қорқытып, қатарларына қосуға тырысулары мүмкін. Ал ондайға берілмеген жас мәсіхшіні олар, бәлкім, келеке-мазақ етеді. Оқу жылы біткенше бұндайға шыдап, мейірімділік таныта беру оңай емес. Алайда Ехобаның адал қызметшісі болудан маңызды еш нәрсе жоқ екенін ұмытпа. Бұндай қиын кезде киелі рухы арқылы Оның көмек беретініне сенімді бол (Забур 36:28).
Көршілерге мейірімділік таныту
13—15. Көршілерімізге мейірімділік танытуға не кедергі болуы мүмкін және кедергілерге қарамай не істеуімізге болады?
13 Қай жерде тұрсаң да, жер үйде ме, пәтерде не басқа жерде ме, көршілеріңе қалай мейірімділік танытып, оларға игілік тілейтініңді көрсетуге болатынын ойлай жүруіңе болады. Бұл да оңайға соға бермейді.
14 Жаныңда тұратын көршілерің нәсіліңе, ұлтыңа не дініңе бола сені жақтырмайтын болса ше? Егер олар кейде дөрекі немесе тіпті саған көңіл бөлмейтін болса ше? Ехобаның қызметшісі ретінде қолыңнан келгенше, мейірімділік көрсеткенің жақсы. Сонда сен жақсы жағынан ерекшеленетін боласың, ал бұл мейірімділіктің үлгісі Ехобаға мадақ әкеледі. Қайдан білесің, мейірімділігіңнің арқасында көршіңнің көзқарасы бір күні өзгеретін шығар. Тіпті ол Ехобаны мадақтайтындардың қатарына да қосылып қалар (1 Петір 2:12).
15 Мейірімділікті қалай көрсетуге болады? Ең алдымен, отбасыңда киелі рух жетілдіретін жемісті іс жүзінде көрсет. Бұны көршілерің байқауы мүмкін. Кейде көршіңе қандай да бір жақсылық істеуге мүмкіндігің болар. Есіңде болсын, мейірімділік деген — басқалардың игілігін ойлап жақсылық істеу (1 Петір 3:8—12).
Қызметтегі мейірімділік
16, 17. а) Неге уағыздау қызметінде мейірімділік таныту маңызды? ә) Уағыздау қызметінің түрлі саласында қалай мейірімділік таныта аламыз?
16 Адамдармен сөйлесу үшін үйлеріне, жұмыс орындарына және көпшілік орындарға келеміз, сондықтан мейірімділік ұйымдасқан түрде жүріп жатқан мәсіхші ретіндегі қызметіміздің ерекшелігі болуға тиіс. Біз әрқашан мейірімді Құдай Ехобаның өкілдері екенімізді естен шығармауымыз керек (Мысырдан шығу 34:6).
17 Қандай іс-әрекетіңмен қызметте мейірімділік көрсете аласың? Мысалы, көшеде куәлік етіп жүрген кезде, адамдарға қысқаша сөйлеу және ықыласты болу арқылы. Жаяу жолда әдетте әрі-бері жүріп жатқан адам көп, сондықтан жолды бөгеп қалмау үшін мұқият бол. Сондай-ақ іскерлер аумағында сатушыларға келім-кетім адам көп екенін ескеріп, бұл жағдайда да қысқаша ғана куәлік беру арқылы мейірімділік көрсет.
18. Қызметте мейірімділік таныту үшін неге қырағы болу маңызды?
18 Үйме-үй уағыздағанда парасаттылық қажет. Есік алдында көп сөйлесіп тұрып алма, әсіресе ауа-райы жайсыз болса. Сені тыңдап тұрған адамның шыдамы таусыла бастағанын немесе тіпті ашулана бастағанын байқай аласың ба? Бәлкім, сен тұратын жерде Ехоба Куәгерлері адамдарға жиі келетін шығар. Ондай жағдайда адамдарға ерекше көңіл бөл, әрқашан мейірімді де жылы шырайлы бол (Нақыл сөздер 17:14). Үй иесінің тыңдағысы келмей тұрғанына себеп бар екенін түсінуге тырыс. Есіңде болсын, ол үйге сенен кейін көп ұзамай басқа бір бауырластың келуі әбден мүмкін. Егер дөрекілік танытқан адамға кезіксең, мейірімділік танытуға ерекше күш сал. Дауыс көтеріп, қабақ шытпай, қайта, сабырлы сөйле. Мейірімді мәсіхші үй иесімен сөз таластырғысы келмейді (Матай 10:11—14). Ол адам бір күні болмаса, бір күні ізгі хабарды тыңдауы мүмкін ғой.
Қауым кездесулерінде мейірімді болу
19, 20. Неге қауымда мейірімділік қажет және оны қалай көрсетуге болады?
19 Бір сенімдегі бауырластарымызға да мейірімділік таныту маңызды (Еврейлерге 13:1). Біз дүниежүзілік бауырластықтың бір бөлігіміз, сондықтан ара-қатынасымызда мейірімділік өте қажет.
20 Патшалық сарайында бір не бірнеше қауым жиналатын болса, осы қауымдағылар бір-біріне мейіріммен, бір-бірінің қадірін түсірмей қарауы маңызды. Қауым кездесулерінің уақытын белгілеу немесе Сарайды тазалау, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырғанда, бір-біріне жол беруге тырыспаса, араларында қызметтестік болмайды. Кейбір нәрселерде ойларың бір жерден шықпаса да, бір-біріңе мейірімді және қамқор болыңдар. Сонда мейірімділік жеңеді, ал Ехоба басқалардың игілігін ойлағандарың үшін сөзсіз батасын береді.
Мейірімділік таныта беріңдер
21, 22. Қолостықтарға 3:12 сәйкес, бізде қандай ниет болу керек?
21 Мейірімділіктің қырының көптігі сонша, ол өмірдің барлық саласында пайдалы. Олай болса, біз оны мәсіхші ретіндегі болмысымыздың ажырамас бөлігі етуіміз керек. Басқаларға мейірімділік көрсетуді әдетке айналдыруымыз керек.
22 Адамдарға күн сайын мейірімділік танытып, елші Пауылдың: “Құдай сендерді сүйіп, өз халқым деп таңдап алғандықтан, ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!” — дегенін әрқайсысымыз өзімізге қатысты қабылдайық (Қолостықтарға 3:12).
Естеріңде ме?
• Қандай жағдайлар мәсіхшіге мейірімділік танытуды қиындатады?
• Отбасында мейірімділік таныту неліктен маңызды?
• Мектепте, жұмыста, тұратын жерде мейірімділік танытуға қандай жағдайлар кедергі болуы мүмкін?
• Уағыздау қызметінде мәсіхші қалай мейірімділік таныта алатынын айтып беріңдер.
[14-беттегі сурет]
Отбасында әрқайсысының мейірімділік танытқаны ынтымақ пен бірлікке септігін тигізеді
[15-беттегі сурет]
Әріптесің не оның отбасында біреу сырқаттанып қалғанда, мейірімділік таныта аласың
[16-беттегі сурет]
Келеке-мазаққа қарамай мейірімділік танытқандарға Ехоба қолдау көрсетеді