Өлі теңіз шиыршықтарындағы Ишая кітабынан үзінді. Төменде оның қазіргі араб тіліндегі тәржімесі. Алланың сөзіндегі хабар қаз-қалпында сақталған
Өзгермейтін Алланың сөзі өзгерген бе?
Кейбіреулер Құдайдың сөзі уақыт сынынан өте алмай, өзгеріске ұшырады ма екен деп ойлайды. Ишая деген пайғамбар Алланың сөзі “мәңгі қалады” деп жазып кеткен (Ишая 40:8). Алланың сөзі қаз-қалпында, еш өзгеріссіз қалғанына қандай дәлелдер бар?
Алланың өз сөзін бұрмалатпай, қаз-қалпында сақтап қалуға құдіреті жетеді. Мысалы, ежелде Құдайдың хабары жоғалып кетпес үшін, оны көшіріп отыратын арнайы ер адамдар болған. Олар қасиетті мәтінге еш нәрсе қосылып, алынып, өзгеріп кетпес үшін, Қасиетті жазбалардың әрбір әрпін санап отырып көшірген. Бірақ кейбіреулері пендешілікпен болмашы қателер жіберген, алайда олар қасиетті мәтіннің мағынасына еш әсер етпеген.
ҚОЛДАҒЫ КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ ТӨЛ НҰСҚАДАН АЙНЫМАЙ ЖЕТКЕНІНЕ НЕ ДӘЛЕЛ?
Киелі жазбалардың көне қолжазбаларының бірнеше мың көшірмесі бар. Сол көшірмелердің біреуі сәл-пәл мүлт кеткен күннің өзінде оны басқа көшірмелермен салыстырып, қате жерін тез анықтауға болады. Толығырақ білу үшін jw.org сайтындағы “Киелі кітап өзгертіліп, бұрмаланған ба?” деген мақаланы қараңыз.
Мысал үшін, “Өлі теңіз шиыршықтары” деп аталатын ежелгі құжаттарды алайық. Оны 1947 жылы Өлі теңіздің маңындағы үңгірлерден көшпенді арабтар тапқан. Екі мыңнан көп жыл болған бұл көне құжатта Киелі жазбалардың үзінділері бар. Сарапшылар осы көне қолжазбаларды бүгінде қолымызда бар Киелі жазбалармен салыстырды. Сонда олар не байқады?
Ғалымдар Құдай сөзінің қазіргі нұсқасы мен оның төл нұсқасын салыстыра келе, мәтіннің айна қатесіз сақталғанын анықтадыa. Көне қолжазбаларды зерттеп-зерделегеніміз қолымыздағы Киелі жазбалардың Құдайдың төл сөзі екеніне көзімізді жеткізеді.
Хақ Тағала Қасиетті жазбалардың құнын еш түсірмей, біздің күнімізге дейін қаз-қалпын бұзғызбай сақтап келді. Сондықтан біздер бүгін Алланың сөзінің туралығына еш күмәнданбай, кәміл сеніммен оқи аламыз. Ал енді пайғамбарлар Алла Тағала турасында не ашқанына көңіл бұрайық.
a Геза Вермештің “The Complete Dead Sea Scrolls in English” кітабы, 16-бет.