Алла Тағаланың жарлықтарына бағыну шын бақытқа жеткізеді
Аллаға бас иген несібесіз қалмайды
Мұса пайғамбар Алла Тағаланың жарлықтарына мойынсұнған адам несібесіз қалмайтынын айтқан (Мұсаның 5-жазбасы 10:13; 11:27). Біз Алла Тағаланың жазасынан қорыққандықтан емес, оның көркем қасиеттеріне тәнті болғандықтан мойынсұнамыз. Біз оны сүйгендіктен, оның жүрегін ауыртатын кез келген әрекеттен аулақ боламыз. “Өйткені Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау” (Жоханның 1-хаты 5:3).
Алла өзіне бағынғандарға міндетті түрде несібесін береді. Қазір соның екеуін көрейік.
1. АЛЛАҒА БАҒЫНҒАН ДАНА БОЛАР
“Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін, Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін” (ИШАЯ 48:17)
Жаратушы Құдайымыз Ехоба адам баласын жақсы біледі. Сондықтан да оны дұрыс жолға жетелейтін ақыл-кеңес береді. Оның тәлімі кез келген адамды дана қыла алады. Бірақ бұл үшін Киелі жазбалардан Алланың қалауын, бізден не күтетінін біліп алуымыз керек, сосын үйренгендеріміздің бәрін іске асыруымыз қажет.
2. АЛЛАҒА БАҒЫНҒАН БАҚЫТТЫ БОЛАР
“Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!” (ЛҰҚА 11:28)
Алла Тағаланың тәліміне құлақ асқан миллиондаған жан бүгінде шын бақытты. Мысалы, Испанияда тұратын бір ер кісі асау да долы мінезді болатын және ол ешкімді, тіпті әйелін де аямайтын. Бірде оның қолына Мұса пайғамбардың жазбалары түседі. Ол Жақып пайғамбардың ұлы Жүсіп туралы оқып, оның жібектей жұмсақ мінезіне тәнті болады. Жүсіп құлдыққа сатылды, жазықсыздан жазықсыз түрмеге жабылды, сөйтсе де ол жұмсақ мінезді, бауырмашыл, кешірімшіл болып қала берді (Мұсаның 1-жазбасы 37—45 тараулар). Сол кісі былай дейді: “Жүсіптің әдемі мінезін үлгі етіп, мен де биязы, мейірбан, ұстамды болуға талпындым. Қазір мен өзімді бақытты жанмын деп айта аламын”.
Киелі жазбаларда өзгелерге дос-бауырдай қарауға үндейтін кеңестер көп. Солардың біразы келесі мақалада қарастырылады.