ӨМІРБАЯН
Үлгілі бауырластардан үйренгендерім мені мол батаға кенелтті
ЖАС КЕЗІМДЕ уағыз ісі мен үшін қиынның қиыны еді. Ал есейе келе маған бұрын қолымнан келмейді деп ойлаған істер тапсырылды. Олай болса, кей бауырластардың қорқынышымды жеңуге көмектескен жақсы үлгілері мен 58 жыл бойы атқарған толық уақытты қызметтің керемет баталары жайлы айтып берейін.
Мен Квебек қаласында туылдым. Ол — Квебектің Канадаға қарайтын француз тілді провинциясы. Әке-шешем Луис пен Зилиа мені мейірім мен сүйіспеншілікке бөлеп өсірді. Әкем ұяң кісі болатын және оқығанды жаны сүйетін. Ал мен жазғанды ұнататынмын, сондықтан бір күні журналист боламын деп армандайтынмын.
Он екі жасымда үйімізге әкемнің әріптесі Рудольф Сюси мен оның досы келді. Олар Ехоба куәгерлері болатын. Мен Куәгерлер жайлы көп нәрсе білмейтінмін, әрі олардың діндеріне онша қызықпайтынмын. Бірақ олардың біздің қойған сұрақтарымызға Киелі кітапты қолданып, ақылға қонымды жауап бергендері мені қатты таңғалдырды. Бұл ата-анама да қатты әсер етті. Сөйтіп, біз Киелі кітапты зерттеуге келістік.
Сол кезде мен католик мектебінде оқитынмын. Анда-санда Киелі кітаптан білгендерім жайлы бір сыныптасыммен әңгімелесетінмін. Бірақ бұл әңгімелеріміз мұғалімдердің құлағына жетті. Айтқандарымды Жазбалардың көмегімен жоққа шығарудың орнына мұғалімдердің бірі бүкіл сыныптың алдында мені бүлікші деп айыптады! Бұл әбден стреске түсірсе де, тигізген бір пайдасы болды. Осының арқасында мектептегі діни ілімдер Киелі кітаппен мүлдем қиыспайтынын түсіндім. Содан мектептен кету керектігін ұқтым. Сөйтіп, ата-анамның рұқсатымен басқа мектепке ауыстым.
ҚЫЗМЕТТІ ЖАҚСЫ КӨРУДІ ҮЙРЕНУІМ
Киелі кітапты зерттеп жүрсем де, рухани баяу өстім. Өйткені үйме-үй уағыздаудан жүрексінетінмін. Сол кездері католик шіркеуінің ықпалы зор болды, әрі уағыз ісімізге қатты қарсылық көрсетті. Квебектің премьер-министрі Морис Дюплесси мен шіркеудің ым-жымы бір еді. Соның қолдауымен бұзақылар Куәгерлерге тиісетін, тіпті шабуыл жасайтын. Сол заманда уағыздау үшін Куәгерлерге таудай батылдық қажет еді.
Қорқынышымды жеңуге Джон Рэй есімді бауырлас көмектесті. Ол Ғалақат мектебінің тоғызыншы сыныбының түлегі болатын. Джон тәжірибелі, қарапайым әрі өзгелермен тез тіл табысатын адам еді. Ол маған тікелей кеңес бере бермейтін. Бірақ оның жақсы үлгісі мені көп нәрсеге үйретті. Джонға французша сөйлеу қиын болатын, сондықтан мен онымен жиі қызметке баратынмын, тіл үйренуге де көмектесетінмін. Джонның қасында жүргенім маған шындық жағында нық тұруға көмектесті. Куәгерлермен алғаш кездескен күннен он жыл өткен соң, яғни 1951 жылдың 26 мамырында шомылдыру рәсімінен өттім.
Джон Рэйдің (А) тамаша үлгісі маған (Ә) үйме-үй уағыздауға деген қорқынышымды жеңуге көмектесті
Квебек қаласындағы шағын қауымымызда ізашарлар көп еді. Олардың үлгісі мені де ізашар болуға талпындырды. Сол кезде біз үйме-үй уағыздағанда тек Киелі кітапты қолданатынбыз. Ешқандай әдебиетсіз Киелі кітапты тиімді қолдануымыз керек еді. Сондықтан шындықты қорғауға көмектесетін тармақтарды біліп алуға тырыстым. Алайда көп адамдар католик шіркеуі мақұлдамаған Киелі кітапты оқудан бас тартатын.
1952 жылы мен Симоне Патре есімді жергілікті қыз бауырласқа үйлендім. Сосын біз Монреаль қаласына көштік. Бір жылдың ішінде қызымыз Лиз дүниеге келді. Мен үйленуден сәл алдын ізашарлық қызметімді тоқтатқан едім. Десе де Симоне екеуміз қауымдағы іс-шараларға толығымен атсалыса алу үшін барынша қарапайым тұрмыс кешуге тырыстық.
Он жылдан кейін қайтадан тұрақты ізашар болуды ойлай бастадым. 1962 жылы Канаданың бетелінде өтетін бір айлық ақсақалдарға арналған Патшалық қызмет мектебіне шақырылдым. Сол кезде мен Камил Уэллетт бауырласпен бірге тұрдым. Бала-шағасы болса да, Камил бауырластың қызметте зор құлшыныс танытатыны маған қатты әсер етті. Сол кездері Квебекте балаларын тәрбиелей жүріп ізашар болып қызмет ететін ата-аналар жоқтың қасы еді. Бірақ Камил осылай етуге талпынатын. Ол мені де жағдайымды саралап-салмақтауға талпындырды. Бірнеше айдан кейін мен қайтадан тұрақты ізашар бола алатынымды түсіндім. Кейбіреулер бұл шешімімнің дұрыс екеніне күмәнданды. Мен сонда да ізашарлық қызметті бастап кеттім, өйткені көбірек уағыздауға деген талпынысымды Ехобаның жарылқайтынына сенімді болдым.
КВЕБЕККЕ АРНАЙЫ ІЗАШАР БОЛЫП ҚАЙТУЫМЫЗ
1964 жылы Симоне екеуміз туып өскен қаламыз Квебекке арнайы ізашар болып тағайындалып, сол жерде бірнеше жыл қызмет еттік. Ол кездері уағыз ісіне қарсылық бұрынғыға қарағанда азайған еді. Алайда кейбіреулер әлі де қарсылық көрсетіп жатты.
Бірде сенбі күні түс қайта Квебек қаласына жақын орналасқан Сент-Мари қалашығында тұтқынға алындым. Бір офицер мені полиция бөлімшесіне алып барып, рұқсатсыз үйме-үй жүргенім үшін қамап қойды. Сосын Байлларжон есімді сұсты судьяның алдына апарды. Ол менен адвокатым кім болатынын сұрады. Мен көпшілік танитын заңгер бауырлас Глен Хаудыңa есімін атағанымда, ол қобалжып кетіп: “Жоқ! Тек ол емес!”— деп дауыстап жіберді. Глен Хау Ехоба куәгерлерін қорғаумен танылған заңгер еді. Сөйтіп, көп ұзамай маған тағылған айыптардың алынғаны жайлы соттан хабар келді.
Ісімізге көрсетілген қарсылықтың кесірінен жиналыстар өткізуге лайықты жер табу да қиын болды. Кішігірім қауымымыз жылымайтын ескі гараж ғана таба алды. Қақаған қыста кішкене болса да жылы болу үшін жылытқыш пайдаланатынбыз. Біз қауым басталардан бірнеше сағат бұрын жылытқышты қоршап отырып, бір-бірімізге жігерлендірерлік оқиғалар айтып беретінбіз.
Уағыз қызметінің жылдар бойы қалай өркендегенін көру — мен үшін зор қуаныш. 1960 жылдары Квебек қаласын, Кот-Нор аймағы мен Гаспе түбегін қоса алғанда бірнеше ғана кішігірім қауым бар еді. Ал бүгінде бұл жерде бірнеше аудандағы көптеген бауырластар әдемі Патшалық сарайларында бас қосады.
АРАЛАУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ БАСТАУЫМЫЗ
1977 жылы Торонтодағы аралаушы бақылаушыларға арналған кездесуде болдым
1970 жылы Симоне екеуміз аудандық қызметке, ал 1973 жылы облыстық қызметке тағайындалдық. Осы жылдары аралаушы қызметте жүрген Лорье Сомюр, Дейвид Сплэйнb сияқты қабілетті бауырластардан көп нәрсеге үйрендім. Әр конгрестен кейін Дейвид екеуміз тәлім беру ісінде тағы қалай жақсаруға болатыны жайлы бір-бірімізге кеңестер беретінбіз. Дейвидтің бірде былай дегені есімде: “Леонс, соңғы баяндамаң қатты ұнады. Жақсы шықты, бірақ ондағы мәліметтен мен үш баяндама шығарар едім”. Мен баяндамаларыма тым көп мәлімет қосады екенмін. Маған қысқа да нұсқа айтуды үйрену керек болды.
Мен Канаданың шығыс бөлігіндегі түрлі қалаларда қызмет еттім
Облыстық бақылаушылар аудандық бақылаушыларды жігерлендіруге тағайындалатын. Бірақ Квебектегі бауырластардың көбісі мені жақсы танитындықтан, сапармен барғанымда олар менімен қызметке шыққысы келетін. Олармен қызметке шығу маған да ұнайтын, сондықтан аудандық бақылаушымен көп уақыт өткізбейтінмін. Бір жолы мейірімді бір аудандық бақылаушы былай деді: “Сенің бауырластарға уақыт бөлгенің жақсы, әрине. Бірақ маған сапар жасау үшін келгеніңді ұмытпа. Мен де жігерге мұқтажбын”. Мейіріммен берілген бұл кеңес маған таразы басын тең ұстауға көмектесті.
Өкінішке қарай, 1976 жылы күтпеген жерден қайғылы жағдай орын алды. Аяулы жарым Симоне ауыр дертке шалдығып, өлім ұйқысына кетті. Симоне маған тамаша серік болды, өйткені ол өте жанқияр әрі Ехобаны қатты жақсы көретін жан еді. Қызметтен қолым босамағаны қайғымен күресуге көмектесті. Сол қиын кездері Ехобаның қолдап-демегеніне қатты ризамын. Кейінірек мен Каролин Эллиот есімді ағылшынша сөйлейтін құлшынысты бауырласқа үйлендім. Ол Квебекке қызмет аясын кеңейтіп келген болатын. Каролин — ашық-жарқын, өзгелерге, әсіресе ұялшақ не жалғызсырап жүрген адамдарға шынайы қызығушылық танытатын жан. Ол маған аралаушылық қызметімде нағыз бата болды.
ЕЛЕУЛІ ЖЫЛ
1978 жылы қаңтар айында Квебектегі алғашқы Ізашарлық қызмет мектебін жүргізуге шақырылдым. Бұл мектепте оқымағандықтан және оқу жоспарын да ешқашан көрмегендіктен, қатты қобалжыдым. Қуанышқа орай, алғашқы мектепте оқыған ізашарлардың көбі тәжірибелі болды. Өзім оқытушы болсам да, студенттерден көп нәрсеге үйрендім!
Кейінірек 1978 жылы Монреалдың Олимпиадалық стадионында “Сенім жеңісі” атты халықаралық конгресс өтті. Бұл Квебектегі ең үлкен конгресс болды, келушілердің саны 80 000-нан асты. Мен БАҚ бөліміне тағайындалдым. Көптеген журналистермен сөйлестім және олардың біз туралы жағымды пікір жазғандарына қатты қуандым. Теледидар мен радио арқылы 20 сағаттан көп уақыт сұхбаттар берілді, жүздеген мақалалар жарық көрді. Осылай біз жайлы ауқымды куәлік берілді!
БАСҚА АУМАҚҚА КӨШУІМІЗ
1996 жылы мен үшін үлкен өзгеріс болды. Шомылдыру рәсімінен өткелі бері Квебекте француз тілді аймақта қызмет еткен едім. Ал енді Торонтодағы ағылшын тілді аймаққа тағайындалдым. Бұл қолымнан келмейді деп ойладым. Ағылшын тілінде жақсы сөйлемегендіктен, баяндама айтуды ойлаған сайын жүрегім аузыма тығылатын. Маған жиі дұға айтып, Ехобаға көбірек арқа сүйеу керек болды.
Басында қатты қобалжығаныммен Торонтода екі жыл қуана қызмет еттім. Ағылшын тілінде еркінірек сөйлеуіме Каролин шыдаммен көмектесті. Бауырластар да қолдап, жігерлендіріп отырды. Біз бірден жаңа достар таптық.
Сенбі — жексенбі күндері өтетін конгрестің алдындағы қосымша жұмыстар мен дайындыққа қарамай, жұма күні кешке бір сағаттай үйме-үй уағыздайтынмын. Кейбіреулер “конгрестің дәл алдында қызметке шығудың не қажеті бар?” деп ойлаған шығар. Бірақ мен қызметте адамдармен әңгімелескенде бір сергіп қалатынмын. Қазір де уағыз қызметі рухымды көтереді.
1998 жылы Каролин екеуміз арнайы ізашар болып қайтадан Монреалға тағайындалдық. Жылдар бойы арнайы көпшілік орындарында уағыздауды ұйымдастыру мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы Ехоба куәгерлері жайлы қате пікірлерді түзетумен айналысып келдім. Ал қазір Каролин екеуміз Канадаға жақында көшіп келген шетелдіктерге және Киелі кітап жайында көбірек білгісі келетіндерге қуана уағыздап жүрміз.
Жанжарым Каролинмен бірге
Ехобаға 68 жыл қызмет еткенім жайлы ойласам, шынымен де көп батаға ие болыппын. Қызметті жақсы көруді үйренгенім және көп адамға шындыққа келуге көмектескенім мені қуанышқа бөледі. Қызым мен оның жолдасы бала-шағаларын аяққа тұрғызған соң, тұрақты ізашар болып қызмет ете бастады. Қызымның қызметте құлшынысты болып жүргені жаныма жылу береді. Жақсы үлгілерімен де, ақыл-кеңестерімен де рухани өсуіме және түрлі қызмет атқаруыма көмектескен бауырластарға әсіресе ризамын. Менің түсінгенім, Ехобаның құдіретті киелі рухының арқасында ғана оның ұйымы тапсырған қызметті атқара алады екенбіз (Зәб. 51:11). Өз есімін даңқтау мәртебесін бергені үшін Ехобаға үнемі алғыс айтамын! (Зәб. 54:6).
a Глен Хау бауырластың өмірбаянын “Ояныңдар” (ор.) журналынан оқи аласыз: 2000 жыл, 22 сәуір, 18—24 б.
b Дейвид Сплэйн Ехоба куәгерлерінің басқарушы кеңесінде қызмет етеді.